Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
...Оны неге білмейсің?!
Қатын алдың қарадан,
Айырылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айырылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің!?
Құладың құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі.
Аққу – құстың төресі,
Ен жайлап көлді жүр еді.
Аңдып жүрген көп дұспан
Елге жау боп келеді:
Құладың қуды өлтірсе –
Өз басыңа келеді!
Құлың көп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?!
...Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің!?
...Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!?
Қош, аман бол, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құйрығы жоқ, жалы жоқ –
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ –
Жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып –
Таздар қайтіп күн көрер?!
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер!?
Қырында киік жайлаған
...Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду...
Нәлет біздің жүріске!
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!..
Есті көрсең кем деме
Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас,
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп,
Көңіліңді салмағыл.
Нәпсі алдаушы дұспанның
Насихатын алмағыл.
Бақыты оянған ерлердің
Әрбір ісі оң болар,
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа,
Күнімде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама,
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама.
Еділ бол да, Жайық бол
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу – дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..
Бұл заманда не ғарып
Бұл заманда не ғарып?
Ақ қалалы боз ғарып,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп,
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп;
Қадірін жеңе білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп,
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын-шалқар көл ғаріп,
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп,
Атажұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.