Көктеректің бағына туған азамат

«DANAkaz» тарихи-танымдық журналының тілшілері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауданына қарасты Көктерек ауылында 1975 жылы тарихи-өлкетану музей ұйымдастырып, көп жыл басшылық жасаған Сейіткереев Төлеген ағаның туған ауылына барып қайтты. 

2012 жылдың желтоқсан айында «DANAkaz» журналының алғашқы санына Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы туралы мақаласы шыққанда, Төлеген ағай редакцияға арнайы келіп рақмет айтқан еді. Кейін облыстық музейде кездескенде біз ерекше қызығатын тақырып – жергілікті құлпытас жасау дәстүрі туралы әңгімелеп, тың мәліметтерді ортаға салған. Ол кісі ұйымдастырған әйгілі Көктерек музейін көруге ынтазар болсақ та, Төкеңнің көзі тірісінде жол түспепті. Енді, міне, көне бұйым десе, ішкен асын жерге қоятын Аманжол Сәлімов ағамыздың жеке көлігімен қыстың көзі қырауда «Көктерек қайдасың?!» деп кетіп барамыз. Мақсатымыз – ағаның орнына бата етіп, елге аңыз болған музейін көру. Бізбен телефон арқылы қайта-қайта хабарласып, Төкең туралы мақала жазуды өтінген Қажығалиев Теміржан ағамызға берген уәдемізді де орындау ойда еді...
Достың әңгімесі

– Біз Төлеген екеуміз он жасымыз-дан бірге өстік. 60 жылдың үстінде қатар жүрдік. Осы ауылда, Сарыөзен-нің жағасында жайпақ төбелі қазақы үй болды, сонда дүниеге келді. Атасы Ділжанның қолында өсті. Өз әкесін көріп те жарымады. Себебі Төкең 1941 жылғы 10 желтоқсанда туған, ал 1942 жылы әкесі соғысқа кетті де оралмады. Үш апасы болды, ұлдан жалғыз еді. Бала күнінен жеңіл аяқты, ширақ болатын. Түндік ойнағанда да-лада қалатынбыз. Мектепте жүрген-де «Юный техника» деген журналды жаздырып алып, самолет, мотоцикл сияқты бізге таңсық нәрселердің ма-кетін қолдан жасайтын, - деп еске алады Теміржан ақсақал.
Төлеген аға бала күнінен-ақ жан-жақты қабілетті, дарынды болыпты. 9 кластан бастап өлең жаза бастаған. «Мектепте апталық кезекшілік бола-тын, сол кезде бір апта бойы болған тәртіпсіздікті сатиралық өлеңмен түйреп, суретін салып, қабырға газе-тін шығаратынбыз» дейді кластасы.
Төкең Көктеректегі жеті кластық мектепті үздік бітірген. 1956 жылы Жұлдыз ауылында Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Құсайынов ашқан мектепті бітіріп, Орал педагогикалық институтының математика факульте-тіне түсіпті.
Төлеген Сейіткереев студент ке-зінде жеңіл атлетикамен айналысқан. 4 адам 400 метрлік эстафетаға жүгіру-ден облыс чемпионы болыпты. Алматыға, республикалық жарыстар-ға жиі барып, тіпті олимпиада чем-пионы болған әйгілі Әмин Тұяқовпен жарысқан. 1962 жылы дойбыдан Орал қаласының чемпионы атанған.
1964 жылы жоғары білімді мұға-лім атанып ауылға келген Төкең Көктерек мектебінде үзіліссіз 40 жыл ұстаздық етіпті. 1969 жылдан дирек-тордың орынбасары болды, оқу-тәр-бие жұмысын басқарды. 1977 жылы «Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 1987 жылы «Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген мұғалім» құрметті атағымен марапат-талған. 1989 жылы мектеп ұжымы демократиялық сайлау жолымен Төлеген Сейіткереевті өздеріне директор етіп сайлады. Содан 2004 жылы зейнет демалысына шыққанша сол қызметте болды. Тәуелсіздік жылдары «Қазақстан Республикасы-ның тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуел-сіздігіне 20 жыл» (2011) мерекелік медалдарымен наградталыпты. Өскен өлкесінің тарихын жинақтап, газет-терге мақала жаза жүріп, 2005 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданған.
– Теміржан аға, Көктеректе музей ұйымдастыру ісі қалай басталды? - деп сұрадық.
– 1970 жылы ең әуелі Ленин бөл-месін дайындады. Лениннің шала-шының макетін жасап, кабинетіне 100-ге тарта значок жинап, іліп қой-ды. Оның кабинеті балалар үшін ба-зар болатын. Ешкімге ұрыспайды. Сол жылы Ұлы Отан соғысының аяқ-талғанына 25 жыл еді. Ескі мектептің тар дәлізіне мәңгілік алау жасады. Сол жерге ауылдан майданға аттан-ған боздақтардың есімін жазып қой-ды. Меніңше, Төлегеннің ауыл тари-хын жинақтауы сол кезден басталған болу керек, - дейді Теміржан аға.

