Мәжит ҚАЙЫРҒАЛИЕВ

Қазақстанның құрметті журналисі, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетін 1991-2002 жылдар аралығында басқарған Мәжит Қайырғалиев ағамыз өлең өлкесінде де өзіндік өрнегін қалдырған қаламгер. Журналымыздың жырсүйер қауымына ағамыздың бір топ өлеңін ұсынамыз.

Мен келемін жол жүріп, мен келемін
Менің елім, қазағым – мен дегенім.
Мен келемін миллиондар бірі болып
Айналдырып ғасырдың дөңгелегін.

Мен келемін, әлі де мен келемін,
Тоқтамаспын болдырып ерте тегін.
Бұл кішкентай халық деп ойламаңдар
Алыбымен әлемнің тең келемін.

Өткенімді шоламын, ойланамын...
Қасіретті көрді-ау деп, о, далам мың.
Мөлдірейді нәп-нәзік көз алдымда
Жанарындай туған жер ойлы анамның.

Сонау тұрған тұғырда туым менің,
Мынау жатқан ен байтақ суым, жерім,
Талай ғасыр тарихта жасасам да
Мен азат боп жақында туып едім.

Шарықтатсам қиялдың ой қанатын,
Келді кезім өзгеше ойланатын.
Қасіретпен күн кешкен бабаларым
– О, жалған, - деп күйініп ойқанатын.

Ол шыдаған тағдырдың таласына,
Азаттықты тілеумен алашына..
Қандай дана өмірге келсе-дағы
Ол табынар еліне, даласына.

* * *

Кең даламмен кеңесіп сұрашы бір,
Жайып өтсін алдыңа құлашын жыр.
Сөйлеп кетсін тау-тасы туған жердің
Білгің келсе бабаңның мұрасын біл.

Көкжиектен көтеріп күн қабағын,
Тау-тастан түсіріп түн тұмшаларын.
Таңғы самал сипайды қыл қобыздың
Баяу ғана тербетіп сыр сабағын.

Сөйлеуші енді, сөйлеуші тынбай далам,
Шежіреңнен өмірлік тағлым алам,
Құлағыма күмбірлеп күйдің сазы
Ғасырлардан сыр тартып, тыңдап қалам.

Ән келеді құлаққа баяулатып,
Түніне де тоймаймын қарауға түк.
Тәтті ұйқыға кетемін бойым балқып,
Жұлдыздарын көктегі санап жатып,

Сол бір шақта сөйлейді далам менің,
Шартарапқа жүгіртіп самал желін.
– Сен тыңдасаң, ұрпағым, талмай тыңда
Не кешкенін өмірде бабаң, елің.

* * *

Мен жерімін қазақтың бабасының,
Бесігімін тербеткен баласын мың...
Мұңын бірге бөлісіп анасының,
Болып келем қақоршы, жанашырың.

Не кешпедім басымнан, не кешпедім...
Жонымда өтті жауласқан егестері.
Ұландарым ұрыста құрбан болған
Сонау жатқан гүл басқан дөңестерім.

Жон арқамды күйдіріп, күн қақтаған,
Дей алмаймын қасірет, мұң жат маған.
Талай ана қалдырды-ау құлатүзде
Сәбилерін қойнынан құндақтаған.

Шыңғыс шауып, ойрандап өтті бірде...
Табындырам – деді де көпті бірге,
Ақтабан боп шұбырып қазақ қалды
Бостандығын далаға шөктірді де.

Онда да күн көгіне келіп кеткен,
Жайлауда жаз жүректі еліктеткен,
Қазақ болса бүлішке жер пұшпағын
Кездері жоқ жауына беріп кеткен.

Құла түзде Қорқыттың күйі өксіді,
Жан елжіреп сазына сүйек сынды.
Асан қайғы өмірден өткен еді
Көкірегіне аршылмас тиеп мұңды.

Қандай арман аңсайды қазақ бүгін,
Қалды ма әлде табжылмай азапты күн
Қиян-кескі ұрыста мұқалмаған
Алаш тойлап жатыр ма азаттығын.?

* * *

Біз азатпыз!
Ұрандап оянамын...
Бүгін менің шаттық та, той алабым.
О, туған жер өзің де сезбейсің бе ?
Шұғылаға ой-қырым боялғанын.

Дүбіріне құлақ түр ғаламаттың.
Қастерлеген ұрандай адам атын.
Біз бүгінгі қазақпыз, азат елміз
Ой-қырымды көрсе де аралап кім.

Берді бүгін қазаққа бақ тәңірім,
Төкті-дағы шуақты ақ таң нұрын.
Құрыстаған сан ғасыр туған өлкем,
Байлығыңды балаңа ақтар бүгін.

Тарихтың куә боп шежіресі
Бар әлемге паш етсін кезімді осы.
Ғарыштаған қадаммен алға асқан
Менің елім ол қазір – жеңіс көші.

Дүниеде бар болса асыл деген,
Сол асылдар алады басын неден...
Менің елім сол асыл – жер жұмағы
Бірге адымдап келеді ғасырменен.

Ауыздықпен су ішіп,буырқанған...
Ол бір тұлпар жорықта суы қанған,
Ол бір алып әлемі жайнап жатқан
Шұғылалы нұр төккен туы таңнан.

Мен өзгеше дей алман өз елімді,
Өз елімді гүл бағы – гөзелімді.
Мен өзгеше сүйе алман асқар таулы
Егінді алап, кең дала, өзенімді.

Бөлегенде ауылды, қаланы нұр,
Күй төгіліп, тербетер даланы жыр...
Менің елім мәңгілік азат өлке
Ол зәулім үй құрылыстар алаңы бір.

Ол жасампаз істердің алаңы бір,
Күндей күліп шаттықпен адамы жүр,
Ол жазушы, ақындар бесігі ғой
Ақ Жайықтай ақтарған қаламы жыр.

Орындалып бабамның ой-арманы,
Бұл қазақтың мәңгілік оянғаны.
Кемеңгер ой, келісті істері нық
Бақ орнатпай қазағым қояр ма әлі.

Мен қуанам елімнің ертеңі үшін,
Сарқылмасын, жігіттер, ерте күшің.
Келешегі қазақтың ғажап болмақ
Дәл бүгін-ақ болғанда ертегі шын.

О, туған жер, мінеки қазақ балаң,
Бодандықтан, қорлықтан азат тәмам.
Сенің мынау самалды кең құшағың
Жалын беріп тұрғандай өзі-ақ маған.

Танымайды бұл күнде қазақты кім.
Тойлап жатқан тәуелсіз, азаттығын
Ала таудың қар басқан асқарына
Өз қолымен қадаған азат Туын.

* * *

Мен келемін жол жүріп, мен келемін,
Тоқтамаспын болдырып ерте тегін.
Мен келемін миллиондар бірі болып,
Айналдырып ғасырдың дөңгелегін.

Қаралым саны 1131

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463