Бүгін әдеттегіден үйіне ертерек келген Чжон Хи Пак ауру анасының аузына су тамызды. Байғұс анасы бір уыс болып қалыпты. Тұлғалы адам-ның кішкентай болып қалғаны бір-түрлі екен. Киімінің сыртынан қабыр-ғасын санап алуға болатындай кейіп-те еді. Чжон Хи Пак анасын құшақтап егіліп жылады. Бұл мінезіне анасы кірпік қағу арқылы өз наразылығын білдіріп жатты. Көп адамның пікірін-ше ер адамның жылағаны ерсі. Ал Чжон Хи Пак олай ойламайды. Оның ойынша ер адам да жиі жылауы керек. Жылағанда жай жылау керек емес. Бойындағы қыстығып қалған сезім эмоциясын шығарып жылау керек. Шаруасы шаш етектен, бірақ жалақысы аз жұмыс Чжонды қажы-тып бітті. Анасына дәрі-дәрмек алып беруге де дәрменсіз. Дәрігердің айтқан дәрілерін толық ала-алмаса да қарызға батып жүріп біразын алған болатын. Бірақ одан жазылып кеткен анасы жоқ. Керісінше күн өткен сайын ауруы күшейіп барады. Көрсетпеген бақсы-балгері қалмады. Алыс-жақын аймақтағы аты шыққанның бәріне алып барды. Олар анасына ештеңе жасай алмады. Бәрінің айтары бір жауап. Күткеннен басқа ештеңе жоқ. Сөйтіп бұның анасы ажалын күтіп жатты.
Көзі ілініп кетсе, көретіні қасқыр. Көзі қанталаған көкжал бөрі баласы Чжон Хиді қуып, оны өлтірмекке ұмтылады екен. Анасы бұл түсті бірнеше рет көрді. Баласына қорқынышты түсін айтуға батылы бармады. Түс түлкінің боғы деп іштен тынды. Сол көрген түсін пәлен қайтара көрді. Таңда ұйқысынан шошып оянды. Тағы да сол түсті көріп жатыр екен. Қайта, оянып кеткені дұрыс болды. Күн өткен сайын ұйқысы да азайып бара жатыр.
– Чжон Хи, ай, Чжон Хи, қайдасың? Шөлдеп жатырмын, су алып келші, - деген сөздерден бұл оянып кетті. Қабырғаны сипалап жүріп жарықты жақты. Содан кейін анасына бір тостаған су алып келді. Анасы екінші мәрте тағы алып кел дегендей ишарат білдірді. Бұл анасының айтқанын бұлжытпай орындады. Анасы бұған мейірлене қарап тұрды да кенет талықсып кетті. Шошып кеткен Чжон Хи анасының бетіне су бүркіді. Көзін ашқасын баласының басынан аялы қолымен сипаған анасы бұған көрген түсін баяндап берді. Ал Чжон Хи бұған ешқандай сенбейтіндігін айтты. Анасы бұл түстің тегін еместігін білдірді.
Таңғы ұйқыдан кештеу оянған Чжон Хи тамақ әзірлеп, анасын оятуға беттеп келеді. Шамасы шаршаған ғой, негізі анам ерте тұратын еді ғой деп ойлады. Чжон Хи үйленбеген болатын. Жастайынан тамақ істеу мен киім жууды қатырады. Тіпті ешкімге істеткен де емес. Анасын оятты. Бірақ оянатын анасы жоқ. Тіпті селк етпейді де. Содан кейін саусағын мұрнының ұшына апарды. Тыныс алып жатырған жоқ, бұған да сенбей, құлағымен жүрек тұсын тыңдап көрді. Дыбыс жоқ. Мүлгіген тыныштық. Анасы таңда жантәсілім етіпті. Көпшілік болып жерлеуге кірісті. Чжон Хиға бұл қайғылы қаза қатты ауыр тиді. Анасының жоқтығы жанына батты. Көпке дейін түсіне анасы кіріп жүрді.
