Жаһаншаның өмірінде тағдыры қыл үстінде тұрған қатерлі сәттер, кезеңдер өте көп болған. Соның бәрінде Ольга Константинқызы ерінің жанында болды.
Алашорда автономиясы жарияланғаннан кейін Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер 1918 жылы Мәскеуге сапар шегіп, Ленинмен кездесіп, қазақ халқының атынан келіссөздер жүргізетіні тарихтан белгілі. Осы сапар сәтті болды, большевиктер Алашорда автономиясын мойындап қана қоймай, көп көлемде қаржылай көмек көрсеткен. Осы жағдайға Жаһанша Досмұхамедовтің Ленинмен жеке таныстығы, Ольга Константинқызы мен Надежда Крупскаяның (Лениннің әйелі) дос-жаранды-ғы да әсер еткендігі тарихи деректерде айтылады.
1938 жылы күйеуінен айырыл-ған соң Ольга Константинқызы Мәскеуде тұрды, 1986 жылы 26 маусымда 90 жасқа келіп өмірден озды. Ол Жаһаншаның кінәсіздігін дәлелдемек болып, баспасөз бетінде бірнеше рет мақала жазды.
Ольга Константинқызы 1977 жылы-ақ өзінің бүкіл дүние-мүлкін София мен Мая Рысқұловаларға (Тұрар Рысқұловтың қыздары), Рысқұлова Юлия мен Рысқұлов Владимирге өсиеттеп қойған екен. Жаһанша мен Ольганың өз балалары болмаған.
Ольга Досмұхамедова Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашашпен жақын араласып, бірі Алматыға, бірі Мәскеуге барып тұрған. Ольга қазақша тәп-тәуір білген.
1986 жылы 6 наурыз күні жазған соңғы хатында Ольга Константинқызы қайын інісі, Орал облысының Шыңғырлау ауылында тұрған Құдес Қуаншалиевке мейраммен құттықтағаны және ақша жібергені үшін рақмет айтып, ризашылық білдіреді. Бұл Құдес – Жаһаншаның немере ағайыны Олданның баласы. Жаһанша Досмұхамедтен, Олдан Ізмағамбеттен тарайды.
Олданның үш баласы болған, тұңғышы Қадес (Хадис) 1912 жылы туған, Құдес 1914 жылы туған, Құтты 1921 жылы туған. Қадесті Жаһанша кішкентайынан өз бауырына салып, өз ұлындай өсірген екен. Қадес Мәскеуден жоғары білім алып, өмір бойы СССР Сыртқы істер министрлі-гінде жұмыс істеген, 1971 жылы қайтқан.
(Равиль Мәжитовтің «Жаһанша Досмұхамедов» кітабынан)