Махамбет Өтемісұлының хаты

Ереулі атқа ер салып, мұз қарагөк әскер ертіп, хан Жәнгірден ақырып теңдік сұраған алдаспан ақын Махамбеттің көксерек жырлары ауызша қазақ әдеби тілімен айтылып, кейін қағазға түскен. Үлкенге де, кішіге де түсінікті жігерлі шумақтар санаңды сілкіндіретіні – хақ. Алайда сол Махамбет батырдың қаламынан туған хаттарға келетін болсақ, мәтінді оқуда кейбір қиындықтарға тап боламыз. Махамбет өз хаттарын сол замандағы жазбаша сауатты адамдардың бәріне ортақ тілмен жазған.

Күнделікті жорықта ауызша шы-ғаратын төкпе жырларын қарапайым халыққа түсінікті тілмен жырласа да, хат жазуда сол заманғы орфография-лық заңдылықты сақтауға тырысқан. Махамбеттің және сол дәуірдегі зия-лылардың жазба дәстүрі тамырын тым тереңнен алады. Бұл қазақ әде-би тілдерінің қайнар көздерінің бірі – орта түркі жазба әдеби тілі. Көптеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, XI ғасырдан бастап XV ғасырларға дейін туыстас түркі тайпаларының бәріне ортақ жазба әдеби тіл қалыптасқан. Белгілі ғалым А.Зайончковский «XIII-XV ғасырларда түркінің бірыңғай әдеби немесе жазба тілі қалыптасты» деп тұжырымдады(1). Осы орта түркі әдеби тілінің тілінің алып жатқан кеңістігі де өте ұлан ғайыр болды. Ол қазіргі Қазақстан жерінен Еуропадағы Дешті-қыпшақ, одан әрі Мысыр мәм-лүктеріне дейін жайылған. XIV ғасыр-да, Алтын орда дәуіріндегі шайырлар да жырларын жалпы халыққа түсінік-ті тілде шығарғанмен, қағазға түсір-генде орта түркі әдеби тілінің дәстүрі-мен жазған. Орта түркі тілі негізінен қыпшақ-оғыз элементтері араласып келетін, араб-парсы элементтері молынан пайдаланылатын тіл болған. Осы дәстүр XIX ғасырда да өз жалға-сын тапты. Бертін келе татар, башқұрт тілі элементтері де көптеп араласты. XIX ғасырда басылған кейбір кітаптар-дың тілі туралы белгілі ғалым Б.Кенжебаев былай деп жазған: «Мейлінше шұбар келеді. Араб, парсы, шағатай, татар, башқұрт сөз-дері араласып жатады. Аты қазақша дегені болмаса, тілдері қазаққа түсі-ніксіздеу болды. Оларды қалың бұқа-ра былай тұрсын, қазақтың мұсыл-манша оқыған хат білетін адамдары, қожа-молдалары да жөнді түсінбей-ді». Дейтұрғанмен аға ғалымның бұл пікірі сыңаржақтау сияқты. Жазба дәстүрдің кейбір қырларын игерсек, XVIII-XIX ғасырларда қазақ хан-сұл-тандарының, батырларының, орыс үкіметіне жазған хаттарының, қаты-нас құжаттарының тілін анық түсінуге болады.

