Ғұмар ҚАРАШ (1875-1921)

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей
ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын
шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жыр-ларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды. Қазақстан-ның батыс өңіріне тараған батырлық жыр мұраларды жинастырып, 1910-1912 жылдары Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батыр-лары уа ғайри мағыналы жырлар» деген екі жинақ шы-ғарады. «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, Әсет, Шәңгерей шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ сұлтан» сияқты жырларды – жиырмадан аса әдеби мұраны топтастырған.

Ғұмар Қараш XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрысты-ғы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінеді.
Ғұмар Қараштың 1919 жылы Ордада қазақ жазушы-ларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салғанын айтсақ, өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашы-лық артелін ұйымдастырып, қандастарын жаңа өмірге бейімдегенін еске алсақ, қысқа ғұмырында қыруар іс бітірген тұлғаның толайым бейнесін тани түсеміз.

Туып-өскен ортасы

«Ғұмар Қараш 1875 жылы бұрынғы Бөкей ордасындағы Таловка қисымында №2 старшындықтағы Құрқұдық тұрағында дүниеге келген. Ол Қараштың алты ұлының үлкені» деп жазады белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиев өзінің «Ғұмар Қараш» атты кітабында. Бұл 1920 жылы көкек айында Ғұмардың өз қолымен жазылған «Тіркеу карточкасынан» алынған дерек. Бұл өңір қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарайды.
Ғұмардың руы – Кіші жүз құрамына кіретін ноғай-қазақ. Оның ішінде қояс, одан Оразақай. Әйгілі Шәлгез жырау Тіленшіұлы Ғұмардың түп атасы делінеді. Ғұмар әкеден жастай жетім қалса да, ауқатты ағайындары арқасында қатарынан қалмай білім алған – әуелі ауыл молдасынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты молдалардан, Жалпақтал (Фурманов) елді мекеніндегі Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алғаны айтылады. Исатай Кенжәлиев Ғұмарды жас кезінде сол өңірдегі 1 кластық орыс-қырғыз училищесінде оқуы да мүмкін дейді. Өйткені Ғұмардың жастайынан татар, орыс, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. «Ғұмар Қараш» атты кітап жазған зерттеуші Мақсат Тәж-Мұраттың еңбегін-де кейіпкеріміздің Уфадағы «Ғалия» медресесінде, тіпті Стамбұлда оқығандығы туралы деректер бар екенін ортаға салады. Алайда бұл мәліметтерді нақтылайтын тарихи құ-жат әзірге табылмаған.
И.Кенжәлиев Ғұмардың 17 жасынан-ақ молда болып, 1892-1898 жылдары туған жері Құрқұдықта бала оқытқанын айтады. 1902-1910 жылдары да өзі туып өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытқаны белгілі.

Ғұмар – журналист

«Ғұмардың қоғамдық-саяси белсенді қызметі дәл қай кезден басталған?» – деген сауалға Есмағамбет Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәж-Мұрат секілді зерттеушілер-дің қай-қайсысы да кеңірек тоқталған. Әрине, XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ахуал қазақ даласына әсер етпей қоймады. Соның ішінде арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастаған Ғұмар әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқыған. Ислам қағидаларын жетік білетін Ғұмар дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұмат алған. 1907 жылдардан бастап ол қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлендерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене атсалысады. Бұған куә – оның 1911-1913 жылдарда әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етуі.

