Құлпытас сырын ашайық

«Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында «Батыс Қазақстан облысындағы ежелгі құлпытастарды зерттеу бойынша экспедиция жүргізу» жобасының бір нәтижесі ретінде жарық көрген «Құлпытас сырын ашайық» жинағының таныстырылымы өтті. Шараға қатысқан тарих ғылымдарының докторы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі Әшірбек Мүмінов: «Бұл – әлемдік ғылымға қосылған үлес, әлемдік деңгейдегі ғылыми басылым» деп жинаққа баға берді.

Аталмыш жобаның авторы Жантас Сафуллиннің төрағалығымен өткен шараға тарих ғылымдарының докторы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі Әшірбек Мүмінов, аталмыш институттың қызметкерлері, тарих ғылымдарының кандидаттары Айтжан Нұрманова мен Дина Медерова, БҚО тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиев, БҚО тарихи өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов, белгілі өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин қатысты.
Тарихшы мамандардың пайымдауынша, құлпытастарды зерттеу төл тарихымыздағы тұлғалар тағдырындағы түйіткілдерді тарқатып, түгендеу үшін өте қажет. Табиғи ескерткіштер жыл санап механикалық сыртқы әсерден жойылып барады. Оларды толық тізімдеп, зерттеп, жинақ шығарып, ескерткіштердің өзін мемлекеттік қорғауға алу да кезек күттірмес іс.
- Париж қаласында мұсылман елдерінің араб қарпімен жазылған графикалық ескерткіштерінің хронологиялық 18 томдық жинағы басылып жатыр. «Құлпытас сырын ашайық» жинағындағы жазбалардың бірі де оған енген емес. Сондықтан аталмыш жұмысты әлемдік деңгейдегі жаңа ғылыми басылым деп бағаласақ болады. Бұл ағылшын тіліне аударылса әлем ғалымдары назарын аударар еді, - деді тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Құрбанұлы.
Елу құлпытасты қамтыған жаңа жинақта ХІХ-ХХ ғасырлардың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар, өңірімізде ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар Тайлақ батыр, Науша батыр Қаржауұлы, Сатыбалды Кенжеғараұлы, Есенгелді тархан Жанмырзаұлы, Бабатай би ұрпақтары, Дәуқара батыр Қарақожаұлының т.б. тарихи тұлғалардың өмірбаяндық деректері – туған-қайтыс болған жылдары, ата-тегі тұңғыш рет жарияланып отыр. Мәселен, Байұлы бірлестігіне қарайтын Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың тарихы осыған дейін ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер арқылы танып келсе, енді басына қойылған құлпытастағы жазудың алғаш рет оқылуы нәтижесінде батырдың 1751 жылы 64 жасында дүниеден озғаны анықталып отыр. Сол сияқты, Есім хан 1797 жылы 53 жасында, Тайлақ батыр 1808 жылы 40 иә 90 жасында, Есенгелді тархан 1834 жылы 93 жасында, Науша батыр 1849 жылы 81 жасында, Сатай батыр 1865 жылы 84 жасында фәниден озған. Аталған тұлғалар арасында Есім ханнан өзгесінің өмір сүру жасы мен қайтыс болған уақытының тұңғыш рет анықталуы төл тарихымызға қосылған сүбелі үлес екендігі анық.
Басқосуда сөз алған Жантас Набиоллаұлы өз сөзінде: «Тарих толыққанды, шынайы, дұрыс жазылуы үшін жан-жақты мәліметтер толық жиналуы керек. Қазақстаннның шеңберіндегі мұрағат, музей, кітапхана қорларындағы барлық мәліметтер мен жазбаларды жүйелеп, жинақ шығарып, кез келген зерттеуші іздеп таба алатындай жағдай жасау керек. Электронды нұсқасы дайындалып, арнайы сайт жасақталғаны жөн. Әр дерек бір-бірімен байланыстырыла зерттелсе, толыққанды тарих жазылатынына сенімдімін», - деді.
Сөз кезегін алған БҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова халқымыз үшін маңызды істерді ішкі саясат басқармасы әрқашан да қолдайтынын айтып, құлпытастарды зерделеп оқып, мәтінін аударған Қазбек Құттымұратұлының еңбегі зор екенін атап өтіп, алғысын айтты.
- Көп жылғы ізденісіміз ұлттық тарихты зерделеу бағдарламасының да құрамдас бөлігіне айналды. Өлкетанудың жаңа парақтары ашылып, патриоттық тәрбие жұмысына таптырмас жаңа деректер анықталды. Жазба тарихы қатталмаған қазақ ұлты үшін құлпытастар бірден бір мол дерек көзі. Көне қорымдарды зерттеп, оның өлкеміздегі толық картасын қамтитын, әр қорымның барлық мәліметі келтірілген сайт жасақталса, біршама тарихымыз түгенделер еді, - деді сөз кезегін алған Қазбек Құттымұратұлы.
Былтыр облысымызда тарихты зерттеуге байланысты облыс әкімдігі жанынан арнайы кеңес құрылған болатын. Осы кеңестің отырысында құлпытастарды тереңірек зерттеу мәселесі ұсынылды. Ұсыныстың маңыздылығын ескеріп облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау білдірді. Бұл – өткенге ерекше құрмет, тарихымызды түгендеуге қамқорлық жасаудағы бірлескен жұмыстың бастауы. Енді ортақ іске тек ғалымдар мен осы жәдігерлерге жаны ашитын белсенділер ғана емес, халық болып атсалысу қажет.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

Қаралым саны 1446

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463