Осындай тұлғалар қатарында атақты Жиембет толғауындағы Қалқаман мен Шоланды айтуға болады. Ата шежіремізге назар аударсақ, Жиембет жырау мен оның толғауындағы Қалқаман – Кіші жүздің Байұлы тайпалар бірлестігі құрамындағы Тана тайпасының тумалары. Шежіре бойынша тана тайпасынан – Шаңқан, Біртоғаш деп аталатын екі іргелі ру тараса, сол екеуінен өрбіген жеті кіші руды жинақтап «Жеті баулы тана» дейді. Алайда, Кіші жүз шежіресіне қатысты Х.Маданов, А.Сейдімбеков, К.Ғ.Ахметов, т.б. еңбектерінде осы жеті ру туралы бірізділік жоқ. Ғаламтордағы уикипидея ашық энциклопедиясының мәліметінде «Тана Кіші Жүздің Байұлысына кіріп, Жиембет, Қалқаман, Қарақұнан, Асан, Шолан, Жолымбет, Қараман деп жетіге бөлінеді» делінген. Кіші жүздің ру-тайпалары туралы біраз мәлімет қалдырған орыс зерттеушісі И.Ф.Бларамберг Тана тайпасын Қараман, Ақымбет, Қарақұнан, Жиембет, Асан, Қалқаман, Бессары деген жеті бөлімге жіктей келіп, «Бұл тайпа Байбақтылардан төмен Жайық бойында қыстайды. Жазда олармен бірге аталмыш өзен бойында көшіп-қонады» деп сипаттайды.
Сөйтіп, шежірелік нұсқалардан Жеті баулы Танаға кіретін рулардың әр түрлі көрініс тапқанын байқаймыз. Дегенмен, олардың барлығында Жиембет пен Қалқаман есімдері үнемі бірге аталады. Оған қоса Қалқаманның Шаңқаннан, Жиембеттің Біртоғаштан тарауы, олардың өзара жақын немере бауыр екендігін көрсетеді. Шежірелік еңбектерді қаншама қарағанымызбен Тана руы бөлімінен Шолан есімін кездестіре алмадық. Тек жоғарыда атап өткеніміздей ғаламтордағы уикипидея ашық энциклопедиясы мәліметінде ғана Шолан атауы Жеті баулы танаға кіретін рулар қатарында берілген. Мұның өзін жай беріле салды деуге келмейді. Өйткені ол деректің өзі қандай да бір шежіреден алынған болуы керек. Оның үстіне Шолан тарихын саралау барысында бүгінге дейін соншалықты көп айтыла бермейтін дерекке тап болдық. Мәселен, орыс зерттеушілері И.Ф.Бларамберг (1848 ж.), Л.Мейер (1865 ж.) еңбектерінде Тана руының ұраны Шолан деп көрсетілген. Осыған қарамастан, кейінгі зерттеулердің барлығында дерлік Тана руының ұраны Тана, Жиембет, Малайсары делініп, Шолан есімі мүлдем ауызға алынбайды. Жиембет батыр ХVІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрсе, Қараман Тана Малайсары би ХVІІІ ғасырдың өкілі, яғни, Шоланның кіші ұлы Даттың, немересі Сырымның замандасы. Бұған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында келтірілген төмендегі жыр жолдары дәлел:
Өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас,
Бақыт құс ұшып кетсе қайтып қонбас.
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас!
Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға,
Қиналды ақыл таппай осы жолда.
Сайланды Әбілқайыр ғаскер басы,
Өзінше ел билігін алып қолға.
Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол-дағы ақыл-айла таба алмады.
Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды.
