Армысыз, ағайын!

«DANAkaz» журналының тағы бір санын қолыңызға ұсынып тұрып, арамызда болған үзілістер мен іркілістерге қарамастан бізге деген адал сезімнен айнымай отырған ойлы оқырманға шын көңілден алғысымызды айтамыз!

Өздеріңіз байқап отырғандай, осы санда жұдырықтай Жер планетасының әр шетінде жүрген қандастарымыздың көрген-білген, сезген-түйген пікірлерін көбірек ұсындық. Рас, бүгінгі интернет заманында дүниенің кез келген пұшпағы туралы түрлі ақпарат табу оп-оңай шығар. Бірақ біздің жариялағанымыз – журналдың арнаулы тілшілерінің қаламынан шыққан, өз көзімен көрген, шынайы сезінген дүниелер. «Сырт көз сыншы» дегендей, нені үйренуге, неден жиренуге болады, міне, осыған назар аударсақ дейміз.
Айтпақшы, жақында біздің авторларымыздың бірі, жас жазушы Айнұр Базарова отбасымен бірге алыс сапарға – Ұлы Британия королдігінің Манчестер қаласына оқуға кетті. «Болашақ» бағдарламасының аясында журналистика саласы бойынша магистрлік білім алатын Айнұр біздің журналдың Тұманды аралдағы арнаулы тілшісі болмақ. Ендеше, алдағы сандарымызда танымдық мақалаларымызды тағы да оқисыздар.
Маңғыстау өңірінде табылған араб жазулы көне кітаптар қолымызға түскенінен әлеуметтік желі арқылы кейбір оқырман таныс та шығар. Біз ол кітаптардың көшірмесін Қазақстандағы белгілі маман-ғалымдарға ұсындық. Олардан алғашқы сараптама да түсе бастады. бұйырса, алдағы санымызда Сіздерге ұсынатын қызықты дүниенің бірі сол болмақ. Октябрь төңкерісіне дейін қазақ даласында өмір сүрген білім беру жүйесі, мешіт-медреселердегі оқу бағдарламасы туралы құнды ақпарат беретін бұл жаңалық елімізде діни ахуал алаңдатып тұрған бүгінгідей кезеңде өте өзекті деп ойлаймыз.
Сонымен, кездескенше күн жақсы болсын дейміз, құрметті оқырман! «DANAkaz» журналына жазылайық, айналамызға айта жүрейік, тарата жүрейік!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 792

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463