Ғасырға таяу ғұмыр

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал қаласы

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің тарихы да қазақ халқының аумалы-төкпелі, талайлы тағдырымен сабақтас. Атауы сан мәрте өзгерсе де үзілмей шығып келе жатқанына бір ғасырға жуықтаған бұл басылымның бетінде талай ұлт зиялыларының үкілі үміті, асқақ арманы, елге қызмет етсем деген мақсат-мүддесі көрінді.

Бүгінде «Орал өңірі» газетінің алғашқы саны «1918 жылы 17 қарашада Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде «Хабар» деген атпен жарық көрген» делінеді. Дегенмен газет тарихын одан әріге тартатын да тарихи дерек жоқ емес.

Әуелден ірі қоғамдық-саяси оқиғалардың ордасына айналған Ішкі орда - Бөкейлік өңірінің алғашқы қазақ баспасөзінің қалыптасуына да ерекше орны бар. 1911 жылдан бастап шыға бастаған тұңғыш толыққанды қазақ басылымы – «Қазақстан» газеті де әуелі Ордадан шықты. 1917-1918 жылдардың аласапыран өзгерістері кезінде де ең алдымен ес жинап, газет шығаруға кіріскен – қазақ зиялылары болатын. Сондықтан да қазақ даласына, әсіресе батыс өлкеге ерекше ықпалы бар Ордада кеңес өкіметін орнатуға большевиктер белсене кірісті.

Бөкей ордасында большевиктер билігі 1917 жылдың 1 желтоқсаны күні орнапты. Ішкі орда ол кезде Астрахан губерниясына бағынышты еді. 1918 жылдың басында Бөкей ордасына Астрахан қаласынан мордва С.Милютин бастаған бір топ большевик келеді. Сөйтіп, 21-22 наурыз күндері Ордада Бөкей жұмысшы, солдат және қазақ депутаттары кеңесінің атқару комитеті құрылып, Степан Милютин оның басшылығына сайланады. Кеңес үкіметінің идеологиясын Бөкейлікке таратып, көпшілікті соңынан ерту үшін қызылдар газет шығару керектігін түсінген. Орда жұртына газет таңсық емес-ті. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газетін айтпағанда, сол 1917 жылдың аласапыранында «Ұран» газеті шығып, енді ояна бастаған қазақ қоғамына еркіндік туралы ой тастап жатқан болатын...

Большевиктер Астрахан қаласынан орыс қаріпті баспахана құралдарын алдыртты. Ордадағы «Ұран» газетінің баспаханасы да солардың қолына көшкен. Көп кешікпей Ордада 1918 жылғы 17 қараша күні орыс және қазақ тілдерінде шығатын «Известия» - «Хабар» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Оның редакторы Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы С.Милютин еді.

Осы газеттің алғашқы санында облыстық кіндік комитеттің №112 хаттамасы жарияланған. Онда «баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылатыны» айтылады.

«Известия»-«Хабар» 1918 жылдың соңына дейін шыққан. Газеттің қанша саны шыққаны бізге беймәлім.

Газет 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда»-«Қазақ дұрыстығы» деген атаумен шыға бастады. Бұл газетте де редактор ретінде С.Милютиннің фамилиясы жүр. Бірақ газет мақалаларынан және зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен басылым жұмысына сол кездегі аса көрнекті қазақ зиялылары С.Меңдешев, М.Көкебаев, Ғ.Қараш, Ғ.Мұсағалиев, Ш.Бекмұхамедов, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, И.Меңдіханов, Ғ.Бегалиев, Ғ.Бөкейханов т.б. қатысқандығы белгілі. «Жайық Пресс» ЖШС тарапынан жасалған жұмыстардың нәтижесінде Мәскеу архивтерінде сақталған осы басылымның тігіндісі де бүгінде елге, Орал қаласына жеткізіліп, тарихшы мамандардың назар аударуын күтуде.

Мәскеу қаласының іргесіндегі Химки қаласында, Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінде «Дұрыстық жолы» газетінің де тігіндісі сақталған. Бұл – Хан ордасында 1919 жылдың 20 хұт айынан (ақпан) бастап таза қазақ тілінде шыққан газет.

«Дұрыстық жолы» газетінің атын қойып, тұсауын кескен – белгілі қазақ ақыны, ағартушы Ғұмар Қараш. Ақынның «Дұрыстық жолы» атты өлеңі осы газеттің бірінші санында жарияланған.

