Кесенеге кім жерленген?

«Мен әкемді таныдым!» –дейді оқырманымыз

Журналымыздың тұңғыш санында («DANA.kaz», №1, желтоқсан, 2012) «Көне сурет» айдарымен 1934 жылы Орал педагогикалық институтында оқыған және қызмет еткен бір топ адамның суретін басқан едік.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің сирек қорынан алынған осы суретті жариялай отырып, оқырман қауымнан суретте бейнеленген аға-апаларымыз туралы тың дерек білсе, редакцияға хабарласуын сұрағанбыз. Жақында Орал қаласында тұратын Әлия Жанбаева аталмыш суреттен әкесі Хайрош Едігиннің бейнесін танығанын айтып, журнал редакциясына алғыс айтты.

– Менің әкем 1914 жылы 19 қыркүйекте сол кездегі Тайпақ ауданы Жаңакөл қопа деген жерде дүниеге келіпті. 1925 жылдан Жымпиты ауданындағы Сасықкөл бастауыш, 1929 жылдан Шалқар жетіжылдық мектебінде оқыған. 1932 жылы осы мектептің 6 класс бітіріп, Орал қаласында ашылған А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың география факультетіне түсіпті. 1936 жылы пединститутты бітірген алғашқы түлектің бірі – менің әкем, – дейді Әлия Хайрошқызы мақтанышпен.

Бір қуанарлық нәрсе, Хайрош ағамыздың соңында көптеген құжат, сурет, хаттар, автобиографиялық жазбалар қалыпты. Сарғайған сол қағаздарды ақтарып отырып, Хайрош Едігин ағамыздың институт бітірген соң Жымпиты ауылындағы орта мектепте, аудандық ағарту бөлімінде қызмет еткенін, 1942-1946 жылдары ҰОС-на қатысып, офицер болғанын, соғыстан кейінгі жылдары Жымпиты, Камен, Зеленов аудандарында мектеп директоры болып, партия-кеңес жұмыстарын да атқарғанын білдік. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін сезіндіретін құжаттар мен суреттерді мұқият сақтап, ұрпағына аманаттап кеткеніне риза болдық. Бұйырса, болашақта бұл бөлек мақаланың еншісінде тұрған тақырып.

Айтпақшы, Әлия Хайрошқызы әкесінен қалған мұраны – көне суреттерді, құжаттар мен хаттарды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсыруды ұйғарып отыр. Осылайша өз дәуірінің тыныс-тіршілігін білдіретін бірталай құжат енді көпшіліктің игіліне қызмет ететін болды. Рахмет Сізге, Әлия Хайрошқызы!

«DANA.kaz» журналының өткен санында жарияланған Асан қайғы бабамыз туралы топтамада Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынған: «Орал қаласының жергілікті қазақтар арасында ерте заманнан қазірге дейін «Теке» аталуының себебі, Алтын орда хандары жанында уағыз тарататын Алшын Хасан сопы (Асан қайғы болуы да мүмкін) Әбдірахман, Әбдіразақ шайқылардың ұйымдық сипат белгісі – тәкие немесе мүридтер және ел кезген дәруіштер аялдайтын кәделі орын (резиденция) тәкие үйлерінің болуына байланысты» деген мәліметті ұсынғанбыз.

Орал қаласының іргесіндегі ортағасырлық Жайық шаһарынан соңғы жылдары археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған кесене орындары, шынында да, бұл жерде діни орталық болғандығын әйгілейтіндей. Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері Мұрат Қалменовтің айтуынша, үлкен кесенеде 11 адам, кіші кесенеде жалғыз адам жерленген. Екі кесене де қоскамералы, яғни ерекше құрметтелетін тұлға жеке жерленген көрханадан және оған кіреберіс зияратханадан тұрады. Алдын ала зерттеулер бойынша, кесененің қабырғасы түрлі-түсті мозайкалармен және жазулармен безендірілгені, күмбезді және қасбетінде үлкен портал болғаны анықталған.

– Бұл кесенелер әлі толық қазылып біткен жоқ. Биыл зерттеу жұмыстары жалғасады. Сондықтан әлі талай жаңалық ашылады деп отырмыз, – дейді Мұрат Дабылұлы.

Біз Алтын орда дәуіріндегі діни-рухани құбылыстар туралы зерттеп жүрген ғалым, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің (Түркістан) профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек мырзамен телефон арқылы хабарласқан едік. 

– Өзбек ханның кезінде (1313-1342 ж.ж.) Алтын орда мемлекеті ислам дінін ресми қабылдап, ерекше гүлденді. Соның ішінде қазіргі Кіші жүз қазақтары кіретін ұлысқа ел ішінде «Ұзын Асан ата» деп аталған Алшын Хасан сопы пір болғаны туралы дерек бар. Менің пікірімше, Алшын Хасан сопы мен Асан қайғы – екі бөлек адам. Дегенмен, қазақтар күні кешеге дейін Теке деп атап келген шаһардың ислам әлеміндегі орны, Қазан мен Қап тауы өңіріне ислам дінін таратудағы рөлі ерекше болған. Міне, археологтар тапқан жаңалықтың құндылығы сол – ел санасынан сан ғасыр бойы өшпей келген аңыз ақиқатқа айналып отыр, – дейді Зікірия Жандарбек.

Сонымен, қазіргі Орал қаласының оңтүстік-батысындағы үлкен төбенің ең биігінде жерленген, үстіне алып кесене тұрғызылған кім болды екен? Бұл сауалдың жауабын тарихшылардан күтеміз. 

Қаралым саны 1506

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463