Жарының әңгімесі

– Менің әкем осы Көктерек мекте-бінің директоры болғанда, Төлеген әкемнің қарауында жасады. Өзім 1969 жылы Орал пединститутының тарих факультетін бітірдім, бірге қызмет ет-тік. 1971 жылдың қаңтарында үйлен-дік. Бір ұл, бір қызымыз болды. Қырық жылдың үстінде бірге өмір сүрдік, екі немереміз бар. Қарапайым ғана тір-шілік еттік, бай болмадық, артық мал да ұстамадық, екеуміз бірдей белсен-ді болдық. Үйімізге келген кісіден ба-рын аямайтын, - дейді Төкеңнің жары Бақыт Сатыбалдина апамыз.
Төкеңнің туған ауылына деген ма-хаббаты ерекше болған. Тіпті сонау жылдары оны Орал пединститутына оқытушылыққа шақырғанда да бас тартқан екен. «Осы Көктеректе екі үй қалса, соның бірі болып отырамын. Жалғыз үй қалса, сол біз боламыз» дейді екен.
– Төлеген әкесіз өскен, жасында қиындықты көп көрген. «Қырық бі-рінші жылданбыз» деген өлеңінде өзінің тағдыры тұр. «Институт бітірер-де киген костюмын «өзіме арнап ал-ған тұңғыш киімім» дейтін. Артық мү-лік жинамады. Көп жыл басшы бол-ды, мекеменің қаражаты қолында тұрды, бірақ үйге, жеке басына бірде-ңе жапсыру деген қаперінде болмай-тын. Керісінше үйден таситын еді. От-басылық ақшаны мен ұстадым. Тама-ғымыз мол болды әйтеуір. Біреу келе жатыр десе, барымызды салатынбыз. Аптасына 2-3 қонақ келетін. Көпшіл еді. Солай өтті өміріміз. Ештеңе жина-мадық, - деп еске алады «Халық ағар-ту ісінің озық қызметкері» атағының иегері Бақыт апай.
Төлеген аға өз мектебінің, өз ауы-лының шын жанашыры, қамқор қор-ғаушысы болыпты. Өзі директорлық еткен жылдары мектепке шеттен басы артық кісі алмайды екен. «Өз мұғалімдерімнің сағаты азаймасын» деген ой ғой. Ауылға әкім немесе уә-кіл келсе, алдынан табылған. Сонда-ғы талабы – ауылға су, телефон, газ келтіру... «Ауылдың тарихын тірнек-теп жинап, кітап етіп шығарсам ба дейтін. Жинаған азды-көпті материал-дары бар еді, ол енді біздің мойны-мызда» - дейді Бақыт апай.
Облыстық мәдениет басқармасы-ның басшысы Айдар Батырханов Көк-теректің музейін аралап көріп, қатты риза болып, Төкеңе: «Бұл музейді мемлекет қарауына алайық, облыс-тық музейдің филиалы етейік. Штат бөлеміз, қаржыландырамыз» деген-де, Төлеген аға: «Бұл музей халықтың қолдауымен ұйымдастырылған, сон-дықтан бір темір қазығын да алмай-сың» деп шарт қойыпты.
Өмірінің соңғы үш жылында Төкең қатты науқастанды. Бірақ мойыған жоқ. Кете кеткенше өмірлік принцип-теріне адал болды. Бүгінде Көктерек ауылының әр көшесінен, мектебінен зиратына дейін Төкеңнің қолтаңба-сын, жасаған жұмысының нәтижесін көруге болады. Ұлы Жайсаң Төкеңнің өзі ұйымдасқан Көктерек музейін бас-қарып, әке жолын жалғастырып отыр...