Махамбет батырдың дәлудің 19-да 1839 йылда йолланған хатының мәтінін оқып көрейік: «Хұрмәтлу батырлар Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұхамбет, Амантай баршаларың-ызға бірдайын сәлемлерімізден соңыра истихфарларыңыз уләндірсә әлхамдиллә сізнің дұғакүйләріңіздің хамидіндә. Уә бүнден соң бұ иылға сафарымыздан сағ сәләмәт қайтып келуге һәр сөзләрімізні Жарастан сұрап білерсіз. Өһәм сізләрні өзім де көруге бек інтізар болсам да жұртның жайсызлығы бірлән өзімнің артқы жағымның жайсыз ашуғышлығы уәзәрә бара алмадым. Өһәм өзім де бұ халықтың ішінде тұра алмаймын. Қайтып тез заман ғаскер алдындан барып, ханға жолығамын. Нешік те болса бұ йыл келмейінше қалмас. Әгәрдә өзләріңізнің жайларыңыз келсе. Сәли старшинаны бәңә жіберіп алыңыз. Бән һәм сізләрнің хабарың-ызны күтіп алсам кирәк. Ушан халық-ларның ішінде һәрнешік Хиуадан әскер болмайдұр деп ойламаңыз. Әгәр орыс-қазақтан қысаңлық болса, бері қарап көшіңіз. Бір малыңызға назар халқы ғайри уәлиәт тия қыл-мас. Һәрнешік орыс турәгә хор бол-маңыз. Һәм бүгінде Ғайбала ханның қолында біраз әскер бар. Адай, Табынның тинтәкләрін тиып, зәкәтләрін алатұрған һәд де узләріңіз біліп тұрғансыз. Һәм де бұ йыл барған алашалар молла Жарылғас білән Ошырты бинің барған иліндән Аллақұли хан бажы һәм зәкәт бірісін де алмады. Һәм ошан күз алашадан алпыш икі үйіні қырғыз Хиуадан ба-тырлар шауып кетіп еді, шол маллар-ны да Аллақұли кісі жұмсап, алдыру-ға ниетленген ирді һәм тілеу халықла-ры да малның алдын алып келіп бер-ді. Орыстан шығып барған халық хадірсіз ирмәс. Һәм сіз халықның да бізнің бірлән бір болғаныңызны да Аллақұли хан бек хош уақ болды. Бутән ғайри не язайын? Язғушы ініңіз МұхамедУтәміш ұғлы дейур біләсіз – МУХАМЕД.

Сәли бірлән Жармұханбет достым, уақытыңыз болса, бізге бек мұқтаж шәй-шекер алып беріп жіберсеңіз, бек ұлуғ мархабаттан болар еді»(2).
Хаттың тілінен мынадай жәйттер байқалады:
1. Бұл хат жолдастық ыңғайда хабарласу болғанмен, ресми стильде жазылған. Негізінде кеңсе қағазда-рын орта түркілік дәстүрлі, тұрақты стилі болған. Ресми құжаттарда жоға-ры лауазымды адамды дәріптейтін ғизатлу (почтенный), сағадатлу (бла-женный), құдретлу (всемогущий), мар-хабатлу (милостевый) т.с.с. эпитеттер қолдану шарт болған. Махамбет те өз хатын хұрматлу сөзімен бастап, мар-хабат сөзімен аяқтайды.

2. Көптеген сөздер орта түркі жаз-ба әдеби тілінің дәстүрі бойынша сөз басында й дыбысымен жазылған. Мысалы, жылы жолданды деудің ор-нына йылда йолланды деп жазылған. Сөз басында й дыбысы жазылуы Орхон-Енисей сына жазуларынан бастау алады. Осы жазу нормасы орта ғасырларда (X-XV ғ.) қатаң сақталып, кейінгі Махамбет хатында да көрініп тұр. Бірақ хатта бірыңғай й дыбысы емес, қазақ тіліне тән ж дыбысы да жиі қолданылады: жұрт, жайсызлығ, жағым, жолығамын, жіберіп т.б. Қазіргі түркі тілдері сөз басында ж және й дыбыстарының келу жағынан екі топқа бөлінеді. Қазақ, қарақалпақ, ноғай, қырғыз тілдері жыл, джыл десе, татар, башқұрт тілдері йыл, йұлдыз дейді.

3. С дыбысының орнына ш дыбы-сы қолданылатын тұстары да бар: ушан-осы, ошан-осы, шол-сол т.б. Сөз басында с дыбысының орнына ш ды-бысын айтуға көне түркі тілінің соңғы дәуірлеріне тән құбылыс. Лингвисти-калық зерттеулерде орхон жазуында-ғы бұл с мен ш айырымы – диалекті-лік белгілер болып есептелінеді. Ке-йін түркі тайпаларының бірігуі тұсын-да гегемондық рөл атқарған қыпшақ-тық тайпаның с белгісі басым түскен. С тілі XIII ғасырға дейінгі жерде бола-шақ қазақ халқының негізін құраған тайпалар тілінің басты ерекшелігі болды. Махамбет хатында да негізі-нен с дыбысы көп қолданылады: соңыра, сіз, сөз, сұра т.б.

