Жасымнан жадымда жатталған

Перінің қызы ғашық болған ақын Қази туралы ел арасында айтылып жүрген аңызға, дастархан басында қарттар айтқан әңгімені естіген бала кезімде бір жағынан таңданып, екінші жағынан қорқа соғып, тыңдайтын едім. Кейде кешқұрым өрістен бұзауды айдап келе жатып, ескі үйлердің қасынан өткенде, Қази жайлы әңгіме есіме түсіп, балғын жүректің кеудеге сыймай, қорыққаннан дүрсілдеп соққан сәттері жасымыз жетпіске жақындап қалса да, әлі ұмытылмайды.

1969 жылы жазда Орал қаласындағы педагогикалық институтты бітірдім. Егіндікөл орта мектебінде, Қаратөбе аудандық газетінде, аудандық партия комитетінде жұмыс істедім. Жұмыстан қол бос уақытта бала кезден санама қынадай сіңген Қазидың өлеңдері, аңыз-әңгімені жинауға құлшындым.

Қази өлеңдерін жинауда маған Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім Сәмер Жантілесұлы Есенов ағамыз, Қалдығайты ауруханасының шаруашылық жөніндегі жетекшісі Қатау Жанұзақов, Саралжын совхозының Сәуле ауылының тұрғыны Мақұл Жұмалиев, Егіндікөл ауылының №3 фермасының тұрғыны Жұмабек Ақбалин, Ханкөл ауылының тұрғыны Қуанышбек Тұяқов, Қаратөбе селосының тұрғыны, аудандық дайындау кеңсесінің есепшісі Күләш Сабырова, оралдық журналист Хамидолла Қыдыров, «Қаратөбе» совхозының тұрғыны Орынбасар Жолиманов, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданынан Кәкимолла Шалабаев, қаратөбелік Орынбасар Жаманбаев, Ләтен Қажығалиев көп көмектесті. Ал, музыка маманы Әлеумет Мәмбетов Қазидың сазын нотаға түсіріп, әнші ретінде өзі домбырасымен ақынның термелерін орындады. Ханкөлдік қызылұрт Шыңғали Жұмағалиев Қазидың қызы Шәрмөзден ақын әкесінің жалғыз суретін тауып беруге қол ұшын берді.

Қазидың өмірдерегі

Қази Қалиев Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылында 1903 жылы туған. Интернационал колхозында әуелі жұмысшы болған, кейін мал маманы (веттехник) болып жұмыс жасаған. Жас кезінен бастап, ескі араб әрпімен жазылған өлең-жырларды, қиссаларды жаттап, айтатын болған. «Тахир мен Зухра», «Исатай мен Махамбет», тағы басқа қисса әңгімелерді дастарқан басына жиналғандар жалықпай тыңдайды екен. Сонымен қатар, Қази жас кезінен өз жанынан өлең шығарған. Өлеңді бірден суырып салатын болған. Оның сазын домбырада өзгелер ойнай алмайды екен. Ілкі кездегі өлеңдері - «Ханкөлдің алпыс қатыны», «Перінің қызы Зүлзала» деген өлеңмен жазылған ұзақ айтыс. Колхоз құрылғаннан кейін жұмыстағы кемшіліктерді көрсететін сықақ өлеңдерді көп шығарған.
Қазидың домбыра тарту әдісі де бөлек болса керек. Домбыраны солақай тартады да, пернелерді оң қолының бас бармағымен басып күйге келтіріп, «Әйдалім» деп бастап ән-жырын жалғастырады екен. Бет-әлпеті дөңгелек жүзді көзі ойнақшыған, бұйра шашты, орта бойлы адам болыпты. Көбіне жаяу жүргенді ұнатады. Жай аяңдап келе жатып, үнемі күңіреніп өлең айтып жүреді екен.
Қази 1957 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Зираты Ханкөл ауылына жақын Бесешкі деген жерде. «Қази өлгеннен кейін перінің қызы келіп, ғашығын алып кетіпті. Ақын денесін ораған кебіннің ақ матасы көр топырағын қазған үңгірдің ауызында жатыр екен. Қазір Қазидың денесі моласында жоқ. Перімен бірге қайда кеткені белгісіз» деп кісі нанатындай етіп айтылған аңыз әңгіме ауыздан ауызға тарап, Ханкөл жағында әлі күнге аракідік айтылып жүр.

