Сөйтсек, Есім ханның да хандық құрған жылдары әр деректе әр түрлі көрсетіледі екен. Жә, оның бәрін дәлелдеп жатпай-ақ, осы тақырыпқа үңіліп көрген жан бірден-ақ көзі жететіні ақиқат. Сіз оны айтасыз, архивтерде мұқият түрде қаттаулы, патшаға қараған заманның өкілі деген Сырым Датұлы өмірбаянына да осы айтылған әңгімеміздің қатысы бар. Ғаламтордағы уикипидея – ашық энциклопедиясын ашсаңыз, «Сырым Датұлы (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен»... деген дерекке тап боласыз. Ал, енді бір деректерден «СЫРЫМ ДАТҰЛЫ (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі» дегенді кездестіруге болады. Бұл қайдан алынған дерек екен дейсіз ғой, осы жазбаның астына дерек көздері ретінде «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том, Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалығы А.Сейдімбеков, «Елтұтқа» кітабы» деп көрсетілген. Бұл бір мәселе. Айтпағымыз мүлде бөлек.
Жиембет жыраудың «Арманда болып барамын, Қоштасуға аял жоқ, Қалқаман, Шолан ерлерім!» деген жыр жолдарын оқи отырып, ойға келесің, «атақты батыр әрі жырау тіліне ерлерім деп тиек етіп тұрған Қалқаман, Шолан деген кім-дер екен?» деген. Жиембет жырау атақты толғауында аттарын атап өтсе, демек, ол ерлердің де тегін кісілер емес, сол уақыттағы өте ықпалды, тарихи тұлғалар болғаны ғой...
Шежіреден белгілі, Жиембет жырау шыққан Тана руы жеті баулы. Оның бір тайпасы нақ біз сөз етіп отырған Жиембеттің есімімен аталады. Сондай-ақ сол Тананың ішінде осы Жиембетпен қатарлас аталатын Қалқаман тайпасы да бар (Жеті баулы Тана: 1.Жиембет 2.Ахмет 3.Қалқаман 4.Асан 5.Бессары 6.Қарақұнан 7.Қараман). Демек, Жиембет толғауында айтыла-тын Қалқаман – есімі дәл осы тайпа атауын иеленген Қалқаман болуы әбден мүмкін. Ал Шолан ше? Тайпа атауы дегеннен шығады, Байбақты руының Шолан бөлімі деген бар. Тағы бір белгілі жәйт, бұл ру бөлімінің атауын иеленіп отырған Шолан – атақты батыр Сырым Датұлының атасы, яғни Даттың әкесі. Тана мен Байбақты руы шежіреге үңілсек, бірімен бірі өте жақын туысатын туысқан рулар (Жиембет заманында бұл жақындық тіпті жоғары болады). Сонда Жиембет, «Қалқаман, Шолан» дегенде өз ағайыны Қалқаманды және Сырымның атасы Байбақты Шоланды айтып отырғаны ма?
Жыр жолдарын оқығанда қисынға (логика) сүйеніп, мынаны анықтауға болады: біріншіден, Қалқаман да, Шолан да Жиембеттен жас жағынан кіші адамдар. Өйткені қазақта жас үлкені ғана кішісінің атын атағанда «ерлерім» деп айтуы мүмкін. Сондай-ақ жырда Қалқаманды бірінші атауына қарағанда Шолан Қалқаманнан да кіші болуы ықтимал. Енді Жиембет осы толғауын қайраты қайтыңқыраған, үлкейген шағында айтқаны тағы белгілі. Сонда шамамен 1640 жылдары шыққан толғау деп жориық. Олай болса, Шолан 1610 жылдар шамасында дүниеге келген адам болуы мүмкін. Ал, Дат – Шоланның төрт ұлының кенжесі екені анық (Есенбай, Түкіш, Байторы, Дат). Даттың кенже ұл болуына қарағанда Шоланның жасы ұлғайған шағында тоқалынан көрінген ұл болуы мүмкін. Сонда Дат 1670 жылдары дүниеге келген деп ойлауға негіз бар. Олай болғанда, жоғарыда айтқан уикипидея мәліметі бойынша, Сырым Даттың 40 жаста болған шамасында көрін-ген. Ал келесі мәліметке сүйенсек (Сырымның 1723 жылы дүниеге келгені), Даттың 50 жас шамасында Сырым дүниеге келген болады. Тіпті Сырым батыр 1745 жылдары өмірге келді десек те, Дат бұл кезде 70 жас шамасындағы қарт болып шығады. Ал балаларына Жетпісбай, тіпті Тоқсан деп ат қойып жүрген қазақ үшін бұл да әбден мүмкін жағдай. Дегенмен, дәл осылай болған деген нақты дәлел де жоқ. Сондықтан біздің болжамымыз дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін.
Осылай деп алып, тағы бір қызықты баяндайық. Мына мәліметке көңіл аударалық.
Шешендік өнерді жіті зерттеген ғалым Балтабай Адамбаев-тың «Шешендік сөздер» деген кітабында «Сырымның Мөңкені жеңуі» дейтін әңгіме бар. Онда «Сырымға бір жолаушы Шекті елінің бір малшысы сізге «бере сал» деп еді, – деп екі жапырақ ескі шүберек береді. Сырым шүберекті Тана Қоске би мен Бөкен биге көрсетеді. – Бұл біздің елдің Шектіде қорлық-кемдікте жүрген бір әйел адамы болар. Сырым, сен барып алып қайт. Көзіңе шарапшын ки, қарт-жас екеніңді білдірме, айтыса қалса Мөңкенің алдына бар, – дейді Қоске қарт.
Сырым Шекті еліне барып, «осы елге бір қарындасым еріксіз кеткен екен, алып қайтайын деп келдім» деген соң, Шектінің билері: «Адамыңның ата-тегін, аты-жөнін айт» дейді. Сырым айта алмайды. «Ендеше, саған ел аралатпаймыз, адам бермейміз», – дейді. Сырым айтысып Мөңкенің алдына бара-ды», – делінген [ӘӨИ, қ.қ.139-бума. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992].
Енді Танадан шыққан Қоске би, Сырымның жас күнінде қарт болған Қоске кім екен? Тағы да шежіреге үңілсек, жеті баулы Тананың Қалқаманының жеті баласының бірі Меңдіғұл, Меңдіғұлдан Мәмбет, Үмбет, Қоске, Қосдәулет есімді төрт ұл туады (Бұл төрт атаның қай-қайсы да ру бөлімі атауларын иеленіп отыр). Шежіре бойынша, көріп отырғанымыздай, Қоске – Қалқаманның немересі. Тана Қоске би мен Сырым бір заманның адамы болса, олардың аталары Қалқаман мен Шоланның да замандас екені заңды болады. Оның үстіне жоғарыда болжағанымыздай, Қалқаманның Шоланнан жасы үлкен болса, Оның немересі Қоскенің де, Сырымнан жасы үлкен, қарт болуы қисынды. Міне, осылайша, бір болжамнан бір болжамды туғыздық. Әзірге ақ-қарасы бір Аллаға аян. Біз ойға келген пікірімізді білдірдік.