Жыр төгілген кеш

Жуырда «Dana.kaz» тарихи-танымдық журналының 1 жылдығына орай облыстық қазақ драма театрында белгілі семейлік жыр-шы, республикалық ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы Дүйсенғазы Нығметжанов-тың жыр кеші өтті. 

Дүйсенғазы Нығметжанов 1949 жылы Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1969 жылы көз жанарынан айырылып, 1972 жылдан Семей қаласындағы «Соқырлар қоғамында» еңбек жолын бастайды. Қоғамдағы әртүрлі жұмыстарды атқара жүріп, 1975 жылдан бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қазақ қорына жетекшілік етеді. Қалалық, облыстық, халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі.

Он бес жасында-ақ 20 дастанды жатқа білген Дүйсенғазы ағамыз жыршы ғана емес, өз жанынан жыр төгетін өнер иесі. Кештің шымылдығын өзінің Ақ Жайық өңіріне арнауымен бастап, Марабай Құлжабайұлының нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырымен жалғады. Одан әрі көпшілікті жалықтырмау үшін, көрерменнің сұрауы бойынша жырлардың кез-келген жерінен үзінділер айтып берді. Айталық, «Алпамыс батыр» жырынан Алпамыстың зынданнан шығып, Тайшық хан мен мыстанды өлтірген жерін, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудан» Қарабай мен Қодардың танысқан сәтін (Шәкір Әбенов нұсқасы) өте әсерлі жырлады. Шәкәрім қажының «Қалқаман-Мамыр» дастанын түгел айтып шықса да, жырға шөліркеп қалған халық бір сәтте жалыққан жоқ. Ал осы жыр кешінде оралдық жыршы Сәкен Жанғазиев Сансызбайдың Қорен қалмақпен жекпе-жегін тіпті ерекше нақышпен жырлады.

Кеш соңында облыстық мәдениет басқармасының бастығы А.Батырхановтың атынан Дүйсенғазы Нығметжановқа алғысхат табыс етілсе, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жыр иесіне қазақтың шапанын жауып, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан домбыраны тарту етті. Рухани кештен ләззат алған көрермен құдыретті жыр өнеріне үлкен қошемет көрсетті.

Жалпы, семейлік жыршының Ақ Жайық өңіріне келуі облыс мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. «Қобыланды батыр» жырының жерлесіміз Марабай жырлаған 12 мың жолдық ең көркем нұсқасы және басқа да шығармалар жыршының орындауында бейнетаспаға жазылып алынды. Дүйсенғазы Нығметжановқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хаты тапсырылды.

Қаралым саны 1003

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463