Тіліміздегі жинақтау сан есімдерін жасаушы -ау (-еу) аффиксінің 1-ден 7-ге дейін ғана қосылуы қызық құбылыс. 1977 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» осылай тұжырым жасайды. Бірақ татар, құмық тілдерінде сегізеу, тоғызау, онау деп жалғаса береді. Бізде неге жетімен тоқтайды?
Тұрақты сөз тізбектерінің біраз бөлігі үш, жеті, тоғыз, қырық сияқты бірқыдыру сан есімдердің төңірегіне топталып жүреді. Бұл сөздердің белгілі бір тізбек, тіркестерге түп қазық болу себебі халықтың ежелгі дәуірдегі ұғым-түсінігімен, салт-санасымен ұштасып жатыр. Фразеологизм ішінде бұл сөздер нақтылы сан мағынасынан гөрі әйтеуір «көп» деген ұғымда қолданыла береді. Мысалы, жеті ғылым тілін біледі.
Қазақтың ескі әдет, кәдесін мемлекет тілегіне сай етіп, шаруашылық пен саясаттың жаңа ағымына үйлестіріп алған заңы «Жеті жарғы» деп аталады. Дәл бұл жерде де жеті өз мағынасында айтылып тұрған жоқ. Киелі сан ретінде қолданылып, «негізгі», «басты» деген ұғымды білдіріп тұр. Түркі тілдерінің біразында жеті сөзі «апта» дегеннің орнына жүреді. Қазақтың өзінде де жетісіне бір рет, жетісін беру сияқтылар оның «апта» орнына жүруін көрсетеді.
Жеті қарақшыны төбесінде бадырайып көрініп тұрғасын санап алып айтқан шығар десек, жеті қараңғы түн дегенді қайда жібереміз. Жеті қат көк, жеті қабат жер асты дегендер тағы бар. Жұт та жеті ағайынды. Өлген кісіге жеті күннен кейін Құран оқып, жетісін береді. Жеті санының ой-санадан мықтап орын алғаны сондай, бір нәрсені шығаннан шыққан күш деп білсе, адам түңілерлік етіп, жеті санын қосып, ат қойып, айдар тағып алады. Айдаһардың ең зорын жеті басты дейді.
Бұл санға байланысты көзқарас халық арасында қалыптасып, салт, заң болып кеткен. Бір мысал: жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы. Араға жеті атаны салып барып, құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді деп айтуға болады.
«Алып алты, жеп жеті болмайсың» дейді мақалымыз. Жеті болмайсың дегеннің «кемеліне келу, баю, көп» сықылды мағыналары бар. Бұл санды негізгі шек деп есептегенде, осы тіркестің қазіргі тіліміздегі семантикалық рөлі бізге түсінікті болу керек. Қазақ құмалақ ашқанда, «Жетіскенге беретін жеті әліп» деп келеді.
Сөздердің морфемдік құрамының сақталмауы – оның көнелігінің көрсеткіші. Дегенмен жетінің, жет, не же деген етістіктен шығу-шықпауы өз зерттеуін күтеді.
Біздің айтпағымыз, беске байланысты -ті жұрнағы қосылған бесті ат, бесті қымыз деген сияқты, жеті бір түйін. Сондықтан одан кейінгі сан есімдерге -ау, -еу аффикстері жалғанып тұрған жоқ.
Бір қызығы, ондықтарға ұласқанда алты мен жетіге ғана түрік тілдерінің басқа ешбіреуінде жоқ, чуваш тілінде ғана сақталған өте көне мыш аффиксі жалғанады: алты-мыш, иет(и)-миш. Әрі қарай, сегіз он – сексен...
Бұл өз алдына бөлек әңгіме.