Орыс арасында жүрген қазақтардың аты-жөні орысша аталып кететін әдет бар. Құжатта Геннадий Федорович Оспанов болып тіркеліп кеткен кейіпкеріміздің 1941 жылы Саратов медициналық институтын терапевт дәрігер ма-мандығы бойынша тәмамдағанын Жәнібек аудандық мем-лекеттік мұрағатындағы №14 қор, №1 тізімдеме, №38 істегі құжаттар арқылы анықтадық.
Ғафу Оспанов Ұлы Отан соғысы кезінде II Украин май-даны құрамында маршал И.С.Коневтің қарамағында әскери дәрігер болған. Соғыс кезінде әскери хирургтер жараланған жерді іріңдемеу үшін кесіп тастай береді екен. Ал, Ғ.Оспанов болса, оқ тиген аяқ-қолды екінші жағынан тесіп, денедегі оқты алып, арнайы дәрі-дәрмекпен жуып-шайып, жаралан-ған жауынгердің дене мүшесін кеспей, аман алып қалады екен. Ол осы бір әдіс-амалын «Розочка» деп атап кеткен. Сол үшін де көптеген жауынгер жараланып жатып, Ғ.Оспанов-тың ота жасауына өтініш білдірген.
Ғ.Оспанов 1946-1960 жылдары аралығында Владивосток, Находка қалаларындағы госпитальдерде, әскери кемелер-де дәрігер бола жүріп, қызмет барысында бүкіл Еуропаны аралапты. Сонымен қатар Солтүстік Америкада, Сахалин және Камчатка аралдарында, Баренцев теңізінде, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарында, Жапон елінің Кюсю, Хонсю, Хокайдо аралдарында болған. Ұзақ сапарға аттанатын әскери кемеде жүріп Ғ.Оспанов «теңіз ауруына» ұшырайды. Ол Приморье өлкесіндегі Находка қаласында әскери госпитальде ұзақ емделіп, кейін Находка қаласындағы ауруханада дәрігер болып жұмыс жасаған. Өзінің дерттен айығуына сеп болған медбике орыс қызына үйленіп, Нина, Эдик, Юра есімді ұл-қызын өмірге әкелген. Қызы Нина Кеңес Одағы кезінде Қытай және Жапон елдерінде сауда өкілдігінде аудармашы болып қызмет атқарыпты.
Алайда Ғ.Оспанов белгісіз себептермен отбасынан ажы-расып, достарының шақыруымен Мәскеу қаласына келеді. Сол кезеңде КСРО Денсаулық министрлігінде қызмет ететін досының қолдауымен ол Бурденько атындағы әскери гос-питальде, кейін «Қызыл крест» қоғамында, содан соң Кремльде Л.И.Брежневтің дәрігер-терапеві болып жұмыс жасаған. Кремльде жұмыс істеп жүрген дәрігер досы Кимарскийдің кенеттен қайтыс болуына байланысты Геннадий Оспанов өз өтініші бойынша жұмыстан босап, Саратов облысына қоныс аударған.
– Саратов медициналық институтын екі студент үздік бітірдік. Біреуі орыс азаматы болса, екіншісі мен едім. Мәскеуде Кремльде бір-екі жыл дәрігер терапевт болып еңбек еткенім рас. Ал Кремльден кету себебім, шынымды айтсам, таңертеңнен кешке дейін бір үлкен кісінің қан қысымын өлшеуден жалықтым, – деп Ғ.Оспанов кезінде күйгенкөлдік Хаумет Сапаровқа айтқан.
Саратов жерінде Ғ.Оспанов екінші рет украин қызына үйленіп, бес ұлдың әкесі атанған. Ұлдары Алексей ғарыш зауытында инженер, Александр құрылысшы, Сергей неміс тілінен аудармашы, Владимир трамвай жүргізуші болып еңбек етсе, Василий атты ұлы бала күнінде қайтыс болыпты.
Әр жылдары Ғ.Оспанов Саратов облысының Новоузень және Питер аудандарының ауруханасында дәрігер болып, абыроймен еңбек еткен. Саратов облысында Оспанов әйгілі неміс-фашист қолбасшыларының бірі Герингтің жеңіл авто-көлігіне ие болған. Ол машинанының да өзіндік тарихы бар. К.Ворошиловқа Герингтің автокөлігін Ұлы Отан соғысы же-ңіспен аяқталғанда сыйға берген. Өз кезегінде К.Ворошилов сол машинаны бір генералға сыйға тартқан. Ал, кейін сол автокөлікті «Тополя» әнінің авторы Геннадий Колесников иеленген. Содан соң неміс машинасы тоқсаныншы жыл-дары Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына қарасты Өне-ге елді мекенінде тұрған Ғ.Оспановтың жеке көлігі болған. Осы автокөлікті Геннадий Федоровичтің айдап жүргенін өз көздерімен көргендер әлі күнге бар.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Ғ.Оспанов Саратов облысының Питер ауданында дәрігер бо-лып жүріп, сол жерде сабан тас соғуға келген сығандардың бірінің сәбиін өлім аузынан аман алып қалған. Оспановтың біліктілігіне риза болған сыған тобының жетекшісі оны келер жылы Закарпат еліне қонаққа шақырыпты.
