ТӘТТІМБЕТТІҢ КҮЙІ «АЛШАҒЫР-ШАҒАН»

Рүстем НҮРКЕНОВ,

ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері, Астана қаласы

Бүгінгі заманның зерттеушілері Тәт-тімбет Қазанғапұлының (1815-1862 ж.ж.) бізге жеткен 50-ге жуық күйі бар дейді. Әр күйдің өзіне ғана тән ерекшелігі бар деп есептесек те, құрылымдық және дыбыстық сипаты жағынан әртүрлі дең-гейдегі шығармалар бар.

Күй тарихын-да орнын ойып тұрып алған «Сарыжай-лау» мен «Бестөре», «Сылқылдақ» пен «Қосбасарлардың» қашан да дәрежесі биік болады. Олардың бірнеше нұсқа-сын бізге жеткізе білген Әбікен Хасе-нов, Мағауия Хамзин сынды майтал-ман күйшілер бабалар алдындағы ама-натты орындады деп білеміз. Бұл күй-лер ұлттық музыка тарихында ойып тұ-рып орын алып отыр. Осы күйлермен қатар, орындалу әдісі қиын және аса ептілікті қажет ететін тағы да бір күйді атай аламыз. Ол – «Алшағыр-Шаған» күйі. Жеткізуші – Таласбек Әсемқұлов.
Бар ғұмырын күйді насихаттауға арнаған Т. Әсемқұлов (1955-2014 ж.ж.) күй өнерінде өшпес із қалдырды. Бай-жігіт пен Тәттімбет, Кетбұға мен Ақай қажылардың бізге белгісіз сан түрлі күйлерін жеткізді. Жас домбырашылар-ға байырғы перне басу мен қағыс түр-лерінің қыр-сырын үйретіп кетті. Күй өнеріне арналған екі роман («Талтүс» және «Тәттімбет сері») жазып үлгерді.
«Алшағыр-Шаған» күйі 2012 жылы Астана қаласында аудиотаспаға жазыл-ды. Мәлімет беруші бұл күйді өзінің нағашы атасы Жүнісбай Стамбаевтан (1891-1973 ж.ж.) үйренгенін айтты [1]. Көп жыл бойы шығарманың негізгі сарынын ғана есте сақтап, толық нұс-қасын 2010 жылы қайта жаңғырта ал-ды. Нотаға алғаш рет түсіп отыр.
Алдымен бүгінгі мақалаға негіз болып отырған «Алшағыр-Шаған» күйі-нің шығу аңызына тоқталайық. «Тәттім-бет сері» романында келесі мәліметті кездестіреміз: «Алшағыр мен Шаған деген екі батыр дос болыпты. Алшағыр – Арқа елінің батыры. Шаған – Алтай елінің батыры. Екеуі жыл сайын қан жайлауда малымен-жанымен табысады екен. Бір жылы Алшағыр межелі уақытта өзінің жайлауына келіп қонады. Шаған жоқ. Біраз уақыт өтеді. Күнде төбенің басы-на шығып, сыбызғысын тартып, досын аңсай күткен Алшағырдың ойына күдік келеді. Үйге келіп бәйбішесіне:
− Ойпырай, жұрт бірнеше жайылым ауыстырды, Шағанның жері әлі желін-бей тұр. Бұған не болды екен? – дейді.
Алшағырдың бәйбішесі ақылды адам екен.
− Олай болса, Шаған бір нәрсеге ұшырады. Дереу қол жина. Ізде. Аны-ғына жет. Тірі болса, құтқар, өлі болса, аудың шаңырағын ортасына түсір, − дейді.
Алшағыр әскер жинап жолға шыға-ды. Үшінші күн дегенде Шағанның ша-былған ауылын табады, досының қа-даға шаншулы басын табады. Дауысы көкке жетіп өкірген Алшағыр жаудың соңына түседі. Суыт жүрген қазақ әске-рі Ерен Қабырғаға жетіп қалған Шүршіт қолын басады. Қан майдан болады. Ал-шағыр жауды тегіс жайлап, Шағанның бәйбішесі мен балаларын тұтқыннан босатып алады. Елге келгеннен соң до-сын арулап көміп, Шаған әулетін Арқа-ға алып қайтады» [2, 367-368]Күй аңызы байырғы заманды, қа-зақ-жоңғар арасындағы соғыс уақытын баяндайды. Алғашында көлемі шағын ғана күй ретінде тартылған екен. Ауыл өнерпаздары да сол нұсқаны тартып жүрген. Кейін Тәттімбет күйді толық-тырып, өңдеп, жаңаша кейіпке келті-реді. Осы уақыттан бастап Тәттімбеттің күйі атанып кетеді. Бұған дәлел ретінде жоғарыдағы романның мына тұсын келтіре аламыз:
«– Иә, сәт! – деді күңірене күбірлеп, – Жамиғат, мынау «Алшағыр-Шаған».
Теріс бұрау деп аталатын қобыздың бұрауына түсіріп, сол қолының сұқ сау-сағын жоғарғы жетім пернеге қойды. Күй сары бел, ындыныңды құртқан са-ры шертістен басталғандай еді. Кенет әуен аунап түсіп, дабылдың даусын-дай қажырлы, кешкі самалдай салқар ерлік жырға ұласты. Қағыс, бұрма мен иірім сайын құбылып, құба жон қанға бөгіп жүре берген. Отырғандар демін ішіне тартты.
Тәттімбет жаңа күйді тамашалап ұзақ шерткен. Ең соңында жеңімпаз Алшағырдың дүрілдетіп шеру тартып, Сарыарқаға қайтып келе жатқанын баян ететін тұста домбыраны арқыра-тып отырып алды. Содан соң барып күмпілдеген төртқағыспен аяқтаған.
– Бар бол, Тәттімбет, – деді Ажы тө-ре көзіне кілк етіп шыққан жасты сүр-тіп, – Күйің өлмес күй.
Жұртқа жағалай көз тастаған.
– А, жамиғат, бағанағы ауыл арасы қысқа қайырым күй қандай, мынау күй қандай. Жайнап кетті ғой.
– Дұрыс айтасың, төрем, – деді Қазына, – Бұрынғы Алшағыр мен Ша-ған жоқ енді. Барлығымыз енді осы күй-ді үйреніп тартамыз» [2, 368]. Бұл – күй тарихында қалыпты жағдай. Көптеген халық күйлері (шығарушы адам бар еке-ні белгілі, уақыт өте келе туындыгердің есімі ұмытылып, жалпы халықтық деп аталып кеткен) үлкен күйшінің қолынан өткен соң өңделіп, сол өнерпаздың шығармашылығы ретінде қалады. Тағы бір уақыт өткенде күйдің авторлығы өнерпазға телінеді. Сондықтан да бұл күйдің сарыны (Алшағыр-Шаған) XIX ғасырдағы Арқа күйлеріне тән әуен емес, ескі замандағы байырғы әуез ре-тінде келеді.
Енді шығарманың өзіне келсек. Күй теріс бұрауда жүреді. Бас дыбысы – же-тім перне (бесінші перне). Дыбыс көле-мі (ауқымы) – ашық ішек пен Кет-Бұқа пернесі арасы, Еуропа музыкатану ғы-лымында қалыптасқан атау бойынша – 2,5 (екі жарым) октава. Арасында не-гізгі сарындық (тональдік) ауытқушы-лықтар кездеседі. Атап айтсақ, құсар перне («b2» – екінші октаваның си бе-моль нотасы) басылады. Бір қызығы, теріс бұрау күйлерінде шарықтау шегі болып табылатын шыңырау пернеге («c3» – үшінші октаваның до бемоль нотасы, яғни домбыра мойнындағы 17-перне) жетпей қайтады. Күй, негізінен, төменгі ішекте тартылады. Жоғарғы ішек жанама дыбыс ретінде пайдала-нылып, ара-арасында ғана кездеседі. Арнайы жоғарғы ішекті басу қажет емес. Жалпы күй мазмұны екі қайыра тартылып орындалады.
«Алшағыр-Шаған» күйінің бір ерек-шелігі – қағысы. Туындының жартысы-нан көбі жоғарғы қағыспенен тартыла-ды. Төменгі ішекті сұқ саусақтың ішкі жұмсақ жағымен іліп алғандай тартып отыру керек. Бұл орындаушыдан ше-берлікті талап ететін әдіс. Тек күйдің орта тұсы мен соңғы «қорытынды сөзі» ғана қарапайым қара қағыс ретінде шертіледі.
Қазақтың ұлттық музыка тарихында Тәттімбеттің тағы бір «Алшағыр» атты күйі белгілі [3]. Шертуші – Әбікен Хасе-нов. Таспаға жазып алған Латиф Хами-ди. Бұл шығарма да теріс бұрауда тар-тылады. Күйді тыңдау кезінде аталмыш шығарманы Тәттімбеттің тағы бір күйі – «Бес төреге» ұқсатамыз. Құрылым мен дыбыстық иірімдері, күй тілі ұқсас ке-леді. Дегенмен барлық күй жинақтарға жеке туынды ретінде еніп кеткендіктен, Ә. Хасеновтың нұсқасы ретінде қарас-тырғанымыз жөн деп есептейміз.
Бүгінде қазақтың күй қорында 10 000-нан астам туынды бар дейді зерттеу-шілер. Нақты ешкім айта алмайды. Байырғы замандағы Кетбұға, Асан қайғылардан бізге жеткен бір-екі-ақ күй мұрасы қалды. Одан бертін, XIX ға-сырда өмір сүрген күйшілердің бірша-ма төл шығармалары бар. Әрқайсысы өзінше ерекше, өзінше дара, өзінше бірегей. Әсіресе, Тәттімбеттің күйлері өзінің асқақтығымен, паңдылығымен тыңдарманның көңіліне рух береді. Бүгінгі мақаланың нысаны болған «Алшағыр-Шаған» күйі де осылардың қатарында болғандықтан, қазақтың күй әлемінде өз орнын табатынына сенімдіміз.

Пайданылған әдебиеттер:
1. Аудиожазба жеке қорда сақтаулы
2. Әсемқұлов Т. Шығармалары. Т. 1: Күйшілік туралы романдар. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. – 436 б.
3. Тәттімбет және Арқа күйлері / құраст.: А. Тоқтаған, М. Әбуғазы. – Алматы: «Білім», 2005. – 181.

Қаралым саны 2654

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463