Ғалымның естелігі

Ғалым, әдебиетші Мәтжан Тілеужанов көптеген өлеңдерін ақыннан көзінің тірісінде жазып алып, өзімен тілдескендігі туралы былай деп жазған.
«Қаратөбе ауданының «Егіндікөл» совхозында ғұмыр кешкен, руы қызылқұрт Қази Қалиевтің термесі кереметтей мазмұнды, көркемдік бояуы қанық, ажарлы. Өлең өлшемдері ұлттық дәстүрден ауытқымай өрілген. Жергілікті орындаушылар айтқанда әп-әдемі шалқып, тыңдаушысын бірден баурап, үйіріп әкетеді. Автор туралы ел арасында не шанарыңды, не шанбасыңды білмей, екіұдай сезімге билейтін хикмет, аңыз тараған.
Қази Қалиев өмірден бертінде, елуінші-алпысыншы жылдардың шамасында өтті. Ұзақ жыл шаруашылықта мал дәрігері болып қызмет жасады. Мал дәрігері дегенде, жоғары білім болмағаны өзінен-өзі белгілі. Орта дәрежелі мамандық иесі болуының өзі неғайбыл. Сірә, ежелден бергі халықтық дәстүр, тәжірибеге сүйенген маман бола ма деп шамалаймыз. Аңыз төркіні мүлдем басқа. Онда бірінші алған жары қайтыс болған соң, екінші үйленген әйелімен үйлесе алмай, Қазидың бір ғаламат жұмбақ жағдайға ауысқаны, қайта-қайта үйінен кетіп қалып, жан баласы білмейтін тылсым тағдыр кешкені жайында әнтек әңгіме айтылады. Жеңгелері қоймай аңдып, Қазидың басындағы түсініксіз ғажап хәл оның перінің қызымен әуейі болып жүргеніне байланысты екенін анықтайды. Перінің қызы ақыр соңында өзін аңдушы адамдардан безіп, ғайыпқа сіңіп жоқ боп кетеді.
Алайда автор төгілген терме-жырында бұл «ғаламат» турасында зәредей де сездірмейді.
Айып етпе, жолдастар,
Мен білімді адам емеспін.
Саясатқа жетілген.
Халқыма мәлім соқырмын,
Отан үшін, ел үшін,
Екі көзі сетілген, - дейді бір сөзінде. Кезінде біз Қазидың термесін өз ауызынан, өз орындауында жазып алғанбыз. Жыр, терме, өлең болсын – бәрін де домбырамен өзі сүйемелдеп отырады. Дауысы әдемі. Мінезі елікпелеу. Айту үстінде бір орында отыра алмай, ілгері ұмсынып, қайта-қайта жылжып кете беретінін байқадық.
«Мен Қазимын Қалиев, кете берем далиып» деп, қызба мінезін өзі де жасырмайды. Бұл кісінің орындауында бұрын еш жерде тыңдап көрмеген «Кегелек» деген халық әнін естідік. Әттең, әнді жазып алуды ескермеппіз», - деп өкінеді әдебиетші ғалым Мәтжан ағамыз.
Ақынның көзі тірісінде өз ауызынан жазылып алынған сол терме мынау.