Сонымен, ХVІІІ ғасырдың басында Кіші жүздің жас биі атанған Малайсарының кейіннен Сырым батырға бата беруі түсінікті бола түседі. Фольклорлық мұраларымызбен қатар Малайсары би есімі өз дәуірінде орыс мұрағатының құжаттарына тіркелген. Мәселен, 1785 жылы шілде айында Нұралы ханды биліктен тайдыру жөнінде орыс патшайымы ІІ Екатеринаға хат жазған Кіші жүздің белгілі старшындары қатарында Тана руынан Сұлтанғали батыр, Қосдәулет би, Малайсары билер болып, өз таңбаларын түсірген. Мұның өзі аталған тұлғалардың сол тұста Тана руының беделді ел ағалары болғандығын айғақтайды. Шежіре бойынша Сұлтанғали батыр – Жиембеттің Баймұрат деген баласынан өрбіген немересі, яғни, атақты Сүгір жыраудың әкесі Мырзалының туған інісі. Ал Қосдәулет би – Сырымға қатысты әңгімелерде айтылатын Тана Қоске бидің туған бауыры. Шежіре бойынша олар Тана – Шаңқан – Қалқаман – Меңдіғұл – Мәмбет, Үмбет, Қоске, Қосдәулет болып тарайды. Малайсары би Сырымға берген батасында: «Менің батам жеті атаңа жететін болсын, үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін, құлағыңнан сыбыр кетпесін. Одан соң мына үш сиыққа зияның тимесін, бұл үш сиықта үш қасиетті адам бар. Соларға жолай көрме! Олар: бірінші – тана Қоске би, екінші – Әлім Көсеу би, үшінші – Есентемір Бөкен би» деген екен. Сырым Хиуаға аттанарда Қоске би:
Қыранмын деп мақтанба,
Жаюлы тұрған тор бар-ды.
Жүйрікпін деп мақтанба
Қазулы тұрған ор бар-ды, - деп сақтандырған.
Хиуадағы жағдайдың боларын сезді ме, елден шығарда Қоске би Сырымға: – Асты үй иесінен бұрын татпа, - деп ақыл берген екен.
Осы Қоске, Қосдәулет билердің Сырым батырмен замандас болуына байланысты Н.Сафуллин олардың аталары Қалқаман мен Шоланның да бір дәуірдің тұлғалары екендігін алға тартады. Оған қоса Қосдәулет, Малайсары билермен бірге аталған Сұлтанғали батырдың Жиембет жырауға немере болып келуі де аталмыш үш тұлға (Жиембет, Қалқаман, Шолан) бір кезеңнің тумалары деген пікірді қуаттай түседі. Қалай болғанда да Жиембеттің өз толғауында «Қалқаман, Шолан ерлерім» деуіне қарағанда, екі тұлғаның да батыр болғандығын әрі жыраудың замандасы екендігін толық айғақтайды. Ал Малайсары бидің Шолан батырдан кейін өмір сүргені белгілі. Осыған орай, ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілері неліктен Тана руының ұраны ретінде Жиембет жырауды немесе Малайсары биді емес, Шолан батырды жазып қалдырған деген сұрақ туады? Мұның өзі Шолан батырдың тегін тұлға болмағандығын көрсетеді. Осыдан келіп, Жиембет жыраудың толғауындағы Шолан батыр мен Тана руының ұранына айналған Шолан бір кісі емес пе деген ой туады. Қазақтың дәстүрлі қоғамында, негізінен, ру-тайпаның бастау тегінде тұрған тарихи адамдар, ел-жұрттың басына түскен сындарлы кезеңдерде ақыл-қайратымен танылған әйгілі тұлғалар ұранға шығатын болған. Яғни, ұран шақырғанда тарихи адамдардың, әйгілі тұлғалардың есімдері аталған. Сондықтан да ешқашан ұсақ-түйек тірлікке бола ұран шақырылмаған. Көрнекті ғалым А.Сейдімбеков қазақ ру-тайпаларының ұранына шыққан ру көсемдері, батырлары, аруақты-әулиелі адамдары, негізінен, Қазақ хандығы құрылған соң тарих сахнасына шыққан тұлғалар, ал Қазақ хандығына дейінгі кезеңде ғұмыр кешкен тұлғалар санаулы ғана дейді. Жалпы кезкелген бір рудың ұраны болған тұлғадан соң уақыт өте келе әлдеқайда тағы бір атақты тұлға шықса, жаңа тұлғаның есімі бірте-бірте ұранға айналады да, бұрынғы ұран-есім ұмытыла бастаған. Бұл туралы қазақ руларын жан-жақты зерттеген Л.