Перизат ғашық болған Қази ақын

«DANA.kaz» журналының поштасына оқырмандарымыздан түрлі қызық мақала түсіп жатады. Соның бірі Орал қаласындағы №31 орта мектеп мұғалімі Райхан Тасқалиевадан келіпті. Ол Қаратөбе өңірінде өткен суырып салма ақын, әрі «пері қызына ғашық болған» хикаясымен де танымал Қази Қалиұлы туралы жазыпты. Тың тақырып, тосын тұлға туралы жазылған дүниені оқырманға ұсына отырып, «Қази ақын» атты зерттеу еңбегін шығарған қаратөбелік өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыздың кітабынан да үзінді жарияламақпыз. 

Ақынның сипаты

Қази Қалиев Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, бұрынғы Қазақ ССР-нің 60 жылдығы атындағы совхоздың №3 фермасында (қазіргі Ханкөл ауылы) өмір сүрген. Ұзақ жыл Ханкөл, Егіндікөл ауылдарында ұста болған өз әкем Ғани Тасқалиевтің, тарихшы мұғалім болған Иман Құбыниязовтың айтуынша, Қази көзі жалт-жұлт еткен, қиылмаған шашы қалың, үнемі жалаңбас жүретін толықтау келген қара кісі болыпты. Үстіне ала шекпен киіп, белін буынып, қолына таяқ ұстап жүреді екен. Домбырамен өлең айтқанда өзі байыз таппай қозғалып, тепеңдеп төрден қазан басына дейін, яғни есікке дейін жылжып жететін болған. Атқа мінбей, көбіне жаяу жүреді екен. Өмір бойы “Интернационал” колхозының мал санитары болып жұмыс істеген. Қазидың өлеңдері ел аузында көп сақталмаған. Себебі ол өлеңді жазып шығармаған, суырып салып айта береді екен. Естігендер жаттап алып, өлеңдерінен үзінді келтіреді. Ақынның әр өлеңі сықақ пен сынға, шыншылдық пен тапқыр-лық тақырыбында жазылған. Енді сол өлеңдерінен бірер мысал келтірсек.

 

Қазидың басшыларға айтқан мұңы

Шәкір* мен Жұбанияз* – екі-ай інім,
Құрысын жоқтықпенен көрген күнім.
Мүддем бар бір-екі ауыз айтатұғын,
Мен де жоқ, бөтен пікір, Алла, шыным.
Халыққа екеуің де жаққан жігіт,
Халықтың абыройын тапқан жігіт.
Кешегі өткен қыста, ауыр жылда,
Халықты шаң тигізбей баққан жігіт.
Мен жүрген ортаңызда аш арыстан,
Әрқашан жоқтықпенен арпалысқан.
Киім жоқ, тамақ жағы тағы кеміс,
Қалайша шығам деймін осы қыстан.
Білмеймін өлең қалды қай жағымда,
Қолда жоқ қысқа әзірлік таяғым да.
Қыс келді қалшылдаған қылыш сүйреп,
Киетін байпақ та жоқ аяғымда.
Тарым бар бүтін қысқа үш пұт жарым,
Жоқтық ит кетіреді беттің арын.
Қосымша сол тарыға мен сұрасам,
Мүмкіндік қараймысыз қолда барын?!.
Сөзімнен бір ғибрат аларсыңыз,
Әрқашан жағдайыма қарарсыңыз.
Нашарлар бұл колхозда нешеу болса,
Солардың біреуіне санарсыңыз.

Шәкір* – «Интернационал» колхозының бастығы
Жұбанияз* – ауылдық кеңес төрағасы

 

