Әлди

«Әлләй, әлләй, әлләй-ай,
Әләләу, әлләй, әлләй-ай!»

Ақ әжем! Аппақ әжем. Осылай әндетіп отырар еді… Бір жастан асқан бауырларымды, мен жатқан бесікке сыймағасын, әкемнің ұзынша келген ескі бесігіне бөлейтін. Әлди әні құлақта жатталып қалған. Бесік тербетіп отырып айтқан жақұт жырдың соңы баяу ыңылға ұласады. Бала күннің елесі немесе әжемнің аялы алақаны есіме түссе болды, осы әзиз әуен қосақтала келеді. Сірә, ең алғаш әрі көп естіген әуенім болса керек. Інілерімді әлдимен тербетіп отырғанда бірден ұйықтап кетер едік. Мені де кезінде осы әуенмен әлдилеп ұйықтатқанына күмән жоқ.
Кейіннен талай естігенде байқағаным, бесік жырын айтқанда ананың ішкі сезімі мен көңіл күйіне байланысты әуені өзгере береді. Қатып қалған талап жоқ! Қалай айтылса да әсерлі шығады. Мүмкін, айтқан сайын түрлі нұсқада шыққасын, басты ерекшелігі де сол ма екен? Бәсең дауыспен, орта диапазонда баяу ғана айтылатын бесік жырының мән-мағынасы осыншама терең болар ма! Әрине, ол кезде мән бермедік. Ғалымдардың пікірінше, құлаққа сіңген әлдиден сәбидің ана тіліне құштарлығы артып, музыкалық есту қабілеті де жетіле түседі екен.
Осы ойдың жетегімен халқымыздың бесік жыры жайлы ойымызды өрбітсек. Әлди арқылы аналар ақ арман-тілектерін бесігін таянып отырып, ақ сүтімен бірге перзентінің санасына сіңіре берген. Кез келген жырдың мазмұны – ананың балаға деген шексіз мейірімі! Сол махаббатпен бірге адамгершілік пен ізгіліктің дәнін себе біліпті. Зор тілектердің жетегімен өзі де ұлының есейгендегі азамат бейнесінің толық та түзу қалыптасқанын қалапты. Бұған халық ауыз әдебиетіндегі «Бесік жыры» аталатын мың-сан өлең жолдары дәлел бола алады.
Мамыражай, тыныштық орнаған бейбіт кезеңдегі көріністер сол кезден жеткен бесік жырларының барлығына тән.
«Бөпемді шешіп алайын,
Нұр жүзіне қарайын.
Емін-еркін керіліп,
Қуандырсын маңайын».
Жаңа түскен келіннің өскен елі мен жеріне, ағайын-туысына деген сағынышын әлдиіне арқау еткенін кең тараған «Әй-әй, бөпем» әнінен білеміз.
«Әй-әй, бөпем,
Кейін қалған елімді,
Көрер ме екем-ай!»
Ел басындағы түрлі тарихи және әлеуметтік жағдайларға байланысты бесік жыры да өзгеріп отырған. Өткен ғасырдың басындағы бесік жырлары бөбегінің діни сауат ашып, білім иесі болғанын қалаған игі тілектерге ұласса, соғыс жылдарындағы мәтіндерден азаматының аман оралуы мен «ақ таңының тұмансыз атып», мәңгілік тыныштық орнағанын тілеген. Бесік жырының сарынымен М.Мақатаевтың сөзіне жазған Н.Тілендиевтің «Болмасын соғыс, болмасын!» әнінен соғыс салқынын сеземіз.
«Ақ қозым менің, ақ бөпем,
Айналаң нұрлы бақ мекен.
Абыржымай жат, көкем,
Әлди, әлди, ақ бөпем.
Келмесін ол күн, келмесін,
Төнбесін қатер, төнбесін!»
«Әлди» атаулының ырғағы 2\4, 3\4, 6\8, 4\4 қарапайым өлшемде жазылуынан бесіктің кезек тербелісінің суретін көреміз. Барлық әннің темпі баяу жүреді. Минор және мажор тональдігінде қатар кездесе береді. Тағы бір ортақ қасиет – сазды әуен, табиғи қоңыр дауыс пен орта регистрдегі шағын диапазон. Сырлы сөз бен сазды әуен қосыла келе біртұтас дүниеге айналады. Қайырым кезіндегі жиі қайталанатын сөздер «әлди», «ақ бөпе», «ұйықтай ғой», көз алдыңызға келетін ғажап суреттер деп ертегі кейіпкерлері мен табиғат сұлулығын айтамыз. Ал ән бойындағы әуенде – үзілмей жалғас табатын шексіз мелодизм тұнып тұрады! Жандүниені баурап алатын, рухыңды әлдилейтін «Бесік жыры» бала түгілі, ересектің өзін сиқыр сазымен еліктіріп кететінін қайтерсіз!
Әлди-ән бала кезден құлаққа сіңіп, бөбектің есту қабілетін арттырса, кейіннен музыка жазған кәсіби композитордың осы жанрға қайта айналып соғуы да заңды құбылыс болып шықпай ма?
Ұлт руханиятындағы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде бала жанын қуанышқа кенелтер керемет құралға айналған «Бесік жыры» сан бояумен құбылып заман ағысымен бірге түрленіп келеді. Қазақстан композиторларының ішінде де осы жанрға қалам тербемегені кем де кем. Ә.Есбаев, Б.Тәжібаев, Е.Хасанғалиевтей көптеген композиторлардың шығармашылығындағы сәтті шыққан әндер осы тақырыпқа жазылған. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің ертеректе шығарған екі бірдей әні бесік жырына арналған. 1967 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Жан сәуле» атты ән кітабындағы «Бесік жырының» сөзін ақын А.Байғожаев жазған. Ән c-moll тоналдігінде, 6\8 өлшемімен әндете, баяу айтылады.