Мейер ру таңбасы сияқты ұранның қатаң сақталмайтынын алға тартып, уақыт өте келе оның әртүрлі себептерге байланысты өзгеретінін, кейде руды немесе бөлімді ұзақ уақыт басқарған белгілі адамның есімі ұран болатынын айтады. Ал Н.И. Гродеков болса 7-10 буындардағы тұлға есімі ұран ретінде қызмет етеді де, жаңа кезеңде жаңа тұлға есімі ұранға айналады деп жазады. Қалай десек те, қазақ ру-тайпалары ұрандарының деректерде бірнеше болып кез-десуін ескі рулық ұрандардың әлі де ұмытылмағандығымен және де жаңа ұрандардың қатар қолданылуымен түсін-діруге болады. Кейбір ұрандар екі-үш ғасырға ғана төтеп беріп, одан соң жаңарып, өзгеріп отырса, қайсыбір ұрандар уақыт сынына ұзақ шыдаған. Көрнекті қазақ ғалымы М.Тынышпаев тана руының ұранын Тана деп көрсетуі осыған байланысты болса керек. Оның үстіне, Тана мен Байбақты руының арғы тегі туыс тайпалар екендігін ескере отырып, Байбақты руының Дәуқара батырға (1687-1751 жж.) дейінгі ұраны қалай аталды, Шолан батыр есімі Тана мен Байбақты руына ортақ ұран болған жоқ па екен деген ой туады. Ал мұның өзі әлі де нақты тарихи деректер негізінде саралауды қажет етеді. Шежіре бойынша Жиембет Біртоғашұлы мен Қалқаман Шаңқанұлы Тананың немерелері, яғни Танадан санағанда үшінші ұрпақ болса, келесі бір нұсқада Тана – Шаңқан – Бақтыгелді – Жақсыгелді – Қалқаман болып тарайды. Ал Шолан батыр Байбақтыдан есептегенде бесінші ұрпақ: Байбақты – Батақ – Әйтемен (Итемген) – Әйтімбет – Шолан. Ноғайлы дәуіріне қатысты сақталған орыс мұрағатының құжаттарында Байбақты есімі аталады. Ол 1551 жылы 14 қазанда Ноғай Ордасынан Жүсіп бидің Мәскеуге елшілігін бастап барған. Байбақты 24 қазанда орыс патшасы IV Иванның қабылдауында болып, Мәскеу тарапына Жүсіп би мен Жүніс мырзаның хатын табыстаған. Осы дерекке иек артсақ, Байбақты батыр XVІ ғасырдың тумасы болып табылады. Алайда, көрнекті жазушы М.Мағауин Жиембет жыраудың інісі Жолымбет батырға арнаған жырында «Хан жалғыз да, біз үшеу» деп келетін жыр жолын негізге алып, ондағы үшінші тұлға жыраудың немере інісі Байбақты батыр, «Байбақты – атақты Сырым батырдың алтыншы атасы, торғауыттарға қарсы соғыстың қаһарманы» деп сипаттайды. Ғалымның осы пікірі кейінгі еңбектерде арқау болып, қайталанумен келеді. Мәселен, С.Бақтыгерейұлы осы пікірді қуаттай келіп, Жиембет өзінің немере інісі Байбақты батырды айтып отыр, ал толғаудағы Қалқаман – өзінің аталас інісі де, Шолан – Байбақтының батыры, Сырымның атасы деп анықтайды. Сонда Байбақты Жиембеттің немере інісі болып, жырдағы Шолан Сырымның атасы болса, Байбақты, Батақ, Әйтемен (Итемген), Әйтімбет, Шоланның барлығы Жиембеттің кезінде өмір сүрген бе деген сұрақ туады? Міне, сондықтан да аталған авторлардың Байбақты Сырым батырдың алтыншы атасы деген пікірін құптағанымызбен, Жиембет жыраудың немере інісі деумен келісу қиын. Алдымен, Жиембет жырау «Хан жалғыз да, біз үшеу» деген де өзімен бірге туған бауырлары, яғни Ақымбет пен Жолымбетті меңзеп отырған жоқ па екен деген ой келеді. Өйткені, шежіре бойынша Біртоғаштан Ақымбет, Жиембет, Жолымбет дүниеге келген. Екіншіден, Байбақты