Ақжайықтағы Алаш іздері

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев кентінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынға Алматы, Атырау және Орал қаласынан белгілі алаштанушы ғалымдар қатысты.

Бұрынғы Орал мен Үйшік ара-сындағы үлкен уезд орталығы, тоғыз жолдың торабы болған Ілбішін өңірі – талай-талай тарихи оқиғалар өткен аймақ. Әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ақ пен қызыл алмасқан аласапыранның біразы осы жерде өткен. Жайық бойын жайлаған жұрттан ғасыр басында оқыған-тоқыған зиялы азаматтар да көп шыққан. Дәулетше Күсепқалиев, Есенғали Қасаболатов, Иса Қашқынбаев, Ғаббас Жетпісов, Молдағали Жолдыбаев, Беркінғали Атшыбаев, Тәжімұқамбет Жалпақов, Бақтығали Бисенов, Қазмұхамбет Тәтібаев, Дүйсенбай Асанов, Айтқали Абылаев, Қажығали Мәулімберлиев сынды талай азамат әуелі Алаш қоз-ғалысының қатарында ұлт тәуелсіздігі үшін қызмет етті, кейін советтік Қа-зақстанның қалыптасуына еңбек сіңір-ді. Бұл азаматтардың көбі сталиндік репрессия құрбаны болды, кейбірінің еңбегін ел-жұрт әлі күнге дейін толық білмейді.
Айтулы шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов, дін істері басқармасы- ның басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов, Алаш тарихын зерттеудегі құнды еңбекте-рімен танымал тарихшыларымыз – Алматы қаласынан ат терлетіп келген «Батыс Алашорда», «Шәңгерей», «Ғұмар Қараш» кітаптарының авторы Мақсат Тәж-Мұрат, Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мем-лекеттік университетінің ғалымдары, бірнеше монографиялар мен оқу құралдарының авторы – Аққали Ахмет, Қылышбай Сүндетұлы, облыс орта-лығынан Дәметкен Сүлейменова, Мұрат Сдықов, Жаңабек Жақсығалиев, басқа да ғалымдар, тарихшы-ма-мандар, өлкетанушылар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құрал-дары өкілдері және атамекен тарихын оқып білуге ынталы барша зиялы қауым қатысты.
Басқосуды өткізу үшін арнайы ұйымдастыру алқасы құрылып, елі-міздің, облысымыздың белгілі жоғары- оқу орындарына, мекемелеріне ақ-параттық хаттар таратылды. Нәтиже-сінде 42 баяндама жолданған болатын. Ұйымдастыру алқасының сараптама-лық қорытындысы бойынша іріктелген баяндамалар конференция жұмысына талқылауға ұсынылды.
«Алаш» қозғалысы ХХ ғасыр ба-сындағы ұлттың өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуға талпынған ірі оқиға ретінде шежіреге енді.
Тарихта тек толағай тұлғалар ғана айтулы із қалдырады. Ресейдің әлемге танымал ғылыми, саяси орталық-тарында білім алған, экономика, құқық, философия теорияларымен қаруланған 700-ден астам қазақ оқығандары бастарын қауіп-қатерге тіге жүріп, саяси күрес аренасына саналы түрде көтерілді. Халқының бостандығын аңсаған олар «Алаш» деп бар қазаққа ұран тастады. Қысқа мерзімде мемлекеттік тәуелсіздік идеологиясына негізделген кемел саяси күшке айналып үлгерді. Қазақ мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қайраткерлері халықтың сана-сезімін оятуда үлкен еңбек сіңірді.
Батыс Алашорда, яғни «Ойыл уәлаятының», кейін оған қосылған Бөкей ордасы, Ақтөбе, Ырғыз, Маң-ғыстау уездері бар Күнбатыс Алашор-дасының құрамына, оның басқару органдарында бүгінгі Ақжайық өңі-рінен шыққан саяси күрескерлер де аз болмағаны белгілі. Олар – Бақтығали Бисенов, Дәулетше Күсепқалиев, Айт-қали Абылаев, Дүйсенбай Асанов, Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев, Хасан Нұрмұхамбетов, Есенғали Қасабола-тов, Иса Қашқынбаев. Бұл тұлғалардың есімдері қалың қауымға әлі де бей-таныс болғанымен, олар – тұтас ұлтты бір тудың астына бірігуге үндеген ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдері. Олар өз мұратына сай ғұмыр кешіп, еңбек етті. Жарқын болашаққа, әділеттің салтанат құратынына сенді.
Арыстарымыздың жарқын ғұмыры болашақ ұрпағымыздың, ұлтымыздың рухани жетіліп, өркендеп-өсуі үшін маңызы зор, тағылымы ерекше. Олардың өмірі мен еңбектері жан-жақты зерттеліп, өлке тарихында лайықты орын алады деген сенім-демін. Ақжайықтық Алаш арыстарын бүгінгі егемен еліміздің жаңа ұр-пағымен қауыштыру, олардың жалын-ды, демократиялық ой-пайымдарын бүгінгі тәуелсіздік шежіресімен ұластыру, қайраткерлік еңбектерін көрсету, қалдырған мол мұраларын жан-жақты насихаттау бағытында ауданда ауқымды жұмыстар атқа-рылуда.
Атап айтқанда, Алаш қозғалысына 100 жыл тақырыбына мектептерде, кітапханаларда, мұражайларда ке-шенді шаралар өтуде. Жастар ара-сында ақжайықтық Алаш арыс-тарының өмірбаянымен таныстыру ұйымдастырылып келеді. Ақжайықтық алашшылар туралы ғұмырдеректік, тарихи басылым әзірленуде.
Конференция барысында Алаш үкіметі белесіндегі Ақжайық ауданы-ның тарихы, Алаш қозғалысының ел егемендігі жолындағы маңызы мен ролі, Алаш қозғалысының шежіресі, Батыс Алашорда қайраткерлерінің еңбегі, тарихтағы ізі, олардың ұс-танымдары мен шығармашылығы, Батыс Алашорда үкіметінің ақжайық-тық белсенді өкілдері, жаңа тарихи деректер ашылды.
ХХ ғасыр басындағы есімдері аталмаған қаншама азаматтар халқы үшін бастарын қатерге тікті. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрметке лайық. Біздің ата-баба рухы алдындағы перзенттік парызымыз – Алаштың аманатын санамызға сіңіру, олардың еңбектерін бағалау, соған лайық еңбек ету, ұрпаққа дарыту. Жұбан елінде өткен конференция да осыған үлес болып қосылары сөзсіз.
Белгілі алаштанушы, «Шәңгерей», «Ғұмар Қараш», «Батыс Алашорда» кітаптарының авторы Мақсат Тәж-Мұраттың «Азаматтар бар еді, күрек тісіміз сықылды» атты баяндамасын конференцияға жиналғандар ұйып тыңдады. 1905 жылы Бақытжан Қаратаев пен Серәлі Лапиннің «Алаш» гербі мен «Алаш» ақшасының нұс-қасын жасауы, 1911 жылы Батырқайыр Ниязовтың «Алаш» атты газет шығар-мақ болған талпынысы туралы дерек-тер көп адамға тың жаңалық болды. Сондай-ақ Алашорданың батыс қана-ты, 19 ай – 578 күн бойы билік құрған, Кольчакқа да, Самарадағы Комучке де, Орал казачествосына да билік бермей, өз тізгінін өзі ұстап тұрған Батыс Алашорда үкіметі, оның құрылым-дары, тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы тағылымды әңгіме талайдың құлағына жақты.
Конференцияда Халел Досмұха-медұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, та-рих ғылымдарының докторы Аққа- ли Ахмет «Ел аумағын түгендеген Танашев», Махамбет Өтемісұлы атын-дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының же-текшісі, тарих ғылымдарының кан-дидаты Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым», белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова «Жаһанша Досмұха-медұлы – Күнбатыс Алашорда жетек-шісі», БҚО дін істері басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының кан-дидаты Саялбек Ғиззатов «Алаш зия-лыларының дәстүрлі дін үшін күресі», тарих ғылымдарының кандидаты Жә-нібек Исмурзин «Қажығали Мәулім-берліұлы және ХХ ғасырдың басын-дағы өлкедегі қоғамдық-саяси жағ-дай», Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы «Жазықсыз жазаланған журналистер», Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «Ақ-жайықтан шыққан Алаш арысы – Бақтығали Бисенов», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық универ-ситетінің доценті, тарих ғылым-дарының кандидаты Бақтылы Боран-баева «Алаш арыстарының өнегесі– жас ұрпақ тәрбиесінің негізі» атты баяндамаларын ортаға салды.
Ақжайық ауданы аумағындағы бар-лық мектептерде музей ұйымдас-тырылған. Ол жерде биыл Алаш тақырыбына орай жәдігерлер мен деректер жинақталып, оқушыларға Алаш қозғалысының мәні мен маз-мұны туралы дәрістер берілмек. Бүгінгі конференцияға да осы мектептер жаны-нан құрылған музей мамандары арнайы қатыстырылды.
Конференция жұмысына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Батыс Қа-зақстан облыстық ішкі саясат басқар-масының басшысы Бақытжан Нарым-бетов Елбасы ұсынған тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары туралы айтып өтті.
Жиын соңында ғалымдар тара-пынан бірнеше ұсыныс айтылды. Мысалы, Дәметкен Досмұқанқызы Алаш офицері Айтқали Абылаевтың «7 қызыләскерді сотсыз атып тастаған» деген айып тағылып, күні бүгінге дейін ақталмағанын, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып жатқан шақта Абылаевтың есімін ақтап алу қажеттігін мәселе етіп көтерді. Мақсат Әнесұлы көпшілікке әлі толық танылмаған Алаш қай-раткерлерінің есімін ел есінде қалды-рып, Есенғали Қасаболатов, Иса Қаш-қынбаев сынды айтулы тұлғаларды ұлықтау, көшелер мен ғимараттарға, түрлі ұйымдарға есімін беру керектігін айтты. Конференцияға қатысушылар осы және басқа да ұсыныстардың басы қосылған қарар қабылдады.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

Қаралым саны 1606

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463