«Қазақстан» газеті – шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспа-сөзінің қарлығашы десе болады. Өйткені, оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894) патшалы Ресейдің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымдар болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газеті (1907) бір ғана санынан кейін жабылып қалған. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұрақты шығып, таралған.
Әрине, «Қазақстан» газетін шығаруға Ғұмардан басқа Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев, Ғұбайдолла Бердиев т.б. алаш зиялылары атсалысқаны белгілі. Бірақ «Қазақстанның» тігіндісін түгел ақтарып шыққан жан Ғұмар Қараштың ең көп мақала жазып, идеялық бағыт-бағдарын жасағанын байқар еді.
2012 жылы ұлтжанды азамат, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің бастамасымен «Қазақстан» газетінің Ресей мұрағаттарында жатқан тігінділері Орал қаласына алдырылып, қазіргі кириллица әліпбиіне ау-дарылды. Газет мақалаларының толық мәтіні, түпнұсқаның көшірмесі және газетті шығарған тұлғалар туралы дерек-термен толықтырылып, жеке кітап болып жарық көрді. Ұлт баспасөзінің қарлығашы – «Қазақстан» газеті туралы «DANA.kaz» журналы алдағы сандарының бірінде жеке тоқталатын болады.
Ғ.Қараш 1918 жылы Ордада ұйымдастырылған, айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқасын да басқарған. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.
Биыл, яғни 2013 жылы шыға бастағанына 95 жыл тол-ғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газе-тінің де бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Ғұмар Қараш. Мысалы, 1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылайды. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгер-тілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев кірген.
Ғұмар Қараштың «Айқап», «Шора» журналдары мен «Қазақ», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін толғайтын өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінгені оның белсенді позициясын айқындай түседі. Ол баспасөзді – қараңғы қазақтың көзін ашатын жалғыз шырақ, құрал деп түсініп, күні-түні қызмет етті. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы санында жарық көрген «Газет деген не зат?», «Газет не үшін керек?» атты мақалаларында Ғұмардың ағартушылық мұраты анық көрінеді.
Әрине, кеңес өкіметі билік құрған жылдары Ғұмар Қараш – тыйым салынған тұлға, оның шығармашылығы – жабық тақырып болды. Тек 1988 жылдан бастап қана оның өмірі мен қызметін ашық зерттеуге жол ашылды. Әйткен-мен, арада өткен ширек ғасырда әлі жарық түспеген ақтаң-дақ көп. 1994 жылы Қабиболла Сыдиықовтың құрастыруы-мен жарық көрген Ғұмар Қараш шығармаларының «Замана» жинағына кірмеген өлеңдер, мақалалар әлі де көп.

Ғұмар және Алашорда
Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарайды. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.
Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді.
«Революция басталған кезде Ғұмар Қарашев Уфада болатын. Ол сондағы муфтиаттың (діни мекемелер орталығы) IV бөлімін басқарды. Бөлім міндеті – медресе шәкірттері мен жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді» – деп жазады Салтанат Ысмағұлова «Қиын да сұлу тағдыр» атты мақаласында («Жалын» журналы, №3, 1989 ж)
1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Ғұмар Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды. Сәбит Мұқановтың «Омар – Алашорда партиясының үкімет молдасы болды» дегені оның осы кезеңін меңзей айтылған сөз. Сәкен Сейфуллин де «Тар жол, тайғақ кешуде» «сиез төрағасының төрт серігінің бірі – Омар Қарашұлы» деп кесіп айтады. Ғұмар өмірінің осы кезеңіндегі көңіл күйі оның 1918 жылы жарық көрген «Тұрымтай» жинағындағы «Көреміз бе?», «Келер ме екен?» өлеңдерінен байқалады.
Ғұмар Алаш автономиясы жарияланған тарихи кезеңде жазылған «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерінде халықты әлеуметтік белсенділік пен сергектікке, ел мен жерді қорғауда тұтастыққа шақырды.

Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!
Қарманып ілгері аяқ басар күнің!
Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Адымдап асқар белден асар күнің.
Теңізім, телегейім – қайран елім,
Кемерлеп толқын атып, тасар күнің!
Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,
Құрбан қып осы жолға шашар күнің!
Терезең теңгеріліп қатар тұрса,
Осы! - деп сонда жүрек басар күнің.
Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?
Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?
Заманның ыңғайынша амал қылып,
Зырлаған желмаяға мінеміз бе?
Өнерлі, білімдінің қылған ісі
Майданда мұны байқап көреміз бе?
Күш қосып, құралданып бас қорғаудың
Жолына белді буып кіреміз бе?
Болмаса күнде бір ел қырғын тауып,
Жылаулап бастан-аяқ жүреміз бе?
(«Алашқа»)

