"Қастеев музейінде көрме өткізсем, арманым болмас еді" дейтін

Гүлжәміш БӘКЕЙҚЫЗЫ,
суретшінің жары:

Гүлжәміш Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Қызылқайың сұмы-нында (ауылында) дүниеге келген. Әкесі Бәкей Келемқожаұлы мал дә-рігері болып еңбек етіпті. Өз кәсібін терең меңгерген, малдың бас сүйе-гін ашып, нейрохирургиялық отаға дейін жасаған мықты маман екен. Моңғолияның ең жоғарғы наградасы – «Алтын жұлдызды» екі мәрте ал-ған, елге сыйлы адам болыпты. Көп балалы отбасында өскен Гүлжәміш мектеп бітірісімен атажұрт – Қазақстанға қарай асығады. Алматы қала-сына келіп, П. И. Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Мұратбекпен осы жерде, Алматы қаласында танысқан.

Әр адамның өмірінде аса маңызды шешім қабылдауға тура келетін сәттері болады емес пе? Бір қызығы, осы қас қағым уақытта қабылданған шешім се-нің өмірлік азығың болып, болашаққа апарар жолыңды анықтап беріп жата-ды. Осынау «Өмір» атты асау өзеннің жойқын ағысына қалай түскеніңді өзің де байқамай қалғандайсың. Сенің өмір-өзенің қай жаққа қарай ағады, қай теңізге барып құяды? Ол туралы ойланып та жатпайсың. Себебі бәрін басқарып тұрған бір күш бар, ол – се-нің тағдырың...
Мен сонау Орта Азияда орналас-қан Моңғол елінде дүниеге келіппін. Табиғаты сұлу өр Алтайдың мөлдір бұлақ суын ішкен, тұнық та таза ауа-сын жұтып, көк майса шалғынында асыр салып ойнаған кәдімгі қазақы от-басының қаракөз балаларының ара-сында өстім. Жанұяда ең кішісімін. Ата-анам еңбекқорлыққа, ұқыптылық-қа баулып, жалпы адами жақсы қасиет-тердің бәрін бойыма сіңірді деп есеп-теймін. Кішкентайымнан өнерге жа-ным жақын болды. Игерген маман-дықтары басқа бағытта болса да, аға-әпкелерімнің барлығы да ән салып, музыкалық аспаптарда ойнай білетін. Домбыра, баян, гармонь, мандолина, гитара сияқты музыкалық аспаптар үйіміздегі аса қажетті құралдардың құрамдас бөлігі іспеттес болатын. Осы аспаптарды 7 жасымнан бастап игере бастадым және 3-сыныпқа жеткенше түгелдей меңгеріп алдым. Жазда, ел жайлауға көшкенде осы аспаптардың барлығын өзімізбен бірге алып кете-тінбіз. Кешқұрым бәріміз жиналғанда үйде шағын концерт басталатын. Аға-әпкелеріммен ансамбль құрып, бірне-ше дауысқа бөлініп ән салатынбыз.
Мектепте сабақты үздік оқуыммен қатар мектептегі барлық мәдени шара-ларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. 8-сыныптан бастап мектеп оқушыларынан құралған облыстық эс-традалық-вокалдық аспаптар ансам-блінде гитара аспабында, мектептегі әуесқой халық аспаптары оркестрінде баян, домбыра, мандолина аспапта-рында ойнадым. Жетістіктерім де аз болған жоқ. Алайда мектеп бітірген соң архитектор маманының иесі – үл-кен ағамның ақылын тыңдап, инженер мамандығына оқуға түстім. Осылайша, Моңғол елінің астанасы – Ұланбатыр қаласына аттанғалы жатқанымда Алматы музыкалық училищесіне екі адам қабылданатынын және қабылдау конкурсы басталып кеткендігі туралы естідім. Міне, менің болашақ кәсіби жолыма түбегейлі өзгеріс енгізген сәт те осы болатын.
Қазақ елінің астанасы, сұлу да әсем қала – Алматыға келіп білім алу шет жақта жүрген әрбір қазақтың қол жетпес арманы еді. Менде бір ғана мақсат болды, ол – Қазақстанға жету. Қай мамандық иесі болатыным, мен баратын оқу орнының статусы мені толғандырған жоқ. Қалай болғанда да, қазақтың қара шаңырағы – Алматыға барсам болды деген бір ғана ой жете-леді. Мен өзімнің тарихи Отаным – Қазақстанға да келіп жеттім. Болашақ кәсібімнің алғашқы фундаменті
