Танысу
Тайпақ өңірінде туып-өскен балаң жігіттің ең сүйікті сабағы тарих пен дене шынықтыру пәні болатын. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң әскери салаға барамын, не болмаса спортпен кәсіби тұрғыда шұғылдана-мын деген асқақ арманы да болып еді. Ол еркін күреспен 4-сыныптан бастап айналысты. Шымыр денесі-мен шалт қимылдап, айла-тәсілді де шебер қолданатын Тілекқабыл Есқазиев өз қатарластарынан оза шауып, ел көзіне ерте түсті. Ауыл жастарының спортқа деген қызығу-шылығын оятқан «Қайрат» қоғамы ұйымдастырған облыстық, республикалық жарыстарда да жүлдесіз қалған емес.
Қате қайдан дерің бар ма?!. 1978 жылдың сәуірінде оныншы сыныпта оқып жүріп, еркін күрестен Ақсайда өткен кезекті додада мойын омыртқасына қатты зақым келді. Қарсыласы да бұрыннан белдесіп жүрген балуан еді... Амал қанша, «мектеп бітіріп, оқуға барамын» деп айдарынан жел ескен балаң жігіт соңғы қоңырау салтанатына да қатыса алмады. Ес-түссіз жатқан Тілекқабылды ауруханаға алып келгенде, Оралдағы медициналық училищеде білім алып, қосымша жұмыс істеп жүрген Ботагөз оны бірден таныды. Өйткені мұның алдында Чапаевта өткен боз кілем бәсекесінде жүлделі орындарды иеленген тайпақтық жігіттер сол ауылға қонаққа келген қалалық қыздардың жүрегін жаулап алған болатын. Ағасының үйіне демалысқа барған Ботагөздің көз алдында осы бір сымбатты денелі, бойшаң жігіттің бейнесі ұмытылған жоқ еді. Тағдырдың тоғысуын айтсаңшы. Сол күнгі оның жұмыстағы кезекшілігінде Тілекқабыл да ауруханаға түсті. Екі айға жуық емделген науқасқа бойжеткен ерекше ықыласпен көмек қолын созып, оқимын деген қажетті кітаптарын іздеп, тауып әкелетін...
Табысу
Кейін Тілекқабылды әкесі Қарағанды қаласында алып кетті. Мұнда ол сегіз айдай дәрігердің бақылауында болды. Осы уақыт аралығында олар бір-біріне хат жазып, байланысын үзген жоқ. Қарағандыдан қайтқанда Тілекқабылдың беті бері қарап, ауылға келген соң сүйеніп жайлап жүретін болды. Мұны естіген Ботагөздің спортшы жігітті «тәуір болып кетер» деген үміті зор еді. Бұл кезде ол училищені бітіріп, туған ауылы Жымпитының “Правда” совхозына (қазіргі Сырым ауданының Тоғанас ауылы) жас маман болып жұмысқа кетті. Жастардың арасында бір сәтке де хат-хабар үзілген емес. Тіпті Тілекқабыл Есқазиевтің ата-анасы да Ботагөзді жақсы тани бастады. Күндердің күні Ботагөз қасына құрбысын ертіп, Тайпаққа қонаққа барады. Осы кездесуде олар сөз байласып, отау көтереміз деген бір байламға келді.
– Тілек жүрмей қалады деген ой менде мүлде болған жоқ. Әкесі, атамыз өте көрегенді, тәрбиелі кісі болатын. Маған: «қызым, әлі жассың, мүмкін ойланарсың, үйленгеннен кейінгі өмірлерің қалай болады» деп ақылын айтты. Бірақ мен өз шешімімді өзгертпедім. Өз ата-анам да басында қарсылық білдірді, - дейді Ботагөз Есқазиева.
Уәделескен күні екі жақта той болды. Бірақ бұл той басқа тойлардан өзгерек өтті. Тілекқабылдың сырқатына байланысты қыз алуға күйеу жігіттің әкесі мен інісі ғана келді. Жас жұбайлардың орнында Ботагөз жалғыз отырды. Жатжұртқа аттанарда да ол қайын атасы мен қайын інісіне еріп кете барды. Сол бір күнгі ішкі жан тебіренісі, ала көңіл ағайын мен қызының болашағын ойлап күрсінген ата-анасының көз жасы Ботагөздің әлі жадында...