Ақ жүрек азаматтар асқар күнің
Дұшпанды алдан байқап жасқар күнің;
Дұрыстық ел қосында еткен істі,
Қол соғып, қошеметтеп қостар күнің
Күш қосып, қол ұстасып сөз бекітіп,
Арадан алалықты тастар күнің;
Адасқан қойдай шулап ерген елді,
Бұлтармай оң бағытқа бастар күнің.
Аңқылдақ Алаш ұлы сеніп отыр.
Орнынан шығып, соны растар күнің!
(«Алаш азаматтарына»)

Ғұмар және Кеңес үкіметі
«Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді. 1918 жылғы 24-қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IV съездеріне делегат боп қатысады. Съездерде жарыссөзге шығып, өз пікірін ашық айтады. Ол осы жылдарда жаңа кезеңді насихаттайтын «Екеуі екі басқа» мақаласын, «Дұрыстық жолы», «Жаңа жыл құтты болсын» сияқты өлеңдерін жазады» дейді «Замана» жинағында Қ.Сыдиықов Ғұмар Қараш өмірінің соңғы кездері туралы.
Шынында да, Ғ.Қараш өмірінің соңғы жылдары большевиктер партиясына кіріп, қызыл үкіметтің орнауына ерекше үлес қосқандай көрінеді. 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бе-кітілуі – азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді.
Исатай Кенжәлиев ағамыздың дерегінше, Ғұмар Ордадағы РК(б)П комитетінде 1919 жылы партия қатарына өткен. Аупартком оны үгіт-насихат жұмысымен қатар шаруашылық, алым-салық жинауға т.б. пайдаланады. Ғұмарды Қазақ әскери комиссариаты, Ұлттар халкомының Бөкей облыстық бөлімшесі, облатком, оның жер, ішкі, т.б. бөлімдері өз жұмысына жиі пайдаланыпты.
Әрине, жоғарыдағы жәйттерге қарап, оқырман «бір кездері молда болған, шариғатқа жетік Ғұмар Қараш енді қызыл коммуниске айналып, өзінің ішкі қағидаларына қарсы шыққан екен» деген ой түймеуі керек. Ғұмар Қараш – әрқашан да өз ұлтының жанашыры еді. Оның әр қызметі – ұлтының табанына ұлтарақ болып, бір қажетіне жарауға ұмтылу болатын. Большевиктер сапына кіріп, кеңес жұмысында жүрген Ғұмарды қызыл казактардың бандасы Ефим Панченко бастаған тобыр 1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қылышпен турап өлтіреді. Ал Ғұмардың ұлтжанды туындылары «социалистік реализмге сүйенген қазақ совет әдебиетіне» сәйкес келмегендіктен алпыс жылдан аса архивтен шығарылмады.
Кеңес үкіметі Ғұмардың ұлтжанды көзқарасынан қалай қорыққаны мынадан да көрінеді: Кезінде Мұстафа Ысмағұлов «Қазақстан» газетін, оның шығарушыларының бірі Ғұмар Қарашты халыққа кең насихаттамақ болған әрекеті зая кетіпті. Ғалым ағамыз кеңестік идеологияның кедергісінен өту үшін «Қазақстанды» таза большевиктік басылым етіп көрсетіп, әсіресе газеттің 1912 жылғы 24 сәуірде шыққан нөмірінде басылған «Ленада болған оқиға» атты мақаласын қайта-қайта алға тартқан. Тіпті Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің Астрахан мен Бакуге сапарын сол жақтағы астыртын большевиктер ұйымымен келісу үшін барғандай жорамал жасаған. Мұның бәрі «Қазақстан» газеті туралы қандай да бір ақпаратты халыққа әйтеуір бір жеткізу мақсатынан туса керек. Бірақ цензураның қырағы көзі «Қазақстанның» ең әуелі ұлттық-ағартушылық бағытта шыққанын, қазақ ұлтын отарлық езгіден құтқарып, өнері мен білімі асқан жұртты қуып жету болғанын анық аңғарыпты. Заманынан озып туған мұндай прогрессивтік басылым туралы, шығарушы азаматтардың өз халқын надандық ұйқысынан оятпақ болған жанайқайы жөнінде кеңестің «кемелденген коммунизміне» бет алған жалпақ жұрт білмегені дұрыс десе керек.

