Сатай батыр. Кенжеқараұлының құлпытасы

Бұл құлпытас Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ өңірі, Базаршолан ауылдық округіндегі Мәңкібай атты көне қоныс маңында, Байғұтты сорының оңтүстік қабағындағы үлкен қорымда тұр. Бұл қорымды жергілікті қариялар «Кенжеғара қауымы» деп атайды. Мұнда ХІХ ғасырға жататын 40-50 құлпытас сақталған. Қорымның орта шенінде жер бетіндегі биіктігінің өзі екі метрден асатын үлкен құлпытас Сатай Кенжеғараұлына қойылған.

Құлпытас сол жағына қарай сәл қисайған. Тастың жоғарғы бөлігіне байланған ақ шүберек қалдықтары бұл қабірде халық қастерлейтін тұлға жатқанын айғақтап тұр. Құлпытас жазуы ескі араб әріптерімен (қадимше) жазылған.

Сатай Кенжеғараұлы – тарихи тұлға. Ағайынды Сарбөпе, Сатыбалды, Сатай Кенжеғариндер өз айналасына беделді рубасы, би, старшын атанған шынжыр балақ шұбар төс тұқым болған. Кенжеғара балалары жөнінде Ресей мұрағаттарында Орынбор шекара комиссиясының төрағасы М.Ладыженскийге ерекше тапсырмалар шенеунігі В.Лазаревский жолдаған бірнеше мінездеме кездеседі. Ол туралы өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыз «Байғұтты-Шолаққамыс батырлары» (Орал, 2003) және «Кенжеғараұлы Сарығожиндер сыры» (Орал, 2010) кітаптарында егжей-тегжейлі жазған болатын.

Сатай Кенжеғараұлының есімі Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында да бірнеше мәрте кездеседі. Исатай батыр қаза табатын Ақбұлақ шайқасында Сатай көтерілісшілерге қарсы Баймағамбет сұлтан Айшуақовтың нөкерінде болған. Бірақ Ығылман ақынның суреттеуінше, «Қалың бір нөкер жабылып Исатайдың басын шапқанда», «Алаша Сатай жаны ашып, көзіне сонда жас алған» көрінеді. Сатай өзінің Типан деген қызын қуғында жүрген Махамбет Өтемісұлына ұзатқан деген дерек бар.
Кенжеғара балаларының ата-тегі «Сұлтансиық шежіресі» атты жинақта (Орал, 2010) барынша толық берілген. Сатай батырдың ұрпақтары қазірде бар, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Тілекқабыл Сағынов ағамыз – солардың бірі. Т.Сағыновтың «Мұхамеджан Сарықожаұлы» (Орал, 1999) атты шағын кітапшасында қызықты деректер, көне фотосуреттер бар.

Қазақ тіліндегі мағынасы:

1 – қатар: Алаша руы Алтыбас
2 – қатар: тайфасының Аталық бөлімі
3 – қатар: Кенжеқара баласы Сатай
4 – қатар: қайтыс болды 84 жасында
5 – қатар: 1865 жылы. Жаздырды (құлпытасты қойды)
6 – қатар: ұлы Қосмұхамед мырза

Оқылуы:

1 – қатар: Алаша руғы Алтыбас
2 – қатар: тайфасы Аталық бөлмі
3 – қатар: Кенжеқара баласы Сатай
4 – қатар: офат 84 йашде
5 – қатар: 1865 сана йаздырды
6 – қатар: ұғлы Қосмұхамед мырза

 

Қаралым саны 3158

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463