Шаңырақ
Жас жұбайлар отбасын құрған соң Тәкең үй күтімінде, ал жеңгеміз Тайпақтағы жедел жәрдем қызметіне жұмысқа орналасты. Он балалы Есқазиевтер отбасында бір үйде үш келін, ата мен ене, бас-аяғы 16-18 адам тұратын. Жылдар өткен соң жанұяда Қарлыға, Анаргүл есімді қыздар дүниеге келіп, шаңырақтың қуанышын еселеп, үлкен үйден бөлек отау болып шықты. Араға уақыт салып, Азамат есімді атұстар дүние есігін ашты.
Отбасының қамы мен жұмысты қатар алып, шаршағанын білдірмеуге тырысатын жұбайының жағдайын көргенде Тілекқабыл өзін қоярға жер таппай, іштей қатты қиналатын. Бірақ қолдан келер шара бар ма, қабылда-ған ем-домның әсері жас жігітті арбадан «ажырата» алмады. Мұның үстіне Ботагөзді де қатар-құрбылары мен кейбір әріптестері «мынау не өмір, қашанғы осылай жүресің» деп жан жарасын ауырлататын. Бірақ адал махаббат пен шынайы сыйлас-тықтан құрылған отбасының берік босағасы мен биік шаңырағын ешкім де шайқалта алмады.
Көш
1994 жылы Ботагөздің анасы жалғыз қалған соң, олар Правда ауылына қоныс аударады. Сол жыл-дарда облыс көлемінде дүрілдеп тұрған совхозға көшіп келген соң қорасы малға толып, жанұяның ырысы мен берекесі арта түсті. Отбасында екі қыздың арасында өскен Азаматтың балалық базары ерте тарқап, анасына қолғабыс етіп, отын-су әзірлеуге көмектесетін. Анасы жұмысқа кеткенде «әкем шақырып қалар деп» үйден ұзап шығып ойнамайтын. Алайда өткен ғасырдың 90-жылдарындағы елдегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтар әрі науқас отағасы мен жастайынан отбасының барлық тауқыметін көтеріп жүрген Ботагөздің денсаулығының сыр бере бастауынан олар қалаға қоныс аударуды жөн деп шешті. Ағайын-туманың көмегімен, өздері жинаған қаражатқа Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы екі қабатты үйден шағын пәтер сатып алды. Қаланың қым-қуыт тірлігіне үйреніп кетуде оңайға түспеді.
– Қалаға көшкен соң қыздарды колледжге, артынан инстиутқа оқыттық. Балаларымыздың біреуі де тентектік жасап, отбасымызға ұят келтірген емес. I топтағы мүгедектікке маған төленетін аз ғана жәрдемақыға қосымша апаң да жайлап жұмыс істеді. Бірақ маған қарайлап үйден ұзап, мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа шыға алмады. Ұлымыз Азамат мектеп қабырғасында жүріп, үйдің жанын-дағы бір дүкенде жұмыс істеді, – дейді Тілекқабыл аға. Әкесі ауырып, анасының қиналып жүргені Азаматты ерте есейтіпті. Тіпті үйдегі қаражатты үнемдеп, «ДОСААФ» аялдамасынан Циолковскийдегі қазақ мектебіне жаяу барып келетін...
Алғашқы «табыс»
– Бағымызға қарай айналамыз-дағы көршілеріміз бізге ерекше ілтипатпен, жақсы көзқараста болды. Бірде маған «күн ұзаққа есік алдында отырасың, қарап отырғанша шемекі, сағыз, шылым, ұсақ-түйек заттарды сатсаңшы, біз сенен аламыз» дегені. Алғашында ойланып қалдық. Ауылдағы таныс-тамырларымыз көрсе, ұят болмай ма деген ой да болды. Тәуекелге бел буып, отбасыма аз да болса қолұшымды берейін деп кірісіп кеттім. Ең алғашқы күнгі түскен 95 теңгеге бір пәшке пельмен сатып алдым. Бұл менің үйге әкелген алғашқы табысым еді. Осылай 5-6 жыл сауда жасадым. Осы кәсібімнен қосымша «копильникке» тиын жинап, балаларыммен ақылдасып, Ботагөздің туған күніне жүзік алып, тосын сый жасағаным мен үшін өмірдегі естен кетпес күндердің бірі, - дейді Тілекқабыл Есқазиев.