батыр Жиембетке немере інісі болса, онда Байбақтыдан Шоланға дейінгі ұрпақтардың барлығы XVІІ ғасырдың тумалары бола ма? Оның үстіне Сырымның әкесі Даттың сол ғасырдың соңына қарай туылғанын ескерсек, бір ғасырда алты ұрпақ өмір сүрген бе деген сұрақ туады. Үшіншіден, шежіреде Байбақты Жиембеттің атасы Тананың тұсында өмір сүргені айтылады. Шежіреге зер салсақ, Байұлыға кіретін Сұлтансиықтан Масқар, Асқар, Тана, Алаша, Әлке тарайды. Осындағы Асқардан Жабу (Жәңгір), Сеңгір деген екі бала туып, соңғысы жастайында қайтыс болады. Жабудан Байбақты туады. Алайда Байбақтының жас кезінде әкесі Жабу дүниеден озып, қарт әкесі Асқардың тәрбиесінде өседі. Байбақты есейіп, ер жетіп келе жатқанда атасы да қайтыс болады. Осыдан кейін Байбақтының шешесі Қанымбике әмеңгерлік салтымен Танаға ұзатылып, одан Жанбақты, Тынбақты өмірге келген. Дегенмен, олар Байбақтымен қатар өсіп, жас кезінен-ақ Байбақты аталып кеткен. Жабудың шаңырағы жоғалмасын деп Қанымбике Байбақтыны өзінен үлкен ақылды қыз Тотанға қосады. Танадан туған балалармен қатар өсіп келе жатқан бұлардың арасы тату болсын деп, әрқайсысына енші береді. Еншісі бөлек үй болған соң, Асқардың қара шаңырағын ұстаған Байбақтының атағы шығады. Сөйтіп, Байбақтының батыр атағы жас кезінен-ақ естіліп, аруақты қолбасшы ретінде рубасы деп танылған. Келесі бір шежіреде Сұлтансиықтың үлкені Асқардан Жәңгір, Сеңгір туып, Сеңгірдің 8 жасында әкесі Асқар өліп, шешесін Тана алады, ал Жәңгірден – Байбақты, Жанбақты, Тынбақты дүниеге келеді делінген. Осы кезеңге қатысты орыс деректерінде Байбақтының інісі Жанбақты да көзге түседі. Ағасы Байбақты сияқты Жанбақты 1579 жылы Мәскеуге Үлкен Ноғайлының билеушісі Орыс бидің елшілігін бастап барады. Жанбақты бастаған ноғайлы елшілігі белгіленген мерзімде Сарайшыққа оралмаған. Осыған орай орыс патшасы елшілікті тұтқындады деп күмәнданған Орыс би өзіне келген мәскеулік орыс елшілігін ұстап қалады. Ал, шын мәнінде Жанбақты Орыс биге хабар беріп, құлақтандырмай, орыс әскерлерімен бірге Ливон соғысына қатысуға сұранып кеткен. Кейін 1580 жылдың жазында «жоғалып» кеткен елшілердің бірі Жантемір Ресейден елге оралған. Белгілі жазушы Әнес Сарай қазіргі байбақтылардың Байбақты, Жанбақты, Тынбақты болып үшке бөлінетінін алға тартып, орыс құжатында хатталған екі тұлғаны солар деп анықтайды. Осы рулар тарайтын Байұлы бірлестігі де сол кездегі орыс құжаттарына түскен. 1561 жылы маусымда Ноғай Ордасының билеушісі Ысмайыл би орыс патшасына жазған хатында Байұлы ұлысына қарасты Айқара деген адамды босатуды сұраған. 1625 жылы 16 жел-тоқсандағы орыс құжатында Астрахан воеводалары Ноғайлы мырзаларын Астраханға қыстату үшін олардың белгілі адамдарынан аманат алуды талап еткен. Солардың ішінде Байұлы руынан Өзей батыр, Корол деген беделді тұлғалар болған. Бұл жерде негізінен байұлы руы емес, Байұлы қауымы, Байұлы ұлысы десе дұрыс болады. Ол жөнінде зерттеуші В.В.Трепавлов кезінде орыс тілмаштары-ның ноғайлы дәуіріндегі ру-тайпалар атауын аударған кезде жаңсақтыққа жол бергендігіне назар аударады. Тарихшы Т.И.Сұлтанов байұлы атауының XV-XVII ғасырлардағы мұсылман деректерінде «бай оғлы» деп кездесетінін анық-таса, В.В.Трепавлов XVІ-XVII ғасырлардағы орыс құжатта-рында ол «байулу» болып келетіндігін айтады.
