Мәңгілік ел болу үшін бұрынғының кемшін тұстарын қалдырып, елеп-екшеп, бүгінгіге қажет тұстарын қабыл алуымыз қажет. Ата-бабаларымыздың бойындағы ең жақсы қасиеттер мен үлгі аларлық істерін бүгінде жалғастыруға тиістіміз. Сол тәрбиелік мәні зор, ұрпақтан ұрпаққа жал-ғастыруды талап ететін істің бірі – жеті атасын жете білуге баулу. Бүгін жеті атасын білмейтін жетесіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл қазақ ұлтының қасіреті.
Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақты жүйесі. Бүгінде кейбіреулер жеті атамды білем деп аталарының есімдерін тізбектеп шығады. Одан әрі таратып ештеңе мар-дытпайды. Әрине бұл дымнан жақсы. Бірақ жеті адамның атын үш жасар балаға да жаттатуға болады емес пе? Сонда оның қаншалықты мәні бар? Жеті атасын білу дегенді жеті атаңа дейінгі туыстарды толық, жүйелі таратып, олардың туып-өскен жерлерін, өмірбаяндарын біліп, елге елеулі, адал қызмет еткен бабаларын ұрпақтарына насихаттап жеткізу деп түсінген жөн. Ең басты қағида жеті атаның ішінен қыз алуға болмайды. Бүгінде осы тәртіпті қатаң сақтағанымыз жөн. Осы арқылы дені сау, текті ұрпақты жалғастырамыз. Мұны медицина да толығымен құптайды.
Кеңес үкіметі кезеңінде жеті атаға дейін қыз алуға тыйым салынған қағиданы бұрмалап, надандық, екі жастың арасындағы махаббатқа орынсыз араласу деп түсіндіруге ұмтылды. Мысалы, кейінгі ұрпақ тәрбиесінде кей поэмадағы басты кейіпкерлер арасындағы, тіпті «Абай жолы» эпопея-сындағы Абай мен Тоғжан арасындағы сезімнің әдемі сурет-темесі оқиғаның дәмді тұсы, арқауы ретінде қарастырылды. Ал, олардың жеті атаға жетпей қосылатын туыс екендіктері зор айып ретінде түсіндірілмеді. Керісінше, мұны ескіліктің, қараңғылықтың қатал заңы деп талдап, тіпті ата-дәстүрге деген беріктікті жауыздықтың образы ретінде бейнелеуге де тырысып бақты. Осындай солақай саясаттың салқынынан бүгін өзінің жеті атасына дейін дұрыс, толық таратып жазған шежіресі бар адамды таппайсың. Оның үстіне кей аға буын өкілдері қатарынан шежіре деген неге керек, руға бөлінудің жолы деп қате түсінік беріп жүргендер де табылады. Бұл руға бөліну емес, тегіңді, діңгегіңді білу деп түсінген жөн.
Өзіңді жетінші атамын деп алсаң, сенің жетінші ұрпа-ғыңның тұсында сенен тараған адам шамамен қанша бола-тынын білесің бе? Есептеп көрелік. Биыл 2013 жыл, жасың 35-те, үш балаң бар. Әр буынның арасын 35 жыл деп алалық:
1) 2048 жыл 3*3=9
2) 2083 жыл 9*3=27
3) 2118 жыл 27*3=81
4) 2153 жыл 81*3=243
5) 2188 жыл 243*3=729
6) 2223 жыл 729*3=2187
7) 2258 жыл 2187*3=6561
Міне, шамамен 2258 жылы сізден тарған ұрпақтың саны 6561 адамға жетуі мүмкін. Осыншалықты тума-туысты жазып сақтамасаң, бәрін жадыңа сақтау мүмкін емес. Өзің-нен жетінші ұрпағыңа дейінгі аралық 245 жылды қамтиды екен, яғни екі жарым ғасыр көлемінде туғандарыңның, бұған қоса еліңнің тарихын білесің. Айналып келгенде қан тазалығын (тектілік) сақтаумен қатар, осынша тарихты білу арқылы әр қазақтың бойында терең де кең дүниетаным қалыптасатыны түсінікті. Ал, мұндай ұрпақ еліне, халқына адал қызмет етері сөзсіз.
Әрісін айтпағанда соңғы жүз жылда қазақ халқы адам саны жағынан да өте көп шығынға ұшырады. 1921-23 ж.ж., 1932-33 ж.ж. аштық, 1937-38 ж.ж. қуғын-сүргін, 1941-45 екінші дүниежүзілік соғыс, 1949 жылдан ядролық сынақ айлақтары – осының бәрі қазақты қынадай қырды. Аллаға тәубе, тәуелсіздігімізді алдық, бейбіт заман орнады, қазақта «Елу жылда ел жаңа» дейді. Төзімшілдікпен тоқырау жылда-рынан да өттік. Алдымызға дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деген меже қойып, өрлеу заманына аяқ бастық. Болашақта халықтың саны артып, заман талабы, қызмет бабымен адамдар бір-бірімен мидай араласып кетеді. Осы кезде туманы жат деп, жеті атаңа жетпей қосылатын ағайын-нан қыз алыссақ масқара болғандығымыз. Тектіліктен айы-рылып, азғындыққа жол бергендігіміз болады. Бұл қатердің алдын алуымыз қажет. Ол үшін бүгіннен қалдырмай:
1. Білетін атаңа дейін тізбектеп, мүкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап жазуды қолға ал. Арғы аталарыңды білмесең ең болмағанда өзіңнің туған атаңнан баста. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан өзіңді, әрі қарай өзіңнің балаларың, немерелеріңді таратып жаз.
2. Жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері барлары туралы мағлұматтарды жинақта.
3. Осы жазған жазбаларыңды әр балаңа бер. Олар өз кезегінде бұны әрі қарай толтырып ұрпақтарына жеткізе берсін. Сіздің жетінші ұрпағыңыз Сізге уақытында ризашы-лығын білдіретіні кәміл.
Осылайша жеті атаны білудің мән мазмұнын ұрпақтан ұрпаққа ұғындырып, ағайын туманы татулыққа, бауырмал-дыққа тәрбиелеу қажет. Ағайын тату болса, ырыс мол болары, түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болары анық. Бұрынғылардың жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осынша терең мағына жатса керек...
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