«1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешов, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылады. Көпшіліктің ұйғарымы-мен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және осы жолдардың авторы кірді...» – деп жазды газеттің жартығасырлық мерейтойына арналған мерекелік нөмірде (1968 жылғы 17 қараша) сол кезде Мәскеу қаласында тұрып жатқан Тамимдар Сафиев «Газет осылай шығарылды» атты мақаласында.
Сол кезеңде Хан ордасында шыққан газеттердің тарихын түгендеуге зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов ағамыз көп еңбек еткен. 1974 жылы 5 мамыр – баспасөз күні қарсаңында сол кезде Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және право институтының ғылыми қызметкері болып қызмет етіп жүрген Мұстафа ағамыз «Дұрыстық жолы» газетінің шыға бастағанына 55 жыл толуына арнап Алматы телеарнасынан арнайы хабар ұйымдастырған екен. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған, Ғұмар Қараш секілді ұлт зиялыларының атын атауға тыйым салынған тұста ғалым ағамыздың бұл еңбегін үлкен ерлікке теңеуге болады. Мұстафа Ысмағұловтың көп қолжазбасы бүгінде Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.

Деректерде «Дұрыстық жолы» 1919 жылы 10 шілдеде өзінің он бірінші нөмірінен кейін шығуын тоқтатты» делінеді. Мәскеу кітапханасында «Дұрыстық жолының» осы 11 саны түгел сақталған. Бұл тігіндінің көшірмесі бүгінде Оралға әкелінді. Газеттің тоқтауына 1919 жылдың орта шеніне дейін тікелей РСФСР-ға қарап келген Бөкей облысының сол жылы шілдеде қазақ елдерін басқаратын Кирревком құрылғаннан кейін Қазақстанның құрамына Бөкей губерниясы болып енуі себеп болған. Осыдан кейін «Дұрыстық жолының» орнына «Қызыл дала» газеті біраз уақыт шығып тұрды деген деректі кездестірдік. Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінің тізімінде «Красная степь» (Степная газета. Издания Букеевского губернского отделения Астраханского КрайРОСТа, Урда) газетінің жалғыз саны (№6, 13 қараша, 1920 жыл) сақталғандығы туралы мәлімет табылды. Бірақ оның «Дұрыстық жолына» қатысы бар-жоғын анықтау мүмкін болмады.
1920 жылдары Бөкейлікте «Кедей туы», «Қазақ жарлылары» атты да басылымдар шыққандығы жөнінде аракідік айтылып жүр. Мысалы, қазақ кеңес баспасөзінің тарихын зерттеуші белгілі ғалым Светлана Смағұлова «Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы. (ХХ ғасырдың 20-30 жылдары)» атты еңбегінде былай дейді:
«Батыс Қазақстан облыстық «Қызыл ту» газеті 1920 жылдан Орал қаласында шығып, сол кездегі көкейкесті мәселелерді газетке жариялап отырған... «Еңбекші қазақ» газетіндегі хабарламада газеттің Орал губерниялық партия комитеті мен губерниялық атқару комитетінің тілі ретінде жетісіне 3 рет шығып тұрғандығы, газетке Бөкейде шыққан «Кедей туы» газеті барлық қызметкерлер және алдырушыларымен қосылғандығы да айтылды». («Еңбекші қазақ», 1926, 7 ғинуар, №219) «Қазақстан баспасөзі» атты мақаласында (27.04.1923 жыл, «Еңбекші қазақ») басылымның сол кездегі редакторы Сәкен Сейфуллин Орал облысындағы газеттер туралы былай дейді:
«Қызыл ту» Орал губисполкомының газеті, жетісіне бір шығады. Екі бет. Баспасы, қағазы өте нашар. Бұрыннан газет оқып ысылған адам болмаса, елде жатқан шаруалар тыңнан көргенде айырып оқи да алатын емес. Басында тұрған міндетті атқарушылары да бұрын ондай жұмысқа жегіліп көрген болмасқа тиіс. Басқа газеттерге қарағанда, қалам қайраткерлеріне «Қызыл ту» өте мұқтаж.