Сонымен Шолан батырдың арғы бабасы Байбақты да өз дәуірінің танымал тұлғасы болып, оның батырлық қабілеті кейінгі ұрпақтарына жалғасқан. Ел аузынан жеткен әңгімелерге иек артсақ, сыртқы жауға қарсы күресте қол бастаған Шолан батыр кісі қолынан қаза тапқан. Бірде Шолан өзінің көршілестері екі адамға еріп Бұхара, Хиуа, Самарқандқа сауда істеуге сапарлап шыққан. Бірнеше күн жүргесін дем алу үшін бір елсіз далаға түнеп, тамақ пісіруге қостарының алдынан жерошақ қазғанда көп алтын шығыпты. Түнгі ұйықтауға жатқасын екі жолдасы алтынды өздері бөлісіп алуды ұйғарып, ұйықтап жатқан жерінде аяқ-қолын байлап, Шоланды өлтірген. Келесі аңыз әңгімеде Шолан батырдың бір жорықта жауға жалғыз шауып, жеңіс әкелген ерлігін, басқалары күндеп, көре алмайды. Қастық жасайын десе батырға әлдері келмейді. Сөйтіп шөлге ұшырап, әлсіреп келе жатқанда елсіздегі бір шыңырау құдыққа кездескен олар батырды құдыққа түсіруге итермелейді. Содан Шолан құдыққа түседі, бірақ қастық қылғандар оны құдықтан шығармай, түбіне қалдырып кетеді. Шолан батыр: «Әйелімнің аяғы ауыр еді, ұл туса атын Дат қойыңдар» - деп қана үлгереді. Ал «Ақмоншақ ат» әңгімесінде «Шолан батырды төрелер қылыштап өлтіреді» делінген. Нұралы хан баласы Есім сұлтанға Сырым туралы: «Шырағым, Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқалы келіп жүр. Сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған, бұл арам соны әлі ұмытпай жүр екен, атын беру жөн болар, - дейді». Сырымтанушы ғалым Ә.Қ.Мұқтар мұны қазақ қоғамындағы хан-сұлтандарға өз халқын қарсы қойған кешегі таптық принципке негізделе анықталған түйіндеулер дейді. Нұралы ханның байбақты руымен байланысы қалыптасқан жағдайға орай орын алып отырса, ал Сырым батырмен ұлт-азаттық күрес басталғанға дейінгі кезеңде сенімді қарым-қатынаста болған. Мұны Орынбор мұрағаты құжаттары дәлелдейді. Мәселен, 1772 жылы 25 қыркүйекте Орынбор губернаторы И.А.Рейнсордпке жазған хатында Нұралы хан орыс қорғанына қарай көшкен кезінде өзіне орыс тұтқындарын бермегені үшін, қорған адамдары арқылы байбақты руынан 200 шақты адамды ұстатамын, сол арқылы орыстарды қайтарамын дей келіп, өзіне бағынбаған байбақтылардың мекен-жайын көрсетіп, олардың ішіндегі ең мықтылары ретінде Айдаровтар немесе Датовтар туысқандарын ұстауға шақырды. Ал кейіннен 1776 жылы 14 ақпанда Орынбор губернаторы И.А. Рейнсдорпке жеткен хатында Нұралы хан атақты Көктемір қозғалысы кезінде орын алған мәселелерді реттеу үшін өз орнына баласы Есім сұлтанды және оған «біздің халқымыздағы даңқты Сырым батырды» қосып жібергенін хабарлай отырып, «әр уақытта менің барлық істерімде жігерлілік пен табандылық таныта алатын атақты Сырым батырды өзіңіздің мейіріміңізден тыс қалдырмаңыз» деген. Орынборда ұсталған Сырым бауырлары тана руының қазақтары Байшөрек Нұраевты, Қанай Құдайбергеновты және Етікбай Назаровты босатуды өтінген Нұралы хан: «Өйткені Сырым батыр олардың кеңесшісі және менің барлық істерімде күшті жігерлілік танытып, қызмет көрсете алады», - деп мәлімдейді. Тана руы қазақтарын Сырым батырдың бауырлары деп көрсету байбақты мен тана руларының жақын туыстығын одан әрі растай түседі. Осы хатта келтірілген Тана Байшөрекке қатысты қазіргі Тайпақ өңіріндегі Базаршолан ауылына қарасты аймақта Байшөрек қорымы деп аталатын тана руының қорымы бар. Ал Етікбай Назаровты Қалқаман баласы Назардың ұлы деп топшылай-мыз. Өйткені Назардан Түменбай, Өткелбай, Жангелбай, Қыстаубай деген балалардың өрбігенін ескере келе, Етікбайды осылардың бауыры дей аламыз. Оның үстіне, жо-ғарыда атап өткеніміздей Сырымның замандастары Қоске, Қосдәулет билерде Назармен бірге туған Меңдіғұлдың балалары болатын. Олай болса, Назар мен Меңдіғұл бала-ларының бір кезеңде өмір сүруі заңдылық.
