Жыр әлем

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Ақтөбе қаласы

БЕЙУАҚ

«Ай, заманым, заманым,
Қайда кетіп барасың...».
Таппағасын амалын,
Жұрт... жалайды жарасын.

Тіл байланып, жақ сынды,
Күн байыды, кеш кіріп...
Белең алған ат сынды,
Уақыт тұр тепсініп.

Алуан-алуан қос құрып,
Күнге ашқызып түңлігін.
Шуылдасқан көпшілік
Естімейді бір-бірін.

Сор айналып жан-жағын,
Келмей қойды Бақ қатал...
Дуалы ауыз қалмады,
Мынау жұртты тоқтатар.

Астамсып кіл күшенген...
Кім не десін бұларға?
Көктен Ғайса түсер ме,
Жерден Мәді шығар ма...

Өтірікке ел үйренді...
Қайтпағасын меселі,
«Бас-басына би болды,
Өңкей қиқым...» кешегі.

«Ақырзаман боларда...»
Мықты екенсің, ай, шалым.
Көл арнасы толар ма,
Күні туып Ғайсаның...

Жүрсе де көп түңіліп,
(Сенген жанға құт ерер).
Жүрегіне үңіліп,
Бір ғажапты күтеді ел.

Астамсып кіл күшенген...
Мен не дейін бұларға?
Көктен Ғайса түсерде,
Жерден Мәді шығарда...

 

АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ

Абат Елубайұлына

Осы жайт еске түссе,
мен күлемін,
Балалық-ай, не деген мөлдір едің?
...Қатарымның «ерлігін» тыңдай-тыңдай,
Бір бұзықтық жасағым келді менің.

Асау тай ем.
Тай қашан бас біледі?!
(Қас албасты тал түсте басты мені...).
Тым болмаса қасымда Ыбырай жоқ,
Қауын-қарбыз ұрлауда ол «мәстір» еді.

Жалғыз шықтым.
(Мұнымды «ел» құптамай ма?),
Мына жайды да түйгем мықтап ойға:
«Жолдасбай ағам қазір жұмыста жүр,
Жұлдыз жеңгем...
Түсте енді ол...
Ұйықтамай ма?»

Бәрі ғажап.
Қатып тұр «план» енді,
(Осыны айтып күні ертең «қырам» елді....).
...Нән қарбызды енді үзе беріп едім,
Жұлдыз жеңгем үйінен шыға келді.

Айқай салып: – «Қарбызды таста» - деді,
Кенеттен бір ой билеп басқа мені.
Қарбызымды тастамай зыта бердім,
Жете алмасын білемін,
(Ақсақ еді...).

Батырлығым желпиді түңлігімді,
«Ерлігімді» бар бала жыр қылулы.
...Кешке «сымсыз телефон» жеткізді кеп,
Абат ағай естіпті ұрлығымды.

Депті ағай: – «Бара бер, жаза – менен»,
Содан кейін, әй, кетті маза менен.
Ертеңіне мектепке зорға бардым,
(Кеше сабақ еді ғой – ғажап әлем...).

Соңғы парта...
Әзірге жарап тұр-ау...
Саусағымды қаламым қанатты ма-ау...
Тұқшыңдаймын, басымды көтере алмай,
Әй, неғылған бітпейтін сабақ мынау...

Осы қазір болардай заманақыр,
«Енді ұрлық жасасам ба?
Қара да тұр...»
...Балалардың түзетіп жазуларын,
Ағай маған жақындап келе жатыр...

Қабағын сәл түйіпті...
Салқын демек...
Алақандай жүрегім алқынды ерек...
– «Ай, Бауыржан, мұның не?
Жарамайды,
«Қ»-ның былай аяғын тарту керек.

Дұрыс ұста қаламды.
Тыңда, бала-ай,
Өшіргішті былай қой, жұлмаламай».
Содан кейін ақырын сыбыр етті:
«Сен енді қауын-қарбыз ұрлама олай...».

«Жарайды...».
Өз даусымды естімедім,
(Сол сәтте жоқ еді өзге еш тілегім).
Айқайламай, ел-жұртқа дабыра етпей,
Ағайым бір күнәмді кешті менің.

«...Бала, маған ұнайсың. Ірі істерің, –
Дейсіз бе, – Оны істедің, мұны істедің».
...Менің жаман болуым мүмкін емес,
Өйткені мұғалімім дұрыс менің!

