Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс қарадым.
Қырында деп қызығы,
Суында деп балығы,
Астрахандай қаланы,
Өзім барып салдырдым.
Орысқа жеріңді алдырдың.
Көңілімді жаман қалдырдың.
Даладағы көлге шекер төктірдің,
Шекерге қуды бөктірдің.
Құладын құстың құлы еді,
Құладынға қуды алдырдың.
Жақсыға жаманды теңгердің,
Түбінде осы өз басыңа келер деп,
Құладындай бір жаманнан өлер деп,
Соған өкпелеп келмедім.
Хан «жә ол олай екен, міне, қарындасым Қанбетті Мағалы байдың ұлы Тастемір мырзаға берейін деп, той жасап шақырып едім, оған да келмедің, бұған не айтасың? – депті, сонда Асан қайғының берген жауабы:
Ұсарма? Билер! Ұсарма?!
Арғымақтың аяғын
Алтын менен тағалап,
Күміспенен шегелеп
Шиі жібек тұрғанда,
Арқан менен тұсар ма?!
Ханда өтірік айтар ма,
Хан жарлығы қайтар ма.
Әз Жәнібек дейін хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Есілдің ары Әметі тұрғанда,
Мағалы байдың ұлына –
Бұқасын баққан құлына,
Тастемірдей жаманға,
Қарындасын берерге ұсар ма?..