Шолан батырдан Есенбай, Түкіш, Байторы, Дат есімді төрт бала туған. Ел ішінде осы төртеуінің өсіп-өнген әулетін жинақтап «Төрт Шолан» деп те атайды. Осы төрт шоланның Есенбайының Зеріп деген тоқалынан 9 ұл, Даттың Дүрдана деген тоқалынан 9 ұл, Түкіштің Кенжеқыз деген тоқалынан 8 ұл туған. «Төрт Шоланды байытқан үш тоқал» деген сөз осыған орай айтылған. XVIIІ ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы Уақ Батыр Баянның анасы Ажар осы Шолан батырдың қызы дейді. Ел аузынан жеткен әңгімелер бойынша Шолан кісі қолынан жазым болған тұста, төртінші перзенті Дат іште қалса керек. Н.Сафуллиннің жорамалын-ша Дат 1670 жылдары дүниеге келген. Біздіңше, Шоланның кенже ұлы бұдан кейінірек туылған болуы керек. Ал, Даттың Дүрдана деген тоқалынан туған 9 ұлдың екіншісі Сырымды зерттеушілер 1742 жылы өмірге келген деп дәлелдеуде. Сырымға қатысты әңгімелерде Дат туралы «Сенің атың – заманында қойылған Дат еді-ау, есіміңе келісің лайықты емес, тек бір қоя салынған ат еді-ау!» делініп, оны тентек, төмендеу тұлға ретінде бейнелейді. Бірақ бүгінге дейін зерт-теушілер назарынан тыс қалып келе жатқан Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы:
Кіші жүз Алшын Байұлы,
Байбақты Дат палуанның
Көтергеніне қарасаң,
Жасыл ала ту болды.
Не болса да көрем деп,
Соғысып жаумен өлем деп,
Қоршауды бұзып өтем деп,
Күлтөбе басы шу болды - деген жыр жолдары біраз мәселенің бетін аша түседі.
Біздіңше, осы жыр шумағында ауызға алынған палуан-ды Дат Шоланұлы деп топшылауға болатындай. Өйткені, жырау алдымен Даттың тегін Кіші жүз Алшын Байбақтыдан таратады. Екіншіден, «Елім-ай» дастанының жарыққа шығуына XVІІІ ғасырдың басындағы, яғни қазақ-жоңғар соғыстары кезіндегі саяси ахуал арқау болған. Ал, бұл кезең Даттың өмір сүру уақытына сәйкес келеді. Үшіншіден, Қожаберген Датты палуан дегеніне қарағанда Шоланның батырлық қабілеті баласына да дарыған сыңайлы. Оның үстіне жаугершілік заманда әскердің туын өзінің баһадүрлік қасиетімен танылған тұлғаларға сеніп тапсырылатын ескерер болсақ, Дат палуан есімі елге белгілі батырлар санатынан болған. Төртіншіден, қазақ-жоңғар соғысында қазақ жасағының жасыл ала туын тік ұстап, жауына қарсы қол бастауы, Даттың ел басына қауіп төнген сын сағатында, ұлтының келешегіне бей-жай қарамайтын тұлғалық болмысын айқындайды. Мұрағат құжаттарына арқа сүйесек, Даттың немере бауыры, Шоланмен бірге туған Ақберлі Әйтімбетұлының баласы Мәмбет батыр 1731 жылы 10 қазан күні қазақ-орыс қатынасы талқыға түскен кеңесте Табын Бөкенбай батыр, Тама Есет батыр, Құдайназар мырза және Кіші жүздің атақты 27 старшынымен бірге Әбілқайыр хан ұсынысына қолдау білдірген. Осы старшындар қатарында тана руынан Құлжаназар би болған. Орыс үкіметіне жолданған хат соңына олар «Алшын-Байбақты Мәмбет батыр», «Алшын-Тана Құлжаназар би» деп өз таңбаларын түсірген. Кейін 1738 жылы 3 тамызда Орынбор басшысы В.Н.