Ғ.Оспанов келер жылы Закарпат еліне саяхаттап, сыған-дардың құрметті қонағы болады. Бүгінде Ресей Федерация-сына қарасты Волгоград облысы, Палласов ауданының Кайсацк ауылында тұратын Ғ.Оспановтың жұбайы Терезия Юрьевна Волошинаға арнайы барып жолыққан болатынмын.
– 1967 жылғы жаздың жайма-шуақ кезі болатын. Бізге бір қазақ қонаққа келді. Сығандар маң далада от жағып, өздері жанған отты ортаға алып айнала отырды. Әлгі қазақ пен мені сол жанып жатқан оттың ортасына шығарып, екеумізді қарама-қарсы тұрғызып қойды. Екеуміз үнсіз 10-15 минут бірімізге біріміз қарап тұрдық. Қазаққа қарасам, жасы елуден асқан қарт адам болып көрінді. Ал мен болсам 14 жастағы бойжеткенмін. Жасымызда айырмашылық басым. Шыны керек, мен оны ұнатпай, жек көре қарадым. Бірақ ойымды ашық айтуға сескеніп, қарсылық білдіре алмадым. Себебі барон мені сол жерде табордан қуып жібереді немесе өлім жазасына кеседі. Ал, әлгі қазақ менің жаратпай тұрғанымды түсінсе керек, кері бұрылып, оттың арасынан шығып кете барды. Мен өз таборымда қала бар-дым. Алайда қуанышым ұзаққа созылған жоқ. Келер жылы жазда әлгі қазақ біздің елге тағы келді. Бұл жолы мені қолымнан ұстап, Қазақстанға алды да жүре берді. Кейін біл-генім, біздің венгр сығандарының басшысы ұлын ажалдан аман алып қалғаны үшін мені әлгі қазаққа – Геннадий Федоровичке сыйға берген екен. Сөйтіп бұрын көрмек түгілі естімеген Орал облысы, Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауы-лына келдім. Сол уақытта Т.Жароков атындағы кеңшарда сайлау болып жатыр екен. Сайлау комиссиясының мүшелері «дауыс берем» деп келген маған: «16 жасқа толмағансың» деп бюллетень берген жоқ, – деп ағынан жарылады Терезия Юрийқызы.
Жәнібек аудандық мемлекеттік мұрағатындағы № 14 қордағы дерек бойынша Г.Ф.Оспанов 1967 жылғы 14 тамыз-дан 1969 жылғы мамыр айы аралығында Жәнібек ауданы Талов учаскелік ауруханасының меңгерушісі болып еңбек етіп, 1969 жылғы 2 маусымда Жәнібек ауданы Т.Жароков учаскелік ауруханасына дәрігер болып ауыстырылып, сол ауруханасында 1982 жылғы 18 қаңтарға дейін меңгеруші болып қызмет еткен.
1960 жылдардың аяғында Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылының аумағында Мәскеуден геологтар экспедициясы келіп жұмыс жасапты. Сол экспедиция құрамындағы бір орыстың басына темір құлап, басы жарылған екен. Қарбыз-дай қақ жарылған басқа Ғ.Оспанов ота жасап, әлгі жігіт екі күннен кейін аяғынан тік тұрыпты. Мәскеуліктер тірі қалған әріптесін көрген сәтте «О, чудо» деп еріксіз риза болған.
Ғ.Оспанов шай орнына қайнатылған ақ су ішіп жүре бер-ген. Арақ-шарап, сыра дегендерді мүлдем татпаған. Темекі тартпаған. Бүгінгі тілмен айтқанда нағыз салауатты өмір сал-тын ұстанған жан болған.
Адам ауырып жатыр деген хабар естіген дәрігер Ғ.Оспанов Күйгенкөл ауылынан 12 шақырым жердегі Көлтабан, 9 ша-қырым жердегі Құрсай, 22 шақырым жердегі Өнеге бөлім-шелеріне қысы-жазы тәуліктің қай мезгілі болса да жаяу-жалпы жүре береді екен.
– Ғ.Оспанов Т.Жароков кеңшарындағы учаскелік ауруха-насында істеп жүрген кезінде ағылшын тілінде шығатын «Mos-kow news» газетін судыратып оқып отыратын, – деп бір кездегі әріптесі күйгенкөлдік Қансұлу Жамбылова апай еске алады.
