Қой соя білеміз бе?

№4 кеңес (іреу, терісін сыпыру)

Қойды жерге сойған кезде бірінші қолдан (алдыңғы аяғынан) бастап ірейді. Ал біздің басты кейіпкеріміз – Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарының қасапшысы Сәдібек Талыпұлы қойды асып соятындықтан, іреуді әуелі екі артқы аяғынан бастайды. Екі санның ішкі жағынан сирақтан сираққа дейін тері тілінген соң, қос тірсегі жалаңаштанып, толарсақтың астынан тілініп, ілуге ыңғайланады (суретте). Бір қызығы, қасапшы сойып жатқан қойының бауырын іремей қалдырады. Бұл қой етінің қылшық-қыбырдан ада, тап-таза болуы үшін таптырмас тәсіл екен.

Қойдың қос тірсегі арнайы құралға асып ілінуге дайын болғанда екі адам қойды екі жағынан көтеріп, жоғарыға асып, салбыратып қояды. Өзіміз куә болғандай, асып сойған мал жердегі лас топыраққа былғанбай, өте таза сойылады. Оның үстіне, артқы аяғынан салбыратып төменге қарай ілінген қойдың бойында қалған-құтқан қан болса, ол да тамшылап, шығып кетеді.
Қасапшы өткір пышағымен қойдың терісін кесіп алмай, сыпыра бастайды. Басқа жерімен салыстырғанда, қойдың құйрық терісін сыпыру қиынырақ. Өйткені құйрық май теріге ерекше жабысып тұрады. Шебер қасапшылар теріні де тілмей әрі бір түйір ет те қалдырмай, тап-таза етіп сыпырады. Тіпті теріні іреп алған соң пышақ жұмсамай, құйрықты бармақпен, қалған теріні жұдырықпен түйіп сыпыратын қасапшылар-ды да көрдік. Мұндай жағдайда тері де, ет те тап-таза болып шығады.
Құйрығы ажыраған теріні күшпенен төмен тартып, жұдырықпен түйіп, етінен оңай айыруға болады. Төстің тұсы мен қолдың ұшы, мойынның айналасы ғана пышақтың араласуын қажет етеді. Тұтас сыпырып алынған теріні бауырынан тіліп, ілінген қойдың астына, жерге керіп жайып қояды. Бұл – қой етін бөлшектеп тастай беруге, ішек-қарын түсіруге дайын «төсеніш».

Қасапшы Сәдібек Талыпұлының кеңесі:
– Қойды жоғарыға асқан кезде оның биіктігі қасапшының бойына шақ деңгейде болуы тиіс. Тым жоғары немесе тым төмен ілінген қой жылдам союға кедергі келтіреді. Сондай-ақ қойдың алқымынан аққан қан қасапшының балағын, аяқ киімін бүлдірмеуін де қадағалау керек.

БАСТЫ ДАЙЫНДАУ

Қой сойылып жатқан кезде үйітіліп дайын болған басты әйелдер дереу жылы сумен тазалап жуады. Мүйізі болса, түбінен кесіліп тасталады. Әбден тазаланып, күйесінен айырылған басты екі езуінен құлағына дейін пышақпен тіліп, жағын айырады. Бір-бірінен ажыраған бас пен жақ қайтадан тазаланып жуылады. Өйткені қойдың ауыз қуысында сілекей, күйсеген шөптің қалдығы т.б. болуы мүмкін.
Қазақ ғұрпында қонаққа басты тісімен ұсыну өрескел жағдай саналады. Өйткені тістің арасында қанша жуса да шөп қалдығы, иіс-қоңыс қалуы мүмкін. Үлкендер бұрын «тістің арасында жын болады» деп айтатын. Сондықтан қазанға салынар алдында бастың да, жақтың да барлық тісі қағылып алынады. Мұны қазіргі жағдайда әдеттегі қышқашпен оңай атқаруға болады.

Ырым

Бала бас ұстамайды. Басты мүжісе, «әкесі өліп қалады» дейді, әкесі тірі бала бас ұстамайды.
(Сейіт Кенжеахметов, «Қазақ ырымдары»)

«КӨЛ ТҮГІЛ ШҰҚАНАҚТЫҢ САДАҒАСЫ»

Нарын құмында өмір сүрген Қарға деген ақын кісі Көлбай деген байдың үйіне қонаға келіпті. Сараңдығымен аты шыққан Көлбай бәйбішесіне:
– Жолаушы шаршаған шығар, көже бер. Сосын төсек салып жайғастыр, дем алып ұйықтасын, – дейді. Қарға әкелген көжені сіміріп салып, шөлі басылмай, тамсанып отырып қалады. Сараң бай қонақты одан бетер діңкелеткісі келіп:
– Бізде қонақкәде деген болады, соны ұмытпа, – дейді. Қарға сонда тамағын кенеп жіберіп:
– Сөйлейін, сөйле десең, Көл-ағасы,
Бермейсің қонақ келсе қонағасы.
Көлбай деп қайран атты кім қойды екен,
Көл түгіл шұқанақтың садағасы, – депті.
(«Ел аузынан», «Жазушы», 1989)

«ЯПОНСКИЙ» БАС, «СОВЕТСКИЙ» ЖАМБАС

Белгілі әнші Қатимолла Бердіғалиев Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы жағында гастрольмен жүргенде бір танысы әншіні жақсылап қонақ етпек болып, арнайы семіз нән қой сояды. Алайда, қазанға ас саларда үйтіп, әзірлеп қойған басты ит алып кетіп, үй иесі абдырап қалады. Жалма-жан қорадан бір тоқтыны ұстап бауыздап, басын тезірек үйтіп, сыбағаға қосады. Сыйлы қонақтар төрге шығып, Қатағаңның алдына бас пен жамбас қатар ке-леді. Сонда Қатағаң бас пен жамбасты сипап отырып:
– Апырай, мына бас «японский» болғанмен, жамбас «советский» екен! - депті.

Асыл мұра

Құнан қойын шайлатып сойдырған үй,
Табақ-табақ ет тартып тойдырған үй.
Сәтті күні – сәрсенбі той қылыпсыз,
Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй!
(«Тойбастар», «Сүйіншіден көңіл айтуға дейін» кітабынан)

ҚОНАҚ КҮТУ ДӘСТҮРІ

1. «Барымен базар» – құдайы қонақпын деп келген адамды кеудесінен итермей, жылы шыраймен қарсы алып, «барымен базар» дегендей, шамасы келгенше сый-құр-метін көрсетіп аттандыру әркімнің парызы сияқты болатын. Қонақ болу үшін оның таныс болуы, діндес, теңдес болуы шарт емес.
2. «Бөлінбеген енші» – қонақасыны бөлінбеген енші деудің өзі қазақ арасына кең тарап, дәстүрге айналып қалыптасқан. Бұл дәстүрдің шығу тегін Алашқа апарып тірейді. Халық жорасы екенін көрсетеді. Әрбір жолаушы кез келген қазақ үйінде қонақасыны «бөлінбеген еншім» деп талап етуге еркі бар.
3. «Қырықтың бірі – қыдыр» – қазақтың бұл мақалы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегеннен болса керек.
(«Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы», «Сөздік-Словарь»)

Қаралым саны 1823

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463