«Дана.kaz» журналы «Құлпытас кілтін ашайық!» атты тұрақты айдар ашып, оқырманды көне араб әрпімен жазылған құлпытас мәтіндерімен таныстыруды бастап отыр. Біз ең әуелі елге белгілі тұлғалардың, батыр-билердің басына қойылған ескерткіштерге ерекше назар аудармақпыз. Сондай-ақ оқырмандарымыздың өтініштерін де жерге қалдырмай-тынымызды ескертеміз. Жазуы анық сақталған құлпытастар болса, әр қырын, әр жолын, таңбасын анық түсіріп, қай жерде орналасқаны туралы деректерге қоса біздің поштамызға электронды форматта салып жіберсеңіз, кешікпей-ақ оның сырын біле аласыз.
Бізге көне жазбалардың мәнін ашуға Бөкей ордасы аудандық мешітінің имамы, Түркияның Бурса қаласынан діни білім алып қайтқан Мұратбек қажы Жахатов та қолұшын беруге келісіп отыр. Сонымен, алғашқы құлпытастың сырына үңілейік:
Оқылуы:
1 – қатар: Байбақты руғы Алтак(е) тайфасының
2 – қатар: Андас нмрасі Қарақожаның баласы
3 – қатар: Дәуқара батр офат болды 64
4 – қатар: йаснде 1751 йлде бұ тасны қойды
5 – қатар: Байғабыл Аблай (Елан?!) Құдас (құдасы?!)
6 – қатар: (Төмен қараған балта тәрізді) ру таңбасы
Қазақ тіліндегі мағынасы:
1 – қатар: Байбақты руы Әлтеке тайфасының
2 – қатар: Андас немересі Қарақожа баласы
3 – қатар: Дәуқара батыр қайтыс болды 64
4 – қатар: жасында 1751 жылы. Бұл тасты қойды
5 – қатар: Байғабыл айлан Құдас
6 – қатар: Байбақты руының таңбасы
Тәржімалаған: Мұратбек қажы Жахатов және Қазбек Құттымұратұлы
Бұл құлпытас Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округінің аумағындағы Жігерлен ауылының күнбатыс бетіндегі үлкен төбеде орналасқан көне қауымнан түсірілген. Жергілікті халық әулие ретінде сыйынатын қабір иесі Дәуқара батыр – байбақты руының ұранына айналған әйгілі батыр көрінеді. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Дәуқара әлімнің батыры Бармақпен найзаласып, екеуі де қаза тапқан.
Дәуқара батыр жөнінде өлкетанушы Қайыржан Хасанов «Қос батырдың хикаясы» атты кітабында, өлке шежіресіне қатысты өзге де еңбектерінде бірнеше мәрте жазды. Сондай-ақ Хамит Мадановтың «Кіші жүздің шежіресі» атты кітабында да байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың ата-тегі туралы жолдар бар. Ол шежіреге қарағанда Байбақтының ағайыны Жанбақтыдан – Андас, Андастан – Қарақожа, Қарақожадан Дәуқара тарайды.
Сурет 2011 жылы 10 шілдеде түсірілген. Түсірген Қазбек Құттымұратұлы. Бастап барып, көрсеткен
қаратөбелік өлкетанушы, жазушы-журналист, зейнеткер Қайыржан Хасанов ағамыз.