Қазидың термесі

Ал, сөйлейін, жолдастар,
Қаумалай келген халығым.
Сірә, мисыз болмаса,
Сөзімнің білер анығын.
Жәһерден біткен көк алмас,
Қылыштың болат қабымын.
Мен – тұлпардың нәсілі,
Кебеже қарын, көк құрсақ,
Тұқымы емен жабының.
Әрі-бері қызғанда
Тұлпардан күшті ағыным.
Жұдырықтай гауһар тас
Бірнеше жыл сақталар
Су түбінде ағынның.
Еңбегім сіңген Отанға
Еңбекшіл шаруа табымын.
Бұлданбай сөзді сөйлеген
Әуелден менің қалыбым.
Мен сөйлейін, жолдастар!
Жақсылап сөзді тыңдаңдар,
Сендерге айтар талабым.
Жиылған жерде бас қосып,
Өздеріңдей жақсының
Орындай келген салығын.
Айып етпе, жолдастар
Мен білімді адам емеспін
Саясатқа жетілген.
Халқыма мәлім соқырмын,
Отан үшін, ел үшін
Екі көзім сетілген.
Мен – елеусіз жүрген тұлпармын
Өз-өзімнен шаба алмай,
Бабымды ешкім таба алмай,
Қос табаным, тұяғым
Тарпи да тарпи кетілген.
Бұлтты күні бай жатпас,
Байды қара баспаса.
Жаулы күні ер жатпас,
Ерді қара баспаса.
Байтақта халық қор болмас,
Жақсы адам елді басқарса.
Дана бір адам шешеді,
Ортаға дауды тастаса.
Дүниеде сол жаман,
Ағайын, тума, туғаның
Дұшпандық салып қастаса.
Халқына жігіт жағар ма,
Кез келгенмен керісіп,
Кірлі сөзбен ластаса.
Жігіттер жігіт бола ма,
Екі елі ауызын бақпаса.
Қамын жемей халқының,
Қара басын сақтаса.
Сөз сөйлеп соқыр не қылар,
Сөз байлауын таппаса.
Сөйлегенім құрысын
Халқыма сөзім жақпаса.
Өзімді өзім байқаймын
Пайдаға асар шамам бар,
Бабымды тауып баптаса.
Мың пәледен құтқарар
Көп жабылып ақтаса.
Үндеме, жағың қарыссын,
Ауызың қышып бара ма,
Сөзіңді біреу жақтаса.
Талтаңдама, жігіттер,
Талқаныңды шығарар
Көп жамандап даттаса.
Сақтай гөр, Жаппар Жасаған,
Үш құман сумен жуғаннан,
Үш жерден белін буғаннан.
Тіршілікте айырма
Күнде бір қызық-думаннан.
Негізінде асыл жат жақсы
Қайырымсыз тума-туғаннан.
Ағайынның жаманы
Бар болсаң – сені көре алмас,
Жоқ болсаң – саған бере алмас.
Басшылық етсең егерде
Соңыңнан жөндеп ере алмас.
Қас дұшпаны сен болар
Көрсетпей атып кесегін.
Қыр соңыңнан қалдырмас
Күңкілдеген өсегін.
Бір нәрсе оған қатты айтсаң,
Көрместей боп кетеді,
Теріс мініп есегін.
Атқа мінген азамат,
Тәңірлік болсын ойыңда,
Тазалық болсын бойыңда.
Өкпең жоқ, түгел бауыр бол,
Құлағың жоқ, сауыр бол.
Арқаң жалақ, жауыр бол,
Тәуірлікке сосын шығасың.
Үлкен болса – ағам де,
Кіші болса – інім де,
Сонда жұртты жығасың.
Тәуірмін деп құр босқа
Кеудеңізді көтерме,
Өзіңді өзің білмейсің,
Ел-жұрт көріп сынасын.
Мәжілістің белгісі –
Ер-азамат жиналып
Әңгіме, жыр құралмақ.
Сұлулықтың белгісі –
Сәндене басып, бұлаңдап,
Жүрегіңді жаулар сылаңдап.
Батырлықтың белгісі –
Жауға шаппақ ұрандап.
Жүйріктіктің белгісі –
Байраққа шабар тұмарлап.
Балуандықтың белгісі –
Белдесіп, ырғап сыналмақ.
Шешендіктің белгісі –
Ақ домбыра қолға алып,
Әуездеп үнін шығармақ.
Оралың бар да ойнақта,
Ажарың құрып солған күн
Қаларсың кенет тыраңдап.
Ақ кіреуке кигізіп,
Әлеумет жуар құмандап.

Перінің қызы Зүлзала

Қаратөбе өңірінде өткен шежіре қарт Мәрбан Бекмағанбетов Қази мен пері қызының арасында болған оқиғаны ақынның өз аузынан естіген:
«...1947 жылдың жазында Қаратөбеде Қазимен таныстым. Орта бойлы, иықты келген, қабағы қоюлау, шаралылау келген ойнақы көзді, қараторы кісі екен. Ел арасындағы аңыз-әңгімеде Қази перінің қызын алыпты деп естігенім бар. Бір күні соны өз аузынан естігім келетінін айтып, өтініш жасадым. Ешбір бұл-данбастан кідіріссіз айта жөнелді.