Күндер зулап, жылдар жылжып өте келе, Азамат әскер қатарына алынып, Ақтау қаласындағы жаяу әскер бөлімінде азаматтық борышын өтеді. Ал қыздары Қарлыға мен Анаргүл оқуларын тәмамдап, тұрмыс-қа шығып, өмірге келген жиендер бақытты отбасының қуанышын есе-лей түсті. Ал 2008 жылы Азамат шаңырақ көтеріп, босағаны аттаған Гүлнұр есімді келіні де үйдегі үлкен-дердің жағдайына түсіністікпен қарап, тәртібіне көнді. Кейін немере-лер дүниеге келіп, Тілекқабыл ағаның өмірге құштарлығы арта түсті.
Кіріп-шығу мұң...
– Тілектің бағым-күтіміне үйрендім. Тек жыл өткен сайын маған екінші қабаттан оны арбасымен сыртқа кіргізіп шығару қиындап барады. Бала жұмыста, қазір екі отбасының қамы Азаматтың мойнында. Ал екі қабатты ескі ғимараттағы пәтеріміз-дің баспалары биік, жедел сатысы да (лифт) жоқ. Сондай-ақ Тілекқабыл жүріп-тұрғанда арнайы темірден жасалған құрылғымен қозғалады (ходунок), бірақ ол дәретхана есігіне сыймайды. Өкініштісі, отағасы өздігінен отырып, тұра алмайды. Осы жағы қиындау болып отыр. Тұрғын үй кезегіне 2004 жылы тіркелгенбіз, ұзын-сонар кезек жылжитын емес. Бізден де жағдайы қиын адамдар бар шығар деп, әкімшілікке, құзырлы мекемелерге бара беруге де ұялам, – дейді Ботагөз апай.
Облыстық, қалалық мүгедектер қоға-мы да барлық мерекелік шаралардан Тілекқабыл Есқазиевті қалдырған емес. Үнемі хабарласып, хал-жайын біліп отырады. Қажет кезінде, мүгедектерге арналған автокөлікпен қамтамасыз етуге де ұйытқы болуда. Дәржан Иманғалиев, Жұмажан Қожжанов секілді мейірімді жандар-дың қамқорлығына кейіпкеріміз дән риза.
Тәубе
– Қазір қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау жандардың өзі-өзіне қол жұмсап жатқандығын естіп, таңғала-мын. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Мен әрбір таңның атқанына, әр күні әйелімді, балаларым мен немере-жиендерді көргеніме, елімнің тыныштығына шүкіршілік етіп отырамын. Өмірдің қуанышы мен қайғысы алмакезек қой. Төсекке таңылған алғашқы жылдарымда ата-анама, жұбайыма масыл болдым-ау деген ойлар мені мазайлайтын. Бірақ төзімділік таныттым. Үбірлі-шүбірлі бақытты отбасы болып қалыптасуы-мызда Ботагөздің еңбегі өлшеусіз. Өздігімнен жүріп-тұра алмасам да, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ата болғаныма шексіз қуанамын. БАҚ арқылы елдегі жағдайды, жаңалықты қалт жібермей қарап, өз елімде, өз Отанымда тұрып жатқаныма тәубе қыламын, - дейді кейіпкеріміз.
Өмірдің қиындығымен бетпе-бет күресіп жатқан Тілекқабыл Есқазиев-тей азаматтың өмірі көпке үлгі болар-лық. Бірақ спорт үшін денсаулығынан айырылып, өмірі осындай қиындық-пен өткен бір кездегі балуанды біздің спортшылар, осы саланың жанашырлары іздей ме екен?...