Музейде

Батыс Қазақстан облысы тұрмақ, кең байтақ елімізде ауыл музейлері-нің саны саусақпен санарлық. Ал ша-ғын ғана Көктеректің музейі мазмұн-дылығымен, қорының молдығымен таңғалдырады.
Музей екі қатарлы, коттедж үлгідегі үйде орналасқан. Ауласынан бастап-ақ тиянақты қолдан, тәртіпті жүйеден шыққаны көрініп тұр. Қан майданда қаза тапқан көктеректік 180 боздақ-тың аты-жөні қашалған мәрмәр тақ-таларды Төлеген аға өз қолымен жа-зып шығыпты. Бір бойында суретші-лік, ақындық қабілет қатар дарыған ағамыздың дарынына, ол кісінің ауыл тарихына деген махаббатына еріксіз бас иесіз.
Әуелі мектеп қабырғасында бас-талған музей осы кезге дейін 2-3 ғи-марат ауыстырыпты. Қазіргі мекенін Төлеген аға кеңшар ыдырап жатқан-да музейге қажеттігін дәлелдеп, алып қалған. Мұнда осы ауылдың бүкіл тарихы шоғырланған. Төкең Көктерек ауылының іргетасы 1778 жылы қа-ланғанын, бұрын Ресей отаршылары-ның «Абинск» әскери бекінісі тұрған жерге Мұхамед-Салық Бабажановтың қолдауымен 43 үй қызылқұрт отбасы көшіп келіп орналасқанын тарихи деректермен дәлелдепті. Бір қызығы, әлгі 43 үйдің ішінде әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының да от-басы болған екен. Сарыөзен жаға-сында жайқалған жалғыз терекке бай-ланысты жаңа қонысқа «Көктерек» деп ат қойылған. Төкеңнің музейінде дәл сол көк теректің бір бұтағы сақ-талған дегенге сенесіз бе?!
Мұнда ертедегі ауыл халқы қол-данған өгіз соқа тырмасымен, құрсау-лы кеселер сақталған. Көне суреттер, майданнан келген хаттар да жетер-лік. Қару-жарақ және тұрмыстық зат-тар өте көп. Осы өңірде жүргізілген ар-хеологиялық қазбалардан табылған кейбір жәдігердің жасы мыңдаған жылдарға кетеді. Сонымен бірге ауыл тарихында ерекше орын алған тұлға-лар туралы естеліктер бір төбе. Ең кереметі, бұл жәдігерлер керемет жүйемен, әдемі жасақталған. Әуес-қой мұғалімнің кәсіби музей қызмет-керлерінің ғана қолынан келетін үл-кен жұмысты қалай атқарғаны таң-ғаларлық.
Төлеген аға дүниеден өтерінде «Музейдің кіреберісіне «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі Төлеген Сейіткереевтің ұйымдастыруымен ашылған халық музейі» деген тақта ілуді аманаттапты. «Халық музейі» дейтін себебі – шынында да, музейдің бүкіл жәдігері халықтың қолдауымен жиылған. Бір қызығы – музейде тұр-ған қымбат бұйымдардың басым көпшілігін халық Төкеңе өз қолымен сыйға тартқан көрінеді. Бақыт апай-дың: «Мұнда Көктеректе тұрған әр отбасының кемінде бір естелігі бар» дейтіні сондықтан.
Ағаның өзі сөйлесе...

Төлеген ағаның өзі де газет-жур-нал беттерінде жиі көрінгенін жоға-рыда айтқанбыз. Сол мақалаларды, сұхбаттарды шолып отырсақ, туған жерім деп тебіреніп өткен азаматтың шынайы сырын, жүрек тынысын бай-қаймыз.
«...Мектептен тыс тәрбие жұмыс-тарын ұйымдастырушы болып таға-йындалғандықтан, сан алуан шара-ларға белсене араласуға тура келді. Соның бірі – патриоттық тәрбие. Осы-дан бастау алған мектеп музейі жыл-дар бойы өсті, кеңіді, байыды. «Ермек» деуге бұл қарекеттің жауаптылық салмағы артып, ауқымы ол шеңбер-ден шығып кетті. Білу, зерттеу жұмыс-тары өзімді де, өзгелерді де тылсым тереңіне тарта берді. Еңбегіңе ақы тө-ленбегенімен, жинау ісінің төменде-мегенін мақсат еткен ұстаным туды. «Музейге!» деп бір жәдігер зат тауып келген баланың көңіл қуанышын көр-сеңіз! Ішің жылиды, ілтипатың түседі, ілесе бересің...» деп ағынан жарылып-ты ағамыз 2010 жылы «Жайық ұста-зы» газетіне берген сұхбатында.
Көктеректе туып-өскен танымал тұлғаларға Төкең талай жылы лебіз арнапты. Солардың бірі – белгілі ақын, «Үміт» гимназиясының директоры Дариға Мұштановаға:
Ақынды талай қинадың,
Қуаныш елге сыйладың.
Шабытың тағы шалқысын
Шығыпты жырдан жинағың.
Директор болған депутат
Дарынның алдың сыйғанын.
«Үмітті» енді үкіле
Демесін неге жинадың, - десе, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының белді артисі Нұргүл Жұбатоваға:
Театрдағы бүлдіршін,
Ортаң қолдай Нұргүлсің.
Кейіпкерің мен көрермен
Мұңайып бірге, бір күлсін.
Тер төгіп ізден, ерінбе,
Талап пен Талант бір жүрсін,
«Еңбегі сіңген артист» боп
Шығарсың ертең, кім білсін?! - де-ген ақ тілегін жолдаған.
Төлеген ағаның «Көктерек вальсін» жазғанын жоғарыда айтқанбыз. Бүгін-де ауылдағы бірде бір той-қуаныш бұл әнсіз өтпейді:

