БӨКЕЙ ОРДАСЫ ІЗІМЕН

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

тарих магистрі, Орал қаласы

2015 жыл Қазақстан үшін көптеген атаулы датаға толы болды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақ хандығының құрылға-нына  550  жыл  толуы  екені  анық.

Осы жылдың 1-10 тамыз аралығында бір топ ғалым, өлкетанушы, БАҚ қыз-меткерлерінің қатысуымен тарихи-эко-логиялық экспедиция ұйымдастырылды. Сапар маршруты Орал–Атырау– Астрахань–Волгоград–Палласовка–Хан Ордасы–Орал аралығын, барлығы 3500 шақырымды қамтыды. Экспедиция өз жолында 4 хан, 1 болыс-би (правитель), 2 дін өкілінің, 5 күйші-композитор, 3 Ке-ңес Одағының Батыры зиратына соғып, 5 ортағасырлық қала, 2 хан ордасы, 2 тау, 2 өзен, 2 жеке мұражаймен таныс-ты. Жобаға «Ғылыми зерттеулерді қол-дау қоры» басшылық жасады.
Экспедицияның негізгі мақсаты Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында үлкен орны болған Бөкей oрдасы-ның шекарасымен өтіп, Еділ мен Жа-йық арасында қалыптасқан тарихи-мә-дени мұраны, Еуразиялық мәдениеттің қалыптасу жолын зерттеу еді. Жоба ба-рысында экспедиция мүшелері жергі-лікті халықпен, ғалымдармен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, сұх-баттасты.