ЮРА. 1 МАМЫР

– Тұқымдарың жайылып, көктегірлер,
Күреңқабақ танытқан жоқ па едіңдер?
Осы үйден Юра келіп тамақ ішсе,
Несібеміз ортаяр деп пе едіңдер?

Еркегің, қатының да оңбайсыңдар,
Түбі осы ниетіңнен сорлайсыңдар...
Ескі-құсқы киімді бөліссеңдер,
Дәл содан кедей болып қалмайсыңдар.

Мал келіп, сыртта азан-қазан кезде,
Бұлқан-талқан боп қалды әжем лезде.
Ақ көкем күңкілдейді: – Ішкіш неме,
Тауып алған шығар «басжазарды» өзге.

Юрамыз – жалғыз орыс ауылдағы,
Жоқ оның қатын-бала, бауырлары.
Қашан, қайдан келгенін білмейді ешкім,
Батырдың тек өзіне мәлім халі...

Қолы – алтын, сонысымен мақтанатын,
Пысықтар бірер апта ап қалатын...
«Юра қайда?» дегізбей күн батқанда,
«Құдайы қонақ» болып кеп қалатын.

Ол келсе, қай-қай үй де кет демейтін,
Асын да, арағын да шектемейтін.
Бірнеше айға ат ізін салмай кетіп,
Юрекең кейде осылай «өкпелейтін».

Кейде жұрттың көңілін ағыл-тегіл,
Көтере алмайтыны мәлім де еді...
Сүйкімі кетіп солай жүрсе-дағы,
Шал-кемпірге ерекше қадірлі еді.

Айта алмай жатса-дағы дұрыс атын,
Әңгімесін тыңдауға тырысатын.
Ол орысша сөйлейді, бұлар – қазақ...
Әйтеуір бірдеңе ғып ұғысатын.

Бал күні еске түсіп бұрындағы,
Қу тірлікке қайнай ма зығырданы?
Ол жыласа, кемпірлер егіледі:
– Е, Алла, бұл да өзіңнің құлың-дағы...

Уақыты жоқ мұңайып, торығатын,
Көрші қызға хат жазар «болып ақын».
Уайымсыз, балдәурен балалық-ай,
Орыстың бәрі Юра деп ұғатын...

...Ортайған жоқ біздің де несібіміз,
Қонаққа ашық әркез есігіміз.
Қазақстан бүгінде әлемге үлгі,
Жүз жиырма ұлттың тербелген бесігіміз.

Сан алуан болса да көзқарасымыз.
Өкіметім десе егер: «Жарасыңыз»,
Е, мейлі, достықтан кім бас тартыпты,
Юра көрген ауылдың баласымыз...

Төрт құбыламыз түгелдей бейне тіпті,
Қазақпыз елемейтін кей кетікті.
Тек олар... қақ төрімде жатып алып,
Мені ұмытып кетеді кейде тіпті.

Көріп, біліп бәрінің жөн екенін,
Ортасында жүрсем де мерекенің.
Юра келсе, мәз болар әжем құсап,
Мен қуана алмаймын.
Неге екенін...
1.05.2011.

«ҒАРЫШКЕР»

Құлын-тайдай тебісіп өскен дос – Болат Абатұлының аруағына

«Кім болам?»
Тақырыбы – шығарманың,
Әншейінде көзіңнен ұғар бәрін.
Ағай да шығып кетті.
Сезді ме екен,
Әр кеудеде бүр жарған бір ән барын.

Ағай шығып кетсе де...
Тыныш бәрі.
Тұңғыш рет
Үнсіздік...
Ту ұстады.
Бір-бірімен қырылып жатар күнде,
Тентек ұл мен ерке қыз ұрыспады...

Армандау қиын ба екен...
Оқығаннан,
Бақытының көргендей отын алдан.
Сол сәтте-ақ күллі әлемді кезіп кетті,
Тар класқа сыймаған отыз арман.

Қарлығаш-ой аспанға қақты қанат,
...Сабақтан соң жөнелдік шапқылап ап.
Ертеңіне мұғалім оқып берді:
– Мен ғарышкер боламын! - депті Болат.

Арманы қыр көрсеткен...
Сары балаға,
Қызыға да қарадық, таңдана да.
Тұңғыш рет оянды қызғанышым:
«Қалай менің басыма келмеген, ә?».

