Сыры жұмбақ «Сарыжүйрік»

Нұржан ЕРЕЖЕПОВ,
Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы

Жаңақала өңірінде туып-өсіп, кейін полигонға байланысты елді көшіргенде Теректі ауданының Ақжайық өңіріне қоныстанған, осы жерде ұзақ жасап дүниеден өткен Ахметқали Сейітмолдаұлы туралы аңызға бергісіз қызық әңгіме ел ішінде жиі айтылады. Жас кезінде «Ұзын сарыжүйрік» атанған бұл кісінің тылсым қасиеті адам айтқысыз жүйріктігінде болса керек...

Қуып қоян ұстаған

«Ахметқали ата жас кезінде қоян, түлкі, қасқырларды жаяу қуып жетіп, таяқпен соғып ала береді екен. Үйіне қонақ келіп қалса, «кемпір, қазаныңды қоя бер» деп үйден шығып, сәтте тоғай арасынан қоян ұстап алып жетеді екен» деген аңызды аузымыз ашыла отырып талай тыңдағанбыз. «Машинадан озып кетіпті», «Атаны көтеріп алып ұшатын перілері бар екен» дегенді де естігенбіз.
– 1948 жылдары Орал облысы Жаңақала ауданына қарайтын үш совхоз – «Екпінді», «Еңбекші» және «Калинин» колхозының жеріне орта мектеп салынды. Мен 1950 жылы бесінші сынып оқитын едім. Үзіліске шықсам, анадай жерде бір ұзын сары кісі балалармен әңгімелесіп тұр екен. Олардың қасына мен де жақындадым. Сөзіне қарағанда, ол кісі мінетін атын іздеп жүр екен. Байқағаным, ол кісі сөйлегенде қолдары дірілдеп тұрады екен. Әлгі жаяу жүріп кеткенде анадай жердегі 4-5 метрлік шұңқырлардан секіріп-секіріп өтті. Соңынан білетін балалардан сұрастырсам, ол кісі шәй ішіп отырғанда да екі қолы дірілдеп тұрады екен. «Кездессе, түлкіні де жаяу қуып жетіп, соғып ала береді» дейді. Мен сол жылы Нұрданбай деген қыстауда жатақта жатып оқыдым. Бір күні мектептен келе жатсам, ағаш арасынан жаяу адамның елесі зулап өтті. Түлкі қуып жүрген Сарыжүйрік болса керек. Сондай асыл дарын адамды уақытында пайдалана алмадық-ау деп ойлайсың. Жүгіруден чемпионның чемпионы болар ма еді...» деп жазыпты ертеректе «Орал өңірі» газетінде жарияланған бір мақалада. Өкінішке қарай, мақала авторын да, газеттің шыққан мерзімін де анықтай алмадық. Ахметқали атаның ұлы Рахымжан ағаның қолында сарғайған газеттің осы қиындысы ғана қалыпты.

Ақшонайды жеңуі

– Менің әкем 1898 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Руы – байбақтының Сатайы. Сейітмолда атамыздан тараған он баланың ең кенжесі екен. Оны жаңақалалықтар «Сарыжүйрік» деп атайды, - дейді Теректі ауданы Ақжайық ауылында тұратын Рахымжан Ахметқалиұлы.
Ахметқали ағаның өз кіндігінен алты бала өрбіпті. Рахымжан – әкесінің 45 жасында дүниеге келген төртінші бала екен. «Әкеміздің жүйріктігіне байланысты қызық оқиғалардың бәрі де оның жас кезінде өткен ғой. Мен ес білгенде егде тартып қалған болатын» деп еске алады ол.
...Ол кезде елде кәсіп жоқ. Әкейлер Алғайға (Александров Гай, қазір Ресей Федерациясының Саратов облысына қарайды) мал айдайды, жүн-тері апарады. Сол Алғайдың базарында орыс-қазақ Ахметқали мен «Ақшонай-ды» (Аксений болуы да мүмкін) жарыстырмақ болады. Ол Алғайдың тұрғыны, айтулы желаяқ екен. «Үш шақырымға шабасыңдар!» дегенде, Ақшонай: «үш шақырым деген – қатын жарыс, мен 9 шақырымға шабам!» дейді. Сонда жүйрік Ахметқали: «9 ша-қырымға біздің қазақтың қатындары жүгіреді. Мен осы жерден Қазталовқа дейін жүгіріп, сол жерден белгі соқты-рып, қайтадан осы Алғайға дейін келу-ге әзірмін» дейді. Қазталов пен Алғай-дың арасы 45 шақырым екен. Сонда әлгі Ақшонай шошып кетіп, «бәйгеге тігілген өгізді Сарыжүйрікке беріңдер» деп, жеңілгенін мойындайды.