Біз таныған тұлғалар
Экспедиция Орал қаласында орна-ласқан Хан тоғайынан бастау алды. Бұл жерде 1812 жылы 7 шілдеде Бөкей Нұралыханұлын хан тағына отырғызу рәсімі өткен. Бұл шара туралы
Я. В. Ханыков 1849 жылы: «Бөкейді хан көтеру... Орал қаласының іргесінде, қа-зақтың барлық ірі рубасыларының қа-тысуымен өтті. Әскери губернатор Волконский Бөкейдің хан көтерілгенін жариялап, Патша Жарлығы орыс және татар тілінде оқылды. Бөкей хан Құран ұстап ант берді. Сосын зеңбіректен 12 мәрте оқ атылды... Ханға патша сыйлы-ғы – бұлғын ішік пен қылыш және Жо-ғары мәртебелі грамота тарту етілді» деп жазды. 1824 жылы 26 маусымда Бөкейдің ұлы Жәңгір де дәл осы жерде ақ киізге көтеріліп, хан атанған.
Экспедиция өз жолында бірнеше хан-ның қабірін зиярат етті. Соның бірі – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжа-йық ауданы Базаршолан ауылдық ок-ругінің Ескіесім ауылдық зиратында жерленген Кіші жүз ханы Есім Нұралы-ұлы (хандық құрған жылдары: 1795-1797 жж.). Бұл тұлға туралы да жазба деректер сақталған: – «1795 жылы маусымның басында Есім хан сайланды, 25 тамызда патшайым бекітті... Кіші жүздегі толқу 1797 жылы Есімнің өлуі-мен аяқталды. Сырым (Датов – Қ.А.) Краснояр форпостының түбінде ша-буыл жасап, оны өлтірді, бүкіл мүлкін тонап кетті» деп жазады «История Букеевского ханства» (2002, 904-905-бб.) кітабында.
Ал Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Шағатай ауылдық округінің Қы-зылжар ауылында орналасқан Жантө-ре ханның (хандық құрған жылдары: 1805-1809 жж.) тарихын экспедиция мүшелеріне жергілікті қария Хамит Салахиев баяндап берді. Жантөре хан 1805 жылы 1 қыркүйекте Орынбор қа-ласында өз әкесі Айшуақ ханның орны-на хан көтерілген. Бірақ бұл Қаратай сұлтанға ұнамады. Осы жаулық ақыры 1809 жылы 2 қарашада Жантөренің қастандық өлімімен аяқталады.
Экспедиция мүшелері Бөкей ордасы-ның негізін қалаушы Бөкей хан (1812-1815 жж.) кесенесінде де болды. Хан 1815 жылдың 15 мамырында дүниеден озған (Зиманов С. З., 1982, 92-б.). Бөкей хан кесенесі туралы зерттеуші
Ф. Сережников: «Бөкей Красный Яр қа-ласына жақын, Қордуан ауылы тұсына жерленді. Оның басына іргетасы таби-ғи тастан қаланған шаршы кірпіш мұ-наралы кесене тұрғызылды. Алайда ол 1846 жылдары құлап қалды» деп жаза-ды. (История Букеевского ханства…, 2002, 940-б.). Айта кету керек, бүгінде Ресей Федерациясы аумағында, Кіші Арал (Малый Арал) ауылының маңын-да қалған Бөкей ханның басына қазақ-стандықтар қызыл кірпіштен еңселі ке-сене тұрғызған. Бұл жерге бізді астра-хандық ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Э. Идрисов жолсерік болып бастап апарды.
Экспедиция мүшелері сапар шеккен тағы бір ханның кесенесі – Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ау-даны, Хан Ордасы ауылы маңында ор-наласқан Жәңгір хан кесенесі. Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда Тарғын өзені бойындағы жайлауына дүниеден озған және сол жерге жерленген. Кейін 1849 жылы 29 қазанда Хан Ордасы ауылынан 3 шақырым жердегі қауымға қайта жерленген. (История Букеевского хан-ства…, 2002, 774-б.). Этнограф және ар-хеолог А. В. Терещенко «Следы Дешт-Кипчака и Внутренняя киргиз-кайсац-кая орда» атты еңбегінде төмендегі мәліметті келтіреді: – «оның зиратына жергілікті қазақтардың күшімен төрт-бұрышты сырлы қоршау тұрғызылған, мұнда әйелі мен балалары қоса жер-ленген, зират басына ағаш егілген» (Ис-тория Букеевского ханства…, 2002, 860, 1036-бб.). Бір ескертетін жәй – шекара-лық аймақта орналасқандықтан Кіші Аралға, Боғда тауы мен Басқұншақ өзе-ніне, Кумыскаға (Жәңгір ханның жазғы жайлауы) бару үшін Ресей ФҚҚ-інен 60 күн бұрын рұқсат алу керек. Қазақстан бойынша Сайқын мен Жәнібек ауылда-ры да осындай аймаққа жатады. Сон-дықтан бұл жаққа барғанда міндетті түрде жеке куәлігіңіз болу керек.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкин ауылы территориясында Мақаш (Мұқамеджан – Қ.А.) Бекмұхаметовтың (1831-1904 жж.) кесенесі ор-наласқан. Ол кісі Мақаш әкім атымен танымал. Экспедиция мүшелері осы белгілі қоғам қайраткерінің басына Құран оқыды. Мақаш Шолтырұлы Жәң-гір мектебін бітірген, 1851 жылы 9 қа-занда Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусын тәмамдаған (Иренов К. Н., 2010, 227-б.). Ішкі Орданы басқарушы Уақытша кеңестің аудармашысы (1851 ж. бастап), ноғай руының басқарушысы (1854 ж. желтоқсанынан бастап), II (1855 ж. тамызынан) және I (1863 ж. 10 желтоқсаннан бастап) Теңіз округінің, кейін біріктірілген I және II Теңіз округ-терінің (1868-1890 жж.) әкімі, Ішкі Орда-ны басқарушы Уақытша Кеңестің ке-ңесшісі (1894 ж. 23 сәуірінен), 1881 жә-не 1895 жылдары императорға барған делегация мүшесі (История Букеевского ханства…, 2002, 1021-б.), «Жақсы үгіт» кітабының авторы (Батыс Қазақстан облысы..., 2002, 185-б.). 2000 жылы мұнда Атырау облысының әкімі И. Тасмағамбетовтің бастауымен ке-сене бой көтерген.

Шулы шаһар орындары
Еділ-Жайық аралығынан табылып, археологиялық тұрғыдан зерттеліп жатқан ортағасырлық қалалар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлкен септігін тигізгенін тарихтан жақсы бі-леміз. Олар Алтын Орда дәуіріне жа-татын – Жайық (БҚО), Сарайшық және Ақтөбе-Лаэти (Атырау облысы), Сарай-Бату (Астрахань облысы, Ресей), Сарай-Берке (Волгоград облысы, Ресей) қала-лары. Жайық қалашығы бойынша ар-хеологиялық зерттеу жұмыстары тура-лы экспедиция мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты М. Калменов жан-жақты таныстырса, Сарайшық пен Ақтөбе-Лайэти қалашықтары бойынша белгілі атыраулық өлкетанушы
В. Афанасьев, Сарай-Бату бойынша тарих ғылымдарының кандидаты
Е. Пигарев, Сарай-Берке бойынша Волгоград облысы өлкетану мұражайының археология бөлімінің меңгерушісі И. Хабарова жорық мүшелеріне та-нымдық дәріс жүргізді.
Астрахань облысының Харабайлы ау-данына қарасты Тамбовка елді мекені қасында, Ашұлық өзенінің бойындағы биік төбенің басында 2010 жылы «Мосфильм» қызметкерлері «Орда» атты көркем фильм түсіріп (режиссері А. Прошкин), декорацияларын Астра-хань губернаторының сұрауы бойынша бұзбай, «Алтын Орда астанасы – Сарай Бату» атты туристік орталық ұйымдастырған. Декорациялар Алтын Орда дә-уіріндегі ғимараттардың архитектурасы мен тұрмысына сай келеді. Үйлер бал-шықтан, ортаазиялық стильде жасалған. Көргенде ортағасырлық қалада жүргендей әсер береді. Бұл жерде сол турбазаның директоры Аман атты қа-зақ жігіті қызықты экскурсия жүргізіп, көптеген сұрағымызға жауап берді.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ор-дасы ауданы Хан Ордасы ауылының да тарихы тереңде. Хан кезеңінде салын-ған ғимараттар сөйлей білсе, көп нәр-сені айтар еді. Қазіргі уақытта сол та-рихтың үнсіз куәгерлері болып тұр. 1962 жылы Азамат соғысының ардаге-рі, Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім Ахметфаиз Жүсіпұлы Тажетдиновтың бастауымен жасақталған мұражай бү-гінде үлкен тарихи-мұражайлық кешен болып тұр.
Бұрын Бөкей ордасының жері бол-ған, қазір Ресей жері болып кеткен Жәңгір ханның жазғы жайлауының да тарихта алатын орны зор. Ханның «Сол-түстік астанасы» – жазғы жайлауы Тар-ғын өзенінің бойында орналасып, жер-гілікті қазақтар оны «Тарғын қала» деп атаған. Бұл тарихи орын туралы М. Я. Кит-таридың «Ставка хана Внутренней Киргизской (Қазақ – Қ.А.) Орды» атты мақаласында бұлай жазылады: «Став-каның солтүстік-батысында, Камышиннен 110, Саратовтан 180 верст жерде екінші ставка (орда) орналасқан. 1838 жылы Жәңгір хан тұрғызған бұл жер «Ханның көшпелі жазғы ордасы» деп аталады. Торғын өзенінің жағасында ор-наласқан бұл орда 9 ағаш үйден тұра-ды, үйдің көбі жазғы, яғни пеш салын-баған. Солардың ішінде екі қабатты – төменде төрт, жоғарыда жеті бөлмесі бар үй – Жәңгірдің жазғы ордасы. Үй айналасында алма, шие, басқа да же-міс ағаштары отырғызылған» (Журнал М.В.Д…, 1849, 48-б.).
