Сондықтан өлкеміздің тарихын терең біліп, жас ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз. Тіпті өлкетану саласын терең зерттеп, дамытып, насихаттасақ көптеген түйткілді мәселелерді де шешуге болады деп ойлаймын.
Бұл мәселелердің бәрі де түбі оң шешілеріне сенемін. Бірақ бүгін атқаратын істі ертеңге қалдыру еріншектік, таяздық, жеке бастың қамын ойлаудың деңгейінен аса алмаушылық. Біздің осы бір жайбарақаттығымыздан қаншама ұрпақ опық жейді?! Қайта қалыпқа келтіру үшін қаншама уақыт пен қаржы қажет? Бұл сұрақтарға уақытында ұрпақтарымыз жауабын да, назын да айтар деп ойлаймын.
«Теңіз тамшыдан құралады» демекші, теңіздей атқарылар іске «Dana.kaz» журналы тамшыдай үлес қосуда. Еліміздің болашағына шынайы жанашыр оқырмандарымыз бұл айтылған мәселелерді шешуге барынша ниетті боларына сенемін. Осы ойларымызды білім салалаларының тұтқасын ұстаған және қалталы азаматтар құптап, қолдау жасаса мәселелер ыждағаттылықпен оң шешілері анық.
Біз білмейтін туған жер
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласында автокөлік, пойыз, ұшақтың бірі де болған жоқ. Бірақ атам қазақ атпен-ақ кең байтақ жерімізді кезіп, құс қанаты талатын жерлерге дейін барды. Туған өлкесін тасынан, суынан, шөбінен-ақ танитын еді. Компассыз-ақ бағыт-бағдарын дәл айқындап, қажет жеріне бара алатын. Қазір ше? Тіпті ауылдан 15-20 шақырым қашықтыққа шығарып, енді ауылыңды өзің тап десе, жас түгілі, кей жағдайда ересек те адасып кетеді. Кейбірі қаланың қақ ортасында тұрып, оңтүстігі мен солтүстігін айырмайды. «Жайық өзені Еуропа мен Азияны бөліп жатыр, біздің жер – Еуропа мен Азияның қақпасы» деп мақтанамыз. Сөйте тұра көпшілік жас Жайықтың қай беті Азия, қай беті Еуропа екенін білмейді. Бөкей хан қазақ елінің қамын жеп, өз басын қатерге тігіп, біліктілігі мен білгірлігі, дипломатиялық шеберлігі арқасында Жайық пен Еділдің арасындағы ата-бабаларымыздың жерін қайтарды. Туған елдің аумағын кеңітті. Енді бүгінгі жастан, тіпті кейде үлкеннен «Еділ өзені Жайықтың қай бетінде» деп сұрасаң, абдырап қалады. Патша үкіметінің қазақтарды жерінен ығыстырып, отарлаудың шарықтау шегіне жеткеніне ашынған айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлы:
«Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойындағысы болғаны» - деп жырлады. Бір оқығанда, бәрі түсінікті. Міне, біз қазір Жайықтың жағасындамыз. Ойланайықшы: Еділ қайда, Ойыл қайда? Жаңа ғана бәрі түсінікті болған шумақ енді көпшілігіне түсініксіз. Алдыңызға жер сызбасының картасын әкелсе, жазулы өзендердің атауын жылдам табасыз. Әйткенмен, біз картаның үстінде емес, жердің үстінде өмір сүреміз.
Мектеп қабырғасында математика, информатика, геометрия, физика, химия пәндері қиын, ауызша сабақтар, яғни тіл, әдебиет, тарих, география іспеттес пәндер оңай деуші едік. Көпшілігіміз 11 жыл бойы мектепте оқығанда тарих, әдебиет, қоршаған ортамен таныстыру, астрономия, география пәндерінен төрт пен бес деген баға алып едік қой. Бұған төрт жылдық ЖОО-дағы білімді тағы қосыңыз. Сонда біз білім, ғылым арқылы көп нәрсені білеміз деп жүргенде қарапайым туған жерімізді танымауымыз қалай?
