Сәкеннің Жымпитыға сапары

Мұқат АРЫСТАНОВ,
жоғары санатты тарих пәні мұғалімі,
Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектеп,
Жымпиты ауылы,
Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы тарихында атап өтетін маңызды оқиғаның бірі – Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылғы Жымпиты уезіне ат басын тіреуі.

1922 жылы 6-13 қарашада өткен советтердің ІІІ съезінде Сәкен Сейфуллин 28 жасында халық комиссарлар кеңесінің төрағалығына сайланды. Ол сонымен қатар өзі негізін қалаған «Еңбекшіл қазақ» (кейінгі «Социалды Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан») газеті мен «Қызыл Қазақстан» (кейінгі «Ауыл коммунисі», «Қазақстан коммунисі», бүгінгі «Ақиқат») журналының жауапты редакторы міндетін қоса атқарды. (Р.Нургали «Алашординцы», 114 б. «Алаш» баспасы, Алматы-2004)
1923 жылдың күзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жергілікті кеңестерге сайлау жүргізіле бастайды. Осыған орай редактор қызметін қоса атқарып жүрген С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақстанда совет сайлау мезгілі таянды», «Совет сайлауларында сақ болу керек», «Биылғы совет сайлаулары» деген мақалалар жазып, осы науқанға байланысты Орал губерниясында өткізілетін сайлауға тексеру комисиясының төрағасы болады (Қырықбай Аллаберген «Тарих тудырған тұлғалар» XX ғасырдағы қазақ ақын, жазушылары мен публицистерінің рухани мұралары. 2-кітап, Павлодар: «Кереку» баспа орталығы, 2009 ж 15-16 бет).
С.Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып тұрған кезде 1923 жылы 14 қазанда Орал қаласына іссапармен келген. Ол туралы белгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев өз кітабында: «Совнарком председателінің Оралға келуін асыға күткендер көп екен. Жаңалықтың жаршысы – журналистер алдымен жетіп, Сәкеннен интервью алып кетті. 1923 жылы 16 октябрьде «Қызыл ту» мен «Красный Урал» газеттерінде «Қазақ халқының өркендеуі туралы С.Сейфуллиннің ойы» деп Сәкеннің қолы қойылған пікірді жариялайды. «Артта қалған еңбекші қазақ халқы қазір бостандықтың игілігін толық пайдалану үшін, адамзаттың жалпы бақытты өміріне бастайтын орыс пролетариаты және еңбекшілер шаруасымен терезесі тең болуы үшін еңбекші қазақ халқына таяу арада орыс еңбекшілерінің мәдени дәрежесіне көтерілуі керек. Ал бұл үшін көшпенділікті тастап отырықшылану, мал мен жер шаруашылығын өркендету, ағарту ісі мен кооперацияны жандандыру керек» деп көптен бері ойлап, насихаттап жүрген пікірлерін қысқаша қайырды. Уездік съезді өткізбек боп Жымпитыға жүріп кетті...», - деп көрсетіледі. (Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен Сейфуллин» кітабы. «Өнегелі өмір» топтамасы , Алматы, «Жалын» баспасы 1976 ж. 260 бет)
