Қайран, біздің аналар арды ойлаған!

«Жұмақ ананың табанының астында» дейді қасиетті хадис. Парасатымен патшаны таң қалдырып, ақылымен алты алашты алдына келтірген осындай Аналар, Аллаға шүкір, қазақта аз болмаған. Төменде күллі қазаққа ортақ ұл-қыз тәрбиелеген мықты аналарымыз туралы топтама ұсынып отырмыз.

Бүгінде қазақ әйелдері елімізде болып жатқан өміршең өзгерістер, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени, халықаралық-дипломатиялық жұмыстар, жалпылағанда, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігінің белортасында жүр. Қазақ әйелдерінің игермеген мамандығы жоқ бүгін. Жалпы қазақ халқына гендердік саясат ұғымы жат болмауы тиіс секілді. Тарихқа көз жүгірте отыра, қазақ әйелінің әрі ақылшы, әрі ердің ең сенімді серігі екендігін дәлелдейтін тамаша образдарға тап боламыз. Аңыз-ертегілерден бастап, тарихи жырларға дейін қазақ әйелдерінің орны ерекше. Халық ішінде кең тараған «Жақсы еркек жаман әйелді қатарға қоса алмайды, ал жақсы әйел жаман ердің басын елге теңейді» деген мәтелдің түпкі негізіне зер салсақ, қазақ ұғымындағы әйел-ананың рөлін байқаймыз. Түп негізіне келгенде, әр қазақ әйелінің бойында сонау эпостағы Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүністен бері жалғасып келе жатырған ұлылық бар секілді көрінеді. Құртқа демекші, ол жырда Қобыландыға ақылшы болумен бірге, «Түтікпенен су ішіп, түндікпенен күн көретін» ер қанаты Тайбурылды баптаған ат иесі болып танылады. Ал «Ер Тарғынның» Ақжүнісі соңынан қуып келген әйгілі батыр Қарт Қожақты ақыл-парасатымен ақылға салады. «Еңлік-Кебек» хикаясындағы Еңлік қыздың мергендігі талайды таң қалдырады. Мұндай мысалдар әдебиетімізде жиі кездеседі. Міне, осыдан-ақ қазақ әйелінің еркіндігін, қайсарлығын байқаймыз.
Ал қазіргі заманғы біз білетін әйел бейнесінің қыры көп. Ай-талық, әйел – саясаткер, әйел – көлік жүргізуші, әйел – бала тәрбиелеуші, әйел – үй күтуші, әйел – заңгер, әйел – экономист, әйел... Олар, ең бастысы, отбасына қарауды ұмытпайды. Отағасының бабын табады, баланы да бағады. Себебі, қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс ор-натып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Мәселен, Атырау облысы бойынша мемлекеттік-әкімшілік қызмет саласында еңбек ететін әйелдер саны 52 пайызға жуықтайды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес саласында да іскер әйелдердің құрамы 45 пайызды құрап отыр. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар отбасылық демо-графиялық саясатта та нәзік жандардың үлесі басым.
Төменде күллі қазаққа ортақ ұл-қыз тәрбиелеген мықты аналарымыз туралы топтаманы ұсынып отырмыз. Олар – қазақ-тың маңдайына біткен сол кездегі Атырау облысының террито-риясында білім алған ақын Қайрат Жұмағалиев, мұнайлы өлке-де дүниеге келіп, абыройлы қызмет еткен Бақтықожа Ізмұхам-бетов және атыраулықтар ғана емес, бар отандастарының үмітін арқалаған Иманғали Тасмағамбетовтің аналары. Олардың бо-йындағы қадір-қасиет пен өмір жолдары Елбасының гендерлік саясат тұжырымдамасымен үндес. Өйткені осындай қазақ әйел-дерінің тәрбиесімен ел басқарар, қазақты алға бастар азаматтар шықты. «Қазақ қыздары мен аналары өз жүрегінің от-жалы-нымен, мейірім-шапағатымен қазақ халқының ұлттық сезім-түй-сігін, мәдени-рухани біртұтастығын елеусіз ғана шыңдап отыр-ған», - деген Елбасы толғамы бұл ойды толықтыра түскендей.
Жаңылғаным Өкенқызы – «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырдан ескерткіш тұрғызған ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасы. Отызға толар-толмас жасында жесір қалған ана 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жері полигонға берілген кезде Оңтүстік Қазақстан облысына көшіріледі. Ол кезде ұлы Қайрат 8-сыныпты бітірген. Талай өткелектен өткен қайсар әйел ұлын ғана емес, жеті бірдей немересін атамекенге та-быстырды. Асыл анадан туған Қайрат Жұмағалиев – күллі алаштың ақыны. Ол 1959 жылы ҚазМУ-дың филология факульте-тін бітіргеннен кейін «Жазушы» баспасында еңбек етіп, бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. 1985-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор, 1993-1996 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды, «Сарыарқа» журналында да еңбек етті. Көптеген жыр кітаптарының авторы. Көптеген туындыларды ана тіліне аударумен бірге өзінің де шығармалары шетел тілдерінде басылып шықты. 2009 жылы атамекеніне шалқар сағыныш, асқақ арман құшағында келген ақын тың туындылар жазып, 2012 жылы «Жарық дүние» атты өлеңдер кітабын шығарды. Кітабының аты сездіріп тұрғанындай, ақын жарық дүниемен қимай, қоштасып кеткендей. Ақын 2013 жылы мәңгілік мекеніне аттанды.
Әсима Ізмұхамбетова – Бақтықожа Ізмұхамбетовтің аяулы анасы. Ел анасы – жұртты күйшілігімен тәнті еткен жан. Еңбек жолын 1971 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау кеңсесінде бұрғышының көмекшісі болып бастаған Бақтықожа Салахатдинұлы беделді қызметтерде болды. Еліміздің ба-тысындағы Атырау облысын 2012-2016 жылдар аралығында басқарса, қазір «Арда­герлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы. Әсима ана он бір баланы дүниеге әкеліп, тәр-биелеген. Бүгінде барлығы әр салада қызметте. Мерзімді басылымдарда шыққан сұхбаттарға көз жүгіртсек, қай - қайсысы да өнерден құр алақан емес.
Ділдә Матайқызы – бес перзентті аялап өсірген қайсар әйел. Оны ел-жұрт қайырымдылық пен ізгіліктің жаршы-сы, сонымен қатар ел ағасы Иманғали Тасмағамбетовтің анасы ретінде тани-ды. Айта кетейік, Иманғали Нұрғалиұлы 1999 жылы Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. Бүгінде ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінде. 1995 жыл-дан бастап ел басқарушы қызметінде жоғарғы орындарды атқарып, Қа-зақстанның вице-премьері, білім және мәдениет вице-премьер-министрі, Қа-зақстан Республикасының Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қазақстан Президентінің бірінші кө-мекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Мемле-кеттік хатшы, Қазақстан Президенті әкім-шілігінің жетекшісі болды. Сонымен қатар еліміздің ірі қалаларын басқарды. Ділдә Матайқызы мен Нұрғали Тасма-ғамбетұлының үлкен қызы Нұрсұлу Оңтүстік Қазақстан облыстық денсау-лық басқармасын басқарады. Ғалияның мамандығы – есепші, жақында зей-нетке шықты. Құрманғали – Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы. Рысты мұнай-газ саласында жұмыс істейді.
Жоғарыда әділет үшін басын тігетін ақыл иесі, өр мінез қыз, әйел-аналарды сөз еттік. Біз үлгі алар өнегелі апа-ларымыз бен аналарымыз көп болға-нына көз жеткендей. Олар заман тар-лығына, қоғам қапастығына қарамас-тан, өз намысын қорғап, әдептілік пен ақылдылықтың үлгісін көрсетті.
Бірі халыққа танылған ақын болса, қалған екеуі – Атырау облысын әр жыл-дары халықтың көңілінен шығып, ал-ғыс алып басқарған әкімдер. Қиын-дыққа мойымай, ұл-қыздарын, неме-релерін ұлттық рухта тәрбиелеген олар – барша қазаққа үлгі аналар. Шын мәнінде, гендерлік саясат – осы аналарымыздың іс-әрекеттері.

