Тәуелсіздік келгенде «Арманым орындалды» деп еді…

Нұржиян САТҚАЛИҚЫЗЫ,
Сатқали Молдағалиевтің жалғыз қызы

Менің әкем Сатқали Молдағалиев – «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» бел-сенді мүшелерінің бірі болған, сол үшін он жылға сотталған. Елге, Орал облысының Фурманов ауданына келген соң өмір бойы электрмен дәнекер-леуші болып қызмет етті.

Әкем жастайынан өте білімді болыпты. Ұсталғанда мектепті жаңа бітірген жас жігіт қой. Орысша-қазақша тілге жүйрік, әрі жазуы әдемі болғандықтан, ұйымның үнпарақтарын, Сталин мен Калининге талап хаттарды да негізінен әкем жазыпты. «Өзіміздің шағын баспахана-мыз болды, оны ауыл сыртын-дағы зираттың қоршау орнына жасыратын едік» дейтін. «Еліміз Қазақстан тәуелсіз болсын», «Қазақ халқы жасасын!» деген ұрандар көтерген. Айтуынша, өз арасынан біреу сатқын болып шығып, бұларды ұстап берген.
Әкем ұйым мүшелерінің ішінде, ең алдымен, 1941 жылдың 14 желтоқсаны күні қамауға алыныпты. Жыл-жарымдай тергеуде, Оралда «қырықтұрбада» жатқан. 1943 жылдың 13 қаңтарында 10 жылға сотталған. Әуелі Ақтөбедегі ферросплав зауытын салуға қатысыпты. Одан кейін Челябіге жіберген. Негізгі мерзімін сол жерде өтеген. 1951 жылы 21 шілдеде қамаудан босатылып, Новосібірге жер аударылған. «Ол жақта мал бақтым, екі жылдай шартты түрде жүрдім, сол кезде елмен хат-хабар алмасуға рұқсат берілді» дейтін.
Ол он жасында әкесінен жетім қалған екен. Үш інісі, екі қарындасы болды. Менің шешеммен – өзінің бір мектепте оқыған, бір көшеде тұрған құрбысы Нұрсұлу Мағжановамен де сол елуінші жылдары хат жазыса бастаған. Анам ауылда шынжыртабанды «ДТ» тракторын айдаған, еңбекте озат атанып, Мәскеуге делегат болып барған өжет қыз екен. Әкемді Новосібірге өзі іздеп барыпты. Кейін елге келген соң тойын жасаған.

Әкем өте тұйық кісі еді. Айдаудан келген кезде аяқтары домбығып ісіп, іріңдеп кетіпті. Бірнеше башпайы жоқ еді. Түрмедегі өмірі туралы сұрай бастасам: «Әй, қызым, оның айтатын ештеңесі жоқ» дейтін.

Әкем бізге айтпағанымен, тиісті орындарға мезгілімен барып, тіркеліп-тексеріліп отырған сияқты. Соңғы жылдары қайта құру, демократия лебі басталғанда оңаша шұқыланып, бірнәрсе жазып отыратын. Сонда ол жан-жаққа, жоғарыға өзін ақтау жөнінде хат жазып жүреді екен. Колбинге де жазыпты. Мен түсінбейтінмін: «Сотталып келді, қазір үйде ғой, енді хат жазып не керек?» дейтінмін. Сөйтсем, өзінің ақталғаны туралы қағаз келгендегі қуанышын көрдім, түрмеден қазір шыққандай қуанды-ау! Сонда осы кезге дейін ішінде бір түйткіл жүреді екен ғой. «Адам қатарына қосылдым-ау!» деді.

Ол кейінгі жылдары Өскеменде тұратын жолдасы Сейітқали Бәжекеновпен жиі хабарласты. Ол кісі Оралға келгенде, туған бауырын күткендей қуанып, бір күн қонақ етті.

Менің әкем Қазақстанның тәуелсіздік алғанын да көріп кетті ғой. «Қазақстан Республикасы өз алдына ел болды, тәуелсіздігін жариялады» дегенде: «Біздің сонау 1941 жылы айтқанымыз, армандағанымыз, расында да, орындалды ғой!» деді.

Әкем 2003 жылы 24 сәуірде қайтты. Көзінің тірісінде ешкім құрметтеп, мадақтаған жоқ. Қайтыс боларының алдында ғана бірер журналист келіп, кейбір әңгімелерін жазып алды. Кейінірек облыстық музейге қолда бар құжаттардың көшірмесін тапсырдым. Соңғы рет 2010 жылы музейде кездесуге шақырған еді. Былтыр, 2011 жылы ұйымның 70 жылдығы да атаусыз қалды…

Қаралым саны 1147

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463