Сұмырай атқан Ерғали

Бұл әңгімені өзі басынан өткізген, бүгінде Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алмалы ауылында тұратын Шапағат Хабибуллин атамыз былай сабақтайды.

«Соғыстың алды, 1939-40 жылдар шамасы еді. Менің бозбала оқушы кезім. “Қызылақырап” козхозында тұ-рамыз. Байбақты Қынықтың Итес ата-лығынан шыққан Бақа Ерғали деген аңшы болды. Бәкене бойлы, көздері кішкентай өткір, құлағы қалқиған, мінезі қатал кісі еді жарықтық. Ауыл-да «Бақа Ерғали келе жатыр» десе, жылаған бала қоятын. Өзі аңшылы-ғымен қатар құмалақшы, тамыршы еді. Аурудың тамырын ұстап жіберіп: «е, пәлен күн өмірің қалыпты ғой!» деп төбеден ұрғандай айтып салатын да, айтқаны дәл келетін. Ел сонысына бола да сескенуші еді.
Ол кезде тамақ тапшы. Ерекең күзде егінге қонып, таңертең қана-тына мұз қатып, бірден ұша алмай қалатын дуадақтарды ұшқыр атпен қуып, қамшымен ұрып ала беретін. Жаз болса, судың ішіндегі қамыс, қо-ғадан пайда болған аралға көптеген қақпан құрып, үйректі қырып тастай-ды. Түнде суға түсіп құс ататын да өнері болушы еді.
Бір күні Ерғали түнде суды бойлап келе жатса, алдынан қарауытып бір кісінің сұлбасы шығады. Шақпақ ша-ғып қараса, түкті құбыжық көрінеді. Мылтықпен басып салыпты. Жаман дыбыс шығып, әлгі дене құлайды. Ерекең саспай, жүндес құбыжықты ауылға сүйреп әкеліпті. Ертесі ел көріп шошып кетті дейді.
– Бұл – суда жүретін сұмырай де-ген болады. Пәлені үйге кіргізбеңдер. Үйдің төбесіне шығарып, мұржаға жеті жерден байлап қойыңдар. Жоқ-таушысы болса, келіп алып кетер, - депті бір қария.
Айтқандай, алты күн өтіп, жетінші күні түнде әлгі құбыжықтың денесі жоқ болып шығады. Содан былай Ерекең «сұмырай атқан Ерғали» ата-нып кетіпті.
Сол Ерекеңнің ешкімнен сескен-бейтін қасиетіне кешікпей өзім де куә болдым. Ол кезде колхоз егін егеді. «Қойшекен» атты жерде егін брига-дасы бар. Жалпақ егіннің бір шетіне таяу Үшоба деген жер болды. Ежел-ден перінің ордасы болған, пері ие-ленген деп елдің бәрі қорқады. Егін алқабын күзетуге де батылы барып ешкім шыға қоймады.
Ерекеңнің 70-тің үстіне келген ша-ғы. Егін күзетуге кісі таба алмағасын, басшылар Ерғалиды қолқалап көн-дірді. Ерекең атпен жүреді. Үш мезгіл келіп қостан тамақ ішіп кетеді. Түнде егін басына қонып жүрді. Бір күні таңда қос басына келгенде:
– Жезде, бетіңізге не болған? Қи-сайып кетіпті ғой, - деді ойнайтын балдыз әйелдердің бірі.
Бәріміз жапырлап келіп қарай-мыз. Бақа Ерғалидың бет-аузы түп-түгел оң жағына қарай ауып кетіпті.
– А, солай ма? Көптен бері аңды-сып жүр еді, ақыры ебін тапқан екен ғой, – деді Ерғали, – Бәсе жаңа келе жатқанымда Үшоба жақтан бір жылы жел соғып өтіп еді-ау! Қап, бәлем, тұра тұр, мен де тегін қоймаспын! – деп әлдекімге кіжініп сөйледі де, қайтып ешкімге тіс жарған жоқ.
Содан бері күн сайын бақа Ерғали-дың бетіне қараймын. Беті баяғыша оң жағында. Өзі ешкіммен сөйлес-пейді. Жатса-тұрса «Ғаршыл көрдім, Ғаршыл көрдім» деп күбірлеп, аузы тыным таппайды. Мұнысы несі екен деп аң-таңмын. Осы бір ауыз сөзді 17 күн тынбастан сарнап жүрді. Он сегі-зінші күні ертеңгілік түнгі күзеттен келгенде бетінің орнында екенін көрдік.
– Жезде-ау, бетіңіз қалпына келіп-ті ғой, – деген баяғы балдызының сөзіне:
– Е, шөпке де, шөңгеге де атын жария қылып айтып қоймағасын, ар-ланып, өзі келіп түзетіп кетті ғой, - деп Ерекең кеңк-кеңк күлді.
Ерекеңнің сондағы Ғаршыл дегені – пері патшасының есімі екен.

Жәнібек ӘБІЛПЕЙІСОВ,
Атамекен ауылы,
Батыс Қазақстан облысы

Қаралым саны 1088

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463