Бұл айтылған газеттерден басқа Бөкейде «Қазақ жарлылары» деген бір жағы орысша, бір жағы қазақша бір газет шығады. Қазақшасы орысшадан аударылып отырылған. Сөзі түсініксіз. Баспасы өте көмескі...»
Мәскеу мемлекеттік архивінің көне басылымдар бөлімі каталогында С431 және В35 нөмірлерімен тіркелген «Киргизская беднота» («Қазақ жарлылары» осы болса керек) атты газеттің атауына кездестік. Қысқаша «Орыс-қазақ газеті. Бөкей РКПб губкомы мен губаткомының басылымы. Орда қаласы» деген түсінік берілген. Қорда басылымның 1922-1923 жылдары шыққан тігіндісі бар делінеді. Бірақ музей қызметкерлері аталмыш газетті таба алмады...

Енді 1920 жылы Орал қаласынан шыққан «Қызыл ту» газетіне келейік. Осы жерде Батыс Қазақстан өңіріндегі әкімшілік-аумақтық бөліністер туралы тоқтала кеткен жөн болады.

1919 жылы 10 шілдеде РКФСР Халкомкеңі «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» ережені бекітіп, сол арқылы ревкомның дәргейіне Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарын берді. 1920 жылы 26 тамызда Қазақ АКСР-ын құру туралы декрет жарияланды. Сөйтіп, автономиялық республиканың аумағы, облыстары мен уездері белгіленді. Орал облысының құрамына Орал, Ілбішін, Темір және Гурьев уездері, бұрынғы Закаспийск облысының Маңғышлақ уезі, 4 және 5 Адай болыстары енді. 1920 жылғы 12 қазанда Орал облысы губернияға айналып, Гурьев, Жымпиты, Елек, Калмыков, Ойыл, Орал уездерін біріктірді. Астрахан губерниясынан Бөкей ордасының аумағы бөлініп, Қазақстанның «Бөкей губерниясы» атанды. 1925 жылы 18 мамырда Бөкей губерниясы жойылып, уезд ретінде Орал губерниясына берілді. («Батыс Қазақстан» энциклопедиясы)

1920 жылы Қазақ АКСР-ы құрылғаннан бастап қазақ тілінде газет-журнал шығару ісі күшейді. Ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың зерттеуінше, 1920 жылы 4 газет, 1921 жылы 6 газет, 3 журнал, 1922 жылы 8 газет, 2 журнал, 1923 жылы 9 газет, 3 журнал, 1924 жылы 10 газет, 2 журнал, 1925 жылы 13 газет, 5 журнал шыққан екен.

Міне, осылайша «Қызыл ту» газеті Орал қаласында 1920 жылдан бастап шыға бастады. Облыс пен губерния орталығы ретінде Орал қаласының статусы әбден беки бастаған кез болатын. Жоғарыдағы зерттеуде «Қызыл ту» газетінің 1925 жылғы тиражы 1870 болғаны айтылады. Ал 1926 жылы газет аптасына 3 мәрте шығып, Орал өңіріне 2800 данамен тараған. Сонымен қатар газет қосымшасы ретінде «Жастар даусы» газеті шығарылып, оның редакторлығын К.Өтеғалиев атқарған екен. Бұл қосымша газеттің көтерген негізгі міндеті – жастар баспасын нығайту, ауылдағы жас тілшілерге бағыт беріп, олардың санын көбейту, жастарды оқуға тарту болғандығы жөнінде ғалым С.Смағұлова айтып өткен.