Медицина докторы Н. Троицкийдің «Взгляд на Внутреннюю киргизскую (қазақ – Қ. А.) орду» атты жұмысында жеміс бағы туралы деректі кездестіре-міз: «Тарғын өзенінің жағасындағы жазғы ордада енді жеміс бағы өсіріліп, оларды суғару үшін шығыр орнатылған. Бақ жақсы күтіледі, тұздауға ар-налған қияр да бар. Қауын-қарбыз егу жоспарда тұр» (Букеевской Орде 200 лет, 81-б.).
А. Харузиннің жазбаларында мына-дай мәліметтер келтірілген: «Торғын өзені бойында марқұм Жәңгірдің ағаш үйі тұр. Оның жанында салынып бітпе-ген мешіт үйі және жеміс-жидек бағы бар…» (Мукатаев Г. К., 2000, 58-б.). «Он-да (жазғы жайлауда – Қ.А.) 1846 жылы 9-10 үй және бірнеше шағын шаруашылық құрылыстар бар. Ханның қос қабат-ты, 12 бөлмелі үйі өзгелерден биік кө-рінеді...» (Зиманов С. З., 1982, 46-б.).
«1 мамыр мен 1 қазан аралығына созылатын каникул уақыты келгенде біз үйімізге тарайтынбыз, сосын мау-сымның басына Торғын өзені бойындағы Ханның жазғы ордасына жиналатынбыз» (Бабажанов Ходжа Мухаммед Салих., 2007, 93-б.).
Осы жерде 1845 жылы 11 тамызда Жәңгір хан дүниеден озған (История Букеевского ханства…, 2002, 670-б.). Қазір бұл ауыл Волгоград облысының Палласовка ауданы аумағына кіріп, “Кумысолечебница” санаториясы деп аталады. Казіргі уақытта XIX ғ. ғимараттар, үй жиһаздары сақталған. Санаторий директоры Қуаныш Құрматұлы бие байлап, қымыз жасау рецепті сонау ханның кезінен жалғасып келе жатыр-ғанын мәлімдеді.
Тағы бізді қызықтырған мәлімет, ол М. Иваниннің 1864 жылы «Эпоха» жур-налының №12 нөміріне шыққан мақа-ласы: «Хан өз әулетімен жазда ауара-йының қолайсыз кезінде қоныстану үшін Торғынның жағасына жазғы үй тұрғызды. Мұндағы бау-бақшаға су ке-рек болғанда өзенге бөгет салып, су деңгейін 3 сажынға көтерді (сажын – 2,16 метрге тең ескі өлшеу бірлігі), сөй-тіп ені 25, ұзыны 40 сажын көлшік пай-да болды. Осы жерге орнатылған шы-ғыр арқылы бау-бақша суарылды... То-ғанды тұрғызу үшін жалдамалы жұмыс-шыларға хан 6 мың сом ассигнация тө-леді. Тоған суының тағы бір пайдасы болды: жақын маңдағы жайылмаға су шығарып, шабындықтан 600 маяға де-йін шөп дайындалды. Қыс қатты жыл-дары бір мая шөптің құны 100 күміс сомға дейін жететін. Осылайша, тоған-ның құны ханға бірнеше есе қайтты, міне, біз жабайы санайтын дала қожа-йындарының нағыз үлгі алатын ада-мы» (Букеевской Орде 200 лет., 109-б.). Бұл бөгет 1842 жылы салынып (Исто-рия Букеевского ханства…, 2002, 631-б.), қазіргі таңда «Хан бөгеті» атымен Палласовка ауданының Томатное ауы-лы манында сақталған.