Доңғалақ

Бір күні Қази (ветсанитар екен) малды ауылды аралап келе жатып, далада жатқан арбаның бір доңғалағын көреді. Әуел баста төрт доңғалақтың жақсы үшеуін біреулер ұрлап кетсе керек. Мына доңғалақ, шамасы сынық, шамалылау болса керек. Қази ақын сонда осы сынған доңғалақ болып, мына өлеңді шығарған екен:
Қайыбың* тастап кетті қақ басқа ұрып,
Дүрікті үстімдегі алды жұлып.
Үшеуміз ұрыларға қолға түстік,
Мен сорлы жөн таба алмай
қалдым тұрып.
Колхозға берілмеген Қайып қасқа,
Айдады зырқыратып тау мен тасқа.
Сен салар, мен салардың әлегінен ,
Бөліндік быт-шыт болып, басқа-басқа
Айта бар, барсаң сәлем Көшербайға*,
Тойған соң бізді ұмытты ет пен шайға.
Көп жүріп, жол бейнеттің дәмін алған
Мол еді мамандығы осындайда.
Жүрмісің аман-есен, Көшербайым,
Әрқашан білуші ең ғой бейнет жайын.
Келген соң армиядан бақ берді де,
Бейнетті ұмыттырды бір Құдайым.
Бағына Камария* тап келді де,
Маңдайдан ағып тұрған қалың сордың,
Жартысын алып кетті қақ бөлді де.
Сәлем айт, барсаң сәлем Қарабасқа*,
Ежелден темір жеген қара қасқа.
Бір толкі* ішімізге дұрыс қақпай,
Бөліндік быт-шыт болып, басқа-басқа.
Сәлем айт барлық біткен доңғалаққа,
Бәрі де мен сияқты ондалап па?
Мен құсап, қалай-солай жата бермей,
Дүз жықса, ісі шықсын монданаққа.

Қайып* – сынық арбаның иесі,
арбакеш
Көшербай* – құрдасы
Камария* – Көшербайдың кемпірі
Қарабас* – ұста
Бір толкі* – втулка, арба
дөңгелегінің бөлшегі

 

Қази дүкенде

Қази Қалиевтің тағы бір ерекше қасиеті – көз байлаушылық гипноз өнері бар екен. Енді содан бірер мысал келтірейік.
1950 жылдардың іші. Қази мал дәрігерлік қызметін атқарады. Бірде ол аудан орталығы Қаратөбеге келді. Кездескен достары оған қолқа салып, замандасы, дүкенші Сисенғалиды алдауын өтінеді. Осылай серттескен Қази дорбасынан газет алып, оны жиырма бес сом көлеміндей ақша қылып жыртып, дүкенге кіріп кетеді. Келеді де Сисенғалиға: «Мына 25 сомға келгенше арақ бер», дейді. Оның қолынан газет ақшаны алған Сисенғали суырмаға лақтырып, дорбасына он жарты арақ салып береді. Қази саудасын жасап, жөнімен кетеді. Екінші бір адаммен сауда жасап, ақша салған суырманы ашқан Сисенғали жаңағы жиырма бес сомдық емес, жыртылған газет екенін бір біледі. Жүгіре шығып, Қазиды іздейді, бірақ Қази жоқ. Тек ертеңіне ғана әзіл айтып қалжыңда-ған Қази дүкенші Сисенғалиға жиыр-ма бес сомын әкеліп береді.

 

Сиырдың аузынан шығу

Бірде Қази бірнеше адаммен мал егуге табын сиырға келеді. Аулада қамалған сиырларды егіп болған соң қасындағы жолдастары Қазидан өзінің өнерін көрсетуді өтінеді. Аз ойланып тұрған Қази қазір өзінің сиырдың аузынан кіріп, басын оның артынан шығаратынын айтады. Солай дейді де, сиырдың аузына кіре бастайды. Бірте-бірте кеудесі жоғалып, жылт еткен өкшесін бір-ақ көреді. Мұнан соң сиырдың қарны әрі-бері бүлкілдеп, бір кезде сиырдың құйрығын көтеріп, артынан Қазидың басы көрінеді. Ол: «Енді кейін аузынан шығайын» - дейді де, бүлкілдетіп қарынға түсіп кетеді. Одан соң сиырдың аузынан әуелі өкшесі көрініп, одан соң сопаң етіп өзі шығады. Жолдастары аң-таң. Осы кезде ауланың сыртынан қарқылдап күлген дауыс естіледі. Жалт қарағанда, ат үстінде ауладан асыла қарап тұрған бөлімше меңгерушісі Отарбайды көреді. Ол жігіттерге былай деп түсіндіреді: Мен аула сыртында тұрғандықтан Қазидың гипнозына ұшырамадым. Ол сиырдың ішіне кірген ештеңесі жоқ. Тек басын сиырдың аузына тақап, мойынның бойымен жайлап жылжыды да, аяғын кезек көтеріп, сиырдың аузына тақап, екі өкшесін көрсетті. Онан соң бауырынан әрлі-берлі өте бастады. Онан соң сиырдың құйымшағын көтеріп, басын көрсетті. Кейін қайтқанда да осы қимыл қайталанды» депті.

Райхан ТАСҚАЛИЕВА,
Орал қаласы

Қаралым саны 1623

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463