Осы мақаласында, С.Сейфуллин сонымен қатар: «...Орал өңіріне келу мақсатым – сайлау барысын өткізу. Сонымен қатар губерниялық атқару комитетінің председателі Киселев жолдаспен бірге Жымпитыдағы кеңес съезіне қатысу, өйткені онда тұрып жатырған халықтың 95%-ы-қырғыз (қазақ), одан әрі уездік съезд өткізу үшін Елек жеріне барып және Орынбор арқылы қайтадан губерниялық съездке қатысу үшін Оралға келуді жоспарлап отырмын. Съезд барысындағы менің негізгі мақсатым – 12-ші партия съезінің резолюциясын насихаттау – Кеңестік басқару жүйесіне жергілікті тұрғындарды, яғни қырғыздарды (қазақтарды) жұмысқа тарту. Мысалы, Гурьев және Жымпиты қырғыздарының уездік атқару комитетінің төрағаларын бекітуді ойластырып отырмыз....», - деп атап көрсетеді. (БҚО мемлекеттік мұрағаты, «Красный Урал» газеті, 1923 ж. 16 қазан №233, 2-бет)
Сапары барысында көрген-білгені туралы Сәкен «Орал губерниясы», «Жымпиты уезі», «Алашорда ойнағы», «Орал қаласы» деген материалдар жазады. Мәселен, ол алғашқы мақала-сында өзі көрген көріністерді: «Қара бұлттай жиналып қаптаған қалың ойдан алып қашып, автомобиль жұбатпақ болғанмен, шайқалта тербеп, қоймастан изеп, алдандыра ырғайды. Анда-санда жолмен келе жатқан мыжырайған жүдеу өгіздерге ескі салдырған ағаш арба жеккен жүргінші қазақтар кездеседі. Гүрілдеп құтырып келе жатқан автомобиль алыстан сақтандырып арқырайды. Жүргінші сорлы қутыңдап, ербеңдеп өгізін қақпалайды. Өгіздер тұғжыңдап, қырындап, жолдан шығып, бүлк-бүлк желеді. Ағаш арбаның сынық дөңгелегі қиралаңдап, қыңсылап жылағанын жиілетеді...», - деп суреттесе, ал «Жымпиты уезі» мақаласында Жымпиты тұрғындарының хал-күйін, ауыр тұрмысын: «Қала өте кішкентай. Өзі қазір кедей, әлсіз, нашар. Школа, мектеп жоқ. Жалғыз-ақ балалар жатқан екі үй бар. Сол балалар ғана оқиды. Онан соң татарлар мектеп ашпақ. Театр жоқ. Бір клуб бар. Сонда анда-санда қазақша ән, татарша ойындар (спектакьлдер) қойылады. Киномотограф жоқ. Бір мешіт, бір шіркеу бар. Өзге керекті заттары жоқ болса да Орал губерниясында мешіт, шіркеу әр ауылда-ақ бар. Дүкен жоқ, Ұсақ-түйек болғандар бар. Олардың өзі кедей», - деп қынжыла көрсеткен. (Қырықбай Аллаберген «Тарих тудырған тұлғалар» XX ғасырдағы қазақ ақын,жазушылары мен публицистерінің рухани мұралары. 2-кітап Павлодар: «Кереку» баспа орталығы, 2009 ж 15-16 бет)
1923 жылдың аяқ шенінде Сəкен Оралға сайлау науқанын өткізумен бірге, əдеби творчестволық сапармен келген-ді. Бұл тұста ол өзінің атақты романы «Тар жол, тайғақ кешуді» жаза бастаған болатын. Күрделі шығармаға күрмеу боларлық материалдар, деректер іздеу мақсатымен шыққан Сəкен келген бетте бірден Жымпитыға тартты. Сəкеннің Оралға келуі оған үлкен əдеби шабыт туғызды.
Ол осы сапарынан алдымен бірнеше жолсапар очерк жазды. Олары: «Орал губерниясы», «Жымпиты уезі – алашорда ойнағы», «Орал қаласы» деп аталады. (Сейфуллин Сəкен: Көптомдық шығармалар жинағы. Болат Қалиев, Орал дәптері – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2013. 91 бет)
1923 жылдың 18 қазан күні С.Сейфуллин мен губерниялық атқару комитетінің председателі Киселев мінген автомобиль Жымпитыға келеді.