Ғұмар – ұлттың көсемі
Ғұмар Қараш – әртүрлі мерзімді баспасөз беттерінде көп жазған қаламгер. Қазан төңкерісіне дейін-ақ бірнеше кітап шығарып, халық арасында өте танымал болған Ғұмар өз заманында қазақ үшін Абайдан кейінгі рухани тұлға, ойшыл қаламгер ретінде мойындалған болатын.
Ақынның мезгілсіз қазасы хақында «Қазақ тілі» (1921, № 136) газеті: «Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады», – деп жазыпты. Бұл жерде де Ғұмар Қараш «зор ғалым» ретінде сипатталған.

Ғұмардың пәлсапалық ой-толғамдары 1910 жылы Орынбордан жарық көрген «Ойға келген пікірлерім», 1911 жылы Уфадан басылған «Өрнек», 1913 жылы Қазаннан шыққан «Бәдел-хажы» атты кітаптарынан анық көрінеді.
«Орыстың ұлы ойшылы Лев Толстой мырза «Аштықтан өлім хәліне жеткен арық, әлсіз бір сиырдың мүйіздерін әшекейлеп, құйрықтарын тарап, сылап-сипаудан қандай пайда келер еді?» деген. Құр тас үйлерді әшекейлеп сала бергеннен гөрі, оның ішіндегі адамдарға жақсы тәрбие бергені ләзім. Бір бай үлкен мешіт салдырғаннан гөрі бір ұлттық мектеп салдырып, соған сабақ беретін мұғалімдер даярланса, қажетті кітаптар алынса, газет-журналдар шығарып, арзан бағамен сатса, арық сиырдың мүйізін әшекейлеуден гөрі, оны жемдеп, күйлендірген іспетті пайдалы іс болар еді» деп жазады Ғұмар Қараш «Ойға келген пікірлерім» кітабында.

Ғұмардың әдебиет, тіл, кәсіп, өнер туралы мақала-ларының қай-қайсысы да оның терең ойлы көсемдігін, тілі шебер шешендігін көрсетіп тұрады. Тарихтың алмағайып кезеңдерінде Ғұмардың болашақты болжай алар көреген-дігі де көрінеді. Мысалы, «Қазақстан» газетінде Ғұмар қазақты дәстүрлі көшпелі мал бағу кәсібінен отырықшы-лыққа ауысуға шақырады. Өнері алға озған өзге халық-тармен бәсекеге түсуге, олардан тіршілік таласында ұтылып қалмауға үндейді.
«Дүниядағы жан-жануарлардың тіршілігіне ілтифат салып қарасақ, талассыз тартыссыз тұрған заман көрін-бейді: даладағы аңдар, ауадағы құстар, судағы балықтар бірін бірі жеуде, бірін бірі талауда, адам баласының тіршілігіне қарасақ талас-тартыстан бұлар да құр емес» – деп бастайды Ғұмар өзінің «Тіршілік таласы» мақаласын.

«Бұл жан-жануар арасында тоқтаусыз дуам етіп келе жатқан таласты ғылым иесі адамдар «тіршілік таласы» деп атайды. Тіршілік таласы деген сондай бір талас – жеңілгенге рахым ету жоқ, жеңілгеннің күні қараң. Адам баласының арасындағы тіршілік таласы мен хайуандар арасындағы таластың қаттылық, рахымсыздық жағынан айырмасы жоқ. Айырмасы сол: хайуандар тіс-тырнақ жұмсағанда, адам балалары бір-біріне көбірек ақыл қаруын жұмсайды. Ғылым-өнер иесі адамлар яки халықтар тіршілік таласында үстем болып, надан, өнерсіз қалғандар әртүрлі реттен кемшілікте ғұмыр кешірумен жарлылық басып, су құйылмаған теректей болып, құрып, ақырында дүния жүзінде өзі түгілі атағы да қалмайды» дейді Ғұмар.
«Кең сахрада жайын өскен біздің қазақ баласының басына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішінен от арбалар салынып, жолдар ашылған соң күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергісі алынған судай болып, қазақ сахрасына жайыла бастады. Бостаншылықта өскен қазақ елі тіршілік таласының қайнаған жерінен шыққан адамдармен қатар тіршілік етудің оңай емес екендігі көзге тез-ақ көрінді: жүздеп жылқы айдаған, мыңдап қой айдаған мырзалардың күні күнкөріске қалды, олардан соңғылар малдан айрылып, жалшылыққа жер-жерге тоза бастады. Кедейліктің бір тума-аданастары – қорлық-зорлық, ауру-науқас – бұлар да біздің қазақ ішіне мекен етті: шума(чума)-кезік сықылды аурулар қазақ ішіне жайылды.

