Боздақтың бауыры
2001 жылдың жазында Көктерек тарихи-өлкетану музейіне қапсағай денелі, ширақ қимылды ересек адам келіп, өзін «Көшеков Ғұбайдолланың туған інісі – Нығметолламын» деп таныстырды. Аман-саулықтан кейін, ашаң жүзімен тыңдаушыға тура қарап, ағытылып сөйлей берді.
Әңгімесін «Сол бір сүргіннің» естеліктер тарауындағы Ғұбаштың туған-туыстарының қысқаша ғұмырнамасынан бастап, өзінің 1929 жылы туғандығын, інісі екеуінің Жаңақаланың Пятимар ауылында есеп қызметкері болғандықтарын, 1946 жылғы қарындасы Қазынаның Тасқала ауданының Амангелді ауылында ұстаздық еткенінен хабардар етті. Бәрі де зейнеткер, үрім-бұтақты екен.
Сөз саптауы мен қимыл-кейпіне қарағанда, қонағымыз жан-жақты түсінігі бар, ішкі қабілет-қуаты мол, өз тұстастарынан жас көрінетін аға екен. Жасырын ұйымның арғы-бергі тарихын өте жақсы біледі. Қайсар жанның қандасы ғой деп көзінен ұшқын, сөзінен жалын іздегенімізді жасыра алмаймыз. Риза болып, жақсы әсерде қалдық.
Ғұбаштың елінде есімі мен ісін қастерлеп, тағзым етуші ұжым, орын, адам болса, қатынас жасап, танысып-білісіп, көңіл орнықтырып кетуге ауылынан әдейі көлік алып, Жалпақталға келген сапары екен. Көз тоқтайтын көрініс таппаған Нығметолланы бір жанашыр Көктеректе мұражай бар деп асырып жіберіпті. Ерін есіне түсіре алмай жатқан елім үшін ұялып, «тек тұрмастың» міңгірін жасадым.
Қонағымыз аттанарда сыпайы қоштасып, Ғұбайдолланың сапалы көшірілген үлкен фотосуреті мен «Қарап жатпа» өлеңінің бірнеше бет оқушы дәптеріне өз қолымен көшірілген нұсқасын сыйлап кетті. Басқа не десін, қарапайымдылықты қалайтын қазақпыз ғой. Оның қайталап ешбір есікті қақпағаны, еш жерге қалам тартпағаны анық. Болашақта Жалпақталда тарихи-өлкетану музейі қайта есігін ашатын күн болса деген ой-ниетімізге байланысты аға берген фото мен өлең беттері музей қорында сақтаулы тұр.
Көктеректік қос жігіт
«Сол бір сүргінде» он төрт жігіттің екеуі Көктеректе туып-өскендігі жазылған (66-69 беттер). Кітап авторы келіп, ауыл оқырмандарымен кездесу өткізгенде, екеуі туралы аз да болса білетін қариялар төбе көрсетіп еді. Кейін олармен кездесіп, жөн сұрастық. Екеуінің туыстарын іздедік. Ел-жұртқа кеңінен таныла берсін деп, жиған-тергендері-мізді әріден бастап, беріден аяқтап төмендегіше қағазға түсірдік.
Мәннап Ахметов. Жаңақаланың 8-ші ауылының биі, масқар Тәржіманның Ахмет, Ғазиз, Шеру атты ұлдарынан тараған ұрпақтар елмен бірге өмір кешіп, өткендері өтіп, қалғандары қатарда жүріп жатыр.
Тәржіман әулеті ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда Жаңақала өңірінен Көктерек жеріне ығысқан. Ахметтің отбасы кейін Көктерек ауылдық кеңесінің “Чапаев” атындағы колхозында еңбек етіп, ұлдары Мәннап жергілікті бастауыш мектепті тәмамдап, келесі буынды оқуды Жалпақталда аяқтаған. Колхоздың есеп жұмысында істеп, жастай үйленген келіншегі Зиба екеуі Жалпақталға көшіп, баспаханаға жұмысқа тұрған. Сонда ұйымға тартылған Мәннап тұтқындалған соң, зайыбы «Чапаев» атындағы колхозға қайтып, сүт фермасының есебін жүргізіпті. Елдегілер Мәннапты Ақтөбе лагерінде 1945 жылы дүние салған деп есептейді. Ерінің қазасынан кейін өзінің 8-ауылына кеткен Зиба Ермұқанованың кейінгі өмірі бізге белгісіз. Балалары болмаған.
1951-1952 жылдары Көктеректің Төсқұдық мекенінен топырақ бұйырған шебер етікші Ахмет пен зайыбы Хадишаның Мәннаптан үлкен қызы Сақыпжамал (Сақыш) қолхозда ұзақ жылдар бойына шаруашылықтың әртүрлі салаларын басқарды. Сақыпжамал Тілесова – «КОКП қатарында 50 жыл» белгісін иеленген құрмет иесі. Көктеректің Сатыбалды мекенінде 2000 жылы дүниеден озды.
Ғазизден Жақсылық, Жеміс, Шафхат, Зәуре есімді ұл-қыздар өрбіп, осы топырақтан нәр алуда. Шеру ұрпақтары Ресей жерінде.
Қайырғали Сапаралин. Олжашы Қызылқұрт руынан. Жастай Алматыдағы жездесі, Көктерек азаматы, қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің көрнекті командирі, майор Тәжіғали Уәйісов пен Мария Сапаралинаның қолында болып, білім алған. Мәдениетті, сәнді киінетін, сөйлеу мен жазуға екі тілде сауатты жас жігіт 1937 жылы елге қайтып келген соң «Правда» колхозының орталығы Көктеректе кітапхана меңгерушілігіне қойылыпты. Жалпақталдан газет, хат-хабар тасымалдап, жиі барып-келіп жүрген кезі ашық жас жігіт жасырын ұйымға енген. Тағылған айыпты мойындамаған. Қайырғалидың тергеу кезінде түрмеде соққыдан қаза тауып, қозғалыстың ең алғашқы құрбаны болғанын білеміз.
Әкесі Сапаралы 1951 жылы Көктеректе қайтыс болып, анасы Хабиба кенже ұлы Қанатқалимен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы туысқандарының қасына қоныс аударды. Анасы 4-5 жылдан кейін дүниеден өтіп, үлкен отбасының иесі болған Қанатқали елдегі туысқандарына сирек те болса хабарласып тұрады.
Қайырғалидың бірге туған Мария, Рысты, Жәмила, Ажар атты апа-қарындастары әр түрлі өмір жолдарымен кетті. Мария 1994 жылы Алматыда, Рысты Көктеректе қайтты. Жәмила – Атырау, Ажар Ақтөбе жағында еді, қазіргі тағдыры беймәлім.
Жалпақталдағы жасырын ұйым төңірегіндегі қазіргі ой – толғамдарымыз бен естіп- білгендеріміз осындай.
Сөз соңында бізге естеліктерін ынтамен бөліскені үшін Балқия Қажығалиева, Дәметкен Томашева, Есет Бөргелов, Бекетай Тышқанбаева, Хамида Хасанова, Жеміс Ғазизова сияқты ауылымыздың сыйлы адамдарына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
(Қысқартылып алынды:
«Орал өңірі» газеті. 2005 жылғы 31 мамыр)