Жаңылғаным ӨКЕНҚЫЗЫ
Құм Нарынның қайсар қызы, отызға толар-толмас жасында жесір қалып, Құдайдан сұрап алған жалғызын же-тілдіргенше жарғақ құлағы жастыққа тимеген; отағасынан өлі айрылса, кір жуып, кіндік кескен Отанынан тірідей айырылған; 1952 жылы туған жерін ту-талақа еткен әскерилердің тепкісіне қалдырып, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне жер аударылған; жалғыз-жарым жа-лаңаяқ жылап-еңіреп кетіп, шолақ белсенді басшыларға өкпелеп жүрген ұлын ғана емес, жеті бірдей немересін Нарынға қайта табыстырып, атамекенге сүйіспеншілікке баулып кеткен Жаңыл-ғаным Өкенқызы ақын Қайрат Жұма-ғалиевтің анасы еді.
Ақ мамасы, анасындай болған аяулы жан туралы келіні, Қайрат Жұмаға-лиевтің жары София Нығметоллақызы ой толғайды.

«Мамам 1908 жылы Бөкейлікте дү-ниеге келіпті. Әкесі Өкен шеркеш руы-ның белді де беделді, шаруасы шарық-таған отағасы болса керек. Қазір Көк-терек деген елді мекен аймағында «Өкен ашығы» деп аталатын жер атауы әлі күнге бар дейді. Сол біздің анамыздың әкесінің атынан қалған. Кейін жалғыз ұлы ортаға қосылып, мамамыз туған жеріне мәртебесі биік болып оралып жүрген шағында әкесіне арнайы құлпытас қойыпты...
Мамамыз шаңырақтың кенже қызы болып, еркін өскен. «Сағат түскі ондарда оянам, анадай жерде үлдірікте өзімнің кішірек тостағаным – татауыма же-ңешем қойдың қатығын құйып қояды. Ұйып тұрған сол қатықты қасықпен жалап тауысам» деп әңгімелейтін маған сол бір мұңсыз шақтарын...
Мамам көпшіл, ортаның адамы еді. Ешкімді жатсынбайтын. Кез келген адам-мен тең дәрежеде сөйлесіп кете беретін.
Мамамның бір апасы дуды көрсе, өзін ұстай алмайтын арқалы жан болса керек. Бір жерде той болады дегенді естісе, өзін байлатып тастайды екен. Әйтпесе, өзін ұстап отыра алатынына сенімді болмағаны ғой. Үйдің сыртына келіп, әу дегендерге киіз үйдің ішінде отырып-ақ өлеңмен жауап қатып, айтысады екен.
Мамам өзі таза әрі әдемі киінетін. Біреулер шешеме деп мата әкелсе, дереу көйлек тіктіріп алады немесе өзі тігіп алады, соны қастерлеп киеді. Және ұмытпай, «мынау пәленнің кигізген көйлегі» деп айтып отыратын. Маған «Бауырларыңның бергенін қастерле-мейсің, әкенің дәулеті деген ерекше бо-лады, ондай дәулетті ешқашан еш жерден көрмейсің» - дейтін.
1952 жылы, жалғыз ұлы Қайрат Аз-ғырдағы мектептің 8 класын бітіре са-лысымен елде сүргін басталыпты. Те-ректі ауыл кеңесіне қарасты бес колхоз түгел таратылып, Оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылған. Сол кездегі Ильич ауданының Тельман колхозына қоныс тепкен бөкейліктердің жағдайы өте қиын болыпты. Әсіресе, жас бала-лар, мектеп жасындағы оқушылар жап-пай қырылған. Зорлықпен көшірілген халықтың бүкіл құжатын тартып алған үкімет адамдары жаңа мекенді жер-сінбей, кейін қарай үдере көшкен елді қайта қуып әкеледі екен. Тіпті құжатсыз жүрген жанды ұстап алса, соттап жіберген.
Алайда қылышынан қан тамған Кеңес те туған жерге деген махаббатқа тосқауыл бола алмаған. Мамамыз өле- өлгенше Құм Нарынын аузынан тас-тамай кетті. Жыл сайын, ең ұзағанда, жыл аралатып Сайхынға, Ордаға, Би-сенге келіп кететін. Міндетті түрде ұлы мен келінін, немерелерін ертетін. Тіпті біз жұмыстан босай алмасақ, бала-ларды алып, өзі кететін. Ең соңғы рет 1991 жылы, дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, 85 жасында келіп кетті. Алма-тыда, асфальтта туған, ауылдан жырақ өскен жеті немересінің бойына На-рынға, қызыл құмға, құмаршыққа деген сүйіспеншілік дәнін егіп кеткен де Асыл Ана. Нарынға жер теңгермей, «Қып-қызыл құмның үстіне ақ жібек көйлекпен төселе отырып, орныңнан тұрғанда етегіңді қағып жібересің, аппақ көйлекке бір дақ түспейді-ау» дейтін...

 

Анамыз бір бала деп өмір сүрген адам ғой. Сол үшін тұрмысқа да шықпаған. Өте әдемі кісі болған, суреттерінен де көрініп тұр ғой. Өле, өлгенше шашын алты тарам қылып өретін. 86 жасында дүниеден өткенде шашы әлі қап-қара еді, әредік-әредік қана ақ болды. Қайрекеңнің шашы анасына тартқан.
Мамамыздың ұлы үшін көрмегені жоқ. Тамақ жоқ, қиын уақыттарда сауыншы болып жүріп, Қайрекеңе сиырдың үшінші иірімін жасырып береді екен. Оңтүстікке барғанда ауырып, өлім аузында жатқан ұлына бас есепші Әбдіғаппардың боз биесінің сүтін кеселеп сатып әкеліп беріп, аман алып қалғанын Қайрат естелік етіп жазды да. Қайрекең әлі күнге дейін сүтті, көжені, жалпы ақты жақсы көреді...
Қайрекең айтады, анасын Оңтүстік Қазақстаннан Алматыға көшіріп алған соң түрлі пәтер жағалап, жиі көшіпті. Сол кезде бұл пәтер иелерімен келісе алмай, күйіп-пісіп жүрсе, мамам ән айтып жүреді екен. «Оның не?!» – деп сұраса, «Сен менің қасымда болсаң, не көрсем де, менен бақытты адам жоқ!» – дейді екен.
Біз орысы бар, батысы бар, ақын-жазушылар туралы оқып, естіп жүрдік. Ал мамамыз кітап оқымаса, да твор-чество адамына қалай жағдай жасау қажеттігін ерекше білетін. Жалғыз ұлы-ның шығармашылық талабы, қабілеті барын жасынан сезген ғой.
Мен келін болып түскенде бай-қағаным, Қайраттың үстеліне бөтен нәр-се қойғызбайды, төсегіне ешкімді отыр-ғызбайды. «Шайтан аралап кетеді» дей-тін. Қандай тар үйде тұрсақ та, бір бөл-мені Қайратқа арнап, өзі жоқта жан кіргізбей, жауып қоятынбыз. Мамам титімдей қағаз жатса да қыртысын жазып, Қайраттың үстеліне апарып қояды екен. Мен де кейін солай үйрендім ғой. Кейде маған айтады: «Бұ-лар керегі жоқ деп лақтырып жібереді, бірақ соны алып қойсам, «Ой, мама, қандай жақсы болды тастамағаның! Мынау маған керек қағаз екен!» – деп қуанады. Сен де тастап қойма!» – деп үйрететін.
«Еркекке сенгенше екі босағаңа сен», мен Қайратжанға бір шеге қақтырған жоқпын ғой» - дейтін. Екеуміз әңгімелесіп жүріп, ауланың қарын тазалайтынбыз, құлап тұрған жерін жіппен байлап, жөндейтінбіз. «Сен еркек үйде жоқта бар шаруаны істеп қой» деп үйрететін. Үйге қонақ келсе, шауып кететін. Екеуміз қатар жүгіріп жүретінбіз. «Тек баламен кетіп қалма, шаруаң қалып қояды. Бәріне үлгере біл» дейтін. Өзі жалғыз бала өсірсе де, бәрін біліп, ақыл-кеңесін аяған емес.
Мамамның бауырмалдығында шек жоқ еді. Көшеде кез келген адаммен таныса кететін. Сол кісілердің бәрімен кейін туысқандай болып араласамыз. Әсіресе, елдің адамдарын бірден танитын қасиеті бар еді. Кейде көшеде келе жатамыз. «Осы кісі Оралдікі болуы керек» - дейді де, амандасып, сөйлесе кетеді. «Оны қалай білесіз, мама?!» – деймін. «Өй, орамал тартысынан, сөй-леген сөзінен-ақ танимын ғой» – дейді. Сөйтіп, бірден «үйге жүр» дейді. Кейбір шешелер айтады: «Келіні жақтырмай қа-ла ма деп іштей уайымдап келіп едім» - деп. Үйдің тәрбиесі солай, менде үлкен кісінің бетінен алу, қарсы келу, сөз қайтару деген мүлде болған жоқ. Әкем «Алдыңдағы оқуыңды біл, сөзге құлақ аспа» дейтін. ҚызПИ-дің физика-мате-матика факультетін бітірген 1966 жылы келін болып түстім. Мамам кейде ақы-лын қаттырақ айтып, жөн көрсетіп отыр-ғанымен, келген жұртқа сыртымнан «Ай, біздің Софияжан...» деп ылғи да мақтап отыратынын құлағым шалатын...
Үйімізден қонақ арылған жоқ. Жұ-мекен, Әбіш, Марат Отарәлиев келетін. Алматының шетінде, СМУ-15 деген жердегі үйімізге сыймай, шарбаққа, шие ағашының саясына кілем төсеп жататын. Елден келген, танитын-таны-майтын жандардың да іздеп келіп сая-лар шаңырағы біздің үй болатын...