– 1976 жылы жас жарымдағы қызым Жанар қатты ауы-рып, тамақ ішпестен жатып қалды. Сол уақытта Т.Жароков атындағы кеңшарға қарасты Өнеге бөлімшесінде трактор-шы болып жұмыс жасайтынмын. Құрдасым Сәлім Әліповке дәрігер Ғ.Оспановты алып келші деп өтіндім. Дәрігер көп кешікпей келді. Қызымды асықпай қарап: «Менингит екен. Аудандық ауруханаға апарып емдетіңіз» деді. Мен: «Өзіңіз емдеңіз, өлсе, өз қолыңыздан өлсін. Басқа ешкімге қарат-паймын» деп отырып алдым. Содан не керек, ол қалтасынан дәрі алып, «осыны күніне бір таблеткадан беріңіз. Он күннен соң беті бері қарамаса, ауданға апарыңыз» деді. Обалы не, қызым үш күннен соң шауып кетті. Қазір Жанар тұрмыста, жиендерім бар. Осы Жәнібек ауданында тұрып жатыр, – дейді Сағындық Ажыханов.
Дәрігер Ғ.Оспанов сол жылдары ауылда садақада ауыл молдаларына риза болмай, Құранды өзі оқиды екен. Тағы бір қасиеті – етті ұнатқан. Жіліктерді пышақсыз мүжіп, тап-таза қылатын. Ғ.Оспанов үш-төрт адамның тамағын бір өзі қорек қылатын дейді оны көргендер. Бір қызығы, Оспанов бір құжатта Геннадий Федорович Оспанов болса, бір құжатта Ғафу Оспанов болып жазылған. Ал жәнібектіктер оны Құспан кейде Құсайын деп те атай берген.
– Бірде қатты ауырып, Ғ.Оспановқа қаралдым. Ол тамы-рымды ұстап, бір жапырақ қағаз жазып, оған «Оспанов» деген жазуы бар темір мөрін соғып, Саратов қаласындағы ауруханаға барып ем алуымды өтінді. Саратовқа жол тарт-тым. Ауруханада кісі көп екен, үш күн қатарынан кіре алма-дым. Үшінші күні бір санитар орыс әйелі қасыма келіп, профессор Виноградовқа жолығыңыз деді. Көрсеткен бөл-меге кірсем, ақ халатты егде жасты орыс отыр екен. Көп сөйлеспестен Ғ.Оспанов берген қағазын көрсеттім. Ол әуелі мені ұзақ тексеріп, сосын Ғ.Оспановтың жолдамасын қа-рады. Содан соң: «Мына қағазды жазған адам – тегін дәрігер емес! Кім болса да әскери дәрігер сияқты. Мұндай диаг-нозды дәл қоятын дәрігер аз. Шынымды айтсам, кім болса да өз ісінің майталманы екен!» – деп профессор Виноградов таңғалды, – дейді Сағындық аға Ажыханов.
Ғ.Оспанов пен Т.Ю.Волошина 1980 жылдың 27 қазан күні Орал облысы Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық кеңесін-де некеге отырыпты. Соңғы әйелі – сыған қызынан Марина, Елена, Екатерина, Нина, Ангелина, Сергей, Владимир есімді ұл-қыз туған. Балаларының барлығы да қазір Мәскеу қаласында тұрады. Өткен жылы Ғафу ағаның ұлы Сергей Жәнібекке келген кезде кездесіп, әңгімелестік.
– Біз жеті ағайындымыз. Бәріміз де жоғары білім алдық. Інім Владимир әке жолын қуып, Мәскеуде дәрігер болып қызмет етеді. Ал мен Мәскеу азаматтық авиация институты-ның ғарыштық байланыс жүйесі факультетін тәмамдадым. Бүгінде бағдарлама саласында қызмет етемін. Мен Кайсацк орта мектебінде оқып жүргенде неміс және ағылшын тілде-рін қатар меңгеріп, аудандық, облыстық пәнаралық түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орыннан көріндім. Үйде әкеміз бізбен неміс, ағылшын, француз тілдерінде сөйлесіп отыратын-ды. Әкем араб, француз, ағылшын, неміс тілде-рінде еркін сөйлейтін. Неге екенін білмеймін, бізбен қазақ тілінде ешқашан сөйлескен емес. Бірақ ұлтымыздың қазақ, руымыздың «қазанқұлақ» екенін қайта-қайта айтып отыра-тын, – дейді Сергей Оспанов.
Ғафу Оспанов 1982 жылы Т.Жароков кеңшарындағы учаскелік аурухана меңгерушісі қызметінен босаған соң, сол ауданның Калинин атындағы кеңшарына қоныс аударған.
– Геннадий Федорович 1996 жылы Владивосток қала-сындағы ұл-қыздарына барып келді. Келген соң: «Енді менің арманым жоқ. Өз жолымды қуған қызым барына ризамын. Владивостоктағы Нина қызым екеуміз неміс, француз, ағыл-шын тілінде әңгімелесіп, біраз шер тарқаттым. Бірақ қызым қытай және жапон тілдерінде сұрақ қойғанда ешқандай жа-уап бере алмадым. Қызыма ризамын, 12 ұлттың тілін мең-герген екен деді», – Терезия Юрийқызы.
Барша жерлестеріне аңыз болған Ғафу Оспанов 1997 жылы 30 желтоқсанда 82 жасында Волгоград облысы Палласовка ауданы Кайцаск ауылында қайтыс болыпты. Сол ауылға жерленген.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
Жәнібек ауылы,
Батыс Қазақстан облысы