Армысыз, ағайын!

Соңғы кездері Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысанын, одан кейін әр өңірдің өз деңгейіндегі киелі жерлерді анықтау, есепке алу жұмыстары қызу жүргізілуде. Өздеріңіз естігендей, 100 нысан тізіміне Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан енді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізімін жариялап, оған Батыс Қазақстан облысынан ортағасырлық Жайық қаласы, «Бөкей ордасы» тарихи музей-кешені, Тақсай қорған кешені, Жұмағазы хазірет зияраты, ойшыл-ағартушы Ғұмар Қараш зираты және Жымпиты селосындағы Күнбатыс Алашорда үйі кірді. Тұрақты оқырмандарымыздың есінде шығар, біз бұл орындар туралы талай қалам тартқанбыз. Бұған қоса, кең байтақ Қазақстанның қай жеріндегі де киелі мекендер біз үшін ыстық, тұтас қазақ үшін қастерлі екені сөзсіз.
Рухани жаңғыру хәлін кешіп жатқан Қазақстанның бүгінгі көрінісі біздің көңілімізге зор қуаныш шақырады. Моламызды трактор тапап, даламыздан кие қашқаны күні кеше ғана еді. Санамызды сындырған совет кезінде ата-бабамыздың есімі жазылған құлпытастарды қиратып, МТС-тің іргетасына, жолдың жиектасына айналдырып, диірмен жасап қорлағанымыз рас қой. Енді бүгін дүр сілкініп, дүниеге басқа көзбен қарай бастадық. Ата дәстүр мен төл тарихты мансұқтаған жат діндердің улы уағызын да айыратын болдық. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң».
Бағаламасаң, басыңнан бақ кетеді. Қадірлемесең, көкі-регіңнен кие кетеді. Кез келген затты, мекенді, ұғымды киелі ететін де өзіміз, киесін қашырып, күйелейтін де өзіміз. Туған жерге, тарихи мекенге, елге еңбегі сіңген тұлғаға, ізгі іске ерекше құрметпен қарасақ, кие дариды. Кие дарыған нәрсені бөтен иелене алмайды. Өйткені киесін қорғау – иесінің міндеті. Киелі Қазақстанның Иесі бізбіз, құрметті оқырман!
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Қаралым саны 880

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463