«Біз Орал қаласынан күндіз сағат 12 шамасында шықтық. Мінгеніміз — автомобиль. Жымпиты Орал қаласының күншығыс-оңтүстік жағында. Күн еңкейген мезгілде Жымпиты қаласына келдік. Қаланың жанындағы бір жымпиған, жылмиған, өзеншіктен салған кішкене тақтай көпірден өттік. Қалаға кірдік, қала қазақ қаласы, қалада орыс тіпті аз ғана; бірақ қаланың өзі қала емес, орыстың поселкесінен кішкене, шикі балшықтан салған қазақтың үйлері әм үйшіктері. Көше жоқ десе де болады. Қаланың ортасында төбесін шатырлаған 3-4 үй бар. Сол үйлерде — мекемелер. Қала әлгі өзеннің жағасындағы бір сортаң жерге салынған екен. Азғантай дымқыл жаңбыр болса, аяғың жерге жабысып қалады. Галошыңды алып жүру қиын. Қаланың ішінде балшықтары төбе болып езіліп, үйіліп жатқан бұзылған үйлердің орындары көп.
Қаланың шетінде екі тәуір үй бар. Біреуі қызыл күйдірген тастан салынған, патша заманында қазына салдырған қызыл үй. Бұл бұрын аурухана үшін, школа үшін әм болыс мекемесі үшін қазына тарапынан салдырылған үй. Қазірде мұнда аурухана әм балалар жатады.
Екіншісі доктор Көсепғалиевтің үйі. Басқа шатырлы үйлер — мекемелер тұрған үйлер. Көбі бір бөлмелі, екі-үш бөлмелі аласа үйлер. Біз қазақ жігіттері жиналып тұрған шетірек үйге таман қомға келіп тұра қалып, қайда түсеміз деп сұрадық. Бізді уездік исполкомға алып келе жатып, жолдағы уездік партия комитеті мекемесінің алдына тоқтадық. Мекемеден комитеттің хатшысы шығып, бізге даярлаған пәтерлеріне алып келді. Сол екі арада қазақтар, ноғайлар да бәрі жиналысып, автомобильдің соңынан еріп, ентелеп, біздің тоқтаған үйіміздің жанына келді. Біз үйге кірдік. Кішкене 5-6 терезелі, екі бөлмелі, шатырсыз шикі тастан салынған үй. Иесі татар.
Шешініп отырдық. Жуындық. Бізді оңаша тастап кетті. Жуынып, шай ішіп тынығып отырдық. Кеш те батты.» (С.Сейфуллин. Жымпиты уезі – «Алашорда» ойнағы)
Сәкен Сейфуллиннің түскен үйі Ғазез Каримов деген татар адамның үйі болған. Күні бүгінде Сырым ауданының орталық мұражайында бұл үйдің фото-суреті сақталған. Кейін бұл үйде мұра-ғат филиалы қызмет жасаған. 1970-80 жылдары тозығы жетуіне байланысты бұзылған. Көрген адамдардың айтуын-ша, үйдің орналасқан жері қазіргі Абай көшесінің оңтүстік бетіндегі дөңдердің үстінде орналасқан.
Уездік съезге делегаттар келіп үлгермегендіктен, съезд 22 қазан күні ашылады. Оған дейін Сəкенді ауылдың «зорлық қылды», «сайлауды теріс жүр-гізді» сияқты арыздары-ақ босатпай қойды. Соның өзінде де ол уақыт та-уып, қаланы аралады, тұрғын халық-пен, делегаттармен əңгімелесіп, таны-сып үлгереді. (Сейфуллин Сəкен: Көп-томдық шығармалар жинағы. Ғұсман Ахметов Жымпитыдағы кездесу – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2013. 93-95 бет)
«Қазанның 21-не шейін кеңес жиылысы ашылмады. Бірақ қазақтың жаудырған арыздары бізді жұмыссыз қылған жоқ. Көбі салықты ауырсынған кедей сорлылар. Онан соң «зорлық қылды», «сайлауды теріс істеді» деген арыздар. Мен арыздың көбін қасымда-ғы Орал губерниясының кеңес комите-тінің төрағасы Киселевке сілтеп отырдым.»
