Ой

Сыйлыхан ЖҰМАСАЛЫҚ,
Үлкен Шаған ауылы, Зеленов ауданы, Батыс Қазақстан облысы

Мұң шарасыз ой түбінде кірлейді,
Күн бағасыз сүрлеуменен сүрлейді.
Тыныштығын сұрап жердің бетінде,
Тым мазасыз бақыт кезіп жүр дейді.

Тым мазасыз бақытынан талайдың,
Болашаққа жаутаң көзбен қараймын.
Өз өзіме сағынышты қартайтып,
Ойларымды аяймын.

Жаныма мұң толтырған сол өлеңге,
Мұң айтамын батырардай тереңге.
Өлімші өлең өкіреді содан соң,
Жауа алмаған бұлт тұрады төбемде.

Өксік қысып жүрегімді тілдейді,
Қатын өмір заманымды күндейді.
Ұйқылы ояу адамдар һәм ұйқыда,
Ал өлгенде оянарын білмейді.

Тәңір-Тағым армандаумен өлерсің,
Мені қалай өзіңнен сен бөлерсің?!
Кешегідей қыран елдің тағдыры,
Жемсауыты жыртылған бір көгершін.

Беу, дүние, бақытыңа сыйды кім?!
Өмір-мұхит шығарады бұйрығын.
Қамданбаса болашаққа кемеміз,
Желкеніне жел айтады билігін.

Адамзаттың ақыретте жүгі бар,
Кім бар екен қасіретін ұғынар?
Күнбатыстан «күлімдесе» көкте күн,
Күнбағыстың мойны қайда бұрылар?!

Қаралым саны 1080

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463