Қазақ халқының бұндай халге түскені – жоғарыдағы айтылған тіршілік таласына әзірленбей, жайын наданшыл-дықта жатқандықтан. Егер ұйқымыздан бас көтермей, бұрынғыша жата берсек – шексіз тез заманда дүния жүзінен көшпекпіз.
Сол себепті, дүния жүзінде қалғымыз келсе, адам баласын ғайри жан иесінен бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым-өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс.
Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, «тәуе-кел ердің жолдасы» деп, ғылым өнер жолына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниядан бізге де үлесімізді алу керек.

Ұйқымызды ашбай қарап жатқаннан тапқан жүлдеміз көз алдымызда: Еділ барсақ та, Жайық барсақ та жер үйде күтір (хутор) бағып отырған қазақ баласын көресің. Қазақ ішінде бұндай қорлықта жүрген шет жұртты көрмейсің. Жоғарыда айтылған тіршілік таласының ғылым-өнерден құр қалғандарға көрсететұғыны осы.
«Өнерлі өрге жүзер» деп қарттарымыз да осындайды айтқан. Көзіміздің нұры ғазиз балаларымыз келешекте рахатшылықта ғұмыр сүрсін, артымызда дұғашы болсын десек, тіршілік таласында шет милет балаларынан кем болмастай етіп, оларға ғылым-өнер үйрету тиіс.
Жоғарыдағы тіршілік таласы хақында бір-екі ауыз сөз жазғанымыздың себебі – біздің қара халық түгіл, ғылым иесі жастарымыздың да көбісі төрт жағы құбыла болып, заманымыздың түрінен бейхабар, ғұмырын ойын-күлкімен өткізіп жүр. Басшылардан үлгі көрмеген соң, қара халық бағытынан адасулы. Тіршілік теңізінде бағытсыз, жел айдап жүрген кемемізді жұрт кетіп жатқан ғылым-өнер жолына қарай жүргізуді кемешілерімізге де, мінушілерімізге де міндет деп білеміз: қазіргі бағытсыз жүрумен тасқа соғылып, су түбіне кетуімізге шек шүбә жоқ».
Бұдан бір ғасырдан артық бұрын айтылған осы сөз қазір өзектілігін жойды ма?
Кеңес үкіметі кезеңінде Ғұмар Қарашты насихаттауға тыйым салуға негіз болған шығармаларының бірі – «Неден қорқам» өлеңі:

НЕДЕН ҚОРҚАМ?

Аждаhа алты басты жаудан қорқам,
Бүлдірген ел арасын даудан қорқам.
Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.
Ертеден кешке дейін бір іс етпес,
Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.

Кім көрсе, соған айтқан сырдан қорқам,
Әңгіме сырдың түбі – жырдан қорқам.
Сүзіліп, сопысынып дінді сатқан,
Таңқы мұрт, таспа қара сұрдан қорқам.
Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,
Білгенді еліктеген зырдан қорқам.

Асығыс істей салған істен қорқам,
Қандары тасқан қара күштен қорқам.
Дос болып бірге жүріп қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам,
Көруге бек әдемі болса-дағы,
Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,
Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.
«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.
Істері адамдыққа жанаспаған,
Жануар – екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,
Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам.
Теңгеріп жарлы байды, құрып жұмақ,
Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.
«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін» деп,
Жер-жерде шалған құрбан қойдан қорқам.

Ұжмақ көктен жерге енбек емес,
Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес.
Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,
Әкеліп біреу саған бермек емес.
Табиғат заңы, жолы өзіне хас,
Ешкімнің жетегіне жүрмек емес.
Адаспа, андық етпе, адам ұлы,
Көрінген о бір сағым көзіне елес.
Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,
Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.

Қаралым саны 13764

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463