Шоқай қабіріне зиярат

Осы маусым мәңгіге есімде қалады... Биыл, міне, қазақ халқына да жат емес Польшаның астанасы Варшавада білім алып жүргеніме 2 жыл болды. Осы арада Еуропаның бірнеше мемлекетін аралап, жергілікті халықтың мәдениетімен таныстым. 

Польшадағы қазақ жастар қоғамының вице-президенті ретінде Қазақстанды танытатын бірнеше мерекелік шаралар мен көрмелер дайындауға атсалыстым. Алайда барша қазақ жастарына үлгі, халқының дара перзенті Мұстафа Шоқайдың мазарын зиярат етуге сәті түспей жүр еді. Арманым осы жылы орындалды!
Сонымен, сессия кезіндегі бір де-малыс уақытын пайдалана отырып, 5 маусым күні кешқұрым Мұстафа Шоқайдың аруағына қасиетті Құранның аяттарын бағыштайын деген ниетпен Варшавадан Берлинге ат басын бұрдым. Сапар барысында Германияда білім алып жатқан Жасұлан досымнан Германияда әлем Қазақтарының құрылтайы өтетіні және оның Мұстафа бабамыздың аруағына Құран бағыштауымен басталатыны жайында қуанышты хабар алдым. Мұстафа атамыздың мазары орналасқан "Шехитлік" мешітін өз бетіммен тауып келгенімде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашев ағамыз өзі қарсы алып, ағалық жылы шырай танытып құрылтайдың сыйлы қонағы болуға шақырды.
Жыл басынан үйден жырақта жүрген қазақ баласына өз қазағын көру - әрдайым үлкен бақыт! Туған жерден алыс жүрген ағайынның да елге деген сағынышын әрі махаббатын жүздерінен, әсерлі әңгімелерінен бірден байқауға болады. Тағы бір қуантқан жайт – Еуропада туып, туған топырақта аунап өсу бақыты бұйырмаған қандастарымыздың барлығы дерлік қазақ тілінде еркін сөйлейді, аса бауырмал, кішіпейіл. Жас буын болса «оқу бітіргесін елге қайтып, ұстаз болғым келеді» дейді! Қазақстанда көрісе алмаған қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова апамызбен де танысып, суретке түсетін мүмкіндік туды.
Сапардан алған әсерім орасан зор, халқының жанашырлары жаңа достар тапқаныма қуаныштымын! 6-9 маусым аралығында Берлинде өткен әлем Қазақтарының құрылтайын ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін! Келесі жылы құрылтай Голландияның Амстердамында өтеді екен, сол жиында табысып, көрісуге жазсын Алла Тағала!

Арыстанбек ОРЫНБАСАРОВ,
Вистула университетінің студенті,
Варшава қаласы

Қаралым саны 862

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463