Бір қарағанда, салтпен сіңіскен, той-томалақ үстінде тұрғай, жайшылықта аузымыздан түспейтін осы сөзді қалай түсіндіруге болады деп ойлайсың.
«Құдасы» солай-ақ болсын, «андасы» не?
1977 жылы жарық көрген «Түсіндірме сөздікте» бұл туралы ешнәрсе жоқ.
1983 жылы баспа бетін көрген Б.Кенжебаев пен Т.Қожакеевтің «Сөз туралы сөз» кітабында: «Осы күні қазақ тілінде жекжат деген мағынада қолданылатын «құда-анда» деген қос сөз ерте уақытта «одақ» деген мағынада қолданылған екен. «Құда» – қыз алып, қыз беретін одақ, «анда» – әскери одақ деген сөз екен.
Бір заманда, көбінше жауынгерлік кезінде, қыз беріп, қыз алып отырған елдер әрі әскери одақ та құрады екен, сөйтіп құдандалы ел болады екен.
Кейін, жаугершілік саябырсыған заманда оның «анда» – әскери одақ мағынасы жойылып, «құда» – қыз беріп, қыз алатын одақ мағынасы ғана қалған».
Осылай деп тайға таңба басқандай жазылғанына қарамастан, күні кеше ғана қолымызға тиген «Қазақ әдеби тілінің сөздігі»: «анда» – «дос», «жолдас» дегеннен әрі аспайды.
Енді Ақселеу Сейдімбековке құлақ түріп көрелік: «Анда – ер адамдардың қан араластыру арқылы дос болуы, яғни андалас болуы. Дәстүр бойынша, анда болатын адамдар қымызға қандарын араластырып, бөліп ішетін болған немесе бармақтарын тіліп, тілген жерлерін тиістіру арқылы қан араластырған. Тарихи деректерде андалар бірін-бірі әкеден кейінгі жақын адамдармыз деп есептеген. Бірі үшін бірі ойланбастан жанын қиған. Байырғы жазбада скифтің екі анда жауынгерінің бірі жау қолына түскенде, екіншісі андасын құтқару үшін екі көзін ойдыртуға келісім бергені айтылады.
Моңғол тілінде әбден сенген адамын «анд» деп атайды. Қазақ тілінде де бір-біріне сенген, серт байласқан адамын «анттас», «андалас» дейді. Қазақ тіліндегі «ант» сөзі моңғолша «андгай» деп аталады. Бұл мысалдардан «анда» сөзі мен анда болу дәстүрінің байырғы түркі-моңғол заманынан бастау алатынын аңғаруға болады».
Бір ғана «құдандалы» деген сөздің төркіні осылай тарих тереңінен сыр тартады.