Ғарыштың сырын барлаған

 Қазақ әдебиетіндегі жаңа дүниелерді оқуға құмар кезеңде – өткен ғасырдың аяғында, 1994 жылы «Жазушы» баспасында басылған шағын ғана «Ақ Сарбаз» деп аталатын кітап қолымызға тиді. Авторы оқырманға беймәлім, мамандығы әдебиет ауылынан алыс, инженер екен. Кітап орыс тілінде жазылған.

Қызығып оқыдық. Тілі қарапайым, бірақ айтылған ой-пікір біздің ұғымымызға үлкен төңкеріс жасады. Алматының қара базарында қолға түсе бермейтін әдебиеттерді оқып, бір-бірімізбен пікір жарыстырып, даурығып басылатын жас кезіміз еді. Кітапта айтылатын құнды ойлар туралы ептеп хабардармыз, ғарыш заңдары, соның ішінде Карма заңы туралы іліммен аз-мұздап қаруланғанбыз. «Ақ Сарбазды» оқып, есімізден танып қалдық.
Ең бастысы, кітап біздің ғылым-білімге іңкәр санамызға туған халқымыздың болмыс-бітімін ашып берді. Бойымызға бабалар сіңірген, қазір жоғалтып алып, таба алмай жүрген ұлттық кодымызды тауып, оянғандай болдық. Жер бетіндегі әр халықтың орны, тарихи оқиғалардың қайталану заңдылығы, қала берді, адам баласының үлкен ғарыштың бір бөлшегі екендігіне кәміл сенетін көп оқырманның бірі едік. Автор да кіріспе сөзінде өзінің жазушы еместігін, бірақ рухани даму жолындағы оқырманға қажетті ұғымдардың бұл кітапта толық қамтылатынын айтқан екен. Көлемі шағын болғанмен, айтар ойы атан түйеге жүк болатындай дүние туралы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жарытып ештеңе айтпады.
Кітап өзін іздеген оқырманға жол тауып жатты.
Кейінірек, 1997 жылы бұл кітап қазақ тіліне аударылып, қазақ және орыс тілінде жаңа толықтырулармен жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Ал 2016 жылы кітапқа «Тәңір жауынгері» деп аталатын әңгімелер топтамасы қосылып, қайта басылып шықты. Әңгімелер топтамасына кіретін дүниелер бұрынғы айтылатын ойлар мен пікірлерді толықтыратын анықтамалық іспетті. Бас алмай, бір деммен оқып шықтық. Бұл дүниелер де қазақ тіліне аударылып, http://aksarbaz.kz сайтында жарияланып жатыр. Көзі қарақты оқырман таба алады.
Бірнеше ғылыми орталыққа жүк болатындай құнды дүниелерді дүниеге әкелген, қазақ халқынан шыққан тұңғыш инженер-компьютерші, «Ақ Сарбаз» кітабының авторы – Едихан Шаймерденұлы биыл 75 жасқа толып отыр. Ұлтымыздың ұйытқысына айналған азаматты құттықтай отырып, автордың жаңа әңгімелерінің бірін оқырманға ұсынамыз.

Қаралым саны 3028

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463