Жан азығы

урналымыздың алғашқы нөмірлерінде осы өңірден шыққан, барша қазақ елінің болашағы үшін өлшеусіз қызмет еткен тұлғаларымыз кеңінен насихатталды. Бірі 20 ғасырдың орта тұсында отарлау саясатының нағыз күшіне енген, қылышынан қан тамған кезінде тәуелсіздікті талап еткен Ғұбайдолла Әнес, екіншісі 16-17 ғасырларда қазақ елін тәуелді ел болу қаупінен сақтандырған, қолбасшы, жырау, әрдайым әділдікті жақтаған, атқарған ісі, айтқан сөзінен сусындаған ұрпақтардан талай елге пана болар тұлғалар шыққан Жиембет Бортоғашұлы. Өкініштісі, осы бабаларымызды бүгінгі ұрпағының жете білмеуі. Бұл үшін жастарды кінәлаудан аулақпыз. Бұны жастарға жеткізуді ұйымдастыра алмай отырған аға буынның хәліне налимын...

Елді құрметтеу туған жерді құрмет-теуден басталады. Туған жерді, туған жерден шыққан ұлы тұлғаларды терең білгендер еліміздің нағыз патриоты болары және мемлекетке адал қызмет ететіні анық. Сондықтан туған жерді және тұлғаларды насихаттауда тек жазып қой-май, көше атауларын беріп, ескерткіштер қоюды да уақтылы қолға алған жөн. Осы мәселені тереңнен ойлап, ғалымдар, тарихшылар, білікті өлкетанушылармен кеңесе отырып шешсе, оң болар еді.

Қала мен ауыл-аймақта бабалары-мыздың құрметіне жаңадан көше атау-лары беріліп, ескерткіштер орнатылуда. Жаңадан көше атауы берілген, ескерткіш қойылған тұлғалардың дені соңғы 300 жылда өмір сүрген. Бұл 300 жыл Ресейге бодан болған кезең емес пе? Әрине, тұлғаларымыздың қай-қайсысы да – бодандық бұғауын бұзуға белсене ат-салысып, болашақ ұрпағының азат елде ғұмыр кешуін бір табан жақындатқандар. Бірақ осы 300 жылға дейінгі кезеңдегі жаужүрек батырларымыз бен ел дегенде егілген абыздарымыз, би-шешен, ақын-жырау, әнші, күйшілерімізді неге ескер-мейміз? 1731 жыл қазақ халқы жер беті-нен жойылып кету қаупі орын алған-дықтан, амалсыз бодандықтың қамытын мойынға бастап киген кез болса, тап осы жылдан 250-350 жыл бұрын қасіреттің боларын сезіп хандарын сақтандырып, шалыс басқан жерлерін ескертпеп пе еді ел қамын жеген ақылгөй бабалары-мыз?!.

Өз заманында төрткүл дүниеге танылған, бүгін есімі аңызға айналған жырауларымыз Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет Азауұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Жиембет Бортоғашұлы, батырларымыз Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Нәрік, Шора, тағы басқаларына тарих кітабының бетінен басқа ештеңе бұйырмады. Бұл бабалар-дың елге сіңірген еңбектерінің кемдігі-нен емес, ұрпағының өз тарихын дұрыс білмей, насихаттамағандығынан орын алып тұр.

Тамыры тереңге жайылмаған ағаш қатты жел болса, ылғал аз болса, әйтеуір бір кез келген қолайсыз жағдай орын алса опырылып құлары анық. Мемлекет-тің терең тамыры – тарихы. Егер мем-лекеттің халқы өз тарихын терең білмесе, кез келген сын сағаттарда аман шығуы қиын. Тарихын білмеген халыққа өзінің тілі де, діні де бітпейтін дауға айналады, бір елдің ішінде алауыздықтар пайда болып, өнбейтін іспен айналысады. Бұл халық үшін қасірет. Сыртыңдағы да, ішіңдегі де дұшпаның бұған жадырап, осы кемшіліктерді пайдаланып әрдайым аяқтан шалумен болады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін тарихты терең зерттеп, зерделеу қажет. Тарихың дұрыс жазылған соң барша халыққа, соның ішінде жас ұрпаққа терең ұғындыру қажет. Білім мен ғылымды терең игеріп, қажырлы, адал еңбек етіп, салауатты өмір салтын сақтап, ұрпағымызға оң тәрбие берсек, еліміздің ертеңі ашық болары хақ.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1196

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463