 

«Әлди, әлди, бөбегім,
Қуанышты өлеңім.
Келбетіңнен келіскен
Нұрлы өмірді көремін.
Ұйықта бөпем, әлди-ай,
Ұйықта, ұйықта, бөпем-ай.
Анаң отыр тербетіп,
Сен өссін деп ержетіп».
Минор тональдігінде кәсіби композиторлық көзқараспен қайырмалы шумақ формасында жазылса да, құлаққа жағымды әуенімен, мағыналы сөзімен есте қаларлық, әрдайым айтып жүрер есті ән екен.
1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ала-тау» ән жинағындағы «Бесік жыры» ақын Т.Молдағалиев-тің сөзіне жазылған. Композитордың екінші жинағындағы бұл әннің тональдігі H-Dur. 3\4 өлшемімен вальс екпінінде жазылған. Темп анықтамасында Andante con anima деп тұр. Яғни, «баяу, жаныңмен беріле» деген сөз.

 

Төрт тактілік кіріспеден соң:
«Сен жүрер деп алдыңда жолың жатыр,
Атқа мінсең атаңдай болғын батыр.
Әлди-ай, әлди, әлди, әлди-ай!
…Сен алысқа кеткенде сағынамын,
Ұйықтап қалдың біткенше менің әнім.
Әлди-ай, әлди, әлди, әлди-ай!»
Халықтық сарында жазылған, бойыңды балқытар жайлы әуенімен «әлди-әндердің» қатарына қосылған сәні келіскен әсем ән. Осындай, сөзі мен әні жарасым тапқан, көңіліңді шаттыққа бөлейтін әндердің телерадио эфирі мен сахна төрінен мүлдем естілмейтіні ойлантады. Әнші атаулыға абырой әкелетін әндер-ақ!
Эстрада жанрындағы бағытта осы тектес әндерді «Роксонаки», «Мюзикола», «Қоңыр» тобы мен композитор А.Бексұлтанның ән репертуарынан тыңдадық. Ән әлеміне жаңа қосылған жас әншілер, мейлі, сахна саңлағына айналған сақа әншілер болсын, терең ой мен нәзік шеберлікті талап ететін, халықтың көңілінен шығатын осындай әндерді әнші репертуарынан көп ести бермейміз. Мүмкін, әнді әлдилеп жүрегінен өткізу, үдесінен шығып халыққа жеткізу, ыстық ықыласына бөленудің қиындығынан да болар… «Әлди» сияқты сакральді жанрдың дүйім жұртқа етене жақын болғанымен, сахна төрінен айтуға көп өнерпаздың жүрегі дауаламайтынын жақсы түсінемін. Ақын Қ.Сариннің сөзіне жазылған А.Бексұлтанның «Бесік жыры» әнін М.Бесбаев, сөз жоқ, шебер орындаған. Кемеліне келген керім ән, керемет әнші! Музыкалық өңдеуі мен сүйемелі де көңілден шықты.
«Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам, әкем дейсің бе,
Тілің тәтті екен».
Әңгіме түйіні ретінде осы тамаша дәстүрді дәріптеп, сырлы сазы мен қоңыр дауысы үйлесім тапқан, ән құрылысындағы жаңалығымен назар аудартқан, көңіліміз толған жаңа әндердің бірі ретінде назарларыңызға 1997 жылы шыққан мына «Әлдиді» ұсынар едім. Жоғарыда айтылған бесік жырына тән барлық ортақ қасиетті бойына сіңіріп және оны өз жанынан жаңаша түрлендіріп, әні мен сөзін жазып орындаған – Ғалым Боқаш. Өміріміз әуезді әнмен өріліп, шаңырағымыздан әлди үні үзілмесін!
«Тағы да,
Тағы да,
Көлге барып күн батты.
Тағына,
Тауына
Ай қонды да, тіл қатты:
«Неге балақаным,
Ұйықтамай жатырсың?
Бекер ай, әлди, бөпем-ай».
Жілік шағып берейін, майын алып-ай.
Көзіңді ашсаң қасыңнан табылайын-ай,
Әлди, әлди-ай.
Жолдар да,
Жондар да,
Шырт ұйқыға шомыпты.
Сол маңда,
Орманда
Ұйқыны үкі қорыпты.
Бұтақтар салбырап,
Бар әлем балбырап,
Мүлгиді-ай, әлди, бөпем-ай.
Ұлы Абайдай ақылы мол жан болар ма екен?
Толағайдай еліне қорған болар ма екен?
Әлди, әлди-ай.
Сан жылап,
Қалжырап,
Есінейді бөбегім.
Маужырап,
Қалғымақ,
Түске айналып өлеңім.
Бұлақтар былдырлап,
Құрақтар сыбдырлап,
Түсінде әлдилер ме екен?
Керқұла атты ерттеп ап, мініп жүр ме екенсің?
Күн туарын еліңе біліп жүр ме екенсің?
Әлди-ай, әлди бөпем-ай.
Әлди, әлди-ай».

Қаралым саны 2833

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463