Бейсеует кісі

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Бейсауат, бейсеует, бейсеуіт түрлерінде де қолданыла береді. Бәрінің де мағынасы бір, түн қараңғысында ат құрғатпай суыт жүрген де адам емес, барыңды жайып салар құдайы қонақ та емес, беймезгіл келген бейтаныс адам. Жыға айыра алмаса да екінің бірі осылай деп жорамал жасап топшылайды.
«Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» жүгінсек, «бейсауат» сөзі «бейтаныс, бөгде, бөтен» деген ұғымды білдіреді деп жазылған. Бұдан басқа «қамсыз, қауіпсіз, қатерсіз, орынсыз, ретсіз, сөлекет» деген де мағынада қолданылады екен. Байқасаңыз, қай-қайсысы да көкейіңе қона кетердей жағымды түсінік беріп тұрған жоқ.
Н.Оңдасынов құрастырған «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздікті» қарастыруға тура келді. Мұнда: «(парсы – араб сөздері) бисәуад, бейсауат (би + сәуад, бей – сауат). Сауатсыз, хат танымайтын», – деп тайға таңба басқандай жазылған.
Басымыздағы бөркіміздей көріп жүрген «сауат» сөзінің түп-төркінін іздеуге пейіліміз ауды. Қайтадан «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» қолға алдық. Оқиық: «Сауат. Оқып жаза білетіндік, хат танығандық». Тақиядай көзге ыстық сөздер.
Әрі қарай көз жүгіртсек, «Біліктілік, өнер, т.б. сол сияқты адамның біліп алған, үйренген нәрселері, сауаттылық».
Сауаты ашылды. Ой-өрісі, білімі, түсінігі кеңіді.
Сауаттылық. Әр жайдан хабары барлық, білім-біліктілігі болушылық.
Яғни қазақтың бейсеубет кісі дегені жөнімен жүрген дұрыс адам, салт атты жолаушы деген сөзі емес. Керісінше, әдет-ғұрыптан мағлұматы аз, қалыптасқан салт-санамен есептесе бермейтін, беймезгіл уақытта басы ауған жақта қаңғып жүрген адам деп мошқағаны.
Бәзбіреуден оғаш сөз, ожар қылық көрсе де бейсауат сөз, бейсеуіт жүріс, қимылға теңейді. Әдеби тілде әлі күнге дейін осы түрінде қолданыста жүр.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, қазақ сауатқа үлкен мән берген. Бүгінде зиялы деп жүргеніміздей, ішкі мәдениетке негізделген үлкен қарым-қатынасты қатаң ұстанатын адамдарды сауатты деген сияқты. Біз де кейде нағыз риза болған адамға осылай деп қалмаймыз ба?!
Елдің бәрі қолдан келгенше сауатты жүріп тұруға, сауатты сөйлеуге тырысқан. Болмаса да ұқсап бағып, еліктеуге тырысқан. Осындай орта қалыптасқан. Сондықтан «қырық бір жақ, қыңыр бір жақ», үлгі болып, санаға сіңіп, тұрмысқа кірген жақсы әдет бұзылса, тілдік қорда басқа қаншама сөз толып тұрса да, бейсауат деп сөгетін болған.
Бейсеует жүруден, бейсауат сөзден аулақ болайық дегің келеді екен осыны оқып отырып.

Қаралым саны 1929

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463