Күн артынан күн өтіп, апталар ұшып, айлар жылжыды. Бұл кезде ауылдағы жұртшылық та Чжон Хидің анасын ұмыта бастаған еді. Көзден кетсе көңілден кетеді деген сөз осы шығар деп ойлап жүрді Чжон. Бір күні жаңбыр өте қатты жауды. Сол түні Чжон Хи қатты шошып оянды. Бойында әлдебір діріл пайда болып, көпке дейін қалшылдап жатты. Анасы айтқан қорқынышты түсін бұл айна-қатесіз көрді. Тұп-тура анасы айтқандай, көзі қанталап кеткен көкжал нән қасқыр бұған қарай ұмтылып келеді екен. Сол жерге келгенде оянып кетті. Көзін жұмуға батылы бармады. Тағы сол қасқырды көретін шығармын, одан да ұйықтамай-ақ қойғаным абзал деп ойлады. Таң атқасын шайын ішіп алып, жұмысына беттеді. Келгесін түстен кейін терлеп тұрып ұйықтады. Тағы да сол түсті көрді. Бұл жолы да шошып оянды. Шамасы қатты қорқып кетсе керек, жастығын тас қылып құшақтап алыпты. Түсінің мазмұны бойынша әлдебіреу бұған пәленше деген жақтағы тауға бар деп меңзейді. Егер бармасаң, сол қасқыр сенің түбіңе жетеді, егер сол тауға барып, құзар шыңына шықсаң, әлдебір жазуды көресің, сонда сенің аман қалу мүмкіндігің бар деп дауыстайды. Чжон Хи көп ойланды, достарынан ақыл сұрауға оқталды. Бірақ олар күлетін шығар деп тіс жармады. Содан кейін бірнеше күнге жететін азық-түлік дайындап, жолға әзірленді. Көктем келгенде ақыры жолға шығып тынды. Жолай әлдебір дауысқа кезікті. Ол жүре-жүре Жапон жеріне келді.
– О, Мямао алқабы, Не деген қалың шық. Осы дауыс құлағының түбіне қайта-қайта келе берді. Әрі-беріден соң кетпегесін құлағын қос қолымен бітеп те көрді. Сонда да әлдекім сыбырлап тұрғандай. Бұрын бұл жерде ақын бала Астанаға бара жатып, осы алқаптың әдемілігін суреттейтін өлең шығара алмай қиналыпты. Аузына түскені жаңағы: – «О, Мямао алқабы, Не деген қалың шық!» деген екі жол ғана болыпты. Астанаға баруға ары жібермеген ақын ұл осы жерде өлген деседі. Содан бері сол ұлдың рухы осы жерді кезіп жүреді екен. Келген-кеткен адамдарға бұның осы өлеңінің екі жолы айқын естіліп тұрады екен. Чжон Хи да бұл өлеңнің екі жолын айқын естіді. Сол екі жолдан кейін «Бүкіл әлем таңғажайып күйге енді, Мөлдір шық бір сенің арқаңда» деп өлеңді жалғастырып жіберді. Тіпті қалай айтқанын өзі де білмей қалды. Соны айтқаннан кейін әлгі ақын ұлдың рухы қорымға сіңіп жоқ болды. Бұл небір құздар мен қыраттардан өтті. Түсінде айтылған жерге әлі де жете қойған жоқ болатын. Жолға алып шыққан азығы да таусылуға таяды. Бір кезде әлгі тауға да келді. Табиғатта да ерекше нәрселер аз емес. Мына тауға қарап ол осындай ойға қалды. Құдды құмды қатырып қойғандай. Тау адамның бейнесі іспетті. Көп жыл өткендіктен бе, кеміріле бастапты. Чжон Хи Пак жайлап тауға көтеріле бастады. Тауға жете бергенде түсіндегі қасқырды көрді. Тура түсіндегідей көздері қанталап бұған қарай ұмтылып келеді екен. Жаны мұрнының ұшына келді. Қашуға дәрмен жоқ болса да алға қарай ұмтылды. Таудың етегінен көтеріле бергенде қасқыр бұған жетіп те алған болатын. Ажалдың аузында тұрғандай көрінді бұған. Қашуға күші де қалмады. Артына қарай бергені сол еді, әлгі қасқыр сол жақ аяғынан тістеп кеп қалды. Ыстық қан аяғынан бұрқ ете қалды. Қасқырдың тісі қатты тигендіктен бе, жаны кетіп қалды. Енді бәр сәт өліп те қалады екен, егер жоғары жақтан аңшы садақпен қасқырды атпағанда. Қасқырдың мойнынан қадалған жебе оны жаныштап тастады. Аңшы Чжон Хидың жанына келді. Бұл кезде ол талып жатырған болатын. Көзін ашқанда таудың етегіндегі аңшының лашығында жатыр екен. Жан-жағына көз тастап еді, аңшына көре алмады. Отын жарып ішке кіріп келе жатырған аңшыны көзі шалды.
