Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Археология залында көрермен назарына aұсынылған ритон күмістен жасалып, алтын жалатылған. Бұл күміс түтік Орал қаласынан 45 км қашықтықта орналасқан Долинное ауылының маңынан 1967 жылы кездейсоқ табылған.
Күміс түтікше айрықша пішінмен көз тартады. Ол біздің заманымызға дейінгі V ғасырдағы Ахеменидтік Ираннан әкелінген болуы керек. Тұрқы қысқа мүйіз пішіндес, аузы жалпақша түтіктің малдың кеудесіне ұқсаған төменгі ұшы сүйірлене біт-кен. Малдың кеуде тұсына бұқаның басы тәрізді құйма орнатылған. Дененің төменгі бөлігі ғана сақталған, ал басы орналасқан үстіңгі жағын түтіктің аузымен бірге жоғалып қал-ған тәрізді. Мүйіздің сақталған бөлігі бірнеше жерден қатты бүлінгендік-тен, бейнеленген сюжетті бағамдап, қарап, анықтау қиынға түсті. Түтіктің жоғары жағына жолақ өрнек жүргі-зілген, оның тегіс жерлеріндегі кейбір сурет сол қалпында сақталыпты.
Бедерлі өрнектерден бүркіт-арыстан бейнелі жыртқыш аяқтарының төменгі жағы анық көрінеді. Шамасы, тұтастай аяғына емес, оның бір бөлігіне ғана алтын жалатылған болуы керек. Сәл оңға қарай, жолақшаның жіңішке тегіс бөлігінде тағы бір көрініс – тұяқтарын бүгіп тұрған теке сұлбасы көзге шалынады. Аталмыш көрініс иран-ахеменидтік әшекей-бұйымдармен қатар, сақ-скифтердің аңдабы мәнеріне тән. Сірә, текенің аяғының ұшы әлдебір жыртқыштың аузына ілінген тәрізді, оның басы түтіктің жолақ өрнекпен жалғасқан жазық тұсынан ішнара көрініп қалады.
Түтікте бейнеленген суреттің жалпы композициясы, сондай-ақ жеке бөліктерінің орындалу мәнері оны ахеменид заманындағы Иран бұйымдарының қатарына жатқызуға толық негіз болады.
Іңкәр ОРАЗОВА,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейі, экспозиция бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері