Жиембеттің шежіресі

Ел аузындағы ру-тайпа шежіресіне қарағанда, Кіші жүздің Он екі ата Байұлы тайпасы Қыдырқожа бай есімді кісінің Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық атты үш ұлынан және тоғыз кірме баладан құралады.

Бұл кірме тоғыз руды «Кіші жүздің шежіресі» атты кітап жазған (Алматы, 1994) Хамит Маданов ағамыз «Беріш, Адай, Таз, Жаппас, Есентемір, Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа» деп таратады. Ал бүгінде Ақжайық ауданының Жаманқұдық ауылында тұрып жатқан 88 жастағы Құттымұрат Құлтумаұлы Қыдырқожа байдан өрбитін он екі атаны былайша жіктейді: Қыдысиық (одан Шеркеш тарайды), Бақытсиық (одан Ысық шығады), Сұлтансиық (одан бес бала: Масқар, Тана, Алаша, Байбақты, Қызылқұрт), Беріш, Адай, Таз, Жаппас, Алшын, Есентемір, Үйсін, Қоңырат, Алахай (Ардагөнек Құлақасқа деп те аталады). Соңғы үш ата Кіші жүз аумағында жоқ, ауып кеткен деп айтылады. Қазіргі шежірелерде Кіші жүздің он екі атасына Сұлтансиықтың бес баласын жеке-жеке қосып айтып жүр.

Жоғарыдағы жинақта Хамит Маданов ағамыз Тананы Сұлтансиықтың кенже баласы деп жазады. «Танадан екі бала дүниеге келген, олар Бұрттығаш (Біртоғаш), Шаңқан. Тана «жеті баулы» деп аталған». Бұл жетінің құрамы әр жерде әртүрлі айтылады. Ең жиі кездесетіні – Жиембет, Ахмет (Ақымбет), Асан, Қалқаман, Бессары, Қарақұнан, Қараман. Ал Жиембеттен тараған ұлдардың қата-рында Масай, Жобалай, Нұрке есімдері аталған.

Ал авторлары С.Мұхамбетқалиев, К.Ахметов және Х.Ғабдуллин болып табылатын «Сұлтансиық шежіресі» (Орал, 2000) атты кітапта Тайпақ өңіріне белгілі жырау Сүгір Мырзалыұлының Жиембеттің тікелей ұрпағы екені айтылады (Жиембеттен – Баймұрат, Баймұраттан – Мырзалы, Мырзалыдан – Сүгір). Белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов 1976 жылы шығарған «Ақберен» жинағында Сүгір Мырзалыұлының шығармалары тұңғыш жарияланды. Айтайын дегеніміз, Сүгір жыраудың зираты да Жиембет жыраудың атақонысы делінген Тайпақ өңірінде, Байшөрек деген көне қорымда жатыр. Бірақ «Сұлтансиық шежіресінде»: «Сүгірден бір бала болған, жасында қайтыс болды» делініпті. Бұл қате дерек болса керек, өйткені Сүгірдің Шымыр деген баласы болғаны, қажыға бес мәрте барғаны, ишан атанғаны, осы Байшөрек қонысының аумағында екі мешіті болғаны туралы Базаршолан ауылының тұрғындары жақсы біледі. Шымырдың ұлы Бисембай Шымыров «Тайпақ» асыл тұқымды қой совхозында орденді шопан болды. Бүгінде сол қоныста Есқали, Досқали Бисембайұлдары шаруа қожалығын ұстап отыр.

Қаралым саны 10288

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463