 

Мамамның сауықшыл, көптің ада-мы болғанын айттым. Пәлендей сауаты болмаса да, өз құқығын жақсы білетін өжет, қайратты адам еді. 1943 жылы үздік еңбегі үшін партия қатарына да алынған ғой.
Алматыда араласқанмен араласып, еркін жүріп-тұрдық. Машина да жоқ қой. Мамам балалармен жүруге қиынсын-байтын еді. Олардың қалай жыламай-тынын білмеймін. Киіндіріп, өзімен бірге алып кетеді. Театрға барамыз. Ол кезде әр елден концерт жиі келеді, үлкен жазушылар келеді. Қайрекең кейде болады, кейде болмайды. Ал біз соның барлығына дерлік қатыстық қой. Кейде өзімнің қолым тимесе, «Демалып келіңіз» деп мамамның өзін жіберем. Театрдан көңілденіп, жасарып келетін, жарықтық. «Пәленшекеңді көрдім, түгенді көрдім» деп.
Театрлардың премьераларынан да қалған жоқпыз. Пікірлесіп отыратын-быз. Ол кезде театрға үлкен кісілер сирек барады. Анда-санда Әбіштің мамасы барады. Асқар Сүлейменовтің анасы да ерекше адам болды. Бірақ біздің мамамыз бәрінен жеңіл еді. Аппақ болып, жаулығы жарқырап отыратын. Сол кездер ең бақытты шақтары еді деп ойлаймын.
Айтысқа барамыз. Айтыс, шіркін, алғаш шыққанда керемет болды ғой. Анау Жүрсіндер туған шешесіндей еркелеп келетін. Қалижан аға, Хамит аға бәрі мамамды жақсы көретін. Кезінде мен келін болып түспей тұрып, Қай-рекеңдер пәтерден пәтерге қаңғып жүргенде Қалижан аға біраз паналатқан екен. Хамит аға мамамды «алтын етек жеңешем» дейтін.
Мамам 1992 жылы 86 жасында қайтыс болғанда үйімізге адам сыймай кетті. Тіпті бұрын танысақ та, араласа қоймаған белгілі адамдар – Әбу аға Cәрсенбаев, Асқар Тоқпанов, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынхан Әбдірахма-нова, бәрі келді. Небір белгілі кісілер «тә-бәрік» деп, мамамның тұтынған затта-рын, кимешегін, тіпті еден жуатын шваб-ра таяғына дейін қалап алып кетті...
Мамамыз балаларымызды балабақ-шаға бергізбеді. «Онда барса, ауырады, біреуі ауырса, бәрі ауырады. Ауру бала-ны баққанша сау баланы бағайын» дейтін. Балалардың тәрбиесін түгел мой-нына алды. Дастарқан басында қазақша сөйлетті. Түгел қазақ мектебіне бердік.
Бір жылы әдеттегідей мамамыз балалардың бір тобын алып, елге кеткенде, екі кішкентайы үйде қалды. Бірі үш жарымда, кішісі бір жарым жаста-тұғын. Екеуміз де жұмыстамыз, екі баланы үйге қалдырамыз. Теле-фонмен сөйлесем, түсте барып қайта-мын. «Қой, болмас» деп балабақшаға бердік. «Мамам да үлкейіп келе жатыр, ол кісі де демалсын» дейміз өзімізше. Қайда?! Келгесін бәрін алып алды қайтадан. Балдар да «бізді қайта-қайта дәрігерге апарды, үйтті, бүйтті» деп арыздаған ғой. «Оларың не сендер-дің?» деп бізге ұрысты.
Жарықтық, жеті бала көрсек те, азсынып отыратын.
...1975 жылы жаңа пәтерге көштік. Менің алтыншы балама аяғым ауыр кезім. Төрт бөлмелі тұтас пәтер болмай, көрші тұрған үш және бір бөлмелі пәтер тиді. Қайрат бір бөлмелі пәтерді Мамамның атына толтырып, тосынсый жасады. «Енді Көкемнің өз шаңырағы бар, аруағы аунап түскен болар» деп, Мамам жас баладай қуанды. Сол бір бөлмеде барлық баланы қасына алып жататын. Бізге біреуін де бермейді. Біз әке-шеше болғанмен, балаларымызды қатты айналып-толғана алған жоқпыз. «Немене емешегің үзіліп бара ма?» – дейтін. Именеміз. Тек кенже баласын ғана Қайрекең кейде сұрап алып, қасымызға алып жататынбыз...
Мамамыз балаларды күй, қазақша ән-жыр тыңдатып өсірді. Марал атты үлкен қызымызға «Қазақстан» дү-кенінен домбыра сатып әперіп, үйге келе жатқанда, алдынан Ғарекең кездесіп, бата беріпті. Мамам сол қызды ұл балаша киіндіріп, ерке өсірді. «Тәйтік болмағанымен, қызым өр болсын» дейтін. Марал домбыраны жақсы тартты, №12 мектепте оқыды, оған қоса музыка мектебінде Карима Сахар-баеваның 4 класын бітірді. Консер-ваторияға барамыз деп тұрып, журна-листикаға түсті. Самал деген қызымыз, Айбас деген жалғыз ұлымыз өлең жазатын. Біз қолдаған да жоқпыз, тыйым да салған жоқпыз. Бекзат деген қызымыз көркемсуретке бейім еді.
Кенже қызымыз Жадыраның есімін әжесі қойды. Біз «қыз көбейіп кетті» деп қабағымызды шытсақ, «Менің қыз-дарым – қызыл алтын, жұрттың он ұлына бермеймін, сендер сандалмай отырыңдар, қайырды қыздан көресің бе, ұлдан көресің бе?!» – дейтін...
...Баяғыда мамам жұмысқа кет-кенде етіктің ішіне тығып қойған шыр-пыны тауып алған кішкентай Қайрат «мамама құмаршық қуырып қоям» деп от жағып, шошаланы өртеп жіберіпті. Сонда өрттің ішінен мамамның бұры-шына иіссу түйген ақ жаулығы аман қалыпты. Осыны көрген әлдекім «Жа-ңылғаным, қайда жүрсең де, басың аман болады екен» деп жорыған екен.
Сол сөз айнымай келді, өзі айт-қандай, мамамыз жылап жүрсе де, жетілді, жалғыз ұл мен жеті немересін туған жерге жеткізді...
Жазып алған
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Әсима ІЗМҰХАМБЕТОВА