П. И. Чайковский атындағы Алматы му-зыкалық училищесінде қойылып, ары қарай М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың өнер институтында жалғасын тап-ты. Игерген мамандығым – виолон-чель аспабында орындаушы музыкант.
Тағдыр маған қазақтың Мұратбек-тей талантты, батыр азаматының жары болуға нәсіп етті. Біз 1993 жылдың шілде айында үйлендік. 1994 жылы тұңғышымыз Еңлік, 1996 жылы Лағыл дүниеге келді. Алматыдағы сол күндер біздің ең бақытты шағымыз еді...
Мұратбектің мезгілсіз кеткені, өне-рінің шырағын жарқыратып жаға алмай өткені айтылып жүр ғой. Өзінің карти-наларында, күнделіктерінде өзі тура-лы анық айтып кетті: «Жылым – жыл-қы, жылқы мінездімін. Жылқы сияқты тыныш жусап жүріп, бірден айналаның астан-кестеңін шығарып, шылбырға бағынбай, асаулық сес көрсетемін. Ме-нің картиналарым – менің өзім, менің мінезім! Бірінен бірін бөліп ала алмай-сың. Бұл менің өмірбаяным да...»
Мұратбек жалған дүниедегі сапары аяқталып қалғанын сезген соң жанта-ласа сурет салды, барын беріп кетуге тырысты. Оған өз өнерін халыққа жет-кізу басты мұрат болды. Сол бір қиын күндерде Орал қаласында Мұратбек-тің жеке көрмесін ұйымдастырып, шы-ғармашылық ләззат, тың күш-қуат сый-лаған барша жанға алғысым шексіз. Бауырлары, әріптес достары, ұстазда-ры, одан кейін Мұратбекті бұрын кө-ріп-білмесе де, жаны қалмай жүгіріп, қолұшын созған ақ жүрек апа-ағалары-ма Алла разы болсын!
Мұратбектің көзі тірісінде үш рет жеке көрмесі өтіпті. Соңғы, облыстық музей қабырғасында өткен көрмеге өзі қатыса алмады. Ауруханада еді. Бейне-таспаға жазып апарып көрсеткенде қатты риза болып, «Бақыттымын» деді. Күнделігіне де жазыпты: «...Дерттен бір сергек жүрген күнім жоқ. 1996-дан бері... Бірақ суретші есебінде өзімді танытқаныма ризамын! Сурет өмірлік мақсатым еді, ...өмірімнің ең бір тау-қымет кезеңінде мақсатымды орында-дым. Анау-мынау көп суретшінің бірі емес екенім дәлелденді. Мен худож-ник екеніме мақтаныш етемін. Шын мәніндегі суретші екеніме, суретші бо-лып өткеніме мақтанамын!»
Біз жеті жылға жуық отастық... Мұратбек өмірден кеткелі басымнан өткен қиындық пен қайғының салмағы бір Аллаға ғана аян шығар. Қал-қаде-рімше Мұратбектің өнерін көпке таны-туға, ошағының отын сөндірмей, ұрпа-ғына өнегелі тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай өсіруге тырыстым...
Мұратбектің көзі тірісінде үш көр-месі өтті дедім ғой. Бұл жұмыстардың бәрінің басы-қасында облыстық тари-хи-өлкетану музейінің сол кездегі ди-ректоры Танабаева Сара апам, қазақ драма театрының сол кездегі басшысы Төлеуішев Құжырғали ағам жүрді. Бұл кісілердің Мұратбекке қылған еңбегін айтып тауысуға сөз жетпейді!
2001 жылы Мұратбектің қайтқаны-на бір жыл болғанда Жымпитыда көр-ме ұйымдастырып, еске алу кешін өт-кіздік. Туған ауылы Жосалыда 35-ке толған күніне орай еске алу кеші өтті. Содан кейін Орал қаласында облыстық көрме залында көрме ұйымдастырыл-ды. Ресейдің көршілес губернияларын-да Батыс Қазақстан облысының мәде-ни күндері өткенде Мұратбектің 3-4 кар-тинасын апарып таныстырғаны бар.
2006 жылы 23 қарашада Мұратбек-тің 40 жылдығына арналған еске алу кеші Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтті. Сол күні Мұратбек шығармаларының көрмесі ашылды. Журналист, ақын Мұнайдар Балмолда мен театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің «Қыздарым саған ама-нат» атты телевизиялық фильмінің тұсауы кесіліп, «Құлагер-Тағдыр» атты еске алу кеші өтті. Осындай шаралар-дың арқасында Мұратбектің есімі мен еңбегін ел-жұрт көбірек біліп қалды деп ойлаймын.