«Болмайды...» - деп ойламас, бала, әрине,
Аяқасты бөленген дара күйге.
Бүкіл класс қарадық....
Тым төменнен
Көкті тілер болашақ «Гагаринге».

Кейін: «Болат ұмытты көкті...» - деп ек...
...Аспан жақтан бір хабар жетті ме, ерек?
Қайран досым, отыздан аса бере,
Ғарыш жаққа аттанып кетті кенет.

«Бұл дүние – о дүниенің елесіндей...» –
Десем, дос, мені жынды көресің бе, ей?
...Ауылдың сыртында үлкен мола жатыр,
Құлаған Жерге ғарыш кемесіндей...

ӨМІР

Аса ұната қоймайтын қоңсылар тым
Батырбай деген біздің көрші бар-тын.
Бір табан жақын еді дүниеге,
Келеке қылатұғын сонысын әркім.

Ерлігі жоқ ерекше тоқталатын,
Мінез де жоқ ішіп ап мақтанатын.
Қолтығынан біреудің демемепті,
Залалы да ешкімге жоқ болатын.

Қос аты бар: бір күрең, бірі шұбар,
Малға толы қорасы, жұмысы бар.
Зайыбы жас, шешесі қолында еді,
Үйленбеген тағы да інісі бар.

Жұмысына жөнелсе күреңменен,
Төрт құбыласын жұрт оның түгел деген.
…Бір күні ел шу етті:
– Батырбайдың
Қатыны кетіп қапты біреуменен.

– Жас қой әлі... біледі бұлар нені? –
Жастықтың бұзықтыққа құмар көбі –
Деді шалдар –
баралық, ап келелік,
Баланың балалығы шығар, тегі.

– Сезім ғана билейді тірі адамды,
Сүймеп едім…, амалсыз шыдағам-ды…
Оған қояр кінәм жоқ! - депті жеңгей –
Бірақ көңлім қалайды мына адамды…

Басбұзар сол боп шығып өңірдегі,
Көмейден нендей сөз тек төгілмеді:
“Қар” деді,
“Сайқал” деді,
“Қаншық” деді,
Сақалын сипап бір шал “Өмір…” деді.

Толыспаған бойдағы күшке менің,
Ызам келіп, бармақты тістеледім.
– Әкесін танытармын сол Өмірдің
Сәл өскесін қолыма түссе! – дедім.

Қандай қайрат күтерсің басқа менен? –
Ер жеткесін бұл ойды тастаған ем…
…Бір досымның құлапты шаңырағы,
Қосағы кетіп қапты басқаменен…

Содан бері менде де көңіл шұбар,
Достың хәлі хәл емес… өлімші хәл.
“Тек ұлыма қиын…” – деп күрсінеді.
Не дей алам мен оған..?
Өмір шығар…

ТЕРІСАҚҚАН

Көріп жүріп жақсы менен жаманды,
Мына ойға бекідім мен кеше бір:
«Аяймын мен дұшпаны жоқ адамды,
Оның сүріп жүргенінің несі өмір?!»

Жиын-тойда:
«Жоқ болсын деп дұшпаның»
Тілек айту, дәл меніңше, далбаса.
Мен қалайша тізгінді нық ұстадым,
Анабіреу аяғымнан шалмаса.

Бәрі, бәрі соның ғана арқасы,
Назар салып қарап жатса маған да ел.
Тағы ор қазып, езіп жүр ол малтасын,
Өй, жарайсың, азаматым, аман бол!

Қорқақтыққа алдырыппын бекер бой,
Қиын кейде басқа ақыл қонбаса.
Әй, өзім бір мықты жігіт екем ғой,
Анда-санда лағатыным болмаса.

Кейде удай ашып тұрып өзегім,
Жақынымдай жақсы көрем әлгіні.
Шыным – маған көмгеннен соң Бөжейін,
Аянышты Құнанбайдың тағдыры.

Түсінбеймін,
Ай, мына жұрт не дейді:
– Дұшпан деген көрер көзге күйік! - деп.
Мені аяқтан шалатындар көбейді,
Күннен-күнге барамын мен биіктеп...

Көріп жүріп жақсы менен жаманды,
Мына ойға бекідім мен кеше бір:
«Аяймын мен дұшпаны жоқ адамды,
Оның сүріп жүргенінің несі өмір?!»