Әсима ана он бір перзент тәрбиелеп өсірген ана көзі тірісінде «Қазақстан әйелде-рі» журналыны отбасы туралы әңгімелеп беріпті: «Балаларымның бәрінің де өнер-ден хабары бар. Олар үйге келген кезде сауық құрып, бәріміз бәр жасап қаламыз. Қызым Мәрия күй тартса, немерем Айбек домбырада жақсы ойнайды. Ал қызым Ләтипа – мұғалім, баян аспабында ойнап, ән салғанда алдына жан салмайды. Сон-дай-ақ, Мағрипа, Марғұба, Нұрлипа, София, Марал есімді қыздарым өз маман-дықтары бойынша қызмет етеді. Үлкен ұлым Бақтықожа мұнай саласының мама-ны, бүгінгі Батыс Қазақстан облысының әкімі. Екінші ұлым Нұрқожа Ақтөбеде қа-зақ-түрік мұнай компаниясында қызмет етеді. Ол да баян мен гитарада жақсы ой-найды. Кенжем Сараның негізгі мамандығы – кітапханашы. Ал Мәдина қызым дәрігерлік салада ұзақ жыл еңбек еткен. Күйеу балаларым – Базарбай, Аманжол, Болат, Қалиақпар, Өтебай, Талғат, Асхат, Нұрболаттар мен келіндерім Ырыс пен София көргенді жердің ұл-қыздары».

Әсима Ізмұхамбетова – Құрманғазы мен Динаның күйлерін нақышына кел-тіре орындаған дәулескер күйші. Өзінің айтуынша, күйшілік өнер нағашы-ларынан дарыған. Күй тартуды 12-13 жасынан үйреніпті. Ел анасы өзінің естелігінде: «Ұстазым Баһу Ниязға-лиұлы әкемнің досы еді. Ол отызыншы жылдардың ортасында Алматыда өткен ауыл көркемөнерпаздарының Респуб-ликалық фестиваліне қатысқан. Сонда Нарын өңірінің көп адам біле бермейтін шығармаларын орындап, 62 күй тартып, рекорд жасаған. 1973 жылы 72 жасында дүниеден озды. Одан Мақаштың 5-6 күйін де үйрендім» деп келтіреді. Әсима Қалиқызының Дина күйшіні көрген сәті
Р. Отарбаевтың мақаласында айтылады (Қайран, «Қарт жігер!»):
«Жусан мен шағыр бүр жарып, шөп басы ауырлаған шақ-ау, деймін. Әйте-уір, орақшылар қауырт іске кіріскен кез. Әкем ертеңді-кеш ат арқасында, мігір таппайтын, – деп апамның жүзіндегі әжімдері тарап, көзінде ерекше бір нұр оянды. – Бірінде әкем түс ауа ақ інгенге мінген бір кемпірлеу адамды ертіп келді. Тани кеттім. Дина шешем. Біздің үйде бұрын да болған. Қона жатып күй шерткен. Мұндай қуанбаспын. Аппақ кимешек, оның сыртынан қарқарадай ғып ақ шағала жаулық ораған. Кемісті қамзол киген. Өзі де ат жақты, сып-тығыр, сұлу адам еді. Ақ інгенінің артқы өркеші найзадай тік. Ал алдыңғы өркеші сәл имектеу. Соған аққаптал дом-бырасын жіппен іліп қойыпты. Осы көрініс көз алдымда өмірліктей боп басылып қалыпты. Жас баланың жады сорғыш сияқты ғой. Кейде сахнада күй тартып отырғанымда Дина шешемнің «Иә, пісімілла» деп ақ інгеннен түсіп жат-қан сәті санамда сәулеленеді... – Қали-жан, сенің үйіңнің көрпесі таза, ықыла-сы адал. «Қызыл отау» өтініш еткен соң колхозыңа әдейі бұрылдым. Орақшы-ларыңа кешке ойын қояйын. Еңбек адамы ғой. Аязға үсіп, күнге пісіп қайбір жетісіп жүр дейсің, – деп Дина шешеміз сол бекзат қалпы төрге жай-ғасыпты.
Әсима апа Дина әжейдің қара домбырасын есейгенге дейін тартқан екен. Өнердегі ұстазы Баһу Динаны көзі тірісінде үйіне шақырып, екі-үш ай қонақ еткен. Осындай күйшілердің көзін көріп, сабағын алған Әсима Қалиқызы бір сұхбатында күйшілік жолға мақсатты түрде түспеуін ерте тұрмысқа шық-қанынан жеткізеді. «Он құрсақ көтеріп, бала тәрбиелеп өсірдім. Қолымызда кезінде Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген, мүйізі қарағайдай молда атамыз Ізмұхамбет тұрды. Атам мен енемнің ерке келіні болсам да, олардың алдында күй шертіп, ән айтып отыра алмадым. Біраз жыл қатарынан қолға домбыра ұстамаған кездер болды. Алайда кейін балаларым өсіп-жетіліп, қолыма домбырамды қайта алғанда біраз күйлерді ұмытпаған екенмін».
2013 жылы жарық көрген Өтепбер-ген Әлімгереевтің «Көкала ат» мақала-сында Әсима Қалиқызы туралы құнды деректер келтіреді. «Өткен жылы ғана 86 жасында бақилық ғұмыр кешкен Әсима апай өнерлі ортада көп көріне бермейтін, жарнамаға жоқ, тек анда-санда ағайындар, отбасы жиналғанда сөздері өтетін қайғылары қолқалап сұрағанда ғана қолына домбыра ала-тын. Алатын да, тек өзінен басқа ешкім жебемейтін Құрманғазының «Қарт жігер», осы «Көкала ат», Мақаштың «Байжұма», Мүсірәлінің «Ақжелеңін» бірінен соң бірін дауылдата солқыл-дататын. «Ұмытыңқырап қалдым» деге-ні әншейін сөз, орындау мақамдары ерекше-тін. Қағыстарында көп орын-даушыда ескеріле бермейтін бөтен ерекшеліктер бар. Ал төкпе күйдің жілігін шағып, майын ішкен арқалы күйші Ғатау Ибішев болса: «Талай рет қолқалап, Әсима жеңгеміздің орын-дауындағы күйлерді тыңдадық қой. Сонда байқағаным, ол кісінің шығарма орындауда дәстүрлі төкпе күй тарту-шыларда көп кездесе бермейтін соны қағыстар бар. Мәселен, олар Құрман-ғазының «Қарт Жігері», Мақаштың «Байжұмасын» орындау барысында жиі және анық байқалатын. Мүмкін бұл сол ұстазы Баһу қарияның өзіне тән мақам-дары болар.
Тағы бір ерекшелігі – Әсекең орын-дауындағы күйлерде жеңіл тақырыптар жоқ, қай-қайсысы да салмақты, толғап, күшпен тартатын философиялық кесек шығармалар.
Соған сай оларды шерткенде байып-пен күрей толғайтын. Сол сәтте тыңдау-шылардың бойында ерекше шабыт, сергектік пайда болушы еді», - дейді.