4. Сөз соңында ғ дыбысы көп қолданылады: сағ сәләмәт, жайсыз-лығ, ашуғышлығ. Бұл орта ғасырлық норма белгісі қазақ тілінде сөз соңында не түсіп қалады, не болмаса у, қ дыбыстарымен сәйкеседі: сау сәләмат, жайсыздық. Бұдан басқа орта түркі әдеби тілінің нормасы бойынша жазылған сөздер де бар. Мысалы, екі сөзі икі, әр сөзі һәр, ұл сөзі ұғылы, еді көмекші етістігі ирді, деп көсемшесі дейур тұлғасында келіп, 3-жақ жіктік тұлға дүр форма-сымен берілген: болмайдұр. Тіпті ақын өз атын Махамбет демей Мухамед түрінде жазған.
5. Қазіргі әдеби тілімізді қолда-нылмайтын бір сыпыра грамматика-лық формалар бар: а) көне түркі тілін-де де, орта түркі әдеби тілінде де кө-мектес септігінің қызметін атқарып келген бирла//бирлән шылаулары да хатта кездесіп отырады: жайсызлығы бірлән, Сали бірлән, Жарылғап білә; б) сонымен қатар басқа да септік жалғаулары кездеседі: жұртның, бүнден, сізләрні, малларны. Мында ілік септігінің -дің, -тың вариантының орнына, үндестік заңы сақталмай -нің, -ның варианты қолданған. Табыс септігінің -ді, -ды вариантының орны-на -ні, -ны варианттары қолданылған; в) жіктеу есімдігінің бән, бәңә түрле-рінде келуі – оғыз тобына жататын тілдерге тән қасиеттер.

6. Тамақты қырып айтатын х ды-бысы көп қолданылады: хұрмәтлу, хамидіндә, Хиуа, халық, хан, хабар, хор, хадыр, хош. Негізінен араб-парсы сөздерінің басында келетін бұл ды-быс қазақ тіліне кірме дыбыс болып саналады.

7. Хатта түсінікті араб-парсы сөз-дерімен қатар, қазіргі оқырмандарға түсініксіз истихфар, дұғайкү, хамидін сияқты кірме сөздер бар.
Осындай ерекшеліктері болғаны-мен, Махамбеттің хаты түсінікті тілде жазылған. Қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына сәйкес келетін тұстары өте көп. Ақын өз заманындағы жазба дәстүрдің орфографиялық нормала-рын жақсы меңгерген. Осы әдеби тіл нормасын Ыбырай мен Абайдың өз шығармаларында пайдаланған. Кейін екі ұлы ағартушы жаңа жазба әдеби тілдің негізін қалағаны белгілі.

Махамбеттің хатынан орта түркі әдеби тілінің әсерімен қатар жаңа жазба тілдің ізі байқалады. Ғасырдан ғасырға ұласқан тілдік сабақтастық-тың нақ көрінісі. XIX ғасырда жазыл-ған ресми қағаздарда орта түркілік дәстүрмен қатар татар тілінің де ық-палы көбірек көрінеді. Баспа орында-рында татар интеллигенттерінің мол болуы, кітап, газеттердің татар редак-торларының қолынан шығуы жазба мұ-рағаттарда өз ізін қалдырып отырған.
Дегенмен, осындай жазба мұра-ғаттар қазақ әдеби тілінің даму кезең-дерін көрсетеді. Қазақ тілінің тарихын зерттеуде дерек көз бола алады. Көрнекті ғалым Б.А.Серебренников: «Кез келген әдеби тілдің тарихы то-лығымен жазба ескерткіштерге негіз-деледі. Әдеби тіл тарихын жазба ес-керткіштерінсіз жасау мүмкін емес» деген еді (3). XVIII-XIX ғасырлардағы жазба тілді «кітаби тіл» деп атау ғы-лымда қалыптасып кеткен. Біздіңше, бұл қазақтың байырғы жазба әдеби тілі. Бұл орта түркі тілінің дәстүрін бо-йына сақтай отырып, XIX ғасырдың екінші жартысында жаңа қазақ әдеби тілі қалыптасқанға дейін өткел болып, халық қажетіне жараған әдеби тіл.

 

Қаралым саны 6036

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463