“Өлі риза болмай...”

Экспедицияны ұйымдастыру және өткізу барысында бізді қызықтырған сұрақ – ол адамның рухани дамуы. Бөкей хан өзін рухани ұстазы – Сейіт бабаның қасына жерлеуді аманат ет-кен. Сейіт баба (Саид Бин Кулвай Саид Гали) қарағаш-ноғай руының Сейт-ал-тыаяқ бөлімінен шыққан. Астрахань гу-берниясының Қызыл Жар (Краснояр) уезінің Хожетай ауылында дүниеге келген. 17 жасында Мекке-Мәдина қа-ласына барған, кейін Мысырда тәлім алып, Бағдатта, Түркістанда, Үнді елін-де білімін жалғастырған. «Мурхис жә-не мүршәрид» деген сопылықтың жо-ғары атағына ие болған. XIX ғасыр ба-сында еліне келіп, Ноғай даласында және Бөкей ордасының көшпелі қазақ-тарына уағыз-насихат жұмыстарын жүргізген. Қайтыс болғаннан кейін Хан сарайы ауылының (қазіргі Малый Арал ауылы) шығыс жақ бетіне жерленген (Умеров А., 1908.).
Қазіргі уақытта Сейт баба қорымына көп адам келіп түнейді. Күніне жүз адамға дейін келеді екен. Қорым ба-сында түнейтін үй бар, барлығын ұйымдастырып отырған – бабаның ұрпақтары.
Сол жердің биополиалық аурасы қат-ты күшті болғандықтан болар, біздің экспедицияның қазіргі заманғы үш фотоаппараты істемей қалды.
Осындай рухани жалғас Бөкей ханның баласы Жәңгір ханда да жал-ғасын тапты. Жәңгір ханның қасында ноғай-қазақ руының қояс бөлімінен мұсылмандар имамы дамолла Сүлей-мен хазірет Сары ұлы болған. Құлпытасында қайтыс болған жылы 1249 жыл деп хиджра бойынша көрсетілген, қа-зіргі жыл санаумен 1833 жылға сәйкес келеді. Құлпытасын әкесі Сары қойған. Бұл жерге де адамдар келіп түнейді. Аңыз бойынша хазірет зиратына екі жерден көк тас өскен (Құлпытас мәтінін оқыған – Мұратбек қажы Жахатов).
XX ғасырдың 30 жылдарында Бөкей oрдасына белгілі музыка зерттеушісі, эт-нограф А. Затаевич келіп, бұл өңірді «Му-зыкалы Австрия» деп атаған (Енисеева-Варшавская Л., http://mysl.kazgazeta.kz). Маршрут барысында біз Дәулеткерей, Құрманғазы, Мәмен, Сейтек, Тұяқ се-кілді күйші-композиторлардың кесене-леріне барып, дұға қылдық. Экспедиция мүшелері Дина Нұрпейісованың 1937 жылға дейін тұрған Диановка ауылына (РФ Астрахань облысы) ба-рып, халықпен кездесіп, күйшінің аға-йындарымен сұхбастастық. Олардың айтуынша, бұндай экспедиция бұл жерге Қазақстан егемендік алғалы бірінші рет келіпті. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жақын арада бұл жерде Дина әжемізге арналған бюст орнатылғалы жатыр екен.
Айта кету керек, Астрахань облысы бойынша бізге Искаков Никита аға жә-не сол кісі басқарып отырған «Жолдастық» атты қазақ қоғамдастығы көп кө-мектесті. Ал Астрахань Кремлі, облыс-тық мұражай, соның ішінде «Сарматтар алтыны» көрмесіне рұқсат алып берген тарих ғылымдарының кандидаты
В. Викторинді атап өткен жөн.
Биыл Жеңістің 70 жылдығы Қазақстанда да кең көлемде аталып өтті. Біз осы сапарда батыр қала – Волгоградтың үстімен өттік. Бәріңізге мәлім, Сталинград майданы кезінде Орал облысының Орда және Жәнібек аудандарын фашист ұшақтары бомбалаған. Волго-град қаласында біз Сталинград шайқа-сы мемориалдық кешеніне барып, қаза болған жауынгерлерге және осы шай-қаста ерлікпен қаза тауып, Совет Ода-ғының Батыры атағын алған қазақстандықтар – қарағандылық Нұркен Әбді-ров, солтүстікқазақстандық Тимофей Позолотин, шымкенттік Қарсыбай Сыпатаевтың рухына бас иіп, гүл шоғын қойдық. Волгоград қаласындағы сапа-рымызды ұйымдастырған «Казахское наследие» қоғамының жетекшісі А. Ах-метовке ризашылығымыз өте зор.

Елтану һәм жертану

Экспедиция барысында жолымыз Астрахань облысында орналасқан Үлкен Боғда тауы үстімен өткен. Қазіргі уақытта бұл жерде қорық, бірнеше эко-логиялық маршрут жасақталып, турис-терге экскурсия жүргізілуде. Ал Кіші Боғда тауы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында, әскери полигон аумағында қалған. Қазіргі уа-қытта бұл жерде Үлкен Боғда тауының үлгісімен қорық жасақтап, далалық флора мен фаунаны сақтап қалуды мақсат етіп қою керек. Үлкен Боғда та-уында карст үңгірлеріне, Басқұншақ өзеніне экскурсия ұйымдастырған Ахтубинск аудандық мұражайдың ди-ректоры Е. Эльмурзаеваға алғысымыз шексіз.
Бұдан кейін біздің топ Басқұншақ (Астрахань облысы), Эльтон (Волгоград облысы) өзендеріне сапар шекті. Бұл табиғи ескерткіштер осы облыстардағы турист ең көп келетін нысандарға ай-налған. Бұл өзендер туристік мәнімен бірге экологиялық, ғылыми, мәдени, эстетикалық құндылықтар орталығы болып келеді. Бұл жерлерге ресейлік-термен қатар көптеген қазақстандық та демалуға барады екен. Осындай өзен-дер БҚО территориясында да көп, мысалы, Боткөл, Хаки соры, Арал сор т.б. жерлерге неге демалыс орындарын ұйымдастырмасқа?!
Астрахань облысының брендіне ай-налған – тұңғиық (лотос) гүлі кең жайы-лып өскен жеріне арнайы саяхат жаса-дық. Бұл жердің ауасының өзі адам ағзасына шипалы, гүлдің иісі керемет әсер қалдырады.
Экспедиция мүшелерін Аманжол Сәлімовтың (БҚО Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылы) және Смағұл Мұнтаевтың (Волгоград облысы Палласовка ауданы Эльтон ауылы) жеке мұражайлары қатты қызықтырды. Бірінші мұражай хобби ретінде ұйымдастырылса, екіншісі «Эльтон» атты санаторияның емделушілеріне арналған.
Маршрут барысында экспедиция мүшелері В. К. Афанасьев,
В. М. Викторин, Э. Ш. Идрисов,
И. В. Торопицын, А. В. Сызранов,
Е. М. Пигарев, С. Б. Глаголев,
И. В. Хабарова сияқты белгілі ғалымдармен кездесіп, пікір алмасты.