Ф. Оңғарсынова
«Жеңеше»
Әсимаға
Ауылдың сол бір кезі-ай самала күн.
Жасаңмын, көңілім шат. Дала жаным.
Бетіме шаң тигізбей жүруші еді
қырандай қайран менің ағаларым.

Бұл өмір өтеді екен тәтті мұңдай,
сол жылдар бүгін бізге жат ғұмырдай.
Ең алғаш ағам сізді әкелгенде
көркем ең айдын көлдің аққуындай!

Атамыз біздің елдің көсемі еді,
дес бермес көркем сөзге шешен еді.
Атаға жаққан келін өзің болдың
көңілін табу қиын десе де елі.

Алтынды ұстай білсең биік, қымбат,
өзіңді аялады ел сүйіп, бұлдап.
Талғампаз Әз-атам да отыратын

Ақылды келін — үйдің күні күлген,
от басын жарқыратар нұры бірден.
Алғысын алдың ауыл қарттарының
ісіңмен, ізетіңмен, қылығыңмен.

Шерткенде домбыраны сіз бір дарын,
ақкөңіл, жарқыраған жұлдыз жаның,
ошағын ағамыздың өшірмедің
жеткізіп алтын тұяқ ұл-қыздарын.

кешірдің, еркелесек мазалап кеп.
Ұлыңды ел таниды бұл күндері
халқына тірек болар азамат деп.

Жеңеше, шалқи берсін бақ талабың,
өзіңе жетсін алыс жақтан әнім.
Ай көрік жеңгелерім осындай деп
Мен жұртқа мақтанамын!

Ділдә МАТАЙҚЫЗЫ
Ділдә Матайқызы Тасмағамбеткеліні 1929 жылы 15 қаңтарда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Жеті жыл Бұқарада үлкен хазіреттерден білім алған әкесі Матай-ды ел-жұрт ерекше құрметтепті. Матай Қоқанұлы 1886 жылы бұрынғы Ақ-мешіттің Құланды елді мекенінде дүниеге келген. Атақты Көтібардың тікелей ұрпағы. Кейін молдалығы үшін «халық жауы» атанады. Ал анасы Қалбибі – дәулетті шаңырақтың қызы. Матай жазықсыз қамалғанда соңынан Сібірге дейін барған қайсар әйел. Ділдә Матайқызы бір әңгімесінде «Әке-шешемнің жеті перзенті шетінеп кеткен. Тірі қалғаны мен. Осы екі асылым, қайран әке-шешеме перзент болып қандай қызық көрсеттім деп бүгінде толғанамын. Өзін соттаған кезде әкемнің мешітін бульдозермен сырып тастаған екен. Қолымнан бар келгені – әкемнің рухына арнап бұрынғы орынынан Шалқарда мешіт тұрғыз-дым» деген екен.
Ділдә Қоқанованың мамандығы – акушер-гинеколог. Жолдасы Нұрға-лимен таныстығы да қызық. Өзі «Тәрбие туралы толғаныс» еңбегінде былай дейді: «...Термез қаласындағы әскери госпитальға қызметке бөлді. Әскери хирургтармен қоян-қолтық жұмыстас болған екі жылым үлкен өмір мектебіне айналды. Осы қалада сүйген жарым, ғұмырлық қосағым Нұрғалиды жолық-тырдым... Құрбымның қолқалауымен екеуміз қалашықтағы саябаққа бардық. Мұнда жастар үшін би ұйымдас-тырылады. Үнемі жұптары жазылмай бірге жүретін төрт қазақ жігітін бұдан бұрын да танитынбыз. Олармен жақсы араласпасақ та, көргенде сәлеміміз түзу еді. Бірақ осы төрт жігіттің ішінен маған Нұрғали ұнайтын».
Нұрғали Тасмағамбетұлы мен Ділдә Матайқызының ұрпағы – ел сыйлайтын азаматтар. Үлкен қызы Нұрсұлу Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарады. Ғалияның мамандығы – есепші, зейнетте. Иман-ғали – ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Құр-манғали – Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы. Рысты мұнай-газ саласында қызмет етеді.
Ділдә Матайқызының «Тәрбие ту-ралы толғаныс», «Айналайындарым менің», «Ана туралы жыр», «Ұрпаққа ұлағат», «Ұрпағым, саған айтам» деген еңбектері – жақсы мен жаманды ажы-рату, өмірдің сан қилы жолдарындағы ерекшеліктер жазылған қазына. Соны-мен қатар ел анасы қайырымдылық істермен де айналысты. Абай.kz ақпа-раттық порталынан мына бір ақпаратты келтірейік: «Ділдә апа ата-ананың аялы алақаны мен үстіндегі баспанасынан айырылып, орталық мешітті сағалап жүрген алды он төртте, соңы мектепке енді ғана барған, әрі құрт ауруымен ауырып, өмірден күдер үзе бастаған үш балаға Атырау қаласының «Алмагүл» тұрғын ауданындағы енді ғана пай-далануға берілгелі отырған жаңа үйден пәтер алып беріпті дегенде құла-ғымыздың елең еткені бар. Ділдә апамыз болса: «Мен Новобогат ауру-ханасында істегенімде жетім-жесір, тастанды 21 баланың ата-аналы болуы, келешекте үлкен азамат атануына қолұшымды беріп едім. Енді, міне, тағы да үш балам бар. Олардың «әже» деп құшағыма құлағанының – өзі мен үшін үлкен мерей», - деп мәз болды».
Ділдә Тасмағамбеткелінінің өмір жолы ғибратқа толы. Оның «Ұрпағым, саған айтам» еңбегі әлі талай буынның қажетіне жарары анық. Кітап мазмұны тілге жеңіл, бес жастағы баланың қабылдауына оңай құрылған. 148 беттік еңбек қызықты, көрнекі суреттермен әсемделген. Сюжет желісі үш адамның әңгімесіне құрылған. Қысқа да нұсқа. Әр әңгіме соңында үйге тапсырмалар беріліп отырады. Кітаптың кіріспесінде «Әр нәрсені білмекке құмар Әсел мен Ілияс ақ әжесінен күн сайын кешкісін өздерін қызықтырған бір тақырыптан сұрап отыруға өзара уәделесті. Әрине, ақ әжесі де сүйкімді әрі оқу озаты екі немересінің меселін қайтармақ емес. Әсел мен Ілиястың ақ әжесінен естіген ұлағатын сендер де оқып, үйреніңдер» делінеді. Ендеше, алтын қазынаның бір бөлігін өздеріңізге тарту етеміз, құр-метті оқырман. Үйдегі балақайларға міндетті түрде оқып беріңіздер.