Көктерек вальсі

Сөзі Төлеген Сейіткереевтікі,
әні Нұрлан Құбиевтікі.

Бабамның күйі әуелеп қалқып,
Іздері жатқан жер.
Ата-анам өсіп еңбекпен шалқып,
Атағы артқан жер.

Қайырмасы:
Жүректе мәңгі,
Атың бар сәнді,
Көктерегіме
Арнадым әнді.
Көркейткен көркін көп терек,
Ауылым – Көктерек.

Сарыөзеніңе шомылған қандай,
Бір жасап сейілді,
Шұрайлы жерің, суың – ас-балдай,
Адамың пейілді.

Топырақ осы өткендер үшін,
Төселген торқа боп.
Туған жер дәйім дәрежең, күшің
Тұрмасын орта боп.

 

Қырық бірінші
жылданбыз

Түлегі өткен ғасырдың,
Қырық бірінші жылданбыз.
Егізі ойран-асырдың
Майданнан емес, тылданбыз.

Тұратын құлып есікте,
Қырық бірінші жылданбыз.
Ұзақ күн жатып бесікте
Мақұрым қалдық жырдан біз.

Ойыншық емес, оқ жонған,
Қырық бірінші жылданбыз.
Түнерген елді мұң-сордан,
Түсінбей талай тынғанбыз.

Шетпе қап әке сүйегі,
Аталар соққан шыңнан біз.
Анамыз сүйреп, сүйеді,
Өспедік дымсыз дымнан біз.

Бой өсіп, қатпай бұғана,
Есейдік ерте жылдам біз.
Талқысыз тағдыр тұра ма?
Өттік сан көпір-қылдан біз.

Сұлының нанын тойынбай,
Қазаннан қаспақ қырғанбыз.
Жоғына жоқ деп мойымай,
Барына медет қылғанбыз.

Талаймен өсіп таласып,
Сондықтан шымыр, жылдамбыз.
Бабымыз тұрмай жарасып,
Содан да сәнсіз, сырдаңбыз.

Алға озып, артта қалмадық,
Жалғанға қонақсынғанбыз.
Түгел де өте алмадық,
Азды да көпті жылдан біз.

Өзеніңменен қосылған,
Уа, өмір, біз бір жылғаңбыз.
Тырмысып шығып, тосылған,
Тұғырда бүгін тұлғаңбыз.

Соғыстың бар деп сұм табы,
Аулақпыз ой мен бұлдан біз.
Соғыстың соңғы ұрпағы,
Болайық қыз бен ұлдан біз!

Көз тастап артқа, аздаған,
Суыртпақ тарттық сырдан біз.
Жақсы атты болу жазбаған
Қырық бірінші жылданбыз.

...Қырық бірінші жылданбыз.

Ауылдан аттанып барамыз. Музейдің «Қонақтар кітабында» жазылған бір тілек ойымнан шығар емес – кезінде аудан басқарған, ҚР Парламентінің депутаты болған Қайрат Шалабаев ағамыз былай деп жазыпты: «Төлеген Сейіткереевтей азаматы бар Көктерек ауылы – бақытты ауыл ғой!» Шынында да, әр ауылда Төлеген Сейіткереевтей бір азамат болса, талай жоғалған дүниеміз табылып, өшкеніміз жанар ма еді дейсің...

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Суреттердің бір бөлігі кейіпкердің жеке фотоқорынан алынды

Қаралым саны 1213

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463