«Әке-шешемнен жетім қалып, аға-жеңгемнің қолында өстім. Жаз күні, үйдегі бұзауды бағу менің мін-детім болатын. Күн сайын кешкілік айдап келемін. Үйретіп, мінгі етіп, әбден жуасытып алғанмын. Бір күні кешкілік бұзауға мініп, күн сайын қасынан өтіп жүретін бір ескі қыстау тұратын ауылдың шеткерірек жағын-да, сол тұсқа келгенімде астымдағы бұзауым ойда-жоқта тулап-тулап мені жерге атып ұрды да, аталақтай жө-нелді. Мен есімнен танып қалыппын. Ұйқыдан оянған сияқты болып, есімді жисам, қараңғы сенекте жатырмын. Есікке қарай тұра жүгірдім. Есік ал-дында тұрған бір қыз шап беріп білегімнен ұстап алды. Қолы қатты, жұлқына бастап едім, кейін қарай лақтырып жіберді. Тұра сала есікке қарай жүгірдім, тағы ұстап, тағы лақ-тырды. Сөйтіп бірнеше лақтырғаннан кейін «Апеке-ай! Жіберсейші» деп жалына бастадым, жібермеді. Соңғы лақтырғаннан кейін отыра қалып, солқылдап келіп жыладым. «Құдай-дың маған істегенін көрмеймісің, бір боқмұрын жаман балаға мені ғашық қылып қойғанын. Мен сені қазір үйіңе жіберем, бірақ қараңғы түскен-нен кейін осы араға келесің. Еш адам келгеніңді сезбейтін болсын, келмей-тін болсаң, өзіңе қатер», - деді. «Апеке-ай, жібер, келейін, келейін»,- деп уәде бердім, кеттім. Үйге келген-нен кейін, «Бұзау мана өзі келді. Сен қайда жүрсің?» – деп жеңгем сұрай бастады. Бұзаудың тулап жығып кеткенін, содан біраз тұра алмай жатқанымды айтып едім, үстім шаң-топырақ болғаннан кейін сенді. Топырақ-шаң құлағаннан болғанын, әлде қараңғы қорада қыз лақтырған-да аунағаннан болғанын білмеймін, әйтеуір жеңгемнің шануына себеп болды.

Қараңғы түскеннен кейін, айна-лама қарап, жалтақтап, ескі үйге қа-рай жүрсем бе, жүрмесем бе деп ойладым. Барайын десем қорқам, бармауға тағы қорқам. Не де болса тәуекел деп, жаман қыстауға қарай тартып келемін. Айналама қарап қоямын, ешкім көрмеген сияқты.

Қыз мені есік алдынан күтіп ал-ды, манағыдан да сұлу, әдемі киін-ген. «Жүр, ішке кір», - деп мені қолымнан жетектеп ішке кіргізді. Құдай сақтасын! Тіпті жаман қыстау атымен жоқ, бір керемет әдемі орда. Іші жап-жарық, төргі бөлмеде әдемі кереует-те жинаулы жүк, төсек-орын. Еденде төселген кілем, үстінде дастарқан жаюлы. Үсті түрлі тағамнан сірескен, арасында түйенің құмалағындай кәмпиттер де бар. Мені дастарқан басына көрпеге отырғызды да, кәдім-гі шоқ салғышты алып, қайнап тұрған самауырға шоқ әкелетін әйелше сыртқа шығып кетті. Кәмпитті қолыма ұстап қарап, ертең жарықта көремін деп, бір-екеуін алып, ышқырыма қыс-тырдым. Сырттан шоқ әкеліп, самау-ыр жанына шай құятын әйелше оты-рып, дастарқанға көзін салды да, «мына жердегі кәмпит қайда» - деді. Мен білмеймін деп едім, «таста ор-нына ышқырыңдағыны» - деп ақы-рып қалғанда, «Апеке-ай, тастай-мын» деп алып орнына қойдым. Екеуміз асықпай жайланып болғасын, кереуетке төсек салды. Ылғи мамық, жібекпен қапталған көрпе. «Жат мы-на төсекке», - дегенде аң-таң отырып қалдым. «Не мелшиесің, төсекке жат дедім ғой, саған салынған төсек» - деп ақырғанда, «Апеке-ай, жатайын» - деп төсекке сүңгіп кеттім. «Солай жата тұр. Мыналарды жинап мен де жатам, мен саған апа емеспін, ғашық болып қалған әйеліңмін», - деді. Менде үн жоқ, мамық төсекте теріс қарап жата бердім. Бір кезде шамды сөндіріп, шешініп ол да келіп, менің қасыма жата кетті. Тұла бойым діріл-деп кетті, денесі денемді өртеп жі-бергендей ыстық. Құшақтап, айма-лап: «Мен перінің қызымын, атым Зүлзала, сені ғашықтықпен іздеп тап-тым. Мен сенің әйеліңмін, екеуміз ерлі-зайыптымыз. Екеуміздің бұл кездесуімізді ешкім сезбеуі керек. Қырық күн өткенше күн сайын қараң-ғы түсе осында еш адамға сездірмей келіп тұрасың. Егер ешкім сезбесе, қырық күннен кейін ерлі-зайыпты болып жарияға шығамыз. Егер сезіліп қалса, шарт бұзылады», - деді. Сөйтіп жатып бұрын өмірі көрмеген ыстық қойын, жайлы төсекте ұйықтап кет-кен екенмін. «Тұр, таң жарығы түспей орныңа барып жатып ал», - деп оя-тып жіберді. Келіп орныма жата қа-лып, күндегідей жұртпен бірге өз төсегімнен өрдім. Сонымен күн сайын қараңғы түссе, жаман қыстауға қарай ешкімге білдірмеуге тырысып, жөнелетұғын болдым. Барсам болды, маған барлық жағдай жасаған. Жаз күні ғой, бір салар киіз төсеп, сыртта жататынмын. Бірде Зүлзала ұйқыдан оятып: «Жылдам төсегіңе жет, киіз үстіне сиыр жапалап қойды, үстін астына қаратып аударып салып жата кет», - деді. Тездетіп барсам, төсек киізімде көлемді сиыр жас жапасы. Аударып салып, жата кеттім. Тұрған-нан кейін төсек жинарда жеңгем ұр-сып жүр. «Диуана қайда? Киізді жа-паның үстіне салып, бүлініп қалып-ты», - деп сөйлеп-сөйлеп басылды.