Экспедиция мүшелерінің ұсынысы:

1. Бөкей ордасы энциклопедиясын жасақтау керек. Бұл энциклопедияда бұрынғы Ішкі орда – Бөкей хандығының аумағы түгел қамтылса;
2. Бөкей ордасының тарихын, таби-ғатын, мәдениетін зерттейтін орталық құру;
3. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының қатысуымен шекара бойымен ке-шенді экспедиция ұйымдастыру;
4. Ішкі туризм және сырттан келетін туристер үшін маршруттар жасақтау;
5. Волгоград облысының әкімшілігіне Кумысолечебница ауылында орналасқан жеміс бағы мен ғимараттарды және бөгетті қорғауға алу туралы хат жазу;
6. Қазақстан және Ресей шекара ай-мағына кіретін тарихи, мәдени, табиғи және діни ескерткіштерге бару жолын-дағы құжаттаманы жеңілдету;
7. Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданына қарасты Шоңай ше-кара заставасы мен Астрахань облысы Ахубинск ауданына қарасты Басқұншақ шекара заставасының арасындағы құ-жаттама толтыру рәсімін «жеңілдетіл-ген» («упрощенный») түрінен «екіжақты» («двухсторонний») түріне ауыстыру. Бұл жағдайда Ресей жақтан Бөкей Ордасы ауданына туристермен қатар транзиттік жүк тасымалдаушылар да көптеп жүріп өтуге мүмкіншілік алып, жергілікті экономиканың дамуына өз септігін тигізері сөзсіз.
Табиғи және тарихи ескерткіштерді қорғау – қазіргі заманның басты мін-деті, оларды келешек ұрпаққа сақтап, насихаттау – өзекті мәселенің бірі. Бұ-ны тек қана теория жолымен емес, со-нымен қатар практикалық негізде ше-шу қазіргі заманның талабы екендігін аңғаруымыз керек.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ханыков Я. В., Записки Императорского Русского географического общества, Книга I и II, 1849 г.
2. История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. //Сборник материалов и документов. Алматы, 2002 г.
3. Зиманов С. З. Россия и Букеевское ханство. Алма-ата, 1982 г.
4. Иренов К. Н. Будьте знакомы: Макаш Бекмухамедов. Алматы, 2010 г.
5. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы, 2002 г.
6. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы. Исатай және Құрманғазы аудандары. Атырау-Алматы, 2012 ж.
7. Журнал М.В.Д. Часть 28, книга 10-11, 1849 г.
8. Букеевской Орде 200 лет. Книга 3. Алматы, 2001г.
9. Мукатаев Г. К. Великий преобразователь степи. Санкт-Петербург, 2000 г.
10. Бабажанов Ходжа Мухаммед Салих. Этнография казахов Букеевской Орды. Алматы, 2007 г.
11. Умеров А. История Сейт-бабы и его наследников. Астрахань, 1908 г.
12. Енисеева-Варшавская Л. Александр Затаевич: собиратель живых драгоценностей. Республиканский общественно-политический журнал «Мысль». 21 июль 2014 года // http://mysl.kazgazeta.kz
13. Сулеймен хазрет құлпытасының мә-тінін – Мұратбек қажы Жахатов аударды.

Қаралым саны 2757

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463