Тарихымызды таныдық па?
Жоғарыда жерімізді географиялық жағынан танып білуден керемет емес екендігімізді аңғардық. Ал тарихын қандай деңгейде білеміз? Тілін, дінін, тарихын терең білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Менің байқағаным, жай қарапайым адам түгілі, кей жағдайда тарихшылардың өздері туған өлкенің өткенін жан-жақты біле бермейді. Қазақстанды мекендейтін барлық халықты ұлттық рухта оқытатын тарихи білім беру жүйесі де жолға қойылмаған. Біз алысқа бармай-ақ, соңғы сегіз ғасырды алайықшы. Алтын орда, Ноғай ордасы, Бөкей хандығы. Өз деңгейінде тарихи бағасын алмаған бұл елдердің астаналары да осы жерде. Ойланып қараңызшы, хандарды айтпағанда, қанша батыр, би, әнші, күйші, жыршымызды білесіз? Саусақпен санамалап, онға жеткізе аласыз ба? Ел тағдырын қарақан басынан жоғары қойып, қиын-қыстау кезеңде білектің күшімен, найзаның ұшымен жер қорғаған батыр бабалардың, болашақты болжаған, алашын ойлап, қайғырған абыздарымыздың, дау-дамайды шешіп, дауласқанды бітістіріп, қиыннан қиыстырып сөз тапқан би-шешендеріміздің, халықтың қуанышы мен мұңын ән мен күй арқылы шебер жеткізген өнерпаздарымыздың өміріне қаншалықты қанық екенбіз, ойланыңызшы. Білгенімізден білмегеніміз көп екендігін сезінеміз. Осыдан кеп тағы бір мәселе туындайды.
Көсемдерді көшеден көрсек
Қала мен ауыл-аймақта елге ерен еңбегі сіңген бабаларымыздың құрметіне жаңадан көше атаулары беріліп, ескерткіштер орнатылуда. Жаңадан көше атауы берілген, ескерткіш қойылған тұлғалардың дені соңғы 300 жылда өмір сүрген. Бұл 300 жыл Ресейге бодан болған кезең емес пе? Әрине, тұлғалары-мыздың қай-қайсысы да – бодандық бұғауын бұзуға белсене атсалысып, болашақ ұрпағының азат елде ғұмыр кешуін бір табан жақындатқандар. Бірақ осы 300 жылға дейінгі кезеңдегі жаужүрек батырларымыз бен ел дегенде егілген абыздарымыз, би-шешен, ақын-жырау, әнші, күйшілері-мізді неге ескермейміз?І Өз заманын-да төрткүл дүниеге танылған, бүгін есімдері аңызға айналаған жыраула-рымыз Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет Азауұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Жиенбет Бортоғашұлы, сондай-ақ Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Нәрік, Шора сынды батыр бабаларымызға тарих оқулықтары бетінде берілетін жалпылама мәліметтерден басқа ештеңе бұйырмай тұр. Бұл олардың елге сіңірген еңбектерінің кемдігінен емес, ұрпағының өз тарихын дұрыс білмегендігінен, насихаттың кемшіндігінен орын алып тұр. Егер осы олқылықтың орнын толтырсақ, Казақ елінің Ресейге бағынышты болғанға дейін өз алдына дербес, азат ел болғандығын өзге ұлт өкілі түгілі өз қандастарымызға да жеткізер едік.
Балама не бердім?
Адам жыл бойы жұмыспен жүргенде бала-шағаға көп көңіл бөлінбейді. Жылына бір рет еңбек демалысын алып, өз қалауынша демалады. Бірақ осы бір демалыста балаңа тәрбиелік мәні бар қандай іс қылдың? Балаңның дені сау, саналы, парасатты болуы үшін, есейгенде «кезінде менің әкем не анам мен мына жасқа толғанда айтып еді, көрсетіп еді, содан осыны түсіндім, білдім, осылайша өмірлік ұстанымымның қалыптасуына әсер етті» деп, болашақта ол өз ұрпағын тәрбиелейтіндей мәнді іс атқардың ба?
Жалғасы келесі санда
Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