Сонымен, түнгі рахатқа әбден үйреніп, аңсайтынды шығардым. Тіп-ті күннің жылдам батып, қараңғының тез түсуін, ауыл адамдарының шұғыл ұйқыға кетуін тілеймін. Екі көзім ескі қыстау жақта болатынды шығарды. Уәделі уақытқа да көп қалған жоқ. Бір күні іңір қараңғысында кетіп бара жатқанымда артымнан біреу аңдып келе жатқандай сезініп, ішімді басып отыра қалдым. Сөйтсем аңдып келе жатқан ағам екен. Жетіп келіп: «Неғып отырсың? Қайда барасың?» - де-ді. «Ішім ауырып, дәретке», - деп жа-уап бердім.
«Өтірік, сенің ішің жұрт жатқан-нан кейін ауыра ма? Күн сайын түнде сен осы иесіз жаман қыстауға қарай кетесің, оған біраз күн болды. Сені бірдеңе жетектейтін болар, тез кейін жүр, тыныш ұйықта», - деп қолымнан жетектей жөнелді. Амалсыз қорық-қаннан соңына еріп, ұйқылы ояу кісі-ше көзімді уқалап, төсегіме жата кет-тім. Ұйқы болатын емес, ағаның ұйықтауын күтіп-бағып жата бердім. Қол жұмысын жасап шаршап жүрген адам ғой, бір уақытта шынымен қат-ты ұйқыға кетті. Мен жалма-жан тұ-рып, жүгіре басып, күндегі жерге жет-сем, жарық жайнаған отау жоқ. Иесіз жаман қыстау алғашқы қалпында тұр. Зүлзала жоқ. Қыстаудың жанында шағындау төмпешік бар еді, соның үстінде отыр екен. Дүнияларын буып-түйіп арқасына таңып алған. Мені жылап қарсы алды. «Болдым, шарт бұзылды, ағаң біліп қойды, енді бол-майды. Құдай бізді қосуға жазбаған екен, мен кетемін. Егер менімен кет-кің келсе, алып кетемін, бірақ ерік өзіңде. Қалғың келсе, қаласың», - де-ді. Мен ештеңе айта алмай, солқыл-дап жылай бердім. Біраздан кейін «Жарық түсуге қалды. Қош бол!» - деп қанатын жаза бастады және орнына көтеріле берді. Мен жылаған күйімде қатты толқып ойлап, Зүлзала арқасындағы кереуеттің аяғынан ұстап кетсем бе екен деп екі қолым-ды соза ұмтыла бердім. Бірақ биіктей берді, қолым жетпей, созылған күйімде тұрып қала бердім. Көтері-ліп биіктеп, менің үстімнен үш айна-лып, «Қош» деді де, көрінбей кетті. Мен қалдым да қойдым» - деп Қази Зүлзала әңгімесін аяқтады. Артынан (үш-төрт айдан кейін деді ме, әлде келесі жылы жазда деді ме, ұмытып қалыппын) біраз уақыттан кейін кеш-кілікте баяғы иесіз қыстау маңына кешкі қызылдықта келіп қонғанын көріп, жүгіріп бардым. Бірақ тілдесе алмадым, көтеріліп ұшып кетті дейді. Мен Зүлзаланы сағынып былай деп өлеңдеттім деп шумақ өлеңдер ай-тып еді, жадымда қалмапты.»

(Белгілі жазушы
Қайыржан Хасановтың
«Қази ақын» кітабынан)

Қаралым саны 2350

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463