Тəуелсіздіктің жолында құрбан болған жастардың рухына арналады!

Шынайы тарихи оқиғаға негізделген, ұлттық рухты оятатын жаңа тарихи роман жарық көрді. Көптен күткеніміз. Сең қозғалғандай. Бұрынғы Кеңес заманының салқын саясатынан ада, тəуелсіздікке адал қызмет ететін жаңа буын қалыптасып келеді. Бұлар мұзжарғыштар іспеттес. Міне, бүгінгі романның авторы осылардың бел ортасынан. Ақиқатты арқау еткен шығарманың құнды болатындығы уақытпен дəлелденген. «DANAqaz» журналының алғашқы нөмірін шығарарда мақсатымызды көрсете алатын, мазмұнын ашатын салмақты тақырып іздегенбіз. Сонда Жаңабек Жақсығалиевтің осы Ғұбайдолла Əнес туралы жазған мақаласын таңдағанбыз. Енді Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» тарихи романы халыққа жол тартты. Бұл кітаптың шығуына аз-кем тоқталсам. 

Биыл 12 наурыз күні Мұнайдар Балмолда «Фэйсбук» парақшасына «ҚАЙРАН ҒҰБАЙДОЛЛА» атауымен пост жазды. Онда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы əдеби, тарихи повесть жазуды қолға алғандығын айта келіп, былай дейді: «...Жазып шығамын-ау, бірақ кітап қылып басуға шамам жетпейтінін сеземін... Әзірге оны ойлап та жатқаным шамалы, егер оны ойласам, онда қолым жүрмей қалуы кәдік, сондықтан бар есіл-дертім осы повесте болып отыр... қазір, 83-ші параққа жетіппін... Алла деп...». Осы жазбаны оқығандар арасында «Мұнайдар аға, алаңсыз жазыңыз. Қолдау болады!» - деп қуаттаған. Міне, Мұнайдар ағамыз шабыттанып жазып, повесіміз романға айналды. Уəдеге сай кітап болып шығуы ұйымдастырылды. Нағыз ұлттық рухты көтеретін, халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсететін, шындыққа жазылған, əр үйде кітап сөресінің төрінен орын алуға əбден лайық кітап. Бұл əдеби шығарма қайғыға толы қасіретті тарихымызды жаңа буынның санасына сіңіртудің керемет тəсілі болмақ. Алыңыздар, оқыңыздар, оқытыңыздар!
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1159

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463