Бұл жылдар – Совет үкіметінің іргетасы бекіп, барлық саланы большевиктер өз қолына мығым ұстай бастаған кез болатын. Халық арасындағы идеологиялық жұмыстарда өте ықпалды газет-журнал ісіне ерекше көңіл бөлінді. Сол кезеңдерге тән тағы бір ерекшелік – журналист кадрларды қазақ даласының бір шетінен екінші қиырына сапырылыстыру, жиі-жиі өзгертіп отыру «дәстүрі» қалыптасқаны. Бұл әдетте «жергілікті кадрлардың тапшылығынан» делінді. Алайда Оралдағы газетке 1930 жылдары солтүстікқазақстандық Әбдрахман Байділдин, қостанайлық Рахым Сүгіров, солтүстікқазақстандық Ғалым Малдыбаев, көкшетаулық Елжас Бекеновтердің басшылыққа тағайындалуы жергілікті мамандардың аздығынан емес, олардың саяси сенімсіздігінен болса керек. Кеңес идеологтары жастайынан бірге өсіп, бірге қалыптасқан, көзқарасы бір адамдарды бір жерге қоюдың қауіпті екенін түсініп, оларды ыдыратуға тырысқандай. Сондықтан да алғашқы қазақ баспасөзін қалыптастыруға бір кісідей еңбек еткен батысқазақстандық Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаевтар Ақ Жайықтан аласталып кетті. Ахмет Мәметов 1921 жылы партия қатарынан шығарылған соң енді мүлдем баспасөз саласына жақындай алмайтынын біліп, жаңа мамандық алуға – Саратов институтының медицина факультетіне түсуге мәжбүр болды. Оралдық алғашқы журналистердің бірі қаратөбелік Медеш Оралдиев Семей мен Қарағанды өңірлерінде бірнеше газеттің іргетасын қалап жүріп, «халық жауы» атанып, атылып кетті...

Газеттің 1930 жылдардағы тігіндісін бейжай оқу мүмкін емес. Тырнақ астынан кір іздеу, таптық күрес, бір қоғамның екіге бөлініп, қара күйе жағуы, газет мақалаларының еш дәлелсіз жала жабу құралына айналуы – сол бір қаралы күндердің қасіретінен хабар бергендей. Еш дәлелсіз, «жаптым жала, жақтым күйе» стилінде жазылған, тіпті авторы да жоқ домалақ арыз секілді хаттар ақ-қарасы тексерілмей-ақ саяси қуғын-сүргіннің желеуіне айналды. Бұл тұста басылымның тиражы 10400-14200 данаға жеткен!

Бұл кезеңде газет редакциясында қызмет еткен журналистерге де оңай тимегені ақиқат. Олар екі оттың ортасында қалған еді: жоғары жақ күн сайын «әшкерелеуші» мақалалар талап етсе, мұндай мақалалардың жариялануы талай жазықсыз боздақтың түбіне жететінін газет қызметкерлері жақсы түсінетін.
1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған, «Халық жауы» атанып атылған Сәтбек Иманқұловтың қылмыстық ісін ақтарғанда біраз жәйтке куә боламыз.

1937 жылдың 13 қазанында қамауға алынған Сәтбек Иманқұловқа тағылған айып – «ұлтшыл-контрреволюциялық астыртын ұйым мүшесі, Кеңес үкіметін күшпен құлатып, Қазақ ССР-ін бөліп әкетуді мақсат тұтқан» деген айып тағылған. Сонымен бірге «Екпінді құрылыс» газетінде басшы болып тұрғанда «редакцияға жау элементтерді жұмысқа алғаны» дәлелденген. Мысалы, «ұлтшыл Мәжит Мұқашевты қызметке алып, бөлім бастығы қызметін бергені, Алашорда байының қызы, Амангелді Имановты өлтіруге қатысқан жаудың қызы Данаш Байқадамованы стенографшы етіп жұмысқа алғаны» үлкен қылмысқа саналған.

Сәтбек Иманқұловтың қылмыстық ісінде «Екпінді құрылыс» газетінде сол жылдары қызмет еткен редактордың орынбасары Мереш Дәулетияров, редакция хатшысы Нұрмұхан Түркин, партия бөлімінің меңгерушісі Қуан Тастайбеков, аппарат бөлімінің меңгерушісі Тілек Чанеев т.б. тұлғаларға «ұлтшыл» деген анықтама беріліпті. Оның дәлелі ретінде «Алашордашыларды әшкерелейтін мақалалардың жариялануына кедергі жасады» дегенді алға тартады. Кеңес үкіметінің қанқұйлы саясатын жүргізуші идеологиялық мекемеде – облыстық газетте қызмет ете жүріп, өз халқына араша болуға ұмтылған Алаш арыстарының аруағына еріксіз бас иеміз...