Татищев пен Әбілқайыр ханның қазақ-орыс қатынасын талқыға салған кездесуіне қатысқан Кіші жүз бен Орта жүздің 56 би, батыр, старшындары қатарында Байбақты руынан Жарқын Жарасұлы, Қошағұл Хангелдіұлы болды. Жарқын би Дат палуанмен аталас ағайын. Себебі, Дат Әйтеменнің Әйтімбетінен тараса, Жарқын би Әйтемен-нің Қарасынан өрбиді. Ал Нұралы сұлтанның 1746 жылы 7 сәуірде Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке жазған хатында Байбақты руынан Дәуқара, Ақжігіт, Қаратай есім-дері аталады. 1749 жылы шілдеде Орынборда Нұралыны хандық таққа бекіткен патша грамотасына ие болу салтанатына Байбақты руынан Мәмбет батыр мен Жарқын би қатысқан. Сонымен, есімдері сол кездегі жазба дерек-терге түскен Байбақты руының танымал тұлғалары Мәмбет Ақберліұлы, Жарқын Жарасұлы, Дәуқара Қарақожаұлы, Ақжігіт Дәуімшарұлы, Қаратай Жолдығұлының барлығы Дат Шоланұлының замандастары болып табылады. Нұралының 1766 жылы 2 маусымда Орынбор губернаторы А.А.Путятин-ге жазған хатында байбақты руының қазағы Дат туралы айтылады. Ол бойынша 1765 жылдың күзінде Дат өзінің үш ұлымен бірге старшина Алексей Митрясов бастаған Жайық казак-орыстарының қолына тұтқынға түскен. Міне, осы деректе келтірілген Датты зерттеуші Б.Жанаев Сырымның әкесі Дат деп болжайды да, үш баласының қатарына Сырымды, оның бауырлары Ерсары мен Қойсарыны қосады. Бұл арада Ерсары мен Қойсарыны Даттың балалары деп жаңсақтыққа жол берілген. Кезінде кеңестік тарихшы М.П.Вяткин «Сырым батыр» еңбегінде Ерсары, Қойсары, Рысалыларды Сырымның бауырлары, немере інілері деумен шектелсе, бүгінде Сырымтанушы ғалым Ә.Қ.Мұқтар Орынбор мұрағатында Байбақты руының батырлары Ерсары, Қойсарылар Сырымның немере інілері делінгенімен, олардың әкесінің аттарының аталмайтынын алға тартады. Алайда, Орынбор мұрағат қорларында сақталған сан алуан құжаттарды саралау барысында 1794 жылы 30 қазан күні молда Аббас Сююшевтің Орынбор шекаралық істер экспедициясына жазған хатын табудың сәті түсті. Бұл хатта Сырымның бауырлары Рысалы Тюлин, Қойсары Бикетеев деген сөз жолдарының келтірілуі, Рысалының әкесінің есімі Төле, ал Қойсарының әкесі Бегетай екендігін анықтайды. Мұны К.Ғ.Ахметов түзген Байбақты шежіресі де толықтыра түседі. Ол бойынша Шоланнан Есенбай, Түкіш, Байторы, Дат деген төрт бала тараса, Есенбайдан Төле, Төледен Рысалы, ал Түкіштен Бегетай, Бегетайдан Ерсары, Қойсарылар өрбіген. Шежіре деректері де Шолан шөберелері Рысалы мен Ерсарының атақты найзагер, мерген, батыр болғанын хабарлап, Аңқаты өзеніне құятын Ерсары осы кісінің атымен аталған дейді. Жаугершілік заманда осы сайдың жағасында болған бір соғыста Ерсарыға найзаның жарасынан өмірден қоштасуға тура келіп, мені осы жерге қойыңдар деп найзасын шаныш-қан екен. Қасында болған Елтоқ батыр Ерсарыны:
Қайырлы болсын, Ерсеке-ау,
Найзаның кірген жарасы.
Алланың жазған тағдыры,
Болған іске не шара,
Аман сау болғай арттағы,
Он екі ата Байұлы
Сұлтансиық баласы –
деп жұбатқан.