22-24 қазан күндері жергілікті клубта съезд өтеді. Оған орта дәрежелі оқуы бар 30-дан астам уәкіл қатысады. Съезд барысында Сəкен қазақша баяндама жасайды. Жиналыс таза қазақ тілінде өткен және жиналыстан соң оған қатысушылар Кеңес үкіметінің басшылары Ленин мен Калининге қазақ тілінде құттықтау хатын жібереді. (С.Сейфуллин. Жымпиты уезі – «Алашорда» ойнағы)
«Баяндама тыңдаушыларға өте ұнады. Сəкеннің сөйлемдері маржан-дай таза екен. Орнын тауып жұмсалған əр сөз құлаққа жағымды естіліп жатты. Сəкен ауылдағы сауатсыздықты жоюға, балаларды оқуға беруге, əйелдерді совет ісіне көптеп тартуға, кедейлерге өкімет атынан жəрдем көрсетуге, қа-лың малға қарсы шығуға, баспасөзді кең таратуға шақырды. Үзіліс кезінде делегаттар Сəкенді қоршап алып, қызу əңгімелесті, түсінбеген сұрақтарын сұрады. Не керек əйтеуір Сəкен сол үш күн бойы делегаттармен ойнап-күліп жүрді, жұмысты қалай істеу, қай мəселеге баса назар қою керектігінен ақыл айтты. Сол бойда 12 адамның уездік атқару комитетінің жаңа құрамы бекітілді.
Председателі Мəдияр Үмбеталин сайланды. Мүшелігіне Қалиолла Ізбасов, Үмбет Жаманов (СССР халық əртісі Роза Жаманованың əкесі), Темір Бекмəмбетов, Сермұқан Бекбатыров жəне мен ендім.
Съезд 24 қазанда бітті. 23 қазан күні кеште уездік атқару комитетінің жəне партия комитетінің жігіттері бірігіп, ақынның «Қызыл сұңқарлар» пьесасын орындап бердік. Еркебұлан рөлінде С.Бекбатыров ойнаған еді. Біз бұл пьесаны бұдан бұрын да талай қойып берген болатынбыз. Содан кейін Сəкен көп кешіккен жоқ, жолдастарымен Елек уезіне жүріп кетті. Жүрерінде де көп кеңес айтты, жаңа заманның жұ-мысын жаңаша істеу керек деп қатты ескертті» (Сейфуллин Сəкен: Көптом-дық шығармалар жинағы. Ғұсман Ахметов Жымпитыдағы кездесу – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2013. 93-95 бет).
Осылай С.Сейфуллиннің Жымпиты уезіне сапары аяқталады. Осы сапары барысында біз Сырым аудандық мұра-жайы қорынан бұрын жарияланбаған Сәкен ақынның фотосуретін таптық. Бұл фотосурет осы жиналыс барысын-да түсірілген екен.
Белгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев өз зерттеулерінде: «Сәкеннің Жымпиты сапарының әр түрлі себебі бар: ең алдымен, бұл уезд Орал губер-ниясының ең шеткісі және шымқай қа-зақ мекендеген ауданы. Сондай шал-ғай жерде Кеңес өкіметінің қалай ор-нағанын көзімен көру, іс-талаптарына дұрыс бағыт беру негізгі мақсат болса, екінші жағынан, бүкіл Орал губерния-сында шет жатқанына қарамай, оқы-ғандары көп болған жер осы Жымпи-ты. Оның үстіне Батыс Алашорда үкіме-тінің астанасы болған жер. Өзі жазып жүрген «Тар жол, тайғақ кешуге» қа-жетті материалдар табылар деген ой да көкейінде.», - деп ой түйіндейді. (Тұрсынбек Кәкішев. Көптомдық шы-ғармалар жинағы. ІІ том. Қазығұрт баспасы, Алматы 2010 ж., 249 бет)
Жоғарыда келтірілген пікірмен біз де толықтай қосыламыз. Оған зерттеу жұмысымыз барысында куә болдық десек те болады. Жымпиты жеріне сапары Сәкенді қатты қызықтырғаны, әрі ойландырғаны даусыз. Жымпиты жеріне 1923 жылдың 18 қазаны күні келгеннен бастап 22 қазанда ашылған съезд жұмысына дейін Сәкеннің Жымпитыны аралап, өзінің жазып жүрген «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-романына мәліметтер жинағаны анық. Оған біріншіден, осы «Тар жол, тайғақ кешу» кітабындағы Батыс Алашорда үкіметінің тарихына қатысты «Орал облысында», «Алаш ханның үйінде», «Батыс Қазақстан «хан» болғылары келеді», «Қаратөбе съезі», «Қаратөбе съезінен кейін Орал аймағында» жəне «Тұңғыш қазақ офицерлері» деген бө-лімдері жазушының осы сапарында жинаған материалдарынан тұрады.