Мұратбек «Алматыда, Қастеев му-зейінде көрме өткізсем, арманым бол-мас еді» дейтін. Осы арманды жүзеге асыру үшін екі жылдай жүгірдім. Шыны керек, суретшінің тағдыры қиын тағ-дыр екенін түсіндім. Ақынның кітабы емес, композитордың әні емес. Карти-налар үйімде жинаулы тұрды. Альбом-кітабы шықпаған. Енді қайтемін?! Мұны Алматыға қалай жеткіземін, бұл сурет-терді қалай көрсетем? Қалай апарудың да ретін білмейді екенмін. Баяғы Сара апай, баяғы Құжырғали ағай көмектес-ті. Құжырғали аға бір фотографты тауып, картиналардың көшірмесін тегін жаса-тып берді. Фотоларды шығарып алып, Алматыға тарттым. Әбiлхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы-ның директоры Байтұрсын Өмiрбеков өте жайлы, парасатты адам екен. Қиыр шеттен келген мені жалықпай тыңдап, «Жақсы суреттер екен, алып кел, көр-ме өткізейік. Бірақ оған үлкен қаражат керек, ол жеке адамның қолынан кел-мес, облыс әкіміне кіріңіз, демеуші сұ-раңыз» деп ақылын айтты. Мен оған: «Ағатай, мен демеушіні қайдан таба-мын, облыс әкіміне кіре аламын ба? Сіз өзіңіз облыс әкіміне хат жазып бе-ріңізші, Мұратбектің жұмыстарының деңгейі жоғары екенін, мұны насихат-тап, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану қа-жеттігін өзіңіз жеткізіңізші!» - деп жа-лындым. Сөзге келмей келісіп, 2-3 күн-нен соң хатты дайын қылды. Бұдан ке-йін Қазақстан Суретшілер одағын іздеп тауып алдым, басқарма төрағасы Еркiн Мергенов қысқа, нақ сөйлейтін адам екен. Ол да қарсы болмады. Екі хатты қолға ұстап, мәз болып, Оралға қанат байлап жеткендей болдым...
Әрине, талай оқиға өтті ғой.
Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайын-да Мұратбектің «Құлагер-тағдыр» атты жеке көрмесі 2007 жылы 19 қазанда ашылды. Мұратбектің Алматыдағы бү-кіл достары көмектесті. Амангелді де-ген досының шағын баспасы бар екен, альбомын шығардық. Көрмеге Мұратбектің барлық 35 жұмысын түгел апардық. Картинаны тасымалдауға жә-шік керек екен. Құжырғали аға 15-16 жәшікті бір күнде жасатып берді. Оған дейін картиналардың рамасы болған жоқ еді, Сара апай жасатып берген. Алланың жәрдемімен, көптің қолдауы-мен Қастеев мұражайында Мұратбек-тің көрмесін өткізіп, иығымнан үлкен жүк түскендей сезіндім...
Оқырман Мұратбектен қалған қос құлыншақтың тағдыры не болды деп сұрайтын шығар. Еңлік 2012 жылы, Лағыл 2014 жылы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған маман-дандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектебін бітірді. Екеуі де мемлекеттік грантпен өздері қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсті. Еңлік Ақтөбе қала-сындағы Марат Оспанов атындағы Ба-тыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина фа-культетінде 3-курста білім алса, Лағыл Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еура-зия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде 1-курста оқып жүр.
Қыздарымның, әсіресе, Лағылдың бойында өнер ұшқыны көп, суретке де, ән-биге де бейім болды. Еңлігім өте ақылды, жауапкершілігі күшті, ерте есейді. Соңғы кезде Еңліксіз шешім қа-былдай алмайтын болдым. Ақыл сұрап отырамын. Ол кішкене кезінде «Орал-дың дәрігерлері жаман, папамды ем-дей алмады» дейтін. Бәлкім осы ма-мандықты қалауына сол да әсер еткен шығар...
Бұйырса, Мұратбектің 50 жасына орай 2016 жылға Астанада көрме өткі-зу жөнінде сөйлесіп жатырмыз. Оның бүкіл жұмысы Қазақ елінің тарихына арналған ғой. Сондықтан биыл да өт-кізіп жіберсе, реті келіп-ақ тұр...

Қаралым саны 1248

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463