Мұндай пікір айтқан дейді, бұрын да ел,
Қайталауды намыс көрген емес ем.
А, Тәңірім, дұшпаныма ғұмыр бер,
Мені елеусіз қалып кетсін демесең!

УӘДЕ

Әлмисақта Рух болып танысып
Тәңіріме бір Уәде беріп ем.
Содан бері шайтан қалмай жабысып,
Көрші болып қонып алды менімен.

Қандай ақыл қосасыңдар,
Дейтіндер:
«Тек сұлулық билеу керек әлемді!»
Көрші қонса шайтан әйел кейпінде
Ол құрғырың болса және бәденді?!

Одан қашып құтылмады көп адам
Ойнақ салар қаныңда һәм миыңда.
Тіпті құлақ аспас едім мен оған
Бірақ, бірақ, «көрші хақы» қиындау.

Сезем, білем көп қылығы ерсі шын
Астыма әкеп қояды ылғи көпшікті.
Бір досымның сұрамақ ем көршісін,
Тәңір алғыр, ол да шайтан боп шықты...

Ай, досым-ай, баладайын аңғал тым,
Жұртты өзіне тартады ылғи соныңыз.
Құдай көрдім десем, неге таң қалдың
Бәріміз де көріп ек қой оны біз.

Рас, онда Рух еді көрінген,
Жоқ болатын еліміз һәм тәніміз.
Содан кейін кеп жатырмыз өмірге,
Кезегіміз келген кезде бәріміз.

Уәде беріп, орындамау ерге сын,
Түбінде ор боп шығады ол алдынан.
Біз басқаша ғұмыр кештік келгесін,
Айтылған сөз айтқан жерде қалды да.

Мақшар күні жүзінен бір сұс тарап,
Күллі дүние сезінген сәт әмірін.
Не деймін мен білегімнен ұстап ап:
– Уәдең қайда?! - деп сұраса Тәңірім.

Маған ара түсе алмайды-ау бір адам,
Көбі өйткені жүрген менше адасып.
«Ат шаба алмас мінімнен» деп жылаған,
Біз түгілі Құнанбайдың баласы.

Біз – құлыңбыз, шайтан буған сезімі аш...
Мына түрмен көре алмайтын маңыңды.
Ей, Аллаһу, жүрегімнің көзін аш,
Содан кейін алсаң алғын жанымды...

ТҮС

– Өлең керек! – дейді өкімет түсімде,
Уай, неғылған ғажап бұл!
Барлық ақын бір-бір патша пішінде
Төбелері тимей көкке аз-ақ тұр.

– Осы қазір өліп кетсем арман жоқ,
Көзіме анық көрінгенде төңірек.
Жер бетінде мұндай Билік болған жоқ, -
дейді бірі еңіреп.

– Бұл өкімет қалды неге бізді елеп,
Бір бармағы ішінде қап тұратын.
Қандай Өлең керек еді сізге?! - деп
Топ ішінен сұрап қалды бір ақын.

– Жалған жырдан басымдағы бақ қайтар,
Тәтті сөзбен бірге өткізер айласын.
“Хан емессің, қасқырсың!..” деп бетке айтар
Махамбеттей хас ақындар қайдасың?!

Жауап осы!
Болмас енді жиі дау,
Көрдім күліп, жадыраған ағаны.
Әй, дегенмен, бәріне ұнау қиын-ау,
Кей ақынның түйіліпті қабағы…

Сөздің құнын қара түгіл, хан білмек,
Арманың не, парасатқа бай елім?!
– Тұр, шайыңды іш, жұмысыңнан қалдың, - деп
Иығымнан жұлқылайды әйелім.

Қап, кешірек неге атпады мына ақ таң,
Әйелдің де оятқышын…
Ой, Алла-ай.
Тәтті түстен арылдым мен, жұмақтан
Хауаға еріп шығып кеткен Адамдай.

Бірақ ойым жамандықты қуады,
Әлгі түсім өңге айналар секілді.
Жорытпақ ем, жан жоқ аузы дуалы,
Сосын іште қалдыруға бекіндім…

Ай, ақыным, неге сонша тістендің,
Ішінде қап жүрсің бе көп егестің?
Шаршап жүрсең, сен де осындай түс көргін,
Сәл ертерек оятпасын тек ешкім…

Қаралым саны 955

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463