– Е, тұрдың ба, кел, шай ішіп ал, - деп ол бұған шай демдеп берді. Бір-екі ұрттағаны болмаса ол жөндеп іше де алмады.
– Мен қайда жатырмын, маған не болды? - Бұл екі күннен бері тілсіз жатқан Чжон Хидың тіл қатуы болатын.
– Сен бе, сен менің аң аулағанда мекендейтін үйімдесің, әзірге менің қонағымсың, - деп аңшы жігіт әнтек жымиды. Не болғанын түсіне алмай бұл көпке дейін мең-зең күйде жатты. Содан кейін болған оқиғалар тізбегі көз алдынан өте бастады. Ия! Есіне түсті! Бұл оны ажалдан арашалап қалған аңшы жігіт қой. Ия. Қайта-қайта алғыс айтқысы келді, бірақ сөйлеуге шамасы келер емес. Үнсіз жымиып бұған ризалығын солай білдірді. Біраз ес жинағаннан кейін әлгі аңшы жігітке алғысын білдіріп, өз жөнімен жол жүріп кетті. Әлгі тауға қайта келді. Оның құзар шыңына шығу оңай емес екендігін анық аңғарды. Бір айла қылмаса болмайтын сияқты. Бұл тауға шыға алмай көп уақыт жүрді. Бір ай уақыт өткесін таудың бір жерін тауып алды. Бір жақсысы бұл жермен тауға шығу басқа жерге қарағанда оңай екен. Чжон Хи сол жолмен таудың шыңын бетке алып жүре берді. Екі күн бойы жүрді. Таудың шыңы жеткізер емес. Артына қараса біраз жер жүріп тастаған сияқты, ал шыңына қараса түк те жүрмеген сияқты. Не де болса жақындай берейін деген ниетпен жылжи берді. Тау басындағы ауа райы да әлсін-әлі құбылып тұрды. Бірде қар жауса, бірде қалың тұман айналаны тұмшалап жіберді. Қар жауғанда жүру аса қиын емес, ал тұманда қозғалу дегенің қиямет-қайым! Әупірімдеп жүріп таудың шыңына да шықты. Бұл кезде Чжон Хи екі жылдан астам уақыт өтіп кеткендігін бір-ақ байқады. Сақал-мұрты бет-аузын басып кетті. Таудың басына да келді. Түсінде айтылғандай ешқандай жазу жоқ болып шықты. «Сол түстің айтқанымен бекер жүрдім. Осы жолға шықпағанда мұның бірі де болмайтын еді» деген ойға батты. Бірақ ол ойынан тез айныды. Әлгі айтылған жазуды іздеп алты ай уақытын сарп етті. Ірілі-ұсақты аңдарды аулап күнелтті. Ақыры ол жазуды да тапты-ау. Түсініксіз екі сөз ғана таспаланыпты. Оны бұл оқи алмады. Әрі қарады, бері қарады. Түк түсінсе бұйырмасын. Содан кері қарады. Жанынан қарады. Үстінен қарады. Жазудың құпиясы әлі сыр берер емес. Содан кейін сол жақтан қарағанда ептеп түсінгендей болды. Бірінші қырық деген сөзді оқыды. Көне шумер тілімен жазылған сөздің екіншісін оқи алмай біраз қиналды. Біріншісі «қ» дан басталса онда екіншісі де «қ» дан басталуы керек деген тұжырымға келді. Содан қыз деген сөзді оқыды. Қырық қыз. Осы сөзді оқығанда онша қуана қойған да жоқ. Неге бұлай жазылды екен деп те басы қатты. Таудың жанындағы әлдебір тасқа көзі түсті. Адамның бейнесі секілді. Дұрыстап зер салып қарады. Бір адам емес бірнеше адамның тұлғасы тас болып қатып қалғандай екен. «Әлде осы ғасырда әлде ертеректегі ғасырлардың бірінде осы жерде бір хандық болыпты. Сол хандықтың қызы өз теңіне тұрмысқа шығуға дайындалыпты. Жігіті де осал жерден емес екен. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты. Содан қыздың қасында тура сұлулығына көз тоймайтын 39 қыз болыпты. Қыз бен жігіт құшақтасып бір-бірін сүйе бергенде: «Жау, жау жапты» деген дауыс естіліпті. Елдің атқа мінуге, қолына қару ұстауға жарайтын жігіттерінің бәрі қарсылық көрсетіпті. Бірақ тұтқиылдан шабуыл жасаған жау оларды лезде басып алыпты. Айдарлысын құл, тұлымдысын күң қылыпты. Сол мезетте қыз бен қасындағы қыздар таудың басына қашып келіп: - Ей, Алла, мына малғұндардың қолына түсіргенше бізді тас қылып қатырып таста, ал олар қарғаға айналсын, деп тілек тілепті. Сол кезде Құдай олардың тілектерін қабыл алып, сол қалыптарында тасқа айналдырыпты. Ал жаулары қарғаға айналып кетіпті. Тіпті қарғаның шығуы да осы оқиғаға байланысты деген де әңгіме бар. Чжон Хи осы бір аңызды есіне алды. Сосын бал-бал тастарды санай бастады. Тұп-тура қырық тас адам. Бәрінің пошымы қыздарға келеді. Бірақ түсіндегі таудың шыңындағы бұл жазудың ажалдан аман алып қалады дегеніне өзі аса сене қоймады. «Мені ажалдан арашалап қалған аңшы жігіт емес пе, бұл қалай сонда?!» деп күбірледі. Бірақ бұл аңыз шындық еді. Чжон Хи Пакқа қатысы бар болып шықты. Жаңағы қыз бұның арғы тегіндегі атасының қызы болып шықты. Бұл оны авторы белгісіз кітаптардан ақтарып отырып білді. Содан кейін солардың рухы жай тапсын деп дұға етті. Таудан төмен түсіп келе жатқанда сүрініп кетіп, төменге қарай құлап кетті. Тауда өсіп тұрған талға соғылып аяғын жарақаттап алды. Сол аяғынан көп қан кетті. Содан шаршап шалдығып әлгі аңшының үйіне де жетті. Екі күн бойы аяқ серіппей ұйықтады. Тұрғанда аяғының сыздап ауырғанын сезді. Қанының түсі бұзылып кетті. Ұйқысыздыққа тап болды. Өзін өлтіруге тырысқан қасқырды түсінде қайтадан көре бастады. Чжон Хидың бойында да қасқырға біткен мінездер пайда бола бастады. Онысын өзі басында аңғарғысы келмеді. Содан кейін сол аяғын ашып көрді. Аяғын қасқырдың жүніндей жүн басып келе жатыр екен. Бұл өз аяғынан қорқып кетті. Күндер өте берді. Чжонға жүн өскені өз алдына аяғына сояудай тырнақтар пайда бола бастады. Түнде ырылдайтынды шығарды. Аңшы жігіт сырттағы қасқырлар болар деп мән бермеді. Ал Чжон бұл кезде нағыз жартылай адам, жартылай қасқырға айналған болатын. Түнде тау басына кетіп қалып ұлып келетінді шығарды. Адам болып жүрген кезіндей емес тауға еркін шығады. Қарғып-қарғып таудың шыңына қалай жеткенін де байқамай қалады. Тамағын кенеп ұлып қайтқаннан кейінгі тірлігі - түк болмағандай төсегіне келіп ұйықтау. Ол енді аңшыдан ұяла бастады. Өзінің