Елтоқ батыр да Ерсарымен бірге туған. Бауырларымен бірге ол да Сырымға қолдау білдіріп өткен. 1797 жылы 13 тамызда Кіші жүздегі Нұртай расправасының төрағасы Төлеп Дәуітов пен заседатель Толыбай Тұяқов Орынбор шекаралық істер экспедициясына жазған хатында «патшаның әділ сотынан жалтарып, Орал қаласынан Бұхар жағына қашқан ноғай Сатыбай Сырым Датовтың бауырлары Бабай Жанабаев, Сегізбай, Елтоқ, Жантоқ Бикетеевтермен, Қасым Көшербаевпен және өзге де қазақтармен бірге төменгі Орал шебіне қарасты Хожахаровск және Сундаевск форпостары арасынан ішкі тарапқа өтіп, Саратов иелігінің 7 адамын тұтқынға алды» деп жеткізеді. Сол күні Орынборға жолдаған хатында Қаратай сұлтан «Патшаға қарсы жауласып жүрген Шолан балалары Бабай Сәңкібаев, Сегізбай Бигетаев, Қасым, Көшербай, Елтоқ, Жантоқ Бигетеевтар, Жанатаев бауыры Көбек, Сырымды қолдаушы, Оралдан қашып шыққан Сатыбайдың өзге де жолдастары-мен барлығы 13 адам Самараның ішкі тарапынан 8 орыс адамын ұрлап әкеткендігі туралы хабардар болдым» деп мәлімдеген. Жалпы Сырым батыр өзінің немере бауыр-ларына әрдайым сенім артқан. Ол 1798 жылы 17 маусымда Шекаралық істер экспедициясына жазған хатын жеткізу үшін бауыры Қамысбай мен Елтоқты Орынборға жіберген. Сонымен мұрағат деректерінде Сырым батырдың бауыр-лары аталған Бегетайдың ұлдары Ерсары, Қойсары, Елтоқ, Жантоқ, Сегізбай, Көшербайдан тарайтын Қасымның барлығы Шоланның шөбересі болып табылады. Ал ХІХ ғасырда Сырым батырдың азаттық күрес жолын оның үлкен ұлы Жүсіп тархан жалғастырды. Әсіресе, 1829 жылы Ресей-дегі Арынғазы хан жанынан елге оралған соң Жүсіп тархан орыс үкіметіне қарсы қол жинаған. Ол туралы 1830 жылы 23 маусымда Кіші жүздің батыс бөлігінің сұлтан-правителі Шыңғали Орманов Орынбор корпусы штабының бастығы П.А.Чуикевичке жолдаған хабарында батыс бөлікте Байұлы руының Шолан бөлімінің старшыны Жүсіп Сырымұлы бастаған топтың іс-әрекетін тоқтату үшін жорыққа шығуға ниет қылғанымен, «бірақ менің әр түрлі жерге жолға шыққан кезімде жанымда болып, түрлі уақытта маған өте жақсы күш пен сенімді көмек беріп келген аталмыш Шолан халқының менен бас тартуына байланысты жолға шығуға менің батылым бармайды» деп жеткізген. Шолан бөліміне сенім артуға қауіптенген билеуші сұлтан өз жанындағы екі жүздік казак-орыс отрядымен жорыққа шығуға жүрегі дауаламаған. Сол тұстағы құжаттарда «Шолан балалары», «Шолан халқы» деп берілген анықтауларды Шолан батыр-дың ұрпақтарына қатысты деп түсінуіміз керек. Бұл туралы М.Тынышпаев «балалары», «ұлы», «ұлдары» деген сөздер-дің түркі-монғол халықтарында «ұрпақтары» мағынасында қолданылатынын айтқан еді.
Қорыта келгенде, Отан тарихынан ойып орын алуға лайықты тұлғалардың бірі Шолан батыр мен оның ұрпақтарының ел үшін атқарған ерлік істері орасан. Өйткені халқымыз қай заманда да өз елін қорғаған ержүрек ұлдарын әрдайым ардақ тұтқан. Олардың көрсеткен ерлігін, ерекшеленген тұлғалық болмысын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді өздеріне парыз санаған. Сол арқылы жас жеткіншектерді өз отанын шексіз сүюге, оны қызғыштай қорғауға тәрбиелеген. Міне, сондықтан да бүгінгі ұрпақ өз батыр бабаларының тарихын қастер тұтып, танып біліп, одан тағылым алуы қажет.