Тағдыр қатар бере ме бақ пен сорын,
Өлең болды бұл күнде төккен шерім.
Жаным, біздің нұрлы әлем тоналды ма,
Бар еді ғой сыйлары, әттең, соның...
Ұқсамайтын басқаға еш қылығың,
Күлімдесең кеудемнен өшті мұңым.
Өлеңім боп көзіме көрінуші ед,
Сенің анау өрілген қос бұрымың.
Елжіреткен, еліткен, ерікті алған,
Қарлығаш қыз, қайда сол көрікті арман?
Қарағаштай күздегі құлазиды,
Бір кездері екеуміз жолыққан маң.
Қайран көңіл, қайтесің алып ұшпа,
Шарасыз қап, көнесің жарылысқа.
Күю, сүю, ұнату, кездесулер –
Кетті айналып бәрі де сағынышқа..
Мен өртеніп, көтеріп сен құсаны,
Жоқ секілді өмірдің енді сәні.
Соны ойласаң – көзіңді жас шылайды,
Соны ойласам – көкірегім шер құшады.
Бір өмірдің бар мұңы, ән-жырымыз,
Бір жанардың жылаған жаңбырымыз.
Қай жаққа алып барады мына жолдар,
Қайда бастап барады тағдырымыз?!
Оңашада ұлғайтар отымды кеп,
Жырдан басқа жаныма жақын кім ед?
Бәрін ұғып сезетін кеудемізде,
Баяу ғана соғады жетім жүрек...