жартылай қасқыр екендігін сездіргісі келмеді. Бір күні түнде түс көріп шошып оянып, ырылдап артынан қалай ұлығанын өзі де аңғармай қалды. Аңшы ұйқысынан селк етіп оянды. Қолына қаруын ұстап бұның қасына жетіп келді. Келгенде тісін ақситып тұрған Чжонды көрді. Ол аңшы жігіттің санынан тістеп аяғының етін жұлып алды. Жігіт атып кеп қалды. Екі рет садақты атуға ғана шамасы келді. Одан кейін қасқырға айнала бастаған Чжон аңшы жігітті паршалап тастады. Айналадағы ұсақ аңдармен қоректенді. Жаз айының бірінде қасиетті бұлақтан су ішіп еді, қасқырлық мінездері мен жыртқыштың білгілерінен арыла бастады. Ол бұлақ суын күнде ішті. Айналасы екі айдың ішінде құлан таза айықты. Ол қалған күнінде Құдайдан жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, құлшылық қылып өтті. Қарттықтың ауылы таяп, ажал сәті де келіп жетті. Әзірейіл жанын қинамай алып, сауал қоятындардың алдына алып келді. Ол өзінің жақсылықтары мен істеген жамандықтарының таразыға тартылатынын алғаш осында көрді. Жамандық деген жақ сәл басып кетті. Бұған сұрақ қоя бастады.
– Неге жігітті қорлап өлтірдің? Ол сені ажалдан арашаламап па еді?
– Мен оны өлтірейін деп өлтірген жоқпын. Басқа бір тыс күш мені сол жігітті өлтіруге итермеледі, - деп ақталды. Көптеген сұрақ қойылды. Енді оның жағдайы да белгілі болып қалды. Тозақтың тоғызыншы қабатынан орын тиетін болды. Сол жерде тоқсан жыл бойы жазасын тартатын болды. Тек сол жылдан кейін ғана төменгі қабатқа түсетін болып шешілді. Жігіт бұл шешімге риза еместігін білдірді. Құдайдың қаһары қайтып бұл жігітке кері мүмкіндік берілді. Жерге қайтып баратын болып шешілді. Тек сәби күйінде оралады. Әлдебір күш жігітті артынан теуіп кеп жіберді. Сол кезде ол бір ананың жатырынан әңгәлап шықты. Дүниеге қайта келді. Бірақ ақыл есі орта жастағы адамдікіндей. Ал ана отбасы болса мәз баланы құшақтап жатыр. Бұл болса өзінің кім екендігін айтқысы-ақ келеді бірақ тілі икемге келер емес. Бірдеңе деп айтқандай болды, бірақ бұның сөзін елеп, түсініп жатырған ешкім жоқ. Чжон Хи Пакқа сөйтіп екінші рет өмір сүру құқығы берілді. Бірақ бұған көп жақсылық жасауға тура келеді. Оның өмірі қалай болғаны жөнінде дерек аз. Бір деректер адамдарға жақсылық жасап, өмір бойы тақуа болып өтті десе, енді бір деректер ештеңе де өзгерген жоқ, қайтадан адам-қасқыр болып адамдарды жалмады дейді. Әрине, біз бұл екі нұсқаның екеуіне де сене алмаймыз. Өйткені Чжон Хи Пак әр сәбидің уілінде тіл қатып, өмірге қайта-қайта келіп жатыр. Оның қайсысы Чжон Хидың өзі екендігін тап басып айту қиын. Бір нәрсені анық айтуға болады, әр елдің өз Чжон Хиы бар. Олар бұрын да болған, қазір де бола береді.
Жанайдар ЖҰМАҒҰЛОВ,
Махамбет атындағы
БҚМУ студенті