Жеті атаңызды білесіз бе?

«Dana.kaz» журналының соңғы үш санында қатарынан 1811 жылдың 17 қыркүйегінде Орынбор губернаторына жазылған Кіші Жүз игі жақсыларының хаты, оған қол қойған тұлғалардың тізімі жариялануда. Хат арқылы Орынбор әскери губернаторы Г.Волконскийге қаза тапқан Жантөре хан Айшуақұлының орнына Кіші жүздің ханы етіп Бөкей Нұралыұлын сайлауды ұсынған. Мөрі мен таңбасын басқандар заманындағы елге сөзі жүрген басшылар, сыйлы билер мен батырлар. Тізімнің жариялануында терең мән бар. Әр оқырман осыны жете түсінгенін қалаймыз.

Біріншіден, жазба тарихымыз толыққанды хатталмаған ел үшін терең зерттеуге қажет мәліметтер. Осы кезеңді зерттеумен айналысып жүрген кезкелген маман үшін таптырмас нақты ақпарат. Екіншіден, тектілігімізді сақтауға негіз, яғни жеті атаға дейінгі шежірелерімізді жасақтауға ауадай қажет деректер қамтылған. Тізбектей берсе, мәнін түсінген адамға маңыздылығы бұдан да көп. Өзім айтқан екіншісіне тереңірек тоқталайын.

Басты мақсат – әр адамды ата-бабасының шежіресін еліміздің тарихымен байланыстыра білуге үйрету. Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасына аса мән бергізіп, тектілікті сақтауға ұмтылу. Бүгінде отарлық саясаттың кесірінен жеті ата түгілі, төртінші атасын білмейтіндер өте көп. Хатқа қол қойғандар бүгінгі біздің шамамен бесінші, алтыншы не жетінші аталарымызға сәйкес келеді. Осыдан-ақ деректердің маңыздылығын аңғарасыз. Өкініштісі, жастар білмегендіктен қаны жақын туыстарымен некелесу жағдайлары кездесуде. Отбасылық тәрбие жүйесінің жойылуына байланысты дұрысты дұрыс, қатені қате дейтін ақсақалдарымыз да аз.

Бұрын бүгінгідей балабақша, мәдениет үйі, полиция, қарттар үйі, түрме, тағы басқалары секілді мемлекеттен қыруар қаржы бөліп, қызмет көрсететін орындар болған жоқ. Ағайын-туманың топтасып бірге өмір сүруі осы мәселені оң шешуге мүмкіндік берді. Әр адам өзінің жеті атасына дейін жетік біліп, жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтады. Бүгін қазақ тектілігі үшін ата-бабасына қарыздар. Енді біз ұрпағымыздың алдында осы қарызымызды ор-нымен өтеуіміз қажет. Қазіргі кезде заманның ағымына қарай ағайын адамдар бір жерде отырмайды. Әрқайсысы өзіне қолайлы жерге қоныстанады. Себебі оның қауіпсіздігін мемлекет толық қамтамасыз етуде. Күйбең тіршілікпен жү-ріп көпшілік ағайынмен араласпайды, кейбірі аталастарынан тараған заман-дастарын тіпті жақын санамайды. Осыдан-ақ әр ұрпаққа алыстаған сайын қаны туыс адамдар жат болуда. Оған отарлаудың зобалаңдарын қосыңыз. Жеті атасын білмейтін жетесізге айналдық.
Міне, бұл тізімдегі тұлғалар – бүгінгінің ата-бабалары. Оқыңыздар, жеті аталық шежірелеріңізді жасақтап, туыстарыңызды табыңыздар. Қазақтың жеті аталық қағидасын қатаң сақтаңыздар.

Әр адам өзінің тікелей ата-бабасының тарихын білмесе немесе білуге ұмтылмаса, ол елдің тарихын терең түсініп, шынайы елге адал қызмет етеді дегенге күмән бар.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 866

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463