Әрине, сол жылдары «Қызыл ту» газеті тек әшкерелеуші қызыл шоқпар ғана болды десек, қателесеміз. Ұлт зиялылары басылымды барынша қазақ қоғамына пайдалы етуге тырысты. 1932-1937 жылдары Орал педагогикалық институтында жұмыс істеген Қажым Жұмалиев редакция жұмысына белсене араласты. Сол кездері Орал қаласында болған Қасым Аманжоловтың өлеңдері «Екпінді құрылыс» газетінде жиі басылды. Қасымның қаламдас досы, 1934-1936 жылдары Орал пединсти-тутында оқыған ақын Абдолла Жұмағалиевтің де газет тарихында орны бар. Ақиық ақындардың 1932-1936 жылдары газет редакциясында қызмет атқарғаны жөніндегі ескерт-кіш тақта кезінде «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы болған ғимарат-қа – Орал қаласы, Ғұмар Қараш көше-сіндегі 14-үйге орнатылған.

Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов секілді қазақ әдебиетінің алыптары да алғашқы қадамдарын қазіргі «Орал өңірі» газетінде бастағаны жөнінде ақпарат бар.

«Қызыл ту» газеті 1920 жылдан 1932 жылға дейін шығып, сол жылы «Екпінді құрылыс» атанған. «Орал өңірі» газетінің 50 жылдығына арналған мерекелік №229 (1968 ж. 17 қараша) санында ардагер журналист Мәжит Үмбетовтің «Менің мектебім» атты естелігінде мынадай жолдар бар: «...1932 жылдың март айында болар деймін, облыстық газетке «Екпінді құрылыс» деп ат қойып, шаңырағын көтердік. Облыстық газет атанғанмен, газетшілер бірден жеткілікті бола қоймады. Бірсыпыра уақытқа дейін бұрынғы аудандық газетте істегендермен газет шығарылып тұрды. Ал олардың бәрі дерлік практик. Журналистика институтын бітіру былай тұрсын, тіпті олардың ішінде толық орта білімі барлар некен-саяқ болатын. Кейін аудандық газеттерден, басқа жерлерден қызметкерлер алдырылды. Секретарь болып Ишақат Бегалиев, бөлім меңгерушілері болып Қуан Тастайбеков, Ислям Хайрушев келді. Мұнан кейін газетке Нұрмұқан Түркин, Тілек Ғалиев, Ғұбаш Жөндібаев, Қасым Аманжолов келді. Тағы бір-екі жыл өткесін, Жәлел Сариев, Айтжан Хұсайынов, Сағит Құдайбергенов сияқты бір топ жастар қосылды. Сөйтіп, қырқыншы жылдар қарсаңында газет сан жағынан да, сапа жағынан да едәуір өсті. Осыған байланысты газет те жан-жақты жақсарды. Өкінішке орай, газеттің кемелдену дәуірі ұзақ тұрақтамады. Соғыс өрті газетті де шарпыды. Редакция он адамын майданға жөнелтті. Солардан редакцияға қайта оралғандар екеу-ақ Ғұбаш Жөндібаев, А.Азряков. Басқалары майданда ерлікпен қаза тапты...»
Бүгінде «Орал өңірі» газетінің редакциясының фойесінде 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айналдырып, ұрыс даласына аттанған боздақтардың құрметіне арналған ескерткіш тақта орнатылған. Онда Сағит Құдайбергенов, Айтжан Құсайынов, Б.Нұрғалиев, Ж.Құдасов, Ғ.Қалиев секілді қаламгерлердің есімі жазылған.

Ал Хабер Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қосаман Орынбасаров, Ғалиасқар Қосанов, Рахым Қожахметов, Ғұбаш Жөндібаев секілді ағаларымыз майданнан аман-есен оралып, газет редакциясында ұзақ жыл жемісті еңбек етті.
1932-1957 жылдары аралығында «Екпінді құрылыс» атауымен шыққан басылым 1957-1960 жылдары «Октябрь туы» аталды. Ал 1963 жылғы мамырдан күні бүгінге дейін «Орал өңірі» деген атпен шығады. Яғни газетіміздің «Орал өңірі» деп аталғанына да жарты ғасырдан асты.
Газет көпжылғы жемісті қызметі үшін 1968 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мұның да өзіндік тарихы бар.