Екіншіден, Сәкеннің осы сапар барысында жазған «Жымпиты уезі – «Алашорда» ойнағы» атты жазбасында бұған байланысты съезд ашылғанға де-йінгі жергілікті тұрғындармен әңгіме-лесуі туралы мынадай мәліметтерді келтіруге болады:
«Бір заманда Жымпиты уезі «Алаш-орданың» ойнағы болған, алашорда-ның Қазақстанда ту тіккен жері Жымпиты болған. Жымпитыда «Алаш-орданың» күнбатыс үкіметі болған. Әс-кері болған. Әскер бастықтарын даяр-лайтын школдары болған. Әскери уә-зірі болған. Қазір қазақтар ол заманды «ханның» заманы дейді. Бір қазаққа мен: «Хандарың кім?» - дедім.
– Е, білмеуші ме едіңіз?.. Жаһанша емес пе?.. - деп қазақ таңырқап маған қадала қарап: – Сіздің затыңыз кім бо-лады? Не ел боласыз?.. Қай жердікі-сіз?.. - деді.
Уай, бір заманда олар да бір гүріл-деп жүрді-ау! – деп біреулер қояды.
«Алашорданың» туын тіккен үйінде қазір жетім балалар жатады. Ханның жатқан үйінде қазір партия комитетінің мекемесі бар. Ханның бас уәзірінің, «ханның ақылгөйінің» – Халелдің жат-қан үйінде қазір бір мекеме тұрады. «Алашорданың» казак-орыс офицер-лерінен оқыған юнкерлері – прапор-щиктері (әскер бастықтары) қазір тоз-ған. Кейбіреулері қазір Коммунист пар-тиясына кірген.
Жымпиты жігіттерімен сөйлесіп, әңгімелесіп тыңдап отырсаң, едәуір қызық қылып «Алашорданың» үкіме-тіне солдаттардың қарсы бунт шығар-ғанын сөйлейді. «Алашорданың» қа-зақтың үй басына жалпы салық салып жинағанын айтады. Хандардың пәтер-лерін күндіз-түні солдаттардың күзетіп тұратынын сөйлейді, қысқасы «Алаш-орданың» аз ғана күнгі ойнағы талай әңгіме қалдырып кетіпті.»
Өз зерттеуіміз барысында Тұрсынбек Кәкішевтің айтқан ойына тағы да өз ой-қорытындымды қосқым келіп отыр. Сәкеннің Орал аймағына ат басын ті-реудегі мақсатының біріне қазақ тілін-де іс жүргізуді қолға алу, қазақ бала-ларын мектепке тарту және қазақ әйел-дерінің теңдігін қолдау мен оларды партия жұмысындағы басшылық істер-ге араластыру болып саналады дегім келеді. 1921-1925 жылдар аралығында жазған «Әр қазақтың жадында оқу болсын», «Барлық күш оқуға», «Оқушы жастарға үлгі» т.б. мақалаларының өзі автордың ойын айтпай-ақ аңғартып тұр. 1923 жылы 17 желтоқсанда жазған «Орал губерниясы» деген оқшаушасында: «Школдарын, оқу үйлерін араладым. Жалғыз кеңес, әм партия школасы жақсы, өзгелері на-шар... Қазақтан оқушылар аз. Бұрын тіпті қазақ балалары жоқ болады екен. Биыл ғана аз-аздап қазақтан алыпты. Онда жалпы саясаттың бағы-тымен әм Орынбордың көрсетуімен алған болса керек. 2-ші басқыш шко-ла дегендерінде бір де қазақ жоқ. Білмеймін, бұрын мұнда оқу ретінде Орал губерниясы, Орал қаласы не істегендерін. Бұрын 4-5-ақ қазақ балалары оқиды екен!», - деген ойын айтады және Сәкеннің ұсынысымен Орал қаласында 1924 жылы алғашқы қазақ балаларына арналған мектеп ашылады (Қазіргі С.Сейфуллин атын-дағы №11 дарынды балаларға арнал-ған мектеп-интернаты).
Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, С.Сейфуллин «Жымпиты уезі – Алашорда ойнағы» жазбасында Жымпиты туралы: «Қала өте кішкен-тай. Өзі қазір кедей, әлсіз, нашар. Школа, мектеп жоқ. Жалғыз-ақ біраз балалар жатқан екі үй бар. Сол бала-лар ғана оқиды. Онан соң татарлар мектеп ашпақ», - деген мәлімет кел-тіреді. Бұл дерек қате. Себебі 1894 жылы Жымпитыда салынған 4 ірі құрылыстың бірі – бір жылдық «Бо-лыстық орыс-қазақ» мектебі бола-тын. Онда алғаш 67 шәкірт білім алған. Бұл білім ошағы 1921 жылы 2 жылдық, 1928 жылы 4 жылдық болып өзгерді.
Ал осы жазбасының ішінде, Сәкен ақын өз ойына: «Әрі болса барлық Қазақстанда, бері болса Орал губер-ниясында оқығандары көп уез – осы Жымпиты уезі. Доктор да мұнда, юрист те мұнда, полковник те мұнда, полицмейстр де мұнда, чиновник те мұнда, агроном да мұнда, прапор-щик те мұнда, сорлы учитель де мұн-да – міне осының бәрі де осы Жымпиты уезінде туған», - деген қайшы пікір білдіреді. Сондықтан Сәкен өзінің бұл жазбасын Кеңестік саясаттың ықпалымен де көрсеткен сияқты.
Жымпитыдан кетерінде Сәкеннің қолдауымен 5 қазақ қызы Кеңес пар-тиясының мектебіне оқуға жіберіле-ді. Оның 3-еуі Жымпитыдан аттанған.
«Бірақ осынша оқығандары бар жер бола тұрып, Жымпиты уезі әр нәрседен көп артта қалған екен. Әйел мәселесі бұларда әлі бұрынғы күйінде, хатта бұрынғыдан да жаман. Уездік кеңес жиылысына бір қазақ әйелі келген жоқ. Болыстық әм ауылдық кеңестерге бір әйел өтпесе керек. Жымпитының уездік атақты қаласында бір мектеп жоқ.
Әкімдікке таласып сүзіскен еркек-тер (ерлер емес, еркектер) сайлау басына әйелдерді сан көбейту үшін әкеліп, өздері кеңестерге кіріп-кіріп алса керек. Сөйтіп, Жымпитының уездік жиылысына да ешбір ел бір әйел өткізбепті....
Және менің тапсыруым бойынша үш қазақ қызын Орал қаласына кеңес әм партия школасына оқуға жіберді.» (С.Сейфуллин. Жымпиты уезі – «Алашорда» ойнағы)
Өкінішке орай, партия мектебіне аттанған бұл үш қыз туралы мәлімет таба алмай отырмыз, әрі оларды білетін көнекөз қариялар да табыл-мады. Әрі бұл үш қыздың кейінгі тағ-дыры қалай болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Алдағы уақытта олар ту-ралы мәлімет табу қажет.
Мақаламызды Сәкеннің мына сөйлемдерімен аяқтайық: «...Бола-шақта Жымпиты Қазақстанның үлкен бір қаласы боларын ойладым. Шір-кін, «Алашорда» білмей орнаған жоқ екен...»

Қаралым саны 2469

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463