Ағам қолына кісен салғызбады...

Нығметолла КӨШЕКОВ,
зейнеткер, Жаңақала ауданы,
Қызылоба ауылының тұрғыны,
Ғұбайдолла Әнесовтің туған інісі:

Біз Кіші жүздің Байұлы тобындағы байбақты руына жатамыз. Ғұбайдолла Әнесов – менің туған ағам. Ол әкеміз Әнестің атына жазылған, мен де Әнесов едім, кейінірек, төлқұжат алғанда атамыз Көшектің (толық аты Көшәлі) есімін фамилия етіп алдым.

Әкеміз Әнес Көшеков 1896 жылы туған екен, Жалпақталда қарапайым ұста еді. Әлхамды шала білетін, сауаты шамалы болды. Ал анамыз Жақыш арабша жақсы сауатты еді, руы қарақұнан тана болатын, намазын қаза қылмай өтті.

Біз әке-шешеден төрт ұл, бір қыз болдық. Ғұбайдолла – 1923 жылы туған, үйдің тұңғышы еді. 1943 жылдың қаңтарында атылғанын күні кеше білдік қой. Екінші ұл Қабиболла Әнесов 1926 жылы туған еді, 1944 жылы 4 желтоқсанда соғысқа алынып, 1945 жылдың 1 сәуірінде опат болды. Мен 1929 жылы туғанмын. Зайдолла деген ініміз 1936 жылы дүниеге келген. Қазына атты қарындасым кейінірек, 1946 жылы туған, қазір Тасқала ауданында тұрады.

...Ағам Ғұбайдолланы ұстауға келгенде мен 12 жастамын, бәрі есімде. Үйіміз үлкен, төрт бөлмелі болатын. Ағайынды төрт бала әке-шешемізден бөлек, бір бөлмеде жататынбыз. 1941 жылдың 22 желтоқсаны еді, таңғы сағат 5-те келді. Сыртта неше адам болғанын білмеймін, үйге үш адам кірді. Алпан деген керемет итіміз бар еді, оны өлтіріп тастапты. Әуелі қарттар оянған секілді, біреу «шам жақ» деді. Милицияның біреуі Сәбитов деген екен, оны кейін білдім. Әлгілер құжаттарын көрсетіп, ағайды ұстауға келгенін айтты. Ағам сезіп тұрған болар, қарсылық білдірген жоқ, тек кісен салайын дегенде салғызбады. «Әке-шешемнің көзінше кісен салғызбаймын» - деді. Келгендер ағамды киіндіріп алып кетті кетерінде кітаптарын қарап, арасынан бір қағаздарды алды. Таң атқасын «пәленше-түгеншелер де ұсталыпты» деген хабар естідік. Бір-екі күннен соң қалаға ат-шанамен алып кетерде қалың киім тон сұратты. Ағамызды содан қайтып көрген жоқпыз.
Әрине, біз елеңдеп, ағамыздың бір хабарын білмекке тырысып жүрдік қой. 1943 жылы ма екен, ауданның милиция бөліміне Садыбеков деген бастық болып келді. Өзі бұрын Ақтөбеде істеген екен. «Ақтөбеде Әнесов Құбаш деген болды, кейін қайда кеткенін білмеймін» деді. Басқа еш дерек болған жоқ. Тек 1995-1996 жылдары Аманкелді Шахиннің мақалаларынан кейін ғана «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы ақиқатты білдік қой.

Ғұбайдолла ағам өте ұқыпты еді, кітап-қағаздарын мұқият реттеп қоятын, бізден де соны талап ететін. Өте білімді еді. 1-7-сыныптарды қазақ тілінде оқыпты. 8-сыныпты орысша оқыған. 9 бен 10-сыныпты бір жылда бітіріпті. Ағайлар оқыған мектеп қазіргі Жалпақтал ауылындағы көне қызыл кірпіш ғимаратта орналасқан екен. Ағай сол кездің өзінде Ленинді толық оқыған, «Лениннің өзі 45 томының 356-357 беттерінде «Әрбір ұлт бөлек ел болып шығуға құқылы» деп айтқан» деп, тергеушілерге дес бермепті ғой...

1941 жылы ағам ұсталды, 1942 жылы «Халық жауының ата-анасы» деп әкемді де ұстап алып кетті. Әкеме екі жыл жер аударуға үкім кесіпті. Орал қаласының шет жағында, шағын жертөледе тұрды, ұсталығымен айналысты. Қолы шебер болғасын, біреуге мәстемір, біреуге шоқаяқ жасап күнін көрген. Жағдайы жаман болған жоқ. Мен 1943 жылы ауылдан әкеме келіп кеттім. Мерзімі өткен соң ауылға қайтты, бірақ Жалпақталда көп тұрмай, Талдыапанға көштік. Ол жерде екі-үш жыл болып, қазіргі қонысымыз – Жаңақаланың Пятимарына тұрақтадық...

Мені комсомолға алған жоқ. 1944 жылы Қаби ағамды соғысқа шығарып салған соң мен де мектепті тастап кеттім. 1951 жылы жаламен бес жылға сотталдым. Оған менің өмірбаянымдағы «халық жауының інісі» деген анықтауыш та әсер еткен сияқты. 1953 жылы 3 наурызда амнистияға ілініп, ауылға аман келдім әйтеуір...
Жатсам-тұрсам ағам естен кетпейді осы күні. Сұрастырып жүріп, «атылған халық жауларының сүйектерін осы жерге көмді» деген орынға ба-рып, Құран оқып кеттім. 85 жылдығына ауылда садақа бердім. Бұйырса, 2013 жылдың 13 қаңтарында ағамның қайтыс болғанына (1943 жылы) 70 жыл, туғанына 90 жыл болады. Аман болсам, ауылды жинап тағы да садақа беремін. Ауылдағы қария адамның қолынан басқа не келеді?! Сіздер Ғұбайдолла Әнесов туралы бір дерек іздеп жатыр дегенді естігенде, жасым сексеннен асса да үйде қарап жата алмай, Оралға арнайы келдім, айналайындар!

Қаралым саны 1672

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463