Полуторканы таң қалдырған

Сарыжүйрік тағы бірде Алғайдан ас-су алып, елге қарай келе жатады. Соғыстан кейінгі уақыт, Орда жерін әскери полигонға айналдыруға қызу дайындық жүріп жатыр екен ғой сол кезде. Әйтеуір, әскери машиналар ерсілі-қарсылы әлдене тасиды да жатады екен. Солардың біріне айдалада кездесіп, «ала кет» дейді Ахметқали ата. «Дорбаларың көп екен, ала алмаймыз» деп, әскерилер қалдырып кетеді. «Онда пәленше деген қыстаққа барғанда шәй қойып қойсын деп айтыңдар» деп желаяқ жапанда қала береді.
Біраз уақыттан кейін әскери полуторка әлгі ауылға жетеді. Барса, бағана жолға тастап кеткен қазақ үйде терлеп-тепшіп шәй ішіп отыр дейді! Әскерилер аң-таң болады. «Жаңағы жолда қалған адам сен бе?» - десе, «Иә, мен! Сендер неге кешіктіңдер?» - дейтін көрінеді. Содан, кетерінде орыстар Сарыжүйрікті көліктеріне сыйғызып, алып кетіпті.
Ахметқали ата мықты аңшы болған. Қақпанмен қасқыр, түлкі, қоянды көп ұстаған екен. «Қоянның етін тұзға қақтап, кептіріп, қапшық-қапшық етіп қоятын. Азық-түлік тапшы кез ғой, бүкіл ауыл қызығын көретін. Қақпан-дары көп еді, 1952 жылы құмнан көшіргенде үкімет адамдары: «көп кешікпей кейін келесіңдер» деп алдап, елдің бар дүниясын қалдыруға мәж-бүрледі. Адамдар дүние-мүлкін жинап, киізбен жауып, құммен көмгенде әкем де құрал-саймандарын қалдырып кет-ті» деп еске алады баласы.

Оразасын бұзбаған

Бір қызығы, Ахметқали ата өте тақуа, діндәр болған. Өз айтуына қара-ғанда, 13 жасынан намаз оқып, қаза қылып көрмепті.
– Бес уақыт намазын оқиды. Кеңес үкіметі кезінде шолақ белсенділер ораза ұстауға қарсы шықты ғой. Сон-дағы уәждері: «Ораза, намаз жұмысқа кедергі келтіреді»-мыс. Әкей өзінің жұмысымен дін ұстаудың еш кедергісі жоқтығын дәлелдеп кетті. Ауыз бекітіп жүріп, 1 кісілік норма – 30 центнер шөпті оп-оңай баудай түсіретін. Ораза емес күндері 60 центнер шөпті шапқанда артынан 4 әйел жүгіріп жүріп жинайды екен. Өте қайратты адам болды. Бойы 2 метрге жуық, екі иығына екі кісі мінгендей алып еді. Тақуалығы сондай, өңешінен рак болып, қылтамақ дейді ғой, ауырды. Сол дертті болып жүрген кездің өзінде рамазан айы келгенде ауыз бекітті, - дейді Рахметжан ағамыз әкесі туралы.
Ахметқали атамыздың адамгерші-лігі де өте күшті болған. Ауылда көре алмағандар «Ахметқалидың 4 қатыны бар, түгін тартсаң майы шығады» деп сөз етеді екен. Оның мәнісі былай көрінеді.
Ахметқалидың өзі үнемі қолы діріл-деп тұратындықтан соғысқа алынба-ған. Бірақ Ұлы Отан соғысында ерлік-пен қаза тапқан құрдас, замандастары-ның жесірлері – Мақтым, Күлім, Қамидаларға үнемі қарасып, балаша-ғасына көмектесіп тұрған.
– Марқұм анамыз Жәмила өте қарапайым, әділ адам еді. Әкем үйге қоян соғып алып келгенде оны төртке тегіс бөліп, төрт үйге апарғызатын. Ол ол ма, сүт, қаймақты да төртке бөлетін еді. Ол апайлардың біреуінде екі бала, біреуінде бір бала, ал бізде алты бала ғой! Бірақ көбірек үлес алып қалуды ойламайтын да! - дейді Рахымжан аға.

P.S. Сыры жұмбақ Сарыжүйрік атамыз 1982 жылы 84 жасында дүниеден өт-кен. Өзінің ерекше қасиеті туралы сыр шашып балаларына да көп айтпайды екен. «Аруақ бар ғой, балаларыма қон-бады, немере-шөберелерге қонатын шығар» дейді екен.

Қаралым саны 906

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463