1968 жылға дейін газет тарихы 1920 жылдан бастап шыққан «Қызыл ту» газетінен басталып жүрді. Газет тарихының әріге жылжып, қазіргі датаға тұрақтануына осы басылымда 1949-1955 жылдары басшылық қызмет атқарған, кейіннен 1960-1971 жылдар аралығында Орал облыстық партия комитетінің идеология мәселелері бойынша хатшысы болған Бисен Жұмағалиев ағамыздың және ардагер журналист, осы газетте ұзақ жыл жұмыс жасаған Ғұбаш Жөндібаев ақсақалдың еңбегі сіңіпті. Ғ.Жөндібаев Мәскеудегі революция музейінен Бөкей губерниясында екі тілде 1918 жылдың 17 қарашасынан шыға бастаған газеттерді тауып, фотокөшірмесін әкеледі. Облыстық партия комитетінің бюросы осы дәйекке сүйеніп, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерін елу жылдық алтын тойына байланысты орденге ұсынады. Ұсынысты Қазақстан Орталық Комитеті де, КПСС Орталық Комитеті де қолдап, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері 1968 жылы 17 қарашада «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осылайша, оралдық қос газет республика бойынша орден алған тұңғыш басылым болды.

Облыста әдебиет пен журналис-тика саласында қалам тербеген тұлғалардың «Орал өңірі» газетіне тағдырын қоспағаны кем де кем. Қазақ поэзиясының ең ірі өкілдерінің бірі Қадыр Мырза Әлінің алғашқы туындылары осы газет бетінде басылды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет еткен белгілі ақын, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин 1963 жылы 1 мамырда «Орал өңірі» деген атпен шыққан тұңғыш санына кезекшілік еткенін есіне алады. Бұл газетте қазіргі қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Серікқали Шарабасов, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімов, Серікқали Хасанов, Александр Тасболатов, Таңатар Төлеуғалиев, Темір Құсайын т.б. әр жылдары қызмет атқарған. Газет редакциясында әр кезеңде қызмет еткен ардагер аға-апаларымыздың еңбек жолы жөніндегі тарихи деректер мен құжаттарды «Жайық Пресс» ғимаратындағы баспасөз мұражайынан көре аласыздар.

Басылымның ұзақ ғұмырында қазақ журналистикасының талай майталманы «Орал өңірі» газетіне басшылық жасады. Газетте әр жылдары басшылық қызмет жасаған редакторлардың есімдері мен өмір жолдары жинақталып, «Қос басылым тарихы» атты кітапқа топтастырылды. Әрине, біз бәрін толық қамтыдық деп айта алмаймыз. Мысалы, 1923 жылы (7 октябрь, жексенбі) «Қызыл ту» газетіне редакторлық еткен Мұстамбаевты, сондай-ақ 1930 жылы осы басылымға «уақытша жауапты редактор» деп қол қойған Нұрғалиұлын анықтай алмадық. Бұл болашақта назар аударылар мәселе екені сөзсіз. Сондай-ақ аталмыш жинақта редакцияда әр жылдары түрлі лауазымда қызмет атқарған әріптестеріміз туралы мәліметтер берілді.

«Орал өңірі» газетінің редакциясы 1958-1984 жылдар аралығында Орал қаласы Карев көшесіндегі 47-үйде (әйгілі Карев үйінің үшінші қабатында) орналасты. 1984 жылдың күзінде қазіргі Достық даңғылы 177-үйдегі жаңадан арнайы салынған ғимаратқа – Баспасөз үйіне көшті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқанында ғимаратынан айырылып қалған редакция 2006-2009 жылдары көп қиындық көріп, бірнеше мәрте көшіп-қонуға мәжбүр болды. 2009 жылы наурыз айында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен қазіргі ғимаратқа – Орал қаласы Мұхит көшесі, 57/1-үйге тұрақ тепті. Сол жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері өз баспаханасынан басылып шыға бастады.

2003 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері «Жайық Пресс» ЖШС-ға бірікті. Газет редак-циясы осыдан былай тек шығарма-шылық қызметпен айналысып, барша ұйымдастыру, есеп-қисап, жарнама жұмыстары жаңа серіктестіктің құзы-рына өтті. Бұл реформа өз жемісін берді деп толық айтуға болады. Бүгін-де «Жайық Пресс» ЖШС – Қазақстан-ның батыс өлкесіндегі үлкен медиа-корпорация дәрежесіне жетті. Құра-мында 2 облыстық, 11 аудандық газет, заманауи баспахана, ақпарат агенттігі, сайты, түсіру тобы, мате-риалдық-техникалық базасы бар «Жайық Пресс» ұжымы әу бастағы аталар аманатына адал қызмет етіп келеді.

Қаралым саны 1924

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463