Алғыс пен қарғыс
Әсел: - Әже, ылғи да бізге «алғыс ал» деп жатасыз. Оның қандай түрлері бар?
Ілияс: - Қарғыс ше? Оның адамға әсері қандай?
- Айналайын, өмірдің сан алуан соқпағында жеке адамның, ұйымның, халықтың, күллі еліңнің алғысына ие боларсың. Бұл – сенің айрықша сіңірген еңбегіңе деген құрмет, ризашылық, ықылас. «Алғыспен ел көгерер, жаң-бырмен жер көгерер» деген мақал бар. Алғыс адам көңіліне қанат бітіреді, жанына мейірім шуағын құяды, жолы ашылады. Қашан да жақсылықтың, ізгі ниеттің бастаушысы болады, ұрпағына шапағаты тиеді, - деп бастады әжесі әңгімесін.
- Алғысқа қарама-қарсы қарғыс деген ұғым бар.
Баз біреу кісіге әшкере қиянат, зор-лық-зомбылық жасаса, адам өлтірсе, ұрлық қылса, жазықсыз ғайбаттаса, опасыздық істесе, қарғыс алатын бол-ған. Кейде қарғысты халық арасында теріс бата деп те атайды. Теріс батаны батар күнге қарап, қолын теріс жайып берген. Сонда қабыл болады деп ойлаған.
Алғыстың кей түрі: маңдайыңа шаң тимесін, қосағыңмен қоса ағар, үбірлі-шүбірлі бол, тәңірі жарылқасын, жо-лыңа гүл бітсін, өркенің өссін, қата-рыңның алды бол, мұратыңа жет, жұл-дызың жансын, ішкенің шай, жегенің май болсын, жағың түспей жамандық көрме, жапырағың жайылсын, екі дүниенің қызығын көр...
Қарғыстың кейбір түрлері: жолыңа жуа бітсін, жерге кір, иманың күйсін, шаңырағың ортаға түссін, ошағың өшіп, қазаның қирасын, тумай туа шөк, қағынды тисін, бетің тілінсін, дәм-тұзым атсын, қатының жесір, балаң жетім қалсын, қу бас боп өт, атау-кереңді іш, көріңде өкір, албасты бассын, шешек шықсын...
Алған алғыс та, естімеген қарғыс та тегін кетпейді деп есептелген. Рас сөз. Өміріңде алғысты көп алған жанның нұры тасып, қарғыс тиген пенденің құты қашқанына талай мәрте куә болғанбыз.
Алғыс та, қарғыс та берушіге байланысты төрт, жеті атаға дейін тұқым қуалайды екен.
Әулиеден немесе ел мақтаған бақсы, диуанадан қарғыс алып, ұрпақсыз кет-кендер де жоқ емес. Жолы кесіліп, бағы байланғандар да аз емес...
Озық ғылым иелері алғыс пен қарғыстың адамға әсер ету мүмкіндігін зерттегенде мынадай қорытындыға келіпті.
Алғыс адамның сыртқы аурасын қалыңдатып, қауіп-қатерден қорғайды.
Қарғыс аураны әр жерден жара-қаттап, тесіп кетеді де, ол адамға ауру-сырқау, тіл-көз, жамандық үйір келеді. Яғни сыртқы қорғаныш қабатынан айы-рылып қалады. Кейде өлімге де әкеліп соқтыруы ғажап емес.
Бұрындары қарғыстың күшін тәуіпке оқытып та қайтаратын болған.
Мұның бірі халықтық марапаттау да, екіншісі – жазалау. Алғысты төсіңе жылтыратып тақпағанмен, кеудеңе құйған нұры одан еш кем емес.

Тыйым
Әсел: - Әже, тыйым заңдары жайын-да білгіміз келеді.
Ілияс: - Бұл халқымыздың әдебі мен салт-дәстүрінің бір бөлігі ме?
- Айналайын, халқымызбен бірге ежелден жасасып келе жатқан санасына жазылып қалған тыйым заңдары бар. Ол жасқа да, жасамысқа да ортақ.
Адамдардың қарым-қатынастан, табиғат пен оның тылсым құпия-ларының сырына үңілуден туған бұл шек-теу – далалықтардың ұлы мәдениетінің бір көрінісі. Әрі-беріден соң бұл – әдеп, иба, тәртіп. Мұны қазіргі көз-қараспен айтсақ, табу деп қабылдаған жөн, - деп бастады әжесі әңгімесін.
Кейінгі жастарға үлгі-өнеге болсын, сол тыйым заңдарының бірсыпырасын себеп-салдарымен қоса айтып өтейін.
Үйге атпен шаппа, жау таяп қалғанда не өлімді хабарлағанда ғана болатын жағдай.
Жасы үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме, бұл – құрмет.
Бас киіммен ойнама, біреуге сый-лама – қонған бақтан айрыласың, басың бірікпейді.
Ошаққа су құйма – өз отыңды өзің өшірме.
Бос бесікті тербетпе – ұрпақсыз қаласың.
Жылқының құйрық-жалын күземе – тұл қалғанның белгісі.
Малды басқа ұрма, теппе – ыры-сыңнан айрыласың.
Кешқұрым ұйықтама – жын-пері көшетін кез.
Айға қолыңды шошайтпа – қасиетті.
Жерге түкірме – Жер-ана, анасының бетіне ешкім түкірмейді.
Нанды баспа – киесі ұрады.
Түнде суға барма – су перісі қағуы ықтимал.
Екі бүйіріңді таянба – қайғы-қасірет белгісі.
Бөгде адамнан «Қайда барасың?» - деп сұрама – көргенсіздік.
Сорпа, шайды үрлеп ішпе – дег-бірсіздік.
Жәй отырып уһілеме – уайым, қайғы шақыру.
Қолыңды төбеңе қойма – дүниеден безіну.
Табаныңды тартпа – бейнет шақыру.
Таңдайыңды тақылдатпа – жаман ырым.
Өтірік жылама – Құдай шын жы-латайын десе, қиын емес.
Жерді таянба – торығу.
Босағаны керме – жазаланудың белгісі.
Табалдырықта – тұрма – суыт хабар жеткізгеннің белгісі, төр киелі, табал-дырық ұнамсыздау орын.
Кісіге қарап есінеме – әдепсіздік.
Кісінің басынан кертұқыл алма – басынан тоқпақ кетпейді.
Күйеу бала қайын жұртына барғанда бас ұстамаған, дастарқанға бата бер-меген, сүйекке түспеген.
Келін атасымен, қайнағаларымен қолы алысып амандаспаған.
Әр тыйым заңдарының астарында халқымыздың өмірлік пәлсапасы жат-қан жоқ па?

«Айналайындарым менің» еңбе-гінде автор өзінің өмірбаяндық дерек-терін ұлттық салт-санамызбен, дәстү-рімізбен байланыстыра отырып, кейінгі толқын – жас ұрпақтың санасына ғибратты әңгімелерді құяды. Оқыр-манын ойландырады, ойландыра оты-рып, Отансүйгіштікке, туған халқы мен ана тілін шексіз сүюге тәрбиелейді.

АЙНАЛАЙЫН, алтын асықтай келін-дерім, қонақ келсе, шырайлы қарсы алыңдар. Ол, алдымен, еріңе, сосын өзіңе сын. Қонақ сені, алдымен, асқа-ныңа емес, сасқаныңа қарап баға-лайды.
Қонақжайлық – ұлтымыздың сүті-мен еніп, сүйегіне сіңген ұлы дәстүрінің бірі. Осы дәстүрдің алтын желісі өз қолдарыңда, үзіп алмаңдар.
Бөкен би айтты деген сөз бар:
- Кей келін үйіне бара қалсаң, «мына шал тағы келе жатыр ма» деп торсаң қағады, бұл ырысыңның кеткені, кей балалар қонаққа мал союға ерінеді, бұл – аузыңның кепкені, - деп.
Кей жас келіншектердің «өзіміз құрып отырғанда, Құдай-ай, қайдан ға-на қаңғып келе қалды» - деп ыдыс-аяғын тарсылдатып, жазықсыз сәбиін жылатып, мінез шығаратыны бар.
Жоқ деген жерге қашан да жоқ үйір болады...

АЙНАЛАЙЫН, қыз жасауы деген бар.
Ұзатылғалы отырған қызға ата-анасы ұялмайтындай етіп жасау беруді ойлайды. Бұл – қызға берілер еншінің бір түрі. Келін боп түскен соң, қапелімде жаңа ортаға үйренісіп кеткенге дейін кіріптар болып қалмауын ойлап, біраз дүниенің басын құрайды.
Ертеде дәулетті байлар қызын ұзатқанда кілем жапқан нар бастатып, дүние-мүлікті, асыл жиһазды көш-керуен ғып жасау аттандыратын болған.
Бұл – байлығын көрсетудің, мақтан-гершіліктің, бәсекелестіктің белгісі.
Қыздың негізгі жасауы күйеубала екеуіне жібек матадан әдемілеп тігілген көрпе, жастық, шай құралын салатын сандық, шымылдық, кілем, алаша т.б. ұсақ-түйектен құралған.
Қазірде заманымыздың салтына орай жасау ретінде қызға алуан жиһаз, теледидар, бейнемагнитафон, тіпті дәулеттілер машина да беріп жатады. Бұл – әркімнің өз еркі.
Десе де, сол дүниені жастардың өзі құрып алғаны оңды. Сонда қадірін біліп, бірін екі етіп ұстайды.
Осыдан біраз жыл бұрын белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естелігін оқығаным бар. Сонда Әзекең қызын ұзатып, «Дүние жүзі әдебиеті кітапханасының» 200 томын жасау ретінде ұсынғанын жазады. Бірақ құдағи әлгі асыл қазынаны менсінбей, аяғымен теуіп, адамның намысына тиер сөз айтыпты. Осыны оқып, қынжыл-ғанмын.
Дүние жүзінің ақыл-ой ақығынан өткен жасау, сый-сыяпат бар ма? Жиһаз, мүлік, киім-кешек әрі кетсе, он жылда то-зар, өңін берер. Ал кітап ше? Бұл біле біл-генге ұрпақтан-ұрпаққа мұра емес пе?
Болашақта балаларымыз дүние-құмар, ашкөз атанбай, өнерге, білімге, мәдениетке сусындап өссін десек, кітапты басты жасау етуді дәстүрге айналдырсақ, құба-құп.
Грузиндер Шота Руставелидің «Жол-барыс терісін жамылған батыр» даста-нын әр қызының жасауына қосады екен.
Ал ұлы Абайдың өлеңдерін тобық-тының қыздары тұрмысқа шыққанда бойтұмар етіп тағынып кеткенін неге ұмытамыз?...

Дайындаған Айдана